Қоғам • 25 Сәуір, 2021

Рульдегі мас шенеуніктерді қорғаған әкімдер жазаға тартылды

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары көлікті алкагольдік ішімдік ішіп жүргізуге жол бермеу мақсатындағы жазалар қатайтылды.

Рульдегі мас шенеуніктерді қорғаған әкімдер жазаға тартылды

Әкімшілік қамауға алынады, жүргізушілік куәлігінен айырылады. Дегенмен, «ұрттап алып» көлік басқару тыйылмай тұр. Күні кеше Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов жыл басынан бері мас күйінде көлік айдаған 5,2 мың жүргізуші ұсталғанын мәлімдеді. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 6 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды, 5,3 мың адам әкімшілік қамауға алынған.

Ал Түркістан облысында жыл басынан бергі үш айда 135 жол-көлік оқиғасы орын алып, 35 адам қаза болған. Жарақат алғаны – 186 адам. Соның ішінде 6 жол-көлік оқиғасы мас халде көлік жүргізу салдарынан болған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мас халде көлік басқарған азаматтарға қатысты 226 хаттама толтырылған.

Өкінішке қарай, көлікті «ащы суды» сіміріп алып, рульге отырғандардың ішінде мемлекеттік қызметшілер де бар. Бірақ біздің айтайын дегеніміз бұл ғана емес, осындай жүгенсіз жүргізуші-шенеуніктерге қолдау көрсеткен басшыларға да қатысты деректер еді. Жуырда Түркістан облыстық Әдеп кеңесінде Шардара қаласының әкімі Е.Бекетке қатысты тәртіптік ісқаралды. Мәселенің мән-жайына қарағанда, былтыр 28 тамызда түнгі мезгілде Шардара қаласы әкімі аппаратының бас маманы М.Бекмұратов көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталады. Үшінші қыркүйекте Шардара аудандық сотының қаулысымен ол 15 тәулікке қамауға алынады. Шенеунік осылайша 3-18 қыркүйек аралығында Жетісайда жазасын өтеу үшін қамауда отырған. Мұның алдында, дәлірегі 1 қыркүйекте ол әкімдікке келіп, жалақысы сақталмайтын демалыс алуға өтініш жазады. Оны Шардара қаласының әкімі Е.Бекет қанағаттандырып берген. Тексерушілерге берген түсініктемесінде ол қарамағындағы қызметкерінің масаң күйде көлік басқарып, әкімшілік жауапқа тартылғанынан хабарсыз болғанын, оны биыл қаңтарда аудандық персоналды басқару бөлімі шақырған кезде ғана білгенін мәлім етеді. Бұған сенуге бола ма? Әлде Шардарада шенеуніктер мас болып, көлік айдап күнде ұсталып жатыр ма? Қалай десеңіз де, Е.Бекеттің қарамағындағы қызметкерінің мемлекеттік қызметшіге жараспайтын қылық танытып, қамауға алынғанын бақандай төрт ай білмей келгені күмән тудырады. Әкім 1 ақпанда М.Бекмұратовқа «қатаң сөгіс» жазасын береді. Алайда ол өзіне тиесілі міндетті толық орындамаған. Атап айтқанда, Әдеп кодексінің 8-тармағы, 2-тармақшасында көрсетілген міндеті бойынша болған жайтты басшыларға, әдеп жөніндегі уәкілге хабарламаған. Әдеп кеңесі мүшелерінің шешімімен Е.Бекетке «қатаң сөгіс» жазасын беру туралы ұсыныс Шардара ауданының әкіміне жолданды.

Дәл осындай жағдай көршілес Жетісай ауданында кездескен. Жетісайдағы жағдай бұдангөрі шым-шытырықтау. Мақталы ауыл округіәкімі аппаратының бас маманы Н.Кәрібаев былтыр 26 сәуірде көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, спирттік ішімдік ішіп, масаң күйде автокөлік жүргізіп ұсталады. Үшкүннен соң оған Жетісай аудандық сотының қаулысымен 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалған. Сотта өзінің жұмыссыз екендігін айтып, шындықты жасырған Н.Кәрібаев бірден қулыққа көшкен. Олмұның соңы тәртіптік жазаға апарып соғатынын түсінгендіктен, дереу еңбекке жарамсыздық парағын аштырады. Тексеру барысында оның өтірігі әшкереленіп қалады. Осы көз бояушылыққа жәрдемдескені үшін Асық ата ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары мен дәрігер сөгіс түріндегі тәртіптік жазаға тартылды. Ең қызығы мынада, бас маман 29 сәуір мен 19 мамыр аралығында Жетісайда қамауда жатқан кезде Мақталы ауылдық округінің әкімі М.Абдумажитов Н.Кәрібаевты 15 мамырдан бастап жұмысқа шықты деп, оған еңбекақы төлеген. Өзінің берген түсініктемесінде ауыл әкімі де қарамағында қызметкерінің мас болып, көлік айдағанын, әкімшілік қамауға алынғанын білмегенін алғатартады. Мұның да арғы жағынан күмән-күдік қылтияды. М.Абдумажитовқа «қызметіне толықсәйкес еместігі жөніндегі ескерту» жазасын беру жөніндегі ұсыныс Жетісай ауданының әкіміне жолданды.

Осы орайда генерал-майор Қайрат Дәлбеков басқарып отырған облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жол ережесін бұзушыларды анықтап, қылмыстың алдына алу, шен-шекпеніне қарамай заңдылықты талап ету бағытында нәтижелі жұмыс істеуде.

Қарамағындағы қызметкерлерін қорғаштап, тәртіптік жазаға тартылған әкімдердің әрекеті жайлы жұрт пікірі әртүрлі. Алайда бүгінде мас жүргізушілердің кесірінен қаншама жол-көлік оқиғасы орын алып, соңы қайғыға ұласып жатыр емес пе?! Сондықтан көлікті мас күйінде айдаған шенеуніктерді кез келген қолдау ешқандай ақтауға жатпайтынын айта кеткен жөн шығар.