Оқиға • 30 Сәуір, 2021

Бауырмал қазақтың бір баласындай

3850 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ елі – талай этностың баянды тұрағына айналған киелі мекен. Ал жергілікті ұлт бір кезде тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған түрлі этнос өкілдерін бауырына тартып, мейірбандық пен қамқорлық танытты. Мұны өзге этнос өкілдері есінен шығарған емес.

Бауырмал қазақтың бір баласындай

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

– Жергілікті халық өзге жұртқа жаса­ған жақсылығын ешқашан бұлдаған жоқ. Өйткені қазақтар қиналған жанға қол ұшын созып, көмектесуді парызы санайды. Осындай кеңпейілді халқы бар тәуелсіз Қазақстанымызда  қоғамдық келісім мен татулық, ел бірлігі нығайып, толағай табысқа қол жеткізіп келеміз, – дейді Атыраудағы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев.

Оның айтуынша, Екінші дүниежү­зі­лік соғыстың өрті лаулап тұрған шақ­та, 1944 жылғы 23 ақпан – 9 наурыз ара­лығында чешендер мен ингуштарды атақонысынан айырып, күштеп жер аудару науқаны жүргізілді. Атақонысын қи­маса да талай отбасы еңірегенде етегі жасқа толып, солақай саясаттың құр­баны болды. 

– Сол кезде тау бөктерінде аздаған уақыт жан бағып отырған әке-шешемді де ақпанның аязды күнінде жүк вагонына тиеп ала жөнелді. Қайда, неге бара жатыр? Оны өздері де түсіне алмаған. Шойын жол бойымен зырлаған пойыз­дың вагоны қақап тұрған. Талғажау етер тамақ та жоқ. Стансаларға тоқтаған­да ғана жергілікті тұрғындар ұсынған тағам­мен өзек жалғап отырған, – дейді Зе­лимхан Зубариев. – Сөйтіп, он сегіз күн­нен кейін Алматыға жетіпті. Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасыларды әрі қарай машинамен Алатау баурайындағы «Алтынемел» деген ауылға апарған. Үйел­­мелі-сүйелмелі жеті баласымен кел­­ген әкем Асабали мен шешем Нананы қам­­қорлаған жергілікті қайырымды жан­дарға айтар алғысымыз шексіз.

1944 жылдың көктемінде қазақ хал­қының қамқорлығын көрген әкесінің отбасысы шағын баспанаға ие болған екен. Әкесі әуелі колхоздың өгіз арбасымен, кейін ат-арбамен су тасыған. Ал анасы шаруашылық қоймасында жұмыс істеп, бидай тазартуға көмектескен. «Алты­немел» ауылындағы №3 бөлім­шеде жиырма жыл тұрған әке-шешесі 1964 жылы туған еліне оралыпты.

– Өзімнің кіндік қаным қазақ жерінде тамған соң, осында қалуды жөн көрдім. Қазақтың балаларымен бірге ойнап, бірге өстік. Мектепте бірге білім алдық. Жүрек түкпірінде соларды қимастық сезімі тұтанды. Қазақ ауылында есейіп, 1969 жылдан немере ағайым Адаммен бірге Атырау облысындағы Индер ауданының «Путь Ильича» кеңшарында жұмыс істедім. Осында тұрмыстық, әлеу­меттік нысандар мен тұрғын үй салдық. Техника жөндедік. Сол кезде менің алдымнан ұдайы жақсы адамдар кезікті. Шаруашылықтағы Сатан Молдашев, Қуан Құлғалиев, Шәши Еділбаев, Зинел Өрбісінов, Мырзағали Егінбаев сынды ағаларымның қамқорлығын талай рет сезіндім, – деп өткен күндерді еске алды ол.

Алматы автомобиль жолдары инс­титутын бітіргеннен кейін жаңадан бой түзей бастаған Исатай ауданының орталығы – Аққыстау ауылына көшіп келіпті. Мұнда алғашқыда №89 жол құ­рылысы учаскесінде цех мастері болған. Кейін асфальтбетон зауытына, жол құрылысы учаскесіне басшылық етті.

– Қазір Атырау өңірінде біздің отбасымызды білмейтіндер кемде-кем. Көршілерімді, әріптес болған жандарды – бәрі-бәрін туған ағайынымдай көре­мін. Басқаша айтқанда, өзімді бауыр­мал халықтың баласындай сезінемін. Сол себептен, жұбайым Әмина екеуміз балаларымыз мен немерелеріміздің ана тілімізбен бірге, қазақшаны да меңгергенін қаладық. Өйткені қазақ тілі – менің әке-шешемді өзге ұлт деп жатсынбай, жақынындай бауырына тартқан дархан көңілді қазақтың ана тілі, тәуелсіз Қазақстанымыздың мемлекеттік тілі. Шүкір, балаларым да, немерелерім де қазақша мақалдарды айтып, ойын еркін білдіреді. Бәрі де қазақтың салт-дәс­түріне жете қанық болып өсті. Шаңы­рағымызға бас сұққан әр адамға әйелім қазақтың ұлттық тағамдары – қымыз бен шұбатты, бауырсақ пен қаймақты, жал-жая мен қазыны, ірімшік пен құрт-майды ұсынып, дастарқаннан дәм таттырады. Міне, біз қазақ халқына деген алғысымызды осылай білдіріп келеміз, – дейді Зелимхан Зубариев.

Аққыстау ауылына көшіп келгеніне қырық жылдан асты. Содан бері  жанына адал дос, сыйлас адамдарды жи­науға тырысып келеді. Әсіресе, қазақ­тың азаматтарын іштартып тұрады. Немерелерінің домбыра үйірмесіне барып, күй тартқанын қалайды.  

– Әкем өмірден өткенше «Сонау қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы ауыр жағдайды бастан өткеріп отырғанына қарамастан, күштеп жер аударылған бізге барынша қамқорлық көрсетті. Қазақтың бауырмалдығы мен мейіріміне жететін ештеңе жоқ» деп алғысын жаудырып отыратын еді. Қазақстанға келгеннен соң анам өкпесіне суық тигізіп алыпты. Шешем ауырып жатқанда жергілікті қазақтар күн сайын қымызын әкеліп, тез сауығып кетуіне қол ұшын созыпты. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, сол кездегі қазақтың қайырымдылығы ешқашан ұмытылмайды. Әрқашан дархан көңілді, мәрт мінезді қазақ халқына алғысымды білдіруді парызым деп санаймын, – деді Атыраудағы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев.

 

Атырау облысы