Аймақтар • 27 Сәуір, 2021

Солтүстік өңірлерге ортақ мәселе

416 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің осы жылғы 20 сәуірдегі санында журналист Нұрқанат Құлабайдың «Жұтылған» жер атаулары қайта «тіріле» ме?» деген мақаласы жарияланды. Онда көтерілген ономастика мәселесі солтүстіктегі өңірлердің бәріне ортақ. Сондықтан Павлодар облысына қатысты жағдайды аз-кем баяндап, журналистің мақаласына үн қосқанды жөн көрдім.

Солтүстік өңірлерге ортақ мәселе

Шүкір, соңғы жылдары Пав­ло­­дар қаласындағы бірнеше кө­­ше­нің атауы қазақшаланды. Бұл жан-жақты жүргізілген жү­йе­лі жұмыстың жемісі еке­ні айтпаса да түсінікті. Енді бір­тіндеп атауы түсініксіз әрі өзек­ті­лі­гін жо­й­ған аудан-ауыл атауларын қа­зақыландыру қажет. Қаза­қыландырғанда да жаңадан атау ойлап табудың қажеті жоқ. Тек бұрынғы қазақы атауларын қай­тар­сақ болғаны.

Жалпы, аудан-ауыл атау­ларын өзгертуде Павлодар облысының өзіндік тәжірибесі бар. Мәселен, 2018 жылы өңірдегі екі ауданның атауы қазақшаланды. Ұзақ жылдар бойы Лебяжі атанып келген ауданға өзінің байырғы атауы – Аққулы қайтарылды. Сол секілді Качир ауданы Тереңкөл деп өзгерді. Бұл аумақ әуелде Тереңкөл болысы деп аталған. Міне, тәуелсіздіктің арқасында көне атау көпшілікпен қайта қауышты.

Сол секілді соңғы жылда­ры бір­неше ауылдың атауы өз­гер­­­генін жақсы білеміз. Атап айт­қанда, 2019 жылы Ақ­су қала­сына қарасты «Путь Ильи­ча» елді мекені «Еңбек» деген қазақы атауға ие болды. Со­ны­мен қатар Павлодар ауда­нын­дағы «Красноармейка» ауылы «Кемеңгер» деп өзгертілді. Тиі­сін­ше, ауылдық округтің атауы да қазақшаланып, «Кемеңгер ауылдық округі» атанды. Май ауданындағы «Қызыл Октябрь» елді мекені «Абай» деп өзгерді.

Бұл алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. Өйткені біздің өңірде мәнсіз-мағынасыз атаулардан әлі арылмаған ауылдар өте көп. Атауы «біртүрлі» екі аудан бары тағы рас. Олар – Успен және Железин аудандары. Негізінен, атауы қазақша емес ауылдардың дені аталған екі ауданға тиесілі. Мәселен, Железин ауданын алайық. Бұл ауданда 12 ауылдық округ бар. Соның жетеуінің атауы қазақшаланбаған. Мысалы, Прииртышск, Озерный, Но­вомир, Михайлов, Лесной, Ве­се­лорощин, Башмачин ауыл­дық округтерінің атын қазақ­ша­лайтын уақыт жетті. Атал­ған округтерге қарайтын атауы қа­зақ­шаланбаған елді ме­кен­дерді де естен шығармау керек. Железиннен бөлек, Успен, Тереңкөл, Шарбақты, Пав­лодар се­кілді аудандардың аума­ғын­да­­ғы өзге тілдегі атаулардан көз сүрінеді.

Ауыл-аудан атау­ларын қаза­қыландыруға мем­ле­кеттік тұр­ғы­дан мән берілуі керек деп есептеймін. Уақыттың өзі біз­ден осыны талап етіп отыр. Оның үстіне қазір жергілікті тұр­ғындар да мұндай орынды өзгерістерге түсіністікпен қарай­ды әрі барынша қолдауға тыры­сады. Ал ономастика мәсе­ле­сінің ел газеті «Егеменде» жиі көтерілуі жақсылыққа бастайды деп сенемін.

 

Социал ӘЙТЕНОВ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының Құрметті төрағасы, Қазақстанның Құрметті журналисі

 

ПАВЛОДАР