Сұхбат • 29 Сәуір, 2021

Елена Сәкенова: Әрқайсымыз өз-өзімізді тануға тиіспіз!

410 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанның білім саласында «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының қызмет атқарып жатқанына 20 жылдан астам уақыт өтті.

Елена Сәкенова:  Әрқайсымыз өз-өзімізді тануға тиіспіз!

Осы бірегей көпсалалы кешен жайында, оның қызметі мен бағыты және ұлттық білім беру жүйесінің дамуындағы үлесі туралы «Бөбек» орталығының бас директоры Елена Николаевна Сәкенова кеңінен әңгімелеп берді.

–  Елена Николаевна, «Бөбек» орталығының қызметі, міндеттері және қазіргі кезде қандай жұмыстар атқарып жатқаны жайында оқырмандарымызға біраз мағлұмат берсеңіз...

–  Біздің миссиямыз – «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы арқылы еліміздің адами әлеуетінің дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында дамудың маңызды векторларының бірі ретінде ұлттың жаңа болмысын атады. «Қазіргі міндет халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», деді ел Президенті. Мемлекет басшысы қойған міндеттер мен олардың шешім жолдары «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының мазмұнында көрсетілген. Енді «Осы іс-шаралар «Бөбек» орталығы қызметінің тәжірибесінде қалай жүзеге асырылады?» деген сауалға жауап іздеп көрейік. Айтулы орталықтың тарихы 1997 жылдан бастау алады. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш ханымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның бастамасымен Білім және ғылым министрлігі құрамында «Республикалық балаларды сауықтыру-оңалту орталығы» ашылды. Алғашқы екі жыл Орталық экологиялық жағдайы төмен аумақтардың, аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасылардың балаларына арналған сауықтыру кешені ретінді жұмыс істеді. 2001 жылы Сара Алпысқызының бастамасымен «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру жобасы ұсынылды. Сол кезден бастап, орталық жаңа бағдарламамен бірге дами бастады.

–  «Бөбек» орталығының дамуындағы маңызды кезеңдері атап өтсеңіз.

–  Біздің орталығымызда заман табалына сай көптеген келелі істер мен маңызды шаруалар үздіксіз атқарылып келеді. Атап айтсақ, 2009 жылы Орталық құрылымында Гуманитарлық колледж, Гимназия-2, «Өзін-өзі тану» балабақшасы, оқушыларға арналған республикалық ғылыми балалар Обсерваториясы ашылды. 2010 жылы «Өзін-өзі тану» пәні еліміздің білім беру жүйесіне енгізілді. 2014 жылдан бастап Қазақстанда жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тұтас педагогикалық үдерісін өткізетін білім беру мекемелерінің пилоттық желісі құрыла бастады. 2014 жылы 24 пилоттық мекеме болса, 2017 жылы ол 72-ге дейін жетті. «Бөбек» орталығы үшін 2018 жыл өте маңызды болды. Қазақстан Республикасының Парламенті «Білім туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдап, онда «Өзін-өзі тану» бағдарламасының анықтамасы енгізілді. Бұл оқиға жас ұрпақты тәрбиелеуге арналған бірегей білім беру жобасының маңыздылығын мемлекеттік деңгейде тану куәлігі болып табылады.

«Бөбек» қазіргі кезде – ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру қызметін жүзеге асыратын көпсалалы ұйым. «Бөбек» Орталығының білім беру жүйесіндегі рөлі Сара Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының жетекші модераторы болып танылғанында.

–  Отандық және дүниежүзілік білім беру жүйесі үшін «Өзін-өзі тану» бағдарламасының жаңашылдығы мен ерекшелігі неде?

–  Бағдарламаның жаңашылдығы жақын және алыс шет мемлекеттердің танымал педагогикалық тәжірибесінде мұндай модельдің жоқтығында. Басты мақсатымыз – жалпы адамзаттық құндалақтар негізінде балалар мен оқитын жастардың тұтас адамгершілік-рухани және интеллектуалдық дамуына бағытталған, барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінің тәрбие жүйесін жаңғырту болып табылады. «Бөбек» орталығы «Өзін-өзі тану» бағдарламасының дамуы арнасында өркендеуде. Заманауи кезеңде «Өзін-өзі тану» бағдарламасы ұлттық білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде жүзеге асырылады, сондай-ақ еліміздің білім беру мекемелерінде жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде оқыту және тәрбиелеу жүйесі жетілдірілуде.

«Бөбек» орталығы көптеген жыл бойы адамгершілік-рухани білім беру саласындағы беделді халықаралық және шетелдік ұйымдармен тығыз ынтымақтастықта. Орталық қызметкерлері халықаралық семинарларда, педагогикалық және ата-аналар оқуларында жасөспірімдердің адамгершілік-рухани тәрбиесі жөніндегі тәжірибесімен бөлісуде. «Өзін-өзі тану» бағдарламасын жүзеге асыру тәжірибесі әлемдік педагогикалық қауымдастықтың қызығушылығын тудырады. Өйткені, жалпы адамзаттық құндалықтар негізінде тұлғаның үйлесімді интеллектуалды және адамгершілік-рухани дамуының жүйесін құру бірегей болып табылады. Біздің орталық ұйымдастыратын педагогикалық форумдарға белгілі шетелдік ғалымдар белсенді қатысуда. Мысалы, былтыр Республикалық тамыз конференциясына Шалва Амонашвили, Эльхан Бейляров және Риза Халилов сынды гумандық педагогиканың көрнекті өкілдері қатысты. Олар «Өзін-өзі тану» бағдарламасы негізінде қызмет жасайтын қазақстандық педагогтердің кәсіби жетістіктеріне таң қалды. Қазір біздің қазақстандық адамгершілік-рухани білім беруді жүзеге асыру тәжірибеміз басқа елдерге де танымал екенін айта кету қажет. «Бөбек» орталығының қызметкерлеріне, ғалымдар мен педагогтеріне ірі халықаралық алаңдарда жыл сайын оны көрсетуге мүмкіндік туады және орталықтың тәжірибесі мен «Өзін-өзі тану» бағдарламасын көптеген мемлекеттердің ғалымдары, педагогтері мойындады.

Әйгілі педагог Шалва Амонашвили «Өзін-өзі тану» бағдарламасына таңырқап: «Біз адамды ғана емес, тұлғаны тәрбиелегіміз келсе, тұлға өзін-өзі танусыз қалыптаспайтынын білуіміз керек. Өзін-өзі танусыз, еркінсіз, мақсатсыз және өмір мәнсіз болған кезде, біз бұл тақырыпты қозғай алмаймыз. Барынша білімді болса да, адам бұл құндылықтарсыз тұлға бола алмайды. Өзін-өзі тану – бұл оқушылардың дүниетанымын, сезімі мен санасын кеңейтетін курс. Қазақстанның тәжірибесі бірегей. Сол себепті де олардан үлгі алу керек», дей келе, бұл бағдарлама барлық жастағы барлық ұлт өкілдерін және түрлі көзжетімді тұлғаларды біріктіретінін атап өтті. Шетелдік әріптестеріміздің үлкен танымы мен осындай жоғарғы бағасының белгісі неде дейсіз бе? Бұл – ұлттық білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде «Өзін-өзі тану» бағдарламасын енгізу, қолдау және дамыту арқылы қамтамасыз етілетін, адамгершілік-рухани тәрбиеге деген көлемді, мемлекеттік көзқарас, оның үздіксіздігі мен тұтастығы.

–  Бағдарламаны мектептерде енгізу үшін педагогтерді оқыту қажет. Сіздер мектеп мұғалімдерін оқытасыздар ма?

–  Ия, дұрыс айтасыз. Педагогтерді Адамның үйлесімді дамуы институты (осы жылдың ақпан айынан бастап, «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КеАҚ) оқытады. Институт қызметінің басты бағыттары – педагогтердің біліктілігін арттыру және жыл сайын республикалық семинарлар мен конференциялар арқылы жасалатын Қазақстанның түпкір-түпкірінің педагогтеріне әдістемелік қолдау көрсету. Сонымен, «Бөбек» орталығының тәжірибесінен жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу және оқытудың тұтас жүйесінің құрылуы мен дамуын көруге біздің мүмкіндігіміз бар. Бұл да «Өзін-өзі тану» бағдарламасының және біздің орталықтың әрі қарай дамуының стратегиялық бағыты.

Қазақстандық білім беру саласындағы көлемді өзгерістер бірыңғай мемлекеттік білім беру саясаты арнасында білім беру мекемелерінен өз дамуының мобильдігін, икемділігін және векторларының айқын анықталуын талап етеді.  Елімізде қандай ресурстар бар екенін, позитивті, сапалы қайта құрылу үшін қандай потенциалдың бар екенін біз ғана емес, өзге де жұрттар білуі тиіс.

–  Әңгімеңізге көп рақмет!

–  Сізге де уақытыңызды бөліп, бізді тыңдағаныңызға зор алғысымды білдіремін! Баршаңызға Жақсылық, Сүйіспеншілік және Шабыт тілеймін!