Пікір • 28 Сәуір, 2021

Көк байрақты биікке көтерген ұрпақ

426 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы осы кезге дейін еліміздің қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өмірінде өз орнын мықтап қалыптастырған институтқа айналып үлгерді. Кейінгі жылдары еліміздегі этностар өкілдері арасында өнер мен спортта, білім мен кәсіпкерлікте, басқа да түрлі сайыстарда Қазақстанның көк байрағын биікке көтерген отансүйгіш адал ұрпақ көбейгенін де көріп жүрміз. Елдің атын оздырғандардың басым көпшілігі – тәуелсіздік жылдары өмірге келген жастар.

Көк байрақты биікке көтерген ұрпақ

Ақтөбе облысында бүгінде 90-нан астам этнос өкілдері тұрады. Әр кезеңде қазақ жеріне келіп, осы жерде өсіп-өнген этностардың ұрпақтары қоғамдық келісім мен татулықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүр. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының жанында 17 этномәдени бірлестік тіркелген. Солардың ішінде қазіргі уақытта татар-башқұрттардың – «Шатлық», немістердің – «Возрождение», украиндардың – «Оксана», поляктардың – «Светло», грек­тердің – «Элладо», чешендердің «Вайнах» этномәдени бірлестіктері маңызды да ауқымды шараларға белсене атсалысып жүр.

Қазақстанның дамуына шын тілектес­тік­пен қарап, осы жолда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар қатары да көп. Бұл ретте облыстық мәслихат депутаты Сер­гей Вишняк туралы ерекше айтуға болады. Ол ауыл шаруашылығындағы түйткіл­ді мәселелерді көтеріп, жайылымдық жерлер­ді сақтау, жұмыссыз азаматтардың кәсіпкер­лікпен айналысуына жәрдемдесіп, жақсы ұсыныстар көтеріп жүрген патриот азамат.

Сондай-ақ бала тәрбиесі мен отбасы бір­лігін сақтау мәселесінде ақтөбелік аналарға шын мәнінде ақыл-кеңесімен де, ақыл-парасатымен де өнеге көрсетіп жүрген облыстық ассамблея мүшелері аз емес. Осы жұмысты ұйымдастыру облыстық ассамблея жанындағы Аналар кеңесіне жүктелген. Бүгінгі күні аталған кеңес құрамына 12 өзге этнос өкілдері кірген. Олар қазіргі уақытта ана мен баланың қарым-қатынасы, отбасындағы зорлықты тоқтату мәселесімен тұрақты түрде айналысып келеді. Мәселен, Мәртөк ауданынан –Амантұрлиевтер, Темір ауданынан – украин Шетихиндер, Ақтөбе қаласынан – чешен Байсаевтар бала тәрбиесі мен отбасы ауызбіршілігі жөнінде көпбалалы аналармен мазмұнды әңгімелер өткізіп тұрады. Қиын жағдайда қалған әйелдерге шын мәнінде психологиялық көмек көрсетіп, көбін ажырасудан құтқарып қалды. Жергілікті телевизияда көпбалалы отбасылардың күнделікті тыныс-тіршілігі туралы хабар ұйымдастырылып, бала тәрбиесіндегі тәжірибелері жұртшылыққа кеңінен насихатталды.

 Ақтөбе өңірінде тұратын түрлі этнос өкілдері жастарының арасында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс жоғары екендігін айта кеткен жөн. Соның ішінде мектеп, колледж оқушылары қазақ тілінде өтетін әдеби сайыстардан қалмайды. Әсіресе, ақпан айында облыстық ассамблея мүшелері арасында Абай өлеңдерін жатқа оқудан сайыс ұйымдастырылғанда оған өзге этностардың 37 жас өкілі қатысуға өтініш білдірді. Бас жүлдені иеленген «Вайнах» чешендер этномәдени бірлестігінің мүшесі Макка Мажидова Абайдың бірнеше өлеңі мен қара сөзін жатқа оқып қана қоймай, даналық ғибраттарын қазақ тілінде жатық тілмен түсіндіріп берді. Одан әзербайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі Азизов Испар, «Оксана» клубының мүшесі Елена Запар, корей этномәдени бірлестігінің мүшесі Ангелина Ким, «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің мүшесі Ксения Маринова, «Дағыстандықтар» бірлестігінің мүшесі Тамара Дайкова да қалысқан жоқ. Ал Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай өткізілген жыр сайысына «Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің мүшелері ерекше дайындықпен келді. Олар Мұқағали жырларынан қойылым көрсетіп, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Айта кеткен абзал, облысымызда тұратын түрлі этнос өкілдерінің балалары өз болашағын Қазақстанмен байланыс­тыратындарын жасырмайды. Сол үшін де өзге этнос жаста­ры мемлекеттік тілді меңгеріп қана қоймай, қазақ поэзиясы мен тарихын тереңдеп оқу арқылы таным-түсініктерін молайту­ды көздейді. Өйткені еліміздегі этнос­аралық қарым-қатынастардың дәйектілігі, кәсіп­керліктің дамуына жасалып жатқан қолайлы мүмкіндіктер, білім саласындағы иннова­циялар өзара сыйластық пен ынтымақ­тас­тыққа негізделген Қазақстан қоғамының болашағының зор екендігін дәлелдейді. Тек ол үшін еңбек етіп, заманауи білім алып, Абайша айтқанда, «кетігін тап та, бар қалан» өмірлік қағидасын темірқазық етіп ұстанған жөн.

 

Маржан ҚОРҒАНБАЕВА,

Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі