Таным • 28 Сәуір, 2021

Ғұлама ғалымның ғибраты

586 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Сүйер ұлың болса, сен сүй,

Сүйенерге жарар ол»


Абай

Ғұлама ғалымның ғибраты

Академик Салық Зиманов ғасыр­лар бойы бабаларымыз аңсаған тәуел­сіздігіміздің тұғырлы болуына, Ата Заңы­мыздың қабылдануына айрықша үлес қосты. Есімі алты Алашқа танымал заңгер-ғалымды еліміздің сот, прокуратура, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ұлағатты ұстаз, ақылшы аға тұтты. Заңғар заңгер, ғұлама ғалымның дәрісін тыңдап, тәлімін алған шәкірттерінің адалдық эстафетасын одан әрі жалғастырған жүздеген заңгерді еліміздің түкпір-түкпірінен көптеп кездестіруге болады.

Қоғам және мемлекет қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанға еңбегі сіңген ғылым қайрат­кері, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты туралы тарихи естеліктер мерзімді баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Көзі тірісінде-ақ заң ғылымының патриархы атанған Салық Зимановтың көркем мінезі, асыл бейнесі санамыздан ешқашан өшпейді. Өйткені оның артында мыңдаған шәкірті, жоқтаушысы бар. Мәселен, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бастауымен үш комитеттің төрағасы, үш генерал мен үш академик қол қойып, Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалда С.Зимановтың 100 жылдық мерейтойы Үкіметтің жыл кестесіндегі мерейтойлар тізбесінен тыс қалғаны айтылып, оның отандық заң ғылымының өркендеуіне сіңірген еңбегі, білікті, дарынды заңгерлер корпусын қалыптастырудағы ұстаздық қызметі атап көрсетілді.

«...Ол 1961 жылы Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғағаннан кейінгі бар ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнады. Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің заң факультетін, Ұлттық ғылым академиясының Философия және право институттарын басқарып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, 15 заң ғылымы докторын, 30-дан астам ғылым кандидатын даярлады. Оның шәкірттері Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде көптеп саналады. Салық Зиманов 1990 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, комитет төрағасы әрі 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясының жобасын дайындаған депутаттық комиссияның басшысы болды. Кейін 1991 жылы 14-16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Конститу­ция­лық заңын қабылдау барысында екі күн айтыс-тартысқа түсіп, мәселе тығырыққа тірелгенде тағы да келісім комиссиясының құрамына кіріп, бәріміздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы атты жаңа тәуелсіз мемлекеттің дүниеге келгенін күллі әлемге танытқан тарихи құжаттың қабылдануына заңгер, депутат ретінде зор үлес қосты» делінген еді сенаторлардың депутаттық сауалында.

Шындығында, елі үшін, ұлты үшін аянбай еңбек сіңірген дарабоз заңгер өмір бойы адалдықтың ақ жолынан тайған жоқ. Ұлт келешегі үшін ойын мәймөңкелемей тура айтатын Салық Зимановтың қиналған жанға қамқорлығы, әділдікті жақтаушы ретіндегі азаматтық болмысы көпке үлгі-өнеге еді. Оған академиктің естелігі дәлел бола алады.

...Академик саяжайына кеткенде үйіне терезеден ұры кіріп, заттарын ұрлап кеткен. Бір айдан кейін ұры ұсталды. Сол кезде оның жасы 24-те екен. Жеті рет ұрлық үшін сотталған. Осы оқиғаға қатты ренжісе де оны көргісі келген. Ол ұрының қандай адам екеніне көңіл аудару үшін түрмеге барған. Түрме бастығы академикті көргенде қатты таңғалыпты. Ал түрмеде отырғандардың одан бетер таңданысын тудырған. Әлбетте зардап шеккен адам ұрыны көру үшін түрмеге келмеуші еді. Тіпті мұндай жағдай бұрын кездеспегені даусыз.

Жүрегі мейірімге толы, көңілі дарқан даладай кең адам ұрымен ұзақ әңгі­ме­лесіпті. Ал ұры бала күнінен ұр­лықпен айналысыпты. Өйткені анасы оны 8 жасында тастап кеткен. Әкесі – бұрынғы құрылысшы, бір көзі жоқ мүгедек. Ұрлық жасағаны үшін жеті рет түрмеге түскен жігітті үнемі жақсы тәртібінің арқасында мерзімінен бұрын бостандыққа шығып отырған. Түрменің бастығы да оған жақсы мінездеме беріпті.

– Оның түр-әлпеті Днепрден бірге өткен майдандас досыма қатты ұқсайды екен. Мен сол кезде минаатқыш батареяның командирі болған едім. Өзеннен өту ке­зінде маған штрафбаттан бірнеше адам берді. Олар бұрын түрлі қылмыстары үшін сотталған екен. Қорықпаса, тірі қалса, оларға кешірім берілмек. Көбі қаза болды. Тірі қалған ол соғыс біткенше ерлікпен соғысты. Ал менің үйіме түскен ұры кім екеніме қатты таңғалды. Жағдайын сұ­радым. Жаман екенін айтты. Бес адамға арналған камерада 12 адам жайғасқан екен. Темекі бермейді. Мен күзетшіні шақырып, ақша бердім де, бәріне темекі сатып алуды тапсырдым. Сот болғанда, өзім барып, оны адвокат сияқты қорғай бас­тадым. Оны қамаудан шыққанына үш ай өтпей жатып, ұрлық жасағаны үшін сегіз немесе он жылға соттайтын еді. Ол сотта «Мені неге қорғайсыз? Бәрібір пайдасы жоқ, түрмеден шыққанда ешкім жұмысқа алмайды» деді, – деп естелігін қалдырды академик.

Сотталушының төлқұжаты болмаған. Міне, осындай себеп әлгі жігіттің ұрлық жасауына итермелеген. Бірақ оның қолынан көп нәрсе келеді екен. Былғарыдан неше түрлі бұйым тігеді. Осыны білген академик сотта сөз сөйлеп, сотталушы туралы бәрін айтқан.

– Судьялармен сөйлестім. Олар оның рецидивист екенін, түрмеден жаңа ғана шыққанын, айғақ бар екенін айтты. Оған сегіз жылдың орнына үш жыл берді. Үш жылдан кейін маған келді. Мен оны жұмысқа орналастырдым. Кейін тағы келіп, алғысын айтты. Әріптестерім Салық Зиманұлы өз ұрысын өзі ақтап шығарды деп күлетін. Мен естелік болсын деп, оның сот ісін сақтап қойдым, – дейді академик өзінің естелігінде.

Бір қарағанда, болмашы нәрсе сияқты. Ал осынау қадамның тереңіне бойлап, астарына үңілсек, бұдан қарапайымдылықтың үлгісін көреміз. Өмір бойы заңдылықтың, әділдіктің жолында күресіп, басқаларды да соған үндеп, осы салаға мыңдаған кадр даярлаған ұстаз, ғалым бұған дейін жеті рет сотталып, тіпті жиған-тергенін үптеп кеткен кәнігі ұрыға араша түсіп отыр. Оның түрмеден кейінгі тіршілігіне араласып, оған сеніммен қарап, қолұшын созды. Қылмыс жасап, түзелуден мүлдем кетті дегендердің жүрегінің түбінен болмашы үміт ұшқынын көріп, соны өшіріп алмау үшін алтын уақытын бөлді. Бұл – шынында да таңғаларлық жайт. Санасында саңылау бар әр адамды ойландыратын өнеге. Ұлы адамның ғана қолынан келетін ұлылық.

Университетте оқып жүргенде С.Зи­ма­­нов «Мемлекет және құқық тео­рия­сы» пәнінен сынақ қабылдайтын мем­лекеттік комиссияның төрағасы болды. Айта кетерлік жайт, ол кісінің алдын көру қарапайым студенттер үшін үлкен мәртебе еді. Себебі сынақ кезінде сөзімізді бөлмейтін. Тіліміздің ұшында тұрған нәрсені айтып, жеткізе алмай тұрғанда аузымызға сөз салып, жетелейтін. Жа­нама сұрақтар арқылы тақырыпты жетік білетінімізге көз жеткізсе, одан әрі көп қинамайтын. Комиссия мүшелерінен де соны талап ететін. Менің заңгерлік қыз­меттегі ұстаздарым Қ.Мәми, О.Жұма­беков және Б.Бекназаров – Салық Зима­новтың шәкірттері. Демек ғұлама ғалым – біздің ұстаздарымыздың ұстазы.

Қазақстан ғылымының тарихында үш академиктер отбасы бар. Бірі –Фазыл Мұхамедғалиұлы мен Нәйла Ораз­ғұлқызы Базанова, екіншісі – Салық Зиманұлы мен Шәрбан Батталқызы, үшіншісі – Серік Смайылұлы Қирабаев пен Әлия Сәрсенқызы Бейсенова. Бәрі де – Ұлттық ғылым академиясының толық мүшелері, елге белгілі тұлғалар. Солардың қатарындағы Салық ағамыздың мерейтойы қарсаңында Атырау қаласының бір көшесіне атын беру мәселесін қолға алып отырмыз. Ғұлама заңгер өз мұрасының көпшілік бөлігін ғалым-баспагер, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, қо­ғам қайраткері Ғарифолла Әнеске ама­­нат­таған екен. Бүгінге дейін заңгер мұра­сының 5 томдығы жарыққа шықты. Енді 2 томдығы мен замандастарының естеліктері, деректі мақалалар қамтылған заманауи энциклопедиялық анықтамалық шығарылмақ. Бұл аты алты Алашқа мәлім ғалымның есімін ұлықтау, оның ұшан-теңіз ғылыми мұрасын ел жадында қайталап жаңғырту – академик Салық Зиманов тікелей атсалысқан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту болмақ.

 

Бауыржан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Атырау облыстық сотының төрағасы

 

Атырау облысы