Театр • 28 Сәуір, 2021

Бас шаһардағы балет шеруі

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктемнің көркем күнін карантиннің қатаң талаптары көлегейлегенімен, елордадағы мәдени өнер ошақтары сақтық шараларын барынша сақтай отырып, көрерменін қуантуға қашанда дайын екені көңіл қуантады. Әсіресе демалыс күндерін мағыналы өткізгісі келетін талғампаз қауым үшін «Астана Опера» мен «Астана Балет» театрларының тартуы мол.

Бас шаһардағы балет шеруі

 

Сәуірдің соңғы күндерін барынша сұлуландыруға тырысқан қос театр ұжымы бірнеше күн қатарынан балетсүйер қауымды бекзат өнердің үздік туындыларымен қауыштырды. Әсіресе көзіқарақты көрерменді қатты қуантқан өнер жаңалығы – бір­шама уақыт үзілістен кейін Б.Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінің «Астана Опера» театрының репертуарына қайтып оралуы болды. Өнердің айтулы оқиғасын асыға күткен қауым демалыс күндері әйгілі де әсем хореографиялық поэ­маны тамашалау үшін «Астана Опера» театрына қарай ағылды. Қоюшы балетмейстер, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Алтынай Асыл­мұратова Ростислав За­харов хореографиясының түп­нұс­қасын қайта жаңғырту бойынша жұмыс істеп, тамаша туындыны көрерменімен қауыштырды.

– Біздің міндетіміз – аталған спектакльді түпнұсқаға барынша жақындата түсу. Әрине безендіру сол қалпында қалды. Алайда біз Р.Захаровтың бастапқы нұсқа­сындай болуы үшін хореография бойынша жұмыс істедік. Мен бұл спектакльді көріп өс­тім, алғаш рет ол 1934 жылы Ки­ров театрының сахнасында қойы­лып, кейінгі жылдары да көрсетілді», деп қойылым алдында дайындық барысындағы шығармашылық ізденісімен бөліскен қоюшы балетмейстер Алтынай Асылмұратованың «Бақшасарай бұрқағы» балетіне сыйлаған бейнелі тілі мен көркем көзқарасы театрға жиналған көрерменнің таңданысын арттырды. Ал қоюшы дирижер Арман Оразғалиев оркестрдің мінсіз дыбысталуына жауап берсе, сахнаның шығыс нақыштағы жабдықтарын қоюшы-суретші, қазіргі заманның атақты сценографы Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші, «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның ұшқыр қия­лы одан әрі көріктендіре түсті.

Театр тарихына көз жүгіртсек, композитор Борис Асафьевтің «Бақшасарай бұрқағы» балетінің әлемдік тұсаукесері 1934 жылдың 28 қыркүйегінде Ленинградтағы С.М.Киров атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында (Мариинский) кесілді. Содан бері 90 жылға жуық уақыт бойы үзіліссіз әлемнің үздік балет труппаларының орындауында көрерменнің көркем талғамын қалыптастыру жолында қызмет етіп келеді. Әйгілі балеттің дүниежүзілік сахналарды бағындырған бұл жетістігі һәм жеңісі «Астана Опера» театры төрінде қайта жаңғырып, жаңашыл бағытта елордалық бекзат өнер бағалаушыларына үн қатты.

Демалыс күндерінің көркін кіргізген «Астана Операдағы» «Бақшасарай бұрқағы» балетінің тамаша әсерін «Астана Балет» театры сахнасында қойылған Мукарам Авахридің «Бейбарыс сұлтан» балеті одан әрі сәтті жалғады. Мысыр мен Сирия сұлтаны Бейбарыстың ғұмырын суреттейтін ауқымды қойылым тұсауы кесілген күннен бастап-ақ өнердің үлкен жаңалығына айналғандығынан балетсүйер қауым хабардар. Спектакль сю­жеті Бейбарыстың балалық шағын суреттеуден басталады. Ауылдың мамыражай тіршілігін бұзған шапқыншылар құл базарында сату үшін ұл балаларды алып кетеді. Сөйтіп мәмлүк әскерінің қатарына қабылданған Бейбарысты күндіз-түні әске­ри дайындықтан өткізеді. Ту­ма қабілетінің арқасында ол сұлтан­ның үзеңгілес ұланы мәртебесіне ие болып, ақыр соңында Мәмлүк сұлтанатының әміршісіне айналды.

– Былтыр желтоқсан айында көрермен қауым бұл спек­такльді алғаш тамашалаған еді. «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» мен бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен өткен премьера қа­лың көпшілікті елең еткізген отандық балет өнеріндегі айтулы құбылысқа айналды. Өйткені балет қойылымымен қатар, Қазақ­станда тұңғыш рет осы аттас теле­балет түсірілімі де өткен болатын», деп тамаша қойылымның ерек­шелігіне тоқталған «Астана Балет» театрының көркемдік жетек­шісі РФ еңбек сіңірген қай­раткері Нұрлан Қанетов «Бейбарыс сұлтан» балетінің бүгінде «Астана Балет» театры репертуарындағы үздік туын­дылардың көшін бастайтындығын да зор мақтанышпен атап өтті.

Спектакльдің сахнаға жол тартуына еліміздің танымал өнер қайраткерлері қатысты. Атап айтсақ, қоюшы-хореограф Мукарам Авахри, композиторлар Хамит Шаңғалиев пен Әлибек Әлпиев және ақын, либретто авторы Бақыт Қайырбековтің шығармашылық одағы айтулы балетке шын мәнінде тамаша тыныс сыйлады. Сонымен қатар қойылым жұмыстарына атсалысқан қоюшы-суретші Леонид Басин, жарық суретшісі Арсения Сафиуллина мен оның ассистенті Роберт Даутов, костюм суретшісі Ася Соловьеваның сахнадағы соны ізденістері де көрермен назарынан тыс қалған жоқ. Әсем балеттен ғаламат әсер алған талғампаз қауым қойы­лым соңында толассыз соғыл­ған қошеметімен театр труп­пасына риясыз ықыласын біл­дірді. Елорданың мәдени өміріне теңдессіз көркемдік пен тамаша тыныс сыйлаған айтулы өнер ұжымдары шын мәнінде зор құр­метке лайық.