Пікір • 28 Сәуір, 2021

Өткеніміз де, болашағымыз да ортақ

136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мамыр мерекелерінің басында тұратын Қазақстан халқының бірлігі күні – 1 мамыр да жақындап қалды. Осы күнді әлемнің 142 елі мереке ретінде атап өтеді. Соның ішінде көптеген елде ол – әлі
де еңбекшілердің халықаралық ынтымақтастық күні. Ресей мен Тәжікстанда – Көктем мен еңбек күні, Беларусь, Қырғызстан, Қытай, Пәкістан және Шри-Ланкада – Еңбек күні ретінде атап өтіледі.

Өткеніміз де, болашағымыз да ортақ

Қазақстанда 1 мамыр 1996 жылдан бастап Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақ­стан халқының бірлігі күні мерекесі деп аталады. Бұл күнді халқымыз елімізде тұратын барлық этностық топтардың теңдік, достық және бірлік күні ретінде мерекелейді.  Әрбір этнос өкілдері осы күні басқаларды өздерінің мәдениетімен, тілімен, салт-дәстүрімен таныстырады. Сөйтіп, бұл күн барлық қазақстандықтардың бірлігін, бейбіт өмірі мен келісімін паш етеді. Бұл мерекенің елімізде тұратын барлық этностық топтар мен конфессиялар өкілдерінің Қазақстанды ортақ үйі екенін кезекті рет көрсетудегі маңызы зор.

Өзінің құрылған сәті –1995 жылғы 1 наурыздан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы халықты бірлестіру және оның интеллектуалдық әлеуетін жинақтай отырып, халықтық демократия институты дамуының үлкен жолынан өтіп келеді. Ол – еліміздің аумағындағы 100-ден астам этнос өкілдерінің арасындағы тұрақтылық пен татулықты сақтаудағы рөлі аса зор бірегей институт. Қоғамдағы өзге­ріс­термен бірге Қазақстан халқы Ас­самблеясының құрылымы жетілдіріліп келеді, ол өз іс-әрекетінде жаңа бағыттар мен формалар алып отыратын тірі ағза деп айтуға болады. 

2013 жылдан бастап Елбасының тапсыр­масының негізінде республи­кад­ағы барлық жоғары оқу орнында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды. Бүгінгі таңда оның саны 28-ге жетті. Бұл кафедраларда жастарды ұлттық біртектілікті, әлеу­меттік жауапкершілік пен қазақ­стандық патриотизмді қалыптастыру жолындағы көпвекторлы жүйелі жұмыстар жүргізіледі.  

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде ол алғаш­қылардың бірі болып құрылды. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында бізде «Жастар және полиэтностық қоғамның құнды­лықтары»  тақырыбында фокус-топтар формасында тереңдетілген сұхбат өткізілді. Ондағы «Жастардың болашақта қандай болуы керектігін атап өтер едіңіз?» деген сұраққа осы әлеуметтік топтың жақсы сипат­тары қатарында қарымдылық, қайырым­дылық, коммуникабелділік, жаңа білім алуға деген ұмтылыс және оны қа­былдау, ұтқырлық, батылдық, таптау­рындылықтан арылу, волон­терлік істерге қатысу, спорттағы жетіс­тік сияқты қасиеттер аталды. Ал бұрыс сипаттар қатарында тәжірибесіз­дік, жеңілтектік, жаман әдеттерге құ­марлық, интернетке байланып қалу, өмірге жауапсыздықпен қарау сияқты кемшіліктер аталды.

Ал «Полиэтностық қоғам болғаны жақсылық па, әлде жаманшылық па?» деген сауалға студенттер бірауыз­дан оның артықшылығын атады. Және мұндай қоғамның қасиеттері қатар­ында төзімділік, достыққа бейім­ділік, адамдарға деген құрмет, комму­ни­кабелділік, әлеуметтік жауапкершілік сияқты қасиеттер аталды.

Сонымен бірге фокус-топтарға қаты­сушылар Қазақстандағы қоғам­дық келісім мен бірліктің сақталуында жастардың қатысы қандай болмақ деген сауалға бірауыздан «өте маңызды, өйткені жастар елдің болашағы, қо­ғам­ның қандай болмағы жастардың іс-әре­кетіне тікелей байланысты», деп жауап берді.

Ұжымдық көзқарасты сараптай отырып, жастардың полиэтностық қоғамның құндылықтарын жоғары баға­лай­тындығына және оларды сақ­тауға дайын екендігіне көз жеткіздік. Сонымен бірге жастардың қоғамдық келісім мен Қазақстан халқының бір­лігін сақтауда жауапты екенін түсі­нуіміз керек.

Мәдени алуандық – қоғам бай­лығы. Этностар бір-бірін мәдени байы­ту арқылы рухани жағынан байытады және бір-біріне деген құрметін оятады. Өйткені Қазақстанға өз еркінен тыс келгендер де елдің адами және материалдық байлығын дамытуға және оны өркендетуге күш-жігерлерін арнады.

Біз бір-бірімізге құрметпен және түсіністікпен қарап, ұзақ жыл­дар бойы қалыптасқан адами құнды­лықтарымыздың сақталуын және дамуын қамтамасыз етуіміз керек. Бізді өткен уақыт қана емес, болашақ та байланыстыратындығына сенемін. 

 

Людмила ГРИВЕННАЯ,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі