Білім • 29 Сәуір, 2021

Кітап тілін түсіну амалдары

621 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мені, Құдай сөзі (Бабыл, Інжіл, Құран) пенде баласына дыбыс арқылы немесе акустикалық образ арқылы емес, түсінікті белгілеген, күллі ақпар-мәліметін бойына жинаған таңба арқылы жеткені қатты толғандырады.

Кітап тілін түсіну амалдары
  1. Дыбыс пен таңба құшағындағы түсінік

Қайсысы озық, оны XX жүзжылдық шешті. Фердинанд де Соссюр (тілтануда лингвистикалық революция жасады, XIX ғасыр), Чарльз Пирс тіл мәселесіне бәрі бірге, қатар, бір уақытта келді, әркім өз жолымен жү­ріп жетті.

Яғни фонетика ма, грамматика ма, қайсысы алғашқы, меніңше, жауап айқын. Тіл мәселесі XIX ғасырда күн тәртібіне көтерілді, XX ғасырда шырқау биігінен көрінді. Тіл құрылымы, қызметі және оның қабілеті жаңа теориялар сом­дауға, болжамдар жасауға, жасырып жатқан сырын ашуға түрткі болды. Әлем (бейсана) тіл үлгісінде құрылған, деп жазды ардақты Жан Лакан.

Бұрын тіл деп сөзді түсінді. Әрбір сөздің дыбысталуы рас, табиғи дүние, құбылыстар дыбыстарымен ұнасым, үйлесім тапты, себебі адам сыртқы дүние үніне еліктеді, делінді.

«Еліктеуіш», солқылдақ теория XIX ғасырға дейін үстемдік құрды. Сосын XXI ғасырға дейін жалғасты. Бірақ Сос­сюр, шамамен екі ғасыр бұрын, лин­гвис­тикалық төңкеріс жасады.

Ежелден белгілі, адамзат есін жиғалы тіл табиғаты және оның шығу тегі жайлы тақырыпта ойланып-толғанып, таласып-тартысып келе жатыр. Күрес бір сәт тоқтаған жоқ, керісінше, күшейе, үдей түсті. Әр түсінікті (көлемін) бір-бір белгімен өлшеді. Сөйтіп түсінік белгінің (таңбаның) бойына құйылды (мазмұны­на айналды). Белгінің мәні – түсінік.

Егер белгіні тілдің түп мәні деп анық­­­­тасақ, онда қайнар көзін, баста­уын, гене­зисін сөйлеу қабілеті мен фоне­тика­лық жүйеден емес, сол белгілердің өзінен із­де­геніміз жөн.

Белгі (символ) өзіне емес, өзге затқа сілтеп тұрады. (Есіңізде сақтаңыз, қадірлі оқырман, күрделі мәселеге көңіл қойып, сергек тыңдаңыз). Құлақ түріңіз. Белгінің (символ) жағдайы тілдің негізгі екі фор­масын: ауыз екі тіл мен жазбаның арақа­тынасын қайта қарастыруға мәжбүр етеді.

Әлқисса, семиотикада хаттық форма алдыңғы орынға шықты. Фонология біртіндеп үстемдігін жоғалтады. Белгілер, таңбалар жүйесі тілге айналды, дыбысты бейнелеуге қатысқан, сөзге қызмет еткен қаріп «ғаріп», «бодан» күнінен босайды, кіріптарлықтан ада болды.

 

  1. Мәтін аясы (контекст)

Постмодернистік заманда, мәтін комбинациялары, сан жағынан тілге тең. Таңбалар жүйесі – тіл. Витгенштейн тілдің бойында күллі заттың (құбылыс) анықтамасы бар екендігін алға тартады. Тілдің бөлшегі – таңба. Әр акустикалық (дыбыстық) образ бірнеше таңбадан тұрады: мысалы, ағаш, темір, су...

Таңбада түсініктер тоғысады. Бір сөйлемде белгілі бір мөлшерде түсініктер (таңбалар) беріледі. Емле ереже бойынша құрастырылса, онда мағына туады. Тәртіпсіз түзілген жинақта, түсініктер үйлеспегендіктен, мән жоқ.

Контекст – қоршаған орта. Кейіп­кердің өмір сүріп отырған аясы. Аядан суырып алса, байланыстар үзіледі, жара­сымдылық кетеді, түсінік әлсірейді.

Түнде Күнді іздегенмен бірдей.

 

  1. Автор

Мәтін иесі. Көп жазушы туынды қол­дан шыққан соң, ыңғайына көнбей, еркіне бағынбай кетеді деген пікір айтады. Рас, бірақ автор орнатқан заң, заңдылық шығарманы бір формада, бір мазмұнда ұстап тұрады.

Классикалық философияда автор – шығарма Жасаушы, туынды Жаратушы, мәртебелі (авторитет).

Шығармада көрсетілген нұсқадан (нұсқалардан) басқа мазмұн жоқ, қосыл­майды, қосылса мәтінді сәйкессіздік жай­лайды, демек автор үнемі шығарма­сын қадағалағысы келеді, бірақ бөлініп шыққан «мазмұн өмірі» енді – оқшау, бөлек, дербес.

Қандай шарт қойдыңыз – қайда жүрсе де тұрақты. Алайда интерпретация сипаттамасы не анықтамасы оқырманды адастыруы мүмкін.

Тегі, классикалық автор – туынды сомдаушы. Әдеби, музыкалық, көркем үлгілер Жасаған Иесі.

Автордан бас тартып, шығарманы алға жіберуді ойлаған, мысалы, қаламгер Уильям Фолкнер бір сұхбатында Ролан Барт ойын қайталайды: кітап жазылып біткен соң, авторын сызып тастаған жөн, деген ұсыныс айтады.

Өзінің атақты эссе жанрындағы еңбе­гінде («Автордың өлімі») Ролан Барт оқу амалы мен сын методын тезге салады. Екеуі де автор тұлғасына көп көңіл бөлетіндігін аңғартады.

Мәтін тақырыбын, мән-мағынасын ашу үшін автордың саяси, дербес көз­қарасына, тарихи аяға (контекст), діни салтына, жөн-жоралғыларына, этнос­тық сойы-тегіне, психологиясына, басқа да биографиялық және жеке тұлғалық қасиеттеріне назар аударады, деп жазды.

Бұл сыни әдіс-тәсіл бойынша, автор ойына, өмірлік тәжірибесіне, көзқарасына сүйене отырып сараптама жасау мәтінді түсіндірудің басты методына айналады.

 

  1. «Автордың өлімі»

Әрине, келтірілген түсінік – мәтінді оқу методы тұрғысында – дәл әрі қо­лай­лы. Бірақ мәтін авторын белгілеу, бір интер­претацияға бағындыру – тексті шек­теу екендігін естен шығармағанымыз жөн.

Оқырмандар әдеби шығарманы авторынан бөлек қарастырулары керек, сон­да мәтін түсініктемелер қиянатынан құтылады.

«Текст – ткань из цитат». Түрлі мә­дени орталықтар әсерінен, үлгісінен жа­сақталған текст «екі аяғы салбырап аспаннан түскен жоқ».

Мәтін мағынасы жазушы талғамынан емес, оқырманның текстен алған әсерінен қалыптасады. Әрі мәтін қалыптастыруға қаламгер тәжірибесі ғана емес, күллі мәдени контекст қатысады.

Автор емес, жазушы.

Жазушы мәтінмен бірге туады, бірге өледі. Жазғанға дейінгі немесе жазғаннан кейінгі уақытта жоқ, болмыста өмір сүрмейді.

Енді автор – субъект емес.

Әр кітап «тура осы жерде, тап қазір» жазылуы тиіс. Барт жазушы не жазғанын, қандай мән-мағына жасырғанын айқын­дау бізге қиынға соғады деген пікір біл­діреді.

Эссе эпиграфын Оноре де Бальзактың белгісіздеу «Сарацин» атты новелласынан алған екен: бас қаһарман бір сұлу әншіге ғашық болады, бірақ әнші жалған әйел екендігі туралы айтқаныңда, Барт елге, жалпы, оқырман қауымға күтпеген жерден көлденең сұрақ қояды: аталған уақиғаны үшінші жақтан нақышына келтіріп, әдемілеп әңгімелеп беріп жатқан кім әрі шығарма не туралы? Бальзак-автор нені меңзеп тұр? (Әйел табиғатының нәзіктігіне, қорғансыздығына қоғам назарын аудару ма) өнерпаздың бәріне бірдей талап-тілегін, парыз-міндетін күн тәртібіне қою ма? Романтизм психологиясын зерттеу ме? «Біз бұл жайттарды ешқашан біле алмаймыз».

Тасқа басылуы, «кез келген басқа да­у­ысты тұншықтыруы» бір емес, бірнеше түсініктемені не перспективаны қажет етеді.

Бұл идеяны басқа да ойшылдар еңбек­терінен кездестіре аламыз. Барт еңбегі структуралистердің манифест-мәтініне айналды. Еуропалық континенттік фило­софияға қатты әсер етті.

Ролан Барт шағын шығармасын: «Теперь мы знаем, чтобы обеспечить письму будущность, нужно опрокинуть миф о нем – рождение читателя приходится оплачивать смертью Автора», – деген оймен аяқтайды.

 

  1. Тіл

Тіл – іргелі таным жолы. Күллі адами нәрсенің бәрі тілдің арқасында дүниеге келеді, тілдің арқасында жүзеге асады.

Дәстүрлі философияда тіл дегеніміз өмірді, идеяны, түп мәнді, ақыл-ойды, мағынаны білдіретін, жеткізетін, адам мен адам емес арасындағы құрал еді. Ал тілдік мәдениет аясында аталған ұғым-түсініктердің өзі тілдің өнімі, нәтижесі, табысы саналады.

Тіл туралы кезінде Фридрих Ницше, Эдмунд Гуссерль, Зигмунд Фрейд, Эрнст Кассирер, Мартин Хайдеггер, Людвиг Витгенштейн қалам тартты.

Бірақ тіл проблемаларын басты зерт­теу пәні есептейтін бір ғылым саласы бар: ол – лингвистика. Филология нақты бір тілді оқшаулап, жеке, жүйелі тану жолы. Структурализм – мәдениет тіліне анализ жасайтын сала. Табиғи тіл мәселесімен құрылымдық лингвистика шұғылданады. Бірақ символдық тілмен қатар ол да структуралистік ағым аясында қарастырылады.

Мәтін – тіл туындысы. Тіл – таңбалар жүйесі деп айқындадық. Демек кез келген таңбалар жүйесі – тіл. Стильдік белгілер (ерекшеліктер) де таңбалар.

Қорытынды: архитектуралық мек­тептердің эстетикалық айырма-белгілері де жүйе құрайды, яғни олар да тіл.

Тіл түрлері көбейді. Тіл комбинациялары, лексикалық қор, тыныс белгілері, жалпы емле-ережелер мәтін шексіздігін аңғартты. Сөйтіп әлем мәтінге айналды.

Өнер тілі (кино, театр, сұңғат, музыка, поэзия), ғылым тілі (математика, физика, химия), дүние тілі (табиғат, ландшафт, пейзаж) ашылды.

Кино тілі дегеніміз кадр белгілерінен туындайды.

Әдеби тәсіл, жазу мәнері, стиль, бәрі-бәрі – тіл. Тіпті, жүйеленген тіл.

Қазір жиі көтеріліп жүрген тақырып – әдеби тіл ескірді деген мәселеге келгенде, айтарымыз: біз, шын мәнінде, тілдің тозығы жетті, көп сөз көнерді, жаңа сөз­дермен жазу қажет деген ойды айтып тұр­ған жоқпыз, бұл тұста – жазу мәнері өзгерді, түрлі стильдік жаңалықтар енгі­зілді, тілдің, сөйлемнің, сөздің қол­данысы жаңаланды дегенді алға тартып тұр­мыз: оған абзац көптігі, материал ықшам­дылығы, сөйлем қысқалығы, түсі­нік­темелер азаюы, ұзақ жазуды тоқта­туымыз, кейіпкерді жақтап, не даттап, яғни мәтінге араласуды доғаруымыз жатады...

Ален Роб-Грийенің: «Я владею всего лишь манерой письма» деген сөзі бар. Дәл.

 

  1. Герменевт және кітап

Сөздің көркем табиғаты ашылғалы өмір сүріп келе жатқан мәңгілік бір мә­селе бар, ол – кітапты қалай оқу мә­селесі.

Канттың ақиқаты, Хайдеггердің болмысы тәрізді кітап сыры да бізге ашыла ма деген сұрақ бәрімізді жиі мазалайды.

Жабық мәтін/ашық мәтін қарама-қарсылығы мен бірлігі бұл күрестің үсті­міздегі ғасырда да оң шешімін таппайтынын көрсетеді. Кез келген мәтін жабық болса да ашық. Құлыптаулы қақпалардың кілті кітап өмір сүріп отырған аяда, контексте.

Текст контексте ғана ақиқат. Контекс­тен тыс ақиқат (текст) – жалған, жартылай шындық тұтас күйінде, бәрібір өтірік.

Текстің кілті контексте. Кілтті алған соң, екінші қадам жасаймыз, ол – оқу. Жалпы, оқырман кітапқа үңілгенде екі контекст бар: бірі кішісі – кітаптағы мәтін айналасы, екіншісі, үлкен контекст, ол сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз, келешегіңіз.

Оқуға – ерік-жігер керек. Қызыққан жерімізге дейін жүйткіп оқимыз да ортасынан асып құлағанда, қызығы кеткендей, баяулай, саябырси бастаймыз. Тап осы жерде қайрат көрсеткен абзал. Кітаптың ортасына жетпей тоқтасаңыз бір жөн. Жартысынан асқан дүние ақы­рына дейін оқылуы тиіс.

Кітапты бастап, қалдыра беруге болады. Ол да білім.

Шолып шыққанда да айып жоқ.

Кітап қиын оқылса, алдын ала да­йындалу қажет: бір-екі сыни материал, қысқаша мазмұнын тауып танысу қажет. Жұрттан пікір сұраса да болады. Содан кітапты қолға аласыз.

Герменевт философиялық таным үлгісіне жүгінеді. Ленин спиралі тәрізді. Шексіз, бірақ айналып қайтып келіп отырады. Бірақ ең күшті қасиеті төмендегідей формулада: бүтінді бөлшектен танимыз, бөлшекті бүтіннен көреміз.

Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлы ту­­ралы жазған «Мемлекет негіздері» атты пәлсапалық еңбегімнен үзінді кел­­тіре кеткенді жөн санап отырмын: «Герменевтикаға оралайық. Ф.Шлейер­махер, тілтану теориясы мен фило­со­фияға, бүтін мен бөлшектің диалек­ти­ка­лық қарым-қатынасын бейнелейтін гер­меневтикалық шеңбер деген ұғым енгізеді.

Яғни майда (микро) контекстер қа­рым-қатынасынан бүтін жаралады. Бірақ текстің өзін контексте қарастырады.

Түсінік шексіз. Герменевтикалық шең­бер бойын жағалаған мағына мен оны түсіну процесі әр айналым сайын толысып, көбейіп отырады.

Жалпы, герменевтика – әдеби мәтін­дерді түсіндіру негізінде қалыптасқан философиялық ағым.Тәпсір өнері, түсіне білу, түсіндіру теориясы. Бабыл, философия, филология жазбаларын тәпсірлейтін адамды герменевт деп атаймыз.

Герменевтикалық шеңбер – түсі­не білу мен интерпретация екеуі ара­сын­дағы байланыстылықты, бір-бірінің қалыптасуына қатысты өзара ықпал­дастықты бейнелейтін метафора».

 

  1. Мен қалай оқимын

Кітап-мәтінді бөлшектемес бұрын, шығарма атауына көңіл бөлеміз, бос уақытымызды кітап оқуға арнадық деп іштей дұғамызды оқып, жанымызға тыныштық шақырып, сабырға көшеміз, бізге ештеңе кедергі келтірмеуі тиіс, елеңдететін, алаңдататын нәрселерді тегіс ұмытамыз, жайланып, қамданып, санамызды бос күйінде, таза қалпында ұстап, кітапқа жан сарайымызды ашамыз, дүниеде екеумізден басқа ешкім жоқ, тілегімізге қабыл болсын айтып, оқуға кірісеміз.

Күрделі кітаптың бетін ашуға өзімізді көндіруіміз қажет, көндірсек, басынан бастап, назар салып оқимыз (фиксация/концентрация): күніне үш бет (бес бет немесе жеті бет).

Күн сайын бет санын көбейте береміз. Бүгін бесеу, ертең – алтау. Мүмкіндігінше, түртіп, жазып оқу керек: кейбір цитаталарды дәптерге көшіріп қойған жөн. Жазып оқығанда, жад еселенеді. Кітап оқу қажет еді деп ешқашан уайымдамаңыз, ниет-пейіл бұзылады, алған бетіңізден қайтпаңыз, оқып-сызуға бірден кіріскен абзал.

Қолайлы бет санына жеткен соң, сол межеде қаламыз: мысалы, күніне жиырма бет немесе отыз бет, тым шығандап кету керек емес, шегінуге тағы болмайды, сондықтан аса көп бетті нысаналау – қате.

Жігерге салып оқитын мәтін бейне­тін қуанышты сәтке айналдыруға талпын­ғанымыз абзал.

Кітапты оқыған сайын бойыңызда сенімділік күшейеді. Сөздік қорыңыз көбейеді, ойыңызды анық әрі дәл жеткізуге үйренесіз: өйткені кітаптағы дайын үлгі­лер көз алдыңызда не жадыңызда жаң­ғырып тұрады. Ойлау жүйеңіз кеңе­йеді, көркем сөйлеп дағдыланасыз, мәдениет пайда болады, агрессия аза­йып, жанашырлық молаяды. Ерік-жіге­ріңізді тәрбиелейсіз, қайратыңызды жа­нып, табандылығыңызды арттырасыз, шыны­ғасыз, өміріңіз, іс-әрекетіңіз, жоспарыңыз жүйелене түседі.

Жас кезіңізде көп оқыңыз, кейін уақыт тар, жұмыс тығыз, жан бағып кетесіз.

Студент шағыңызда қол үзбей оқыңыз, бойға, ойға жеңіл сіңеді әрі жақсы/жаман, бар кітапты оқыңыз, жылдар өте келе өзі іріктеле бастайды, сөрелеріңізде ең қажетті кітаптар ғана қалады.

Көп оқыған адамның бойында магнит болады, жұртты қасына тартып, төңі­регіне жинап, айналасына иіріп, шоқтай жиып алады.

Мәдениет, сабыр, ниет оқумен келеді. Жазуды үйренесіз. Шешен сөйлеуді меңгересіз.

Оқыған әйел заты – әдемі келеді, оқыған еркек – бақытты болады.