Өнер • 26 Сәуір, 2021

Тәкен және Тәттімбет

489 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиеті тарихында құбылыс болған, рухани қазынамызға толғанысты да кең тынысты, шынайы олжа салған қаламгерімізге аракідік ат басын бұрып отырсақ, артық болмайды. Астары қалың, айтары терең дүниелер жазған сөз зергері, стилист қаламгер Тәкен Әлімқұлов шығармашылығында қазақ күй өнерінің дүлдүлдері – атақты күйшілер туралы туындылар айрықша орын алады.

Тәкен және Тәттімбет

Бұл шығармаларда әр ғасырда әртүрлі тағдыр кешіп, бірақ ұлтына өшпес, өлмес туындыларын қалдырған тарихи тұлғаларымыз жайлы ой толғайтын қаламгер, әсіресе, өнерпаздарымыздың кесек тұлғасын көркем бейнелеуде үлкен табыстарға қол жеткізді.

Қорқыт, Ықылас, Сейтек, Сүгір, Төлеген Момбеков, Әбікен Хасенов, Жаппас Қаламбаев, Генерал Асқаров сынды шығармашыл тұлғалардың тағдырын, жан дүниесін, рухани болмысын зерттеп-зерделеуге, көркемдік тұрғыдан бейнелеу­ге бүкіл өмірін арнады.

Әсіресе, жазушының қазақ күй өне­рінің тарихында шертпе күйдің шебері, жалпы қазақ өнерінің сүйріктей сұлу тұлпары Тәттімбет күйшінің тағдыры айрықша қызықтырған. Нәзік, сыршыл сазымен, әсерлі әуенімен жүрек қылын шертіп, адам жанын тербейтін күй тарихы Т.Әлімқұловтың атақты «Сарыжайлау» әңгімесінде Тәттімбет тағдырына құрылған тартымды оқиғалар арнасында ашылады.

Тәттімбет тағдыры, ол өмір сүрген кезең шындығы ел өмірімен, табиғат көріністерімен сабақтас суреттеледі. Күйшінің сыртқы келбетін, жүріс-тұрысын, күнделікті күйбең тіршілігін баяндаудан басталатын әңгіме желісі тереңдей келе, енді Тәттімбеттің күйші­лік өнерінің қыр-сырынан, жеке өмір-тағ­дырынан оқырманын мол хабардар етеді.

«Асау жылқыны омыраудан алып ұрып тырп еткізбейтін, ат ойыннан алдына жан салдырмайтын шалымды, тарамыс Тәттімбеттің бұл күнде денесі толығыңқы. Дімкәс көкірек деміксе, шермиген қарын бүлкілдеп, сүйкімсіз көрініспен шошытады. Майлы асқа тәбеті тартпайды. Қысқа жіп күрмеуге келмей, тіршілік түйт­пегімен ашуланса, басына қаны теуіп, құ­лағы шуыл­дап кетеді». Әу дегеннен Тәт­тімбетпен осылай жүздесеміз.

 Тәттімбеттің кешегісі мен бүгінгісін қаламгер тегін салыстырып отырған жоқ. Күйші де ет пен сүйектен жаратылған жұмыр басты пенде. Жер басып жүрген адам, көптің бірі. Автор әңгімені осылай бастайды. Тәттімбеттің дертті шағы тегін айтылмаған. Күйші жүрегінің дауасы, тән мен жанның дерті тереңде жатқанын оқырман әңгіме соңында ғана барып ұғады.

 Күйшінің ішкі жан дүниесін қаламгер ұзақтан қайырып, арна-арнамен, сатылап, бірте-бірте ашады. Ашқан сайын Тәттімбет тұлғасы ірілене, биіктей түседі. Күйші тағдырының күнгейі мен көлеңкесі, бақытты шақтары мен өкінішті кезеңдері көз алдымыздан өтеді.

