Аймақтар • 03 Мамыр, 2021

Сардоба сабағы

506 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өңірде зерттеуді, күрделі жөндеуді қажет ететін су қоймалары бар. Әсіресе, Мақтаарал ауданының тