Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Тұрғын үйді басқарудың жаңа формалары «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидаты бойынша жұмыс істейтінін бұрын да жазғанбыз. Ол әр үйді жеке басқаруға мүмкіндік береді. Ал қазіргі пәтер иелері кооперативтері, пәтер иелерінің тұтыну кооперативтері, тұрғын емес үй-жайларды тұтыну кооперативтері 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін жұмысын жалғастырады. Аталған мерзім аяқталғаннан кейін бұлардың бәрі заңнамада белгіленген тәртіппен таратылады. Бұл ретте акт бойынша көп пәтерлі тұрғын үйдің кеңесіне барлық техникалық, қаржылық және өзге де құжаттарды өткізуі шарт.
Айтпақшы, жаңашылдыққа сәйкес, құрылған әрбір мүлік иелері бірлестігі өзінің ағымдық және жинақ шотын ашуы тиіс. Мүлік иелері бірлестігін немесе жай серіктестік құру жайы заңда және нормативтік құқықтық құжаттарда қарастырылған. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков атап өткендей, бұл жерде пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың иелері белсенділік танытуы керек. Яғни жиналыстар ұйымдастырып, тиісті шешім қабылдауға барынша атсалысуы қажет.
– Тұрғындардың жиналысы – басқарудың жаңа нысанына өту процесінің алғашқы және ең қиын қадамы. Егер көршілерді жинау қиындық тудырса, онда пәтер бойынша жазбаша сауалдама жүргізуге болады. Жазбаша сауалдама парағы сауалдама жарияланған күннен бастап 7 күн ішінде әрбір меншік иесіне қолма-қол немесе электронды пошта арқылы жіберіледі. Сауалдама жиналыс жарияланған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей жүргізілуі керек. Мұндағы басты міндет – тұрғындардың дауысын дұрыс есептеу, жиналыс хаттамасын рәсімдеу және заңды тұлға ретінде тіркелу үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына тапсырылатын құжаттардың толық топтамасын әзірлеу. ХҚКО-ға өтініш, дауыс беру парақтары бар хаттама, мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған Жарғыны тапсырып, мемлекеттік баж салығын төлеп, шешімді күту қажет, – дейді Нұрбек Серіков.
Бұл – мүлік иелері бірлестігін құрудың жолы. Ал жай серіктестік түріндегі басқару нысанын таңдаудың өз ерекшеліктері бар. Мұнда барлық меншік иелері мен жай серіктестік арасында бірлескен қызмет туралы шарт жасалуы керек.
– Заңға сәйкес, дауыс беруді ақпараттандыру нысандары арқылы өткізуге болады. Бүгінгі таңда Қазақстанда көп пәтерлі түрғын үйді басқару бойынша оннан астам ақпараттандыру нысаны жұмыс істейді. Олардың кейбіреуінде онлайн режімде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Қазіргі кезде мүлік иелері бірлестігін тіркеу өтінімін электронды түрде беру жайы пысықталуда, – дейді «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Алматы қаласы басқарудың жаңа түріне көшу бойынша көш бастап тұр. Мұнда 355 мүлік иелері бірлестігі тіркелген. Оның 180-ге жуығы «Қоғамдық қорғаушы» үкіметтік емес ұйымы ретінде рәсімделген. Аталған ұйымның Алматы қалалық филиалының төрағасы Талғат Мұхамедғалиевтің айтуынша, бұрынғы басқару органдары жылы орнынан кеткісі келмейді. Сондықтан қазір сот ісі көбейіп кеткен.
– Қалай десек те, қазір жағдай біршама жақсарды. Мәселен, бұрын қала бойынша айына 5 мүлік иелері бірлестігі тіркелсе, қазір бір айда 40-50 үй басқарудың жаңа нысанына көшеді. Жалпы, реформаның жедел жүзеге асуына пандемия кері әсерін тигізді. Одан кейін меншік иелерінің бойында қорқыныш бар. Олар тұтас бір үйді басқару қолдан келе ме, келмей ме деп алаңдайды. Десек те, реформа алғаш басталған сәтте құрылған мүлік иелері бірлестіктері жаңа басқару нысаны аясында алғашқы жылыту маусымын да өткерді. Қазір олар өз тәжірибелерімен бөлісуде. Бұйыртса, жазда ақпараттандыру жұмысын жолға қойсақ дейміз. Яғни көпшілікке үйлердің қабылдап алған кездегі жағдайы мен олардың бір жарым жылдың ішінде қалай өзгергенін салыстырып көрсеткіміз келеді. Кейбір мүлік иелері бірлестіктері үйдің шатырына күрделі жөндеу жүргізді, енді бірі кіреберістерді, жертөлелерді қалпына келтірді. Үйлердің маңы абаттандырылды. Қысқасы, тұрғындар жауапкершілік жүгін нақты сезіне бастады, – дейді «Қоғамдық қорғаушы» үкіметтік емес ұйымы Алматы қалалық филиалының төрағасы.
Осы жерде көпшіліктің көңілін күпті еткен бір мәселе бар. Ол – тарифтің жайы. Тарқатып айтсақ, мүлік иелері бірлестігі заңды тұлға ретінде тіркеледі. Ал пәтер иелері кооперативі жеке тұлға ретінде жұмыс істеп келді. Ендігі жерде тұрғындар электр энергиясы, су мен жылу үшін төлемді қандай тарифпен төлеуі керек?
– Жалпы жиналыста меншік иелері бұл мәселенің басын ашып алуы керек. Яғни тұтас үй тұтынатын электр энергиясы, су, жылу шығындарын жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестігінің қаражатынан төлей ме? Әлде әрбір пәтер жеке-жеке төлеуі керек пе? Егер мүлік иелері бірлестігі ретінде төлесе, онда төлем заңды тұлғаларға арналған тариф бойынша есептеледі. Негізі тұтынатын энергия үшін төлемді әр пәтердің бөлек төлегені оңай әрі тиімді, – дейді Нұрбек Серіков.