Руханият • 30 Сәуір, 2021

XXIX сессия – Тәуелсіздік пен достықты нығайтудың жаңа кезеңі

414 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIX сессиясының мәні мен маңызы айрықша. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында дәстүрлі түрде өт­кізілген іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жы­лын­да этносаралық және конфес­сия­аралық қатынастар саласындағы же­тіс­тіктерді қорытындылау ретінде ғана емес, сондай-ақ Қазақстанның Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың татулық пен келісім сая­саты­ның дамуына жаңа серпін берген сессия ретінде де Қазақстан тарихына енеді.

XXIX сессия – Тәуелсіздік пен достықты нығайтудың жаңа кезеңі

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Елбасы сессияда сөйлеген сөзінде осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы халқы бірлікте, татулық пен келісімде алға жылжу үшін іргелі таңдау жасағанын айта келе, ұлттық дамудың стратегиялық фор­муласының дұрыстығы мен тиімділігін атап өтті.

Елбасы атап өткендей, мұндай формула мемлекеттілікті құру үшін барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік берді және Қазақстанның заманауи келбетін қалыптастыру үшін қуатты ресурсты қамтамасыз етті. Біз қоғамның сан алуандығын ұтымды пайдаландық – оны Қазақстанның бәсекеге қабілетті басымдығына айналдырдық.

Бұл ретте қазақ халқы интеграциялық үдерістердің өзегін қалыптастырды және полиэтносты қоғамның шоғыр­ландырушы өзегінің рөлін атқарады.

Елбасы бірлік пен келісімнің арқасында еліміздің қандай әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізгенін егжей-тегжейлі және нақты атап өтті. Бұл жетістіктердің көрсеткіші – Отанымыздың ең ауқымды жобасына айналған жаңа астана – Қазақстанның жаңғыруының символы, халықтың жасампаздық күшін бейнелейтін, сонымен қатар өзгерістер катализаторы және ұлттық экономиканың өсуінің, саяси, әлеуметтік және мәдени прогрестің үлгісі ретінде қызмет етеді.

Қазақстанның әлемдік қоғамдас­тықтағы басты жетістіктері де атап өтілді, олардың қатарында біздің еліміздің ұлттардың жаһандық отбасының беделді де сенімді мүшесі ретінде танылғаны және Қазақстан шекарасының халықаралық дәрежеде заңды түрде бекітіліп, әлемнің барлық елдері мойындағаны бар.

Сессияға қатысушылар өз сөздерін­де Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік қоғамдас­тықта, сондай-ақ интеграциялық жобалар саласында жаңа адамгершілік стан­­дарт қойған Қазақстанның ядролық қару­сыздану және таратпау саласын­дағы көшбасшылығы туралы айтты. Бұл Қазақстанды ынтымақтастық пен бей­бітшілікті қамтамасыз етуге бағытталған бейбіт­сүйгіш ұлт ретінде танытуға мүм­кіндік берді.

Елбасының маңызды тезисінде тәуел­сіздік біз үшін әділеттіліктің уақыты болды деген айқын факті тұжырымдалды. Қазақ халқы өз тағдырын өзі айқындауы арқылы өзінің ұлттық рухы мен ұлы тарихын жандандырды, ал Ұлы даланың мәдени мұрасының баға жетпес қазына­сы бүкіл адамзат игілігінің ажырамас бөлігіне айналды.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қала­сын мысалға келтірді, ол соңғы 2 жылда іс жүзінде қайтадан салынып, түркі әлемінің рухани астанасына айналды.

Тұңғыш Президент өз сөзінде тарихи әділеттілікті қалпына келтіру туралы және саяси қуғын-сүргін және ашар­шы­лық жылдарында зардап шеккендерге қатысты мәселелерге айрықша тоқталды.

Бұл туған жерінен бас сауғалап қашуға мәжбүр болған ата-бабаларға, Қазақстанға жер аударылған халықтарға және тағы басқаларға қатысты. Шынында да, бүгін Сырым Датұлы, Әлихан Бөкей­ханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және «Алаш» партиясының қайраткерлері, Жел­тоқсан қаһармандары тарихи ақтал­ды. Саяси қуғын-сүргін және ашар­шылық құрбандарын еске алу күні белгіленді.

Мемлекеттік хатшы Қ.Е.Көшер­баевтың басшылығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия белсенді жұмыс істеуде, ол жазықсыз жапа шеккен ата-бабаларды ақтау мен құрметтеудің ұзаққа созылған және қиын, бірақ өте қажетті процесін аяқтайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы XXIX сессиясының тағы бір маңызды аспектісі – Н.Ә.Назарбаев өз сөзінде этносаралық қатынастар және халықтың интеграциясы саласында мемлекеттік саясатты жүргізу, сондай-ақ таяу жылдары ұлттың жаңа бірегейлігін нығайту тәсілдерін жаңаша тұжырымдағаны.