Сарыарқа төсін сан ғасыр арманға бөлеп мекендеген қалың елдің тыныс-тіршілігін суреттеген тұстарда қаламгер құлашын кеңге сермейді. Тәттімбеттің бір кезеңдегі қайратты, қызығы мен қызуы мол өмір асуы артта қалса да, күйші өнерге деген құштарынан жаңылмайды. Жер, су, тау, көл, орман, тоғай көрінісі тұта­са келе, керіліп жатқан кербез даланың бар сұлулығы мен сәулетін көз алдымызға алып келеді. Авторлық баян­дау әдісін, лирикалық шегіністерді, кейіп­кердің «сана ағымын» қаламгер сәтімен, ұтымды пайдаланған. Осының барлығы тұтаса келіп, Тәттімбеттің күллі күйшілік бітім-болмысын іштен ашады. Жалпылама ашпайды, бейнелі, тартымды ашады.

Жылдың төрт мезгілін табиғи бояуымен дәл тауып, өрнектегенде қарапайым қазақ даласы көз тартып, қазақ сахарасы қалай құлпыратынын көреміз. Бірақ үзіндіге көз тоқтатайық: «Жер көктемде, ел жазда түлейді. Кәрі мен жасты теңестірген жомарт жазға не жетсін! Сары жаздың сәніндей Сарыжайлауда қымызға мас болып асыр салған бозбастардың ішінде Тәттімбет те өмір сүрді. Етегі бүрмелі ақ көйлек, белі қынамалы көк масаты, қызыл масаты бешпент киген қыздар, қара мақпал камзолды келіншектер айт күндері дүркірей қыдырғанда, мамырдың қырмызы гүліндей құлпырып, қызыл-жасылданып, бал-бұл жанып тұратын сиқыр шақ Тәттімбеттің көз алдында!». Қаймағы бұзылмаған дәстүрдің, дала қызығының дүрілдеп тұрған шағындағы ел өмірінің суретін қаламгер кейінгі беттерде де сан қайталайды.

 Қайталанған сайын өтіп кеткен өмір қызығы жаңа бір қырынан, бұрын айтылмаған тың қырынан көз тарта береді. Тәттімбет үшін қазақ даласының өтіп кеткен қызығының өзі аса қымбат, аса қадірлі. Енді осындай сұлу далада тәтті, бейбіт, мамыражай өмірмен қатар қатыгез, қаралы оқиғалардың да қатар жарыса орын тепкенін қаламгер айтып өтеді. Халық тағдырындағы тарихи белес­тер, ұлттық дамуымыздағы қиын-қыстау кезеңдер, барлығы ақын тағдырымен сабақтасып жатады.

Соғыс, қырғын, қантөгіс, шетел шапқыншыларының қылышының астында қан қақсаған халық, азып-тозған, арып-ашқан ел, туған жердің бір сүйем топырағы үшін жан қиған қазақ батырларының тарихы да Тәттім­беттің ойы арқылы беріледі. Енді осының барлығы күйшіге әсер етеді. Толғандырады. Жан дүниесін қозғайды, тебірентеді. Жүректің түбінен бастау алған осы көңіл толқындары, енді киелі домбырадан күй болып төгіледі. Осы суреттерде оның аңғарылып отыратын ұлттық болмыс-бітімі, жан-дүниесі, арман-аңсары барлығы жиылып келгенде Тәттімбет күйшінің образын даралап, ірілендіріп көрсетеді.

Тәттімбеттің атақты «Қосбасар», «Сылқылдақ», «Сарыжайлау», «Былқыл­дақ» күйлерінің әрқайсысының өз тарихы бар. Өз тағдыры бар. Осы тарих пен тағдырға қаламгер терең бойлайды.

«Талай жиында топ жарып көзге түскен, жуандарды жырмен қағыт­қан, қарапайым халықты күймен сусын­датқан» Тәттімбеттің досы да, дұшпаны да көп. Тәуелсіз дәулеті бар әкенің арқа­сында Тәттімбет еркін, бой бағып, бұлаң­дап өседі. Тік те шалқақ денесіне қоным­ды сәнді киім киініп «кербез бала» да атанады.

Тарихқа бай, ән мен жырдың құт­ты мекені болған, құнарлы өлке Қарқа­ра­лы төсінде өнер қуып, ой бағып, тұстастарынан ерте есейген Тәттімбет әр елді аралап, жер сұлуын көп көреді. Ертеден ел аузында аңыз болған Көкше­тау, Баянауылдарды, жер жаннаты Жетісуды көзбен көріп, көңілге тоқыған сәттер күйші көңілінде жатталып қалады.

Орынбор, Мәскеу, Петербор сияқты үлкен қалаларға сапар шеккенде жол-жөнекей сыңсыған орманға, жайқалған шалғынға сүйсінеді. Таныс емес елдің, бұрын көрмеген жаңа жердің табиғаты өз сұлулығымен күйші жүрегіне от тас­тайды. Бірақ осының барлығы жиылып келгенде туған жердің табиғатына, ғажап суретіне теңдесер дүние емес екендігіне күйші жүрегі сенеді. Осы тұста қаламгер: «Тәттімбет алақанның астынан қарап, жосалы жаққа көз тас­тады. Ақыраптың ақырамаш шуағы ойпаңда сағымданып алдамшы көлге айналып, көз ұшын бұлдыратып жіберді. Сары аурудың сандырағындай соңғы сағым толқынданып, күйшіге шәйі орамал бұлғады. Тәттімбет: «Қазақтың жаннаты жайлау екен ғой. Бұрын неғып байқамадым?!» – деп таңырқады.

...Құбыладағы қаз бауыр қоңыр бұлттар қоюланып, біріне-бірі міңгесіп, түсін суыта бастапты. «Өкінішті өмір осы! – деді Тәттімбет. – Ендігі тіршілігім мынау миқы-сиқы көлеңкеге, анау сұрланған бұлтқа ұқсас. Қой, дүниеден көшпей тұрғанда Сарыжайлау туралы күй шығарайын. Қазақтың ертегі-аңызын әуенге қосқанша өз басымның кешкенін сыр ғып шертейін», деген жолдар арқылы кең толғап, тереңнен тартып, Тәттімбетің «Сарыжайлау» күйіне келу жолын, осы жолдағы ішкі тебіреніс, күйшінің көңіл ауанын айна қатесіз жеткізеді. «Сарыжайлау» күйінің өмірге келу тарихы осылай бастау алады.

Осындай жанның енді өнердегі жолы да бұралаң, бұлтарысы қалың. Бұралаң болатын себебі қоғамы қатыгез, ортасы опасыз болды. Тәттімбетке опық жегізіп, бармағын шайнатқан кезеңдер шығармада кең қамтылады. Осының барлығын жазушы нақты оқиғаларды көлденең тарта отырып, соларды терең бейнелей отырып жеткізеді. Әсіресе, Сарыжайлау сияқты жер жаннатынан айырылған Тәттімбет ауылының іштегі шер болып қатқан азасы, жуан, өктемшіл төре әулетіне кеткен есесі күйші ойымен, күйші толғанысымен тартымды өрнектеледі.

Жуан ауылдың, төре тұқымының тізесі момын елге батқанда осыдан теперіш көріп, жаны күйзелген алдымен күйші Тәттімбет болды. Себебі ол ел еркесі еді. Тұтас бір ағайынды ауылдың бас көтерер серкесі, сойыл соғар жалғыз жанашыры еді. Қиянатшыл орта бірақ оған қарамады, мойын бұрғызбады. Осылай, бастаушысы дуанбасы Құсбек болып, ақсүйектік намыс үшін кіжін­ген төренің иықтылары бірте-бірте Тәт­тімбеттің жеке басына жармасып, күйші жүрегіне жара салады. Ымырасыз жауыққан қиянатшыл орта осынысымен де тоқтамай, енді Тәттімбетті істі етуге дейін барады. Шабындығына таласып, малын тонайды.

«Сарыжайлау» күйінде ең алдымен Тәттімбет осы әлеуметтік әділетсіздік, қоғамдық теңсіздік, адамдар арасындағы тартыс шындығын арқау етеді. Есесі кеткен ел, көпе-кернеу қиянаттан қанаты қайырылған өнерпаз тағдырын күй сарыны, күй мақамы айна қатесіз жеткізеді. Күйші азабы осымен аяқталмайды. Алдында Сарықызға ғашық болған күйші арманы Тәттімбетке күйік болып бір жабысқан. Төреден қараға қыз беруге тыйым салатын керітартпа ата салты, азат ойға құрсау болған қараңғылық, күйшінің жолын кесті. Бақытсыз етті. Көз алдында, көңіл түкпіріне қонған тәтті арман қас-қағым сәтте сағымға айнал­ды. Сүйгеніне қосыла алмаған Сары­қыз да құсалықтан көз жұмды. Бұл да Тәттімбет жүрегіне жара салған бір кезең.

Өмірдің қия белінде осылайша күйші тағдыры сан қайтара сынға түседі. Бір тұста Тәттімбет былайша толғанады: «Тәттімбеттің көз алдынан бүкіл өмірі шұбырып өтті. Жиырма жасында «Сылқылдақты» сылқылдатып, ақбоз жорғасына би билетіп, жандаралдан мақтау қағаз алғанда, одан бері азуы алты қарыс аға сұлтан Құнанбайды басынып, әкесінің асына тасырлатып нөкермен барғанда, Қарқаралы, Семейде талай азаматты тордан құтқарғанда, жазықсыз жапа көрген жетім-жесірге болысқанда, ел ішінде қара қылды қақ жарар қазы атанғанда, күндердің күнінде кемшілікті ат төбеліндей төреден көрермін, самалды Сарыжайлаудан қуылам деп, жорыған ба еді?».

Сарыжайлау тақырыбы – әңгіме ішінде сөз болатын барлық оқиғалардың түп қазығы. Күйші осындай жерорта жасына келгенде өзін терең тебіреніске түсірген, күндіз-түні ой-санасынан бір сәтке де кетпей қойған толғақты күйін аса бір терең шабытпен дүниеге әкеледі. Домбыраның қос ішегінен төгілген күй Тәттімбеттің көз алдына Сарыжайлау атты құтты мекеннің көрінісін бар бояуымен қайта тірілтеді. Құтты мекеннің аясында армансыз өткен қызық шақ, бозбалалық жігіттік кезең күйші жадында қайта жаңғырады.

Күй ырғағына ерекше екпін дарытып, сазды әуеннің ішіне бітімі бөлек, болмысы асыл мазмұн сыйғыза алған күйші дарынына, күйші талантына қаламгер кең тоқталады. Аса күрделі, теңіз тынысындай толқын-толқын құйылып келіп отыратын күй тарауларының әрқайсысының домбыра шегіне түсуінің өзін жазушы аса бір нәзік, оралымды тілмен оқырманына жеткізген. Күй сырын, күйші тағдырын терең түсінген автор «Сарыжайлау» күйінің тағылымды тарихын осылайша таратып, өте тартымды суреттейді.

Күй туар сәттегі күйші сезіміне, ішкі жан дүниесіне жазушы терең бойлайды. Жайшылықта әлденеше күнді ұтатын сыршыл, күрделі күй осылайша бір кеште дүниеге келеді. Күні бойғы сейіл, сүйсініс, күйініш, тарығыс, үміт, наз, нала домбыра тілінің түйсікшіл шежіресіне айналады. Тәттімбет күй шежіресін аяқтай алмай қатты күйзеледі. Күздің ұзақ түнін дөңбекшумен өткізеді. Баяғыдан бері шығарған күйлерін місе тұтпай осы күйге, «Сарыжайлауға» ын­тығады. Бұған дейінгі көңіліне тоқ санап, өзіне жұбаныш етіп жүрген «төреге, тотайға, жорғаға арнаған күйлері – баян­сыз дүниедей» көрінеді. Осыған дейінгі төккен күйлерінің бір төбе, ал мына жаратылысы дара, бол­мысы бөлек «Сарыжайлауы» бір төбе болатынына көзі жетпесе де көңілі сенеді. Күй толғағының осылай ұзақ, созым­ды, титығына жеткен өнер дүниесі бол­ғандығына Тәттімбет іштен сүйсінеді.

Бірақ күйшінің айызы әлі қанар емес. «Жайлаудың кеңдігімен, жаздың ұзақтығымен салыстырғанда күй әлі де келте жатыр. Тәттімбет: «Негізгі тарауды қайталар алдында тыңнан қысқа бір тармақ қосу жөн екен», деген байламға келді.

...Екі шек егіз лебіз қосты. Жуан дыбыстар мен жіңішке дыбыстар жымдасып, дүрліге құлдилағанда, көкей қажар кербез оралым пайда болды. Қанша тыңдасаң құлақ құрышың қанбайтын, қанша қауышсаң мауқың басылмайтын оралым еді. Шерліге шаттық, шадыманға мұң бітіретін назды да налалы тармақты пысықтағанда, күйші: «Кейінгілер нәшіне келтіре алар ма екен?», деп күдіктенеді. Әңгіме соңын осылай аяқтағанда жазушы күйшінің ішінде айтылмай қалған арман-мұң барын аңғартады.

Әлеуметтік әділетсіздік, қиянат жайла­ған қоғамдық орта, заман теперіші, барлығы күй астарында жатқанын қаламгер терең тебіреніспен жеткізеді. Тәттімбеттің келер ұрпаққа аманаттаған асыл, ардақты сәлеміндей сезілетін бір күйдің тарихы осылай сан-сала заман суретін тұтастай көз алдыңа әкеледі. Әңгіменің өте тартымды, әсерлі, оқырманын бірден баурап алатын сыры да осында жатыр.

«Сарыжайлау» әңгімесіндегі Сары­жайлау сөзі алдымен жер атауын­ біл­діреді. Әңгімеде осы жердің, яғни қазақтың кең мағынадағы сары жай­лауының, оның көз тоятын көріні­сінің, туған табиғат сұлулығының күй­ші дом­бырасына қалайша күй болып құйыл­ғаны шығармашылық процесс деңгейінде суреттеледі. «Тәттімбеттің көзіне тағы да Сарыжайлау елестеді. Қанша жұтсаң да тойғызбайтын қоңыр самал, шалғайда ойнаған көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, тәжікелескен жігіт-желең мен қыз-келіншек жүйрік көңілде сиқырлы суреттер туғызады. Тәттімбет «Дариға» деп тұншыға күрсінді», деп суреттейді күйшінің осы тұстағы сәтін. Осындағы қоңыр самал, көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ, тәжікелескен жігіт-желең мен қыз келіншек – бәрі күйшінің өзі ойша тапқан, қиялмен ғана көрген өмір құбылыстары емес, оның өткен өмірінің қызықты, бақытты сәттерінің ажарына, сән-салтанаты мен қуаныш-шаттығына негіз, бесік болған, куә болған шындықшыл жайлар.

Ендігі тұста сол қоңыр самал, көк сағым, сылқылдаған бұлақ, сыбдырлаған құрақ сол қалпында көз алдынан, көңіл көзінен өткенде, оның осы сурет, осы көріністермен бірге, солардың аясында тапқан қуаныш-шаттығы, бақытты күйі еміс-еміс елес беріп, қайта ғайып болады. Күйші көңілін күрсінтіп, терең толғанысқа салатын – осындай жайлар.

 Жалпы, Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйінің өмірге келуіне себеп болған оқиғалар да бізге жеткен жоқ. Мүмкін ел арасында, қариялар жадында жатталып қалған әңгімелер ізі болуы ықтимал. Алайда осы туралы тасқа басылған жазба деректер жоқ. Күйдің сазына байланыс­ты аса дарынды сазгер, зерттеуші Ахмет Жұбанов төмендегідей болжам айтады: «Күйде жаратылыстың не бір әдемі суретін бейнелеу бар. Сонымен қатар сол әсем суретті көріп, үлкен эстетикалық рахат тауып тұрған адамның жан қылының үні бардай. Мүмкін бұл сурет кәдімгі өзіміз білетін жайлау болар деген де ойға келесің. Сылдырап ағып жатқан бұлақ, асыр салып асық ойнап жүрген балалар, қосылып әндеткен қыздардың да үні бар. Күйде кешкі ауылдың баяу үнде берілген симфониясы, күндізгі күннің сәулесімен, енді, міне, адамның мұрнын жарғандай келіп тұрған көкорай шөптің исі бардай...» (А.Жұбанов «Ғасырлар пернесі», Алматы: «Дайк-Пресс», 2002. 227 б.)

Қазақ прозасында әдеби шығарманың сюжет­тік желісінің күйге, сазға негіз­делуін қазақ әдебиетінде Тәкен Әлім­құловтың шығармашылық ізденістері қалыптастырды. Расында да, күллі суреткерлік мақсат-мұратын «тілінен көкейі ұзын күйге тіл бітіруге» арнаған қаламгердің туындыларында күй, күйшілік өнер қазақтың қасиетті қара сөзінің арқасында адамша сөйлеп, адамша сыр шертеді. Күйге тіл бітіру, күйді сөйлету тұрғысынан келгенде жазушы қол артқан көркемдік амал-тәсілдердің өзі сан-сала. Қазіргі күнге өз бояуымен, өз үнімен, өз ырғағымен жетіп отырған қазақ күйлерінің тарихы, тағдыры сан алуан, әрі қызғылықты. Қанша заман өтсе де – өшпейтін, шөп-шалам бас­пайтын сиқыр өнер осы. Бір есептен, сахара күйшілерінің домбыраны нотасыз тартқаны таңғалдырады. Кемеңгер Мұхтар Әуезовтің күй-аңыз­дарға байланысты кезінде айтқан құнды ой-пікірлерін Тәкен Әлімқұлов нақты тарихи дәлелдермен, деректермен тарата отырып, тереңдетті. Күй сазынан, үн жүйесінен мән-мағына табу, оған нақ­ты мазмұн дарыту немесе оны белгілі маз­мұнмен нақтыландыру, сөйтіп әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру – Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бас­тысы. Бұл мәселе кезінде І.Жансүгіровтің «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты бірнеше поэзиялық шығармасында өзіндік шешімін тапқаны белгілі. Ал осы прозада Т.Әлім­құлов бұл дәстүрді жалғастырып, оған жаңа бағыт, жаңа арна берді, өзіне дейін қалыптасқан көркемдік үрдісті өзінше, жаңаша жалғастыра отырып, қазақ прозасын, әсіресе, әңгіме жанрын тақырып, идея, образ жасау және стильдік тұрғыда жаңа көркемдік жетістіктермен байытты.

«Сарыжайлау» әңгімесін жазудан бұрын Тәттімбеттің көзі тірі немересі Шайхы деген қариямен хат жазысқанмын. Сексеннен асқан шалдың бір дәптер жазбасы – деректің куәлігіне барабар еді. Әңгіме жазарда менің «Сарыжайлау» күйін үйренуіме тура келді. Оны күйсандықта Ахмет Жұбановтан, домбырада Баймұқан Тоқтаровтан үйрендім. Неге? Меніңше, «күй әсем», «күй ғажап» деген тәрізді эпитет – мазмұнсыз желсөз! Мен күйдің ырғағын, суретін бейнелеуді ұнатамын», дейді жазушы.

Жазушы өз әңгімесінің жазылу тарихы туралы құнды ойларын, қымбат суреткерлік сырларын айтып отыр. Тәттімбеттің немересі Шайхы қарттың бір дәптер жазбасында жазушының өмір шындығынан өнер шындығын жасау процесіндегі толып жатқан шеберлік қырларын ашуға септігін тигізетін деректер жатуы анық. Қаламгер ол дәптердің мазмұны жайында ашып айтпайды. Қаламгердің суреткерлік даралығын аша түсуге қажетті деректер табылар ма деген оймен біз сол дәптерді көп іздедік. Өкінішке қарай, жазба дәптерді қолымызға түсіре алмадық. Дегенмен жазушының осы айтқан аз мәліметінің өзі анық суреткерлік тұрғысын шығармашылық тәжірибесімен сабақтастыра отырып, едәуір анық тануға жол ашады. Түйіндей айтқанда, Т.Әлімқұловтың аталған көлемді әңгімесін бір күйдің тарихын суреттеу арқылы Тәттімбеттей дәулескер күйшінің тұтас тағдырын, өнерпаздық дарынын төгілтіп, тартымды жеткізген қымбат дүниесі деп қабылдауымыз қажет.

 

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

Халықаралық Айтматов академиясының академигі

 

Соңғы жаңалықтар