Қоғам • 29 Сәуір, 2021

Зайсанды зиянды аудан тазартты

368 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Зайсан көлінің жағалауын мекендеген балықшы ауылдарда айта қаларлықтай игі іс-шара өтіп, шалғайда томаға-тұйық тірлік кешіп жатқан бейнетқор қауымды дүр сілкінтіп кетті. Бұл осы өңірдегі барша тұрғындардың бір кісідей атсалысып, ауылдарының маңын, көл жағалауын бей-берекет шашылып жатқан тұрмыстық қалдықтардан, сондай-ақ көл айдынын соңғы уақытта нағыз толғақты мәселеге айналған қытай өндірісі шығарып, тыйым салынғанына қарамастан толассыз саудаланып келе жатқан полиамидті моножіпті құрма аулардан тазартуға жұмылуы болатын.

Зайсанды зиянды аудан тазартты

Осынау жауапты да сауапты жұмысқа Балық шаруашылығы «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік инспекциясының жетекшісі Санақбек Кітапбаев келіп, тікелей басшылық жасады. Межелі уақытта Ақсуат ауылынан бастау алған тазалық жұмысына кірісерде Санақбек Қанапияұлы бұл шараға жиылған қауымға аталған іс-шараның маңызын, мазмұнын түсіндіріп, бір кісідей бас қосып, ынта білдіріп отырған ауыл тұрғындарына алғыс айтты.

– 24 сәуірден бастап «Таза су айдындары» акциясы бастау алды. Бәріміз үшін маңызды шарадан біз де сырт қала алмаймыз. Ауыл тазалығы, осы ауылдардағы халықты асырап отырған айдын­ның тазалығы қашанда басты назарда тұруы тиіс. Ендеше, сол тазалыққа бүгіннен бастап кірісіп, алдағы уақытта жүйелі түрде жалғастырып отыруымыз керек, – деді С.Қанапияұлы.

С.Кітапбаев бастаған облыс­тық және аудандық балық инс­пекциясының мамандары тазалық жұмыстарына ықыласпен кірісті. Көл айдынына түсірілген 10 моторлы қайық арнайы жасалған тырмаларды сүйрете жүзіп, көл түбінде жатқан зиянды ауларды жағалауға шығарды. Ал ауылдың өзге тұрғындары, мектептің жо­ғары сынып оқушылары жа­ға­лаудағы, ауылдың ішіндегі, ма­ңайындағы қоқыстарды жинады. Төрт сағат ішінде алпыс адам атсалысқан іс-шара нәтижесінде 6,5 тонна тұрмыстық қалдықтар, 265 моножіпті зиянды ау жиналып (26 мың метр), тиісті орынға жеткізілді.

Осы әредікте біз С.Кітап­баевтан өздері қаузап жүрген саланың тыныс-тіршілігінен біраз мағлұмат бере кетуді өтінген болатынбыз.

– Біздің инспекцияға Қара Ертістің Қытай Халық Рес­пуб­ликасы территориясынан ене­тін тұсынан бастап, бүкіл Шы­ғыс Қазақстан, Павлодар облыс­тары түгелімен, сонау Ре­сейдің Омбы облысының шекарасына дейінгі өңірлер қарайды. Осы Зайсан, Күр­шім, Көкпекті, Бұқтырма, Семей және Павлодар сияқты 6 аудандық балық инспекциясы қарайтын мекеменің штатында 51 мемлекеттік қызметші бар. Инспекциямызға 1 шілдеден бас­тап келесі жылдың осы мезгіліне дейін 11 мың тонна балық аулауға лимит бөлінген болатын. Бүгінге дейін осының 7,1 мың тоннасы ауланды. 16 сәуірден 1 маусымға дейінгі уылдырық шашу кезе­ңіне орай балық аулауға ты­йы­м салынғандықтан, қазір бұл бағыттағы барша жұмыс тоқ­тап тұр, – дейді С.Қана­пия­ұлы.

Ұзындығы 110, ені 25 ша­қырым болатын Зайсан көлінің өзі жеті учаскеге бөлінеді. Осы аймақ 5 табиғат пайдаланушы мекемеге бөлініп берілген. Олар өз мүмкіндіктеріне қарай аталған учаскелерді 5 жылдан 49 жылға дейінгі мерзімге жалға алып отыр. Бұлар: «Төретоған» ЖШС, «Рыбаки Зайсана» және «Байтоғас» ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері, «Ди­гам» мен «Ұлтарақ» ЖШС-лары. 7-учаске деп аталатын Ақ­суат ауылы «Дигам» ЖШС-на, ал 5, 6-учаскелер – Аманат пен Жолнұсқау «Төретоған» ЖШС-на қарайды. Осы үш учаске орналасқан жағалаудың өзі 80 шақырымдай жерді алып жатыр. Бұқтырма су-электр стансасына дейінгі аймақтан 10 мың тонна балық аулауға лимит бөлініп отыр десек, соның 7 мың тоннасы осы Зайсан көліне тиесілі. Бірақ біз балықты аулаумен ғана айналыс­паймыз. Балық шаруашылығын өркендету бағытындағы мем­лекеттік бағдарламаның ішінде 2021 жылдан 2030 жылға дейінгі кезеңде 9 774 тонна балық өсіру бағдарламасы да бар. Бұл жоспар республика бойынша 270 мың тоннаны құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қой­ған талабына сәйкес әр адам жылына 16 кило балық тағамдарын тұтынуы тиіс. Ал бұл көрсеткіш Қазақстанда небәрі 4 кило ғана. Осыған орай балық өсіру көлемін одан әрі дамытып, 600 мың тоннаға жеткізу жоспары да бар.

Қытайда шығарылатын зиянды ауларды пайдалануға заң жүзінде тыйым салынған. Бірақ бұл сауда контрабандалық сипат алып, әлі күнге тоқтамай тұр. Арзан болғандықтан, ба­лық­шылардың көпшілігі осы ауды сатып алғанды жөн көреді. Пай­даланып болған соң ешкім оны жинап, жойып жатпайды, сол айдында қалдырып кетеді. Ал полиамидті моножіптерден тоқылатын бұл аулар шірімейді, су түбінде табиғатқа орасан залал келтіріп, шын мәнінде мәңгі-бақи жата береді. Оған ілінген балықтар ысырап болып, шіріп, судың тазалығына айтарлықтай залал келтіреді. Міне, сол себепті бұл ауларға қатаң тыйым бар.

Бұдан соң біз аталған жетекші топтың құрамында Жолнұсқау ауылын бетке алдық. Мұндағы жұртшылық та «бес қаруын» сайлап, келелі іске даяр тұр екен. 10 қайықпен жұдырықтай жұмыла кіріскен 50-ге тарта тұрғын екі-үш сағат уақыттың ішінде 1,5 тонна қоқыс пен 250 дана ау қалдығын жағалауға шығарып, жүк көліктеріне тиеп, арнайы бөлінген орынға жөнелтті.

 – Бұл аса бір дұрыс шара болды, – дейді осы ауылдың 72 жасар тұрғыны Мерғали Төленбаев ақсақал. – Әйтпесе ауыл ішінде шашылған қоқыс пен теңіз түбіне шөгіп, залалын тигізіп жатқан ескі аулардың саналы адамның көңіліне кірбің түсіретіні шындық қой. Міне, ортақ іске ересектермен қатар мектеп жасындағы балалар да белсене атсалысып жатыр. Қарттығыма қарамастан мен де азды-көпті пайдамды тигізейін деген оймен бүгінгі науқанға сеп­тесіп жүрмін. «Көппен көрген ұлы той» деген осы емес пе.

Аманат ауылына келгенде көргеніміз де көңіл қуантарлықтай жай болды. Мұндағы жұрт тазалық шарасына жұмыла кірі­сіп, бір жағадан – бас, бір жең­нен қол шығара еңбектеніп жатыр екен. Ауыл іші, айналасы тұрмыстық қалдықтардан тазарып, арылып-ақ қалыпты.

 – Ауыл тұрғындары өздері үшін қажетті шараға түсіністікпен атсалысты. Қоқыс тазартылды, бірақ ауыл маңындағы айдынды әлі күнге дейін мұз құрсап жатқандықтан, ескі аулар мен шөгінді қоқыстарды тазарту жұ­мысын кейінге қалдырып отыр­мыз. Мұз еріген бойда ол істі де тиянақты түрде жүзеге асы­ратынымызға сеніңіздер, – дейді осы ауылдағы балық қорғау инс­пекторы Ризабек Ниязбеков.

Тазалық деген жақсы ғой, қыстай көмкерген қардың астынан шыққан қоқыстың барлығы жиналып, тиісті орынға тасылған соң ауылдардың ажары ашылып, әбден тозған ескі киімін тастаған адамдай серпіліп қалды. Осынау көз қуантарлық көрініске сүйіне көз салған біздің көкейімізде «осындай шаралар тек міндетті науқан ретінде ғана қолға алынбай, жүйелі түрде жүзеге асып отырса, тазалықта мін болмайды ғой» деген ойдың тұрғаны рас еді.

 

Хасен ЗӘКӘРИЯ,

журналист

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы