Білім • 03 Мамыр, 2021

Инновациялық мектептер игілігі

972 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл мектептеріндегі орта білімнің сапасын көтеруде білікті педагог кадрларды даярлауды жетілдіру үшін дарынды жастарды іріктеп, отандық және шетелдік жоғарғы оқу орындарында даярлау, дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеу міндетін күн тәртібіне қойды.

Инновациялық мектептер игілігі

Ел келешегі – жастардың әлемдік деңгейде білім алып, ғылым-білім кеңістігіне еркін енуіне, интеллектуалды ұлт қалыптастыра білуіне тәуелді. ХХ ғасырдың басында техниканың жаппай қолданылуы, мамандықтың  күрделенуі адамдарды кәсіптік жағынан іріктеу, оған арнайы дайындау қажеттілігіне назар аудартты. Осы мәселеге арнап 1907 жылы Берлинде дүниежүзілік конгрес өтсе, бір жылдан кейін Америкада «Кәсіптік бағдарлау бюросы», одан соң Англияда «Мамандық таңдау кеңесі» құрылды. Содан бері жастарды қа­білетіне қарай белгілі бір мамандыққа бағдарлай әзірлеу жалпы білім берудің де басты проблемасы ретінде күн тәр­тібінен түскен емес.

Кеңес мектебінің жағдайында оқу­шы­лардың қабілеті мен белгілі бір ма­ман­дықтар бағытына бағдарлай білім-тәрбие беру тиісті дәрежеде жүзеге асырылмады. Баланың дара қабілеті мен қызығушылығын, ертеңгі атқарар іс-әрекетінің сипаттарына қарай жастай қалыптастырып дамыту факультативтік сабақтар, үйірмелер, секциялар т.б. арқылы мардымсыз жүргізілді. 17 жасқа дейін мазмұн да, мақсат та бірдей, жалпы білім беру қатаң, бірыңғай жүзеге асырылды.

Қазақстанда талантты да дарынды балаларды арнайы топтап, саралап оқы­туға бетбұрыс, ел егемендігіне орай өт­кен ғасырдың 90-шы жылдарынан бас­талады. Қарапайым мектептермен қатар лицейлер, гимназиялар және мектеп-лицей, мектеп-гимназия, лицей сынып­тары, гимназия сыныптары жаппай ұйымдастырыла бастады. Мұндай оқу орындары ең әуелі орталық қалаларда, облыс орталықтарына, кейін ауылдық жерлерде де ашылды.

Орал қаласында 1991 жылы №35 мектеп, С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп лицейге айналдырылды. 1993 жылы Орал педагогикалық институты (қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚУ) жанынан Облыстық педагогикалық лицей ашылып, кейін мамандандырылған дарынды балалар мектебі болып қайта құрылды. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Фурманов, Камен, Казталовка, Чапаев, Қаратөбе аудандарында лицей, гимназиялар ашылып, жұмыс істей бастады.

90-шы жылдардың екінші жартысынан бастап ашылған лицейлер мен гимназиялардың, дарынды балалардың мамандандырылған мектептерінің не­гіз­гі мақсаты – интеллектуалдық, шы­ғар­машылдық жағынан қабілетті оқу­шыларды бөлектеп, саралап оқыту ар­­­­қылы жоғарғы оқу орындарындағы күрделеніп бара жатқан интеллектуалдық мамандықтарға әзірлеу болатын. Мек­тепті аяқтағанға дейін жалпылама энци­клопедиялық білім беретін мектептер­ге қарағанда, қабілетті де талапты бала­ларға гимназиялар мен лицейлерде берілетін бейінді білім – оларды ертеңгі өмірге даярлаудадың бірден-бір ұтымды жағдайы болатын. Бұл оқу орындары дер уақытында пайда болғанын Президенттің 1996 жылғы «Дарынды балаларға ар­налған мектептерді мемлекеттік қолдау және дамыту» жөніндегі Жарлығы көр­сетіп берді.

Алғашқы күннен бастап өзіміз бас-көз болған жаңа оқу орнын ұйымдастыруда, ондағы білім-тәрбие мазмұнын айқын­дауда дүниежүзілік тәжірибедегі дарынды балаларға саралап білім берудегі әр алуан бағыттарды, идеяларды және өзімізде қалыптасқан кейбір дәстүрлі тәжіри­белерді де өз жағдайымызға ың­ғай­лап, жүзеге асыруға тиіс болдық.   Өркениетті елдердегі дарынды ба­лаларға білім берудің тәжірибесі, оған негізделген педагогикалық идеялар қаншалықты нәтижелі болғанмен, оны өзімізге тікелей көшіре салу мүмкін емес-ті. Бұл үшін білім берудің тың, күрделі міндеттерін шеше алатын ғылыми-әдістемелік база, қолай­лы білімдік орта керек болатын. Осы жаңа типті мектептер алғашқы жыл­дары-ақ жай мектептерге қарағанда білім сапа­сы­ның дамуына әжептәуір ықпал етті.

Елімізде тұңғыш рет 2004 жылы білім сапасын тестілік бақылауда ең жоғары баллға ие болған республикадағы 20 мек­тептің барлығы да гимназиялар мен лицейлер еді. Олар 120 балдық мүмкіндіктен 94,3-тен 86,8-ке дейін балл жинап, жай мектептерге қарағанда өздеріндегі білім сапасының жоғары екенін дәлелдеді. Сол жаңа типті мектептердің облыстарда орналасуын қарасақ, Павлодар мен Оңтүстік Қазақстанда – 4, Оралда – 3, Жамбылда – 2, қалған облыстардан бірден болды. Солардың ішінде ши­рек ғасыр (2017 жылға дейін) өзінің ең жоғары орнын сақтаған Оралдағы «Педлицей» еді. Демек, ұрпаққа заман талабына қарай саналы білім беруде жылдар бойы тұрақты үздік көрсеткішке жет­кен жаңа типті мектептердің бірі – маман­дандырылған дарынды балалар мектебі болды.

«Білім туралы» заңда жазылғандай, мамандандырылған дарынды балалар мектебінің басқа жаңа типті мектептерге – гимназия, лицейлерге қа­рағанда мәртебесі жоғары. Бұл табиғи интеллектуалдық, шығармашылдық қабілеттерін дамытатын арнаулы бағ­дарлама арқылы оқушылардың элитарлық білім алуын қамтамасыз етеді.

Батыс Қазақстан облыстық маман­дан­дырылған дарынды балалар мектебі ширек ғасыр (1993 жылдан бері) бойы өңірдің қабілетті оқушыларына білім беруде түрлі озық тәжірибелерді жүзеге асырды. Атап айтқанда, сыныпта оқу­шы­лардың қызығушылығына қарай бірың­ғай бейінді білім беруде жекелеген пәндер тереңдетіліп оқытылатын англо-саксондық және әр оқушының шығармашылық жеке дара қабілеттерін дамыту бағытындағы финляндиялық жүйе. Бұл бағыт тиімділігін көрсеткен, оқыту процесін әр оқушының қабілет мүмкіншілігіне қарай жүргізе отырып, бейінді білім беру моделін жүзеге асыруға қолайлы. Мектепте бірден Франция, Германия, Қытай елдеріндегі таңдау және міндетті пәндерді жан-жақты меңгертуде, оқушылардың күрделі де көлемді тео­риялық, тұрақты фукционалдық сауатын дамытудағы лабораториялық-прак­тикалық материалдарды қосарланған сабақ арқылы жүзеге асыру қолға алын­ды. Бұл барған сайын әдістемелік жағы­нан жетілдіре отырып, сапалы білім берудің басты факторының біріне айналды. Білім стандартын оқушылардың жүйелі, тұрақты меңгеріп отыруын қам­тамасыз етуде жопондық білімді бақы­лаудың мониторингтік әдістеріне ерекше мән берілді. Білімді бақылаудың бір­тұтас жапондық мониторингтңк жүйесі оқушылардың білмді алу, мұғалім­дердің білім беру процесінің деңгейін күн­делікті, тоқсандық, жылдық бақылау арқы­лы әр оқушының білімді сапалы мең­геруін қамтамасыз еткен, оқу проце­сін жүзеге асыруда тиімділігін көрсеткен инновациялық тәсілдердің бірі болды.

Сонымен қатар, 2001 жылы облыс әкімі, М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университеті және Батыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситеті ректорлары арасында үш жақты шарт жасалып, шарт бойынша ММУ А.Н.Колмогоров атындағы физика-математи­ка мектебінің Білім орта­лығы БҚМУ жанындағы облыстық маман­дандырылған дарынды балалар мектебінде ашылды. Шарт бойын­ша М.В.Ломоносов атындағы Мәс­кеу мемлекеттік университеті білім орталы­ғындағы оқыту үрдісін ұйымдастыруды ғылыми-әдістемелік материалдармен қам­тамасыз етуді, оқытушылар мен қыз­меткерлерді Білім орталығына әдіс­темелік және практикалық көмек көрсетуді және олардың білім алуына бақылау жасап отыру мақсатында ғалымдар мен әдіскерлерді жолсапарға жіберіп отыруды және т.б. міндеттерді жүктеді. Бұл байланыс оқу-тәрбие үде­рісінің көкейкесті мәселелерін шешуге, атқарылып жатқан істердің дамуы­на тікелей көмектесті. Өйткені, А.Н. Колмогоров атындағы мектептің қырық жыл­дан астам тәжірибесімен қатар, олар арқылы Еуропа елдеріндегі дарынды балаларды бөлектеп оқытудың ғасырдан астам тарихы бар мектептерінің де негізгі бағыттарымен танысу мүмкіндігіне ие болдық.

Мектептің сапалы білім берудегі ин­но­вациялық тәжірибиелеріне респуб­ликалық деңгейде педагогикалық талдау жасалып жұртшылыққа танысты­рылып келеді. Осы жылдары қабілетті балаларға сапалы білім беру про­блема­ларына ар­налған ондаған әдіс­темелік-ғылыми мақа­лалар жария­ланып, «Университет базасында дарынды балаларға білім берудің педа­гогикалық негіздері», «Дарынды жастар – ел болашағы», «Дарынды жас­тарға – элитарлы білім» атты кітаптар жа­рық көрді. Сонымен қатар дарын­ды балалармен жұмыс істейтін орта білім мекемелерінің басқарушы қызмет­керлерімен бірнеше рет респуб­лика­лық, аймақтық тәжірибелік алмасу семинарлары өткізілді. Демек, қоғам­ның зияткерлік, шығармашылық тұл­ғаларын қалыптастырудағы маман­дан­ды­рылған мектептің элитар­лық бі­лім берудегі, инновациялық бағыт­тары­ның теориялық, ғылыми негіздерін қалып­тас­тыру бағытында да жұмыстар жасалды.

Осы жұмыстың нәтижесінде Облыс­тық мамандандырылған дарынды балалар мектебінің түлектері оқуға толық грантпен қабылданып, жүздеген жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемдік деңгейде білім алды.

Дей-тұрғанмен, кейінгі жылдары нәти­желі сапалы білім беруді жүзеге асыр­ған көптеген гимназия мен лицейлер сан жағынан да азайып, сапа жағынан да қарапайым мектептерден алға ұзай алмай отыр. Бұл жерде бірінші кедергі ақылы қосымша білім беру орта­лықтарына қатынасы. Қазір мұндай ор­талықтар ірі қалаларда ғана емес, облыс орталықтарында да көбейіп келеді. Оны ұйымдастырушылар: «Қосымша ор­талықтардың көбеюіне алаңдаудың қажеті жоқ. Себебі оның әсерінен білім сапасы жаңа бәсекелестікке бейімделіп, бір сатыға болса да ілгерілейді» деп түсіндіреді. Бірақ бұл пікірге қосылу қиын. Әлемдік білім беру практикасында лицей, гимназиялар – ғылыми теориялық, әдістемелік жағынан басы айқындалған, кемінде 2-3 жылдан 6-7 жыл аралығында жастарға күрделі ма­мандықтарға ғылыми негізде, іргелі кәсі­би бағдарлы жалпы білім беретін оқу орны болып қалыптасты. Сондықтан, Еуропа елдерінде репетитерлікпен айна­лысуға заңмен тыйым салынған. Өйткені олар өздері берген білімнің сапасына да, нәтижесіне де жауап бермейді. Демек, ақы­лы кешкі мектептер сан жағынан дамығанымен, ата-анаға да, мемлекетке де тиімсіз.

Сонымен қатар, Орал қаласындағы дарынды балалар мектебі ешбір негіз­сіз білім сапасына кері әсер ететін кемшілік­терге жол беріп отыр. Біріншіден, дарынды балаларға арналған күрделі білім стандартын оқушылардың тұ­рақты меңгеруін қам­тамасыз ететін мониторингтік бақы­лау жүйесі жүзеге асырылмайды. Экс­пери­­менталды жағдайдағы «Жаңар­тылған білім беру жүйесі» деп аталатын «жүйені» дарынды балалар мектебіне не құқықтық, не ғылыми, не әдістемелік негізсіз қолдануы да білім сапасына кері әсер етуде. Екіншіден, ғылыми білімдік-тәрбиелік дәйексіз мектепте үш тілде білім беру бағытында орыс сыныбы ашы­лып, мектеп екі тілде білім беретін аралас мектепке айналуда, барлық сыныпта ағылшын тілін тереңдетіп оқыту енгізілуде. Бұл – Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік тілде сапалы білім беру талабына қайшы шаралар. Үшіншіден, соңғы жылдары мектепке қабылдауды 7 сыныптан бастап жүргізілуде (бұған дейін қабылдау дарынды балалардың интеллектуалдық қабілеті нақты айқын­далатын 9 сыныптан басталатын), бұл мамандандырылған дарынды балалар мектебінде сапалы білім беру, оның статусына сәйкес келетін қолайлы жағ­дай емес. Төртіншіден, білім сапасын айқын­дайтын өлшем жүйесінің әлсіздігі, ҰБТ рейтингінің ешбір негізсіз төмендеуі, мектепте тоқсандық, жылдық қана емес, мемлекеттік емтиханда мұға­лім­­дердің оқушылардың білім сапасын өз­дері бағалауы да сын көтермейтін жағ­дай.

Дарынды жастарға сапалы білім беру­дегі халықтың интеллектуалдық әлеуетін уақыт талабына сай жетілдіре түсу қажет.

 

     Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

Білім және ғылым министрлігінің

«Ең  үздік мектеп директоры»

   дипломының екі мәрте иегері,

 педагогика ғылымдарының кандидаты

 

ОРАЛ

 

Соңғы жаңалықтар