Бірінші. Мемлекет пен азаматтар арасындағы сенім мен өзара іс-қимылға негізделген қазақстандық патриотизм қағидаты. Әрине, бұл қағидат толығы­мен Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев бел­гілеген «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында жатыр. Бұл ретте Елбасы ең алдымен азаматтар, қоғамдық бір­лестіктер, азаматтық қоғам институттары арасындағы сенім мен тікелей өзара іс-қимыл желісі бойынша, сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару шеңберінде азаматтық патриотизмді дамыту мен нығайтуға баса назар аударды.

Мәселенің бұлай тұжырымдалуы Қазақстанда өзін өзі реттеуге және мемлекеттік институттармен сындарлы әріптестікке қабілетті, күшті және жауапты азаматтық қоғам құру және нығайту қажеттілігі тұрғысынан жаңа болып табылады. Отандық және шетелдік әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар бұл туралы үнемі айтады.

Елбасының бұл тезисі іргетасы бел­сенді және қабілетті азаматтық қоғам бо­лып отырған, елдегі демократияны ны­ғайту мен дамытудың басты негіздері мен іргелі алғышарттарына сілтеме жасайды.

Екінші. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев заң алдындағы теңдікке де, мүмкіндіктердің нақты теңдігіне де негізделген азаматтық теңдік қағидатын белгіледі.

Бұл жерде ел азаматтарының заң алдындағы теңдігі туралы декларация іс жүзінде азаматтардың білім алуға, жұмыс істеуге, саяси мәселелерге қатысуға тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бойынша тұрақты түрде нақты жұмыстармен қолдау табуы керек екенін түсіну маңызды – олар Президент Қ.Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына Жолдауының міндеттері ретінде белгіленді.

Бұл, мысалы, азаматтарға бағдарлан­ған мемлекеттік басқарудың жаңа мо­деліне; теңгерімді аумақтық дамуға және «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты – басты басымдық», «Қолжетімді және сапалы білім беру», «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту», сондай-ақ «Аза­маттардың мүдделерін қорғауға ар­налған әділ мемлекет» және «Мем­лекетті басқаруға азаматтық қатысу» бағыттары аясындағы біртұтас шаралар кешеніне қатысты.

Бұл қағида қоғам мен ел азаматтары­ның практикалық әлеуметтік қажет­тілік­теріне толығымен негізделген, қазіргі күрделі жағдайларда мемлекет дамуы үшін Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатымен толық сәйкес келеді.

Осылайша, аталған міндетті жүзеге асырудың «жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» формуласы қалыптасуда. 

Үшінші қағида мемлекеттік қазақ тілінің қазақстандық қоғамның lingua franca сияқты біріктіруші рөліне қатысты. Елбасы «қазақ халқы шоғырландырушы көпэтносты қоғамның интеграциялық процестерінің негізін жасады. Бүкіл әлем осылай жасайды, тіл баршаны біріктіреді. Мысалы, америкалықтар мұнда келген сан мыңдаған, түрлі халықтардан тұрады, алайда оларды ағылшын тілі біріктіреді» деп баса айтты.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл үндеуі және Мемлекет басшысының мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде тұжырымдаған тезисі мемлекеттік саясаттың маңызды императивіне айналды, оны елдің барлық шенеуніктері мен азаматтары басшылыққа алуы тиіс.

Төртінші қағида «Әралуандықтағы бірлік», оған қатысты Тұңғыш Президент «бүгін біз мәдениетаралық принципті бел­сенді түрде толықтырамыз» деп атап өтті.

Бұл қағидат біріктіруші мүдделерді іздеу және түрлі этностар өкілдері ара­сын­да өзара тиімді әрекеттесуді орнық­тыру бірінші орынға шығады дегенді білдіреді.

Бүгінде бұл бүкіл әлемде бар үрдіс. Мәдени айырмашылықтарды мойындай отырып, интеркультурализм оқшауланған мәдени қауымдастықтардың құрылуына қарсы.

Ол этностық топтардың өкілдері мемлекеттік тілді меңгеру арқылы өз мемлекетінің қоғамымен біте қайнасуы тиіс деп мәлімдейді.

Интеркультурализмнің бұлжымас шарты – барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігі. Бұл Қазақстанда жүр­гізіліп жатқан және біздің ерекше­ліктерімізге сәйкес шығармашылықпен дамып келе жатқан саясат.

Осылайша, бұл этномәдени бірлес­тіктердің республикалық, өңірлік және жергілікті басшылары үшін нақты нұсқаулық, соған сәйкес жұмыс стратегиялары мен іс-шаралар жоспарларын түзету қажет.

Бесінші ұстаным – ұлтты үнемі жаң­ғырту қағидасы Қазақстанның одан әрі дамуы мен ілгерілеуі үшін шешу­ші мәнге ие. Мұнда Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы уақыттағы негізгі міндеттерін тұжырымдады. Атап айтқанда, оның стратегиясы «біздің азаматтардың білім, еңбексүйгіштік, кәсіби шеберлік, тәртіп пен жауапкершілік, адалдық, үнемшілдік сияқты қасиеттерді талмай дамытуына» негізделуі керек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жаңа жағдай­да қоғамдық дамудың тиімді институты ретінде Ассамблеяның тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Осылайша, Ассамблея институттары еліміздегі этносаралық келісім­ге нұқсан келтіруі ықтимал кез келген сын-қатерге тойтарыс беруге әрдайым әзір болуы тиіс. Бұл – интеграциялық мә­се­лелер мен сыртқы мәселелерді шешу тұр­ғысынан өте маңызды міндет.

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ҚХА сессиясында сөйлеген сөзінде «тұрақ­сыздық дегеніміз – қанды қақты­ғыстар, бұл жүз мыңдаған адамның басына төнетін қайғы» деп баса айтуы ерекше назар аудартады. Ол сондай-ақ «тыныштық пен тәртіпті бұзуға шақыратын жауапсыз адамдарды біздің заңдарымызға және халықаралық міндеттемелерге сәйкес қатаң жауапқа тартамыз» деп мәлімдеді.

Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық дипломатияны алға жылжытуға, Германиядағы, Ресейдегі және басқа елдердегі Қазақ­стан­ның бұрынғы азаматтарымен, біздің хал­қымызбен рухани және мәдени жа­қындықтары бар басқа елдермен, олардың бірлестіктерімен және ұйым­дарымен өзара әрекеттесуге ықпал етуге шақырды. Осыған орай, Елбасының тапсырмасымен құрылған Ассамблеяның Достық елшілерінің корпусы өз жұмысын кеңейтіп, күшейтетін болады.

Басқаша айтқанда, Қазақстан әрқашан өзінің барша азаматтары үшін достықтың, келісіммен бейбіт өмір сүру аумағы болып келді және солай болады.

Тұңғыш Президент Ассамблеяның алдына – елдің жаңа имиджі мен ұлттың жаңа бірегейлігін қалыптастыруға үлес қосу және осы мақсатты жүзеге асыру үшін өз азаматтарымызды біріктіру міндетін қойды.

Барлық этноәлеуметтік топтарды бүкілқазақстандық социумға  діттеген әрі жүйелі біріктіруді жалғастыру шеңберінде Н.Ә.Назарбаев Ассамблеяның құрылымдарын әр аймақта Аналар кеңесі және Қоғамдық келісім кеңесіне – этносаралық коммуникация алаңына «осы сөздің барынша кең мағынасында» біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХА Төрағасы ретіндегі өзінің жұмыс нәтижелерін қорытындылай келе: «Мен біздің Отанымыз бейбітшіліктің эпицентрі болғанын қаладым, соғыс қасіреті, діни және ұлтаралық қанды қақтығыстар азаматтардың өміріне ешқашан қара бұлт үйірмеуі керек. Бүгін менің бұл арманым орындалды деп айта аламын», деді. Бұған бірдеңе алып-қосу қиын.

Сонымен, Ассамблеяның ХХІХ сес­сиясының маңызды саяси финалы Қазақстан халқы Ассамблеясын бас­қару құқығының Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан Президент Қ.К.Тоқаевқа ауысуы болды.

Елбасы бұл шешім «Ассамблеяның мүдделеріне қызмет етеді және Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаевқа біздің аза­мат­­­тарымыздың, қоғамымыздың және мем­­лекетіміздің болашақтағы барлық ағым­­дағы жұмыстары мен жоспарларын бір­тұтас құруға көмектеседі» деген сенім білдірді.

Бұған жауап ретінде Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа Төрағасы ретінде Елбасыдан «Ассамблеяның Құрметті Төрағасы болу жөніндегі біздің ортақ ұсы­нысымызды қабылдауыңызды сұрай­мыз» дей келе, «бұл мәртебе халқымыз бен мемлекетіміз алдындағы тарихи еңбегіңіз үшін Сізге лайық» деді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясының бұл шешімін Ассамб­леяның барлық мүшесі бірауыздан қолдады.

Мемлекет басшысы жалпы жұмыстың басты бағдарын да атап өтті: «Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ассам­б­лея халықтың талап-тілектерін орын­дауға бағытталған нақты жобаларды жү­зеге асыруға айрықша мән беруі қажет».

Ол «біз бәріміз бірлік пен ынтымақтың арқасында жасампаз ұлт болып, алдымызда тұрған тарихи мақсаттарға қол жеткіземіз», деген сенім білдірді.

Сөзінің соңында Қазақстан Президенті отандастарды алдағы Қазақстан халқы­ның бірлігі күнімен құттықтады.

Әрине, Ассамблея Төрағалығының Пре­зи­дент Қ.Тоқаевқа тапсырылуы еліміздің бүкіл халқы үшін маңызды қадам болды.

ҚХА-ның XXIX сессиясы Ел­ба­сы­­­ның бейбітшілік пен келісім сая­саты­ның қазіргі заманғы жағдайларда стра­те­­гиялық сабақтастығын қамтамасыз ету­дің жарқын айғағына айналды, мем­ле­кеттік құрылыстың жаңа кезеңінде тәуел­сіздігімізді, елдің бірлігі мен қоғам­дағы келісімді нығайтудың жаңа кезеңін ашты деп сеніммен айтуға болады.

 

Марат ӘЗІЛХАНОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі

 

Соңғы жаңалықтар