Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында квазимемлекеттік сектордың қайтарымын арттыруды негізгі міндеттердің бірі ретінде белгілегенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда квазимемлекеттік сектор жарғылық капиталды толықтыру, бюджеттен несиелеу және т.б. арқылы Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджеттен қандай түрде болса да жыл сайын дотацияланып келеді. Ал соңғы жылдарда шығындар, рентабельділіктің төмендеуі және меншік иесі – мемлекетке төленетін дивидендтер квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері қызметінің нәтижелері болып табылады», деді Ольга Перепечина.
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті квазимемлекеттік сектор компанияларында жүргізілген аудит қорытындылары туралы сенаторларды хабардар етті. Баяндамада басқару менеджментінің тиімділігі әлі де жеткіліксіз екендігі жиі кездесіп қалатыны айтылды. Сонымен қатар осы сектордың мемлекеттік қаржыландыру көздеріне тәуелді болу басымдығы бұрынғыша сақталып отыр.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері квазимемлекеттік сектордың қызметін, міндеттері мен өлшемшарттарын нақты ажырату, қаржы тәртібін жақсарту, мемлекеттің экономикадағы үлесін төмендету, мониторинг пен бағалаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ корпоративтік басқаруды күшейту қажет деп есептейді.
Дөңгелек үстел барысында ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің өкілдері және Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері квазимемлекеттік сектордың бюджет қаржысын пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде баяндама жасады.
Сенаторлар кездесу қорытындысында квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметінің стратегиялық дамуында, қаржы-шаруашылық қызметті жүзеге асыру мен корпоративтік басқаруда компаниялардың нәтижелі ісіне теріс әсер ететін және жедел шешуді талап ететін бірқатар жүйелі проблемалар бар екенін айтты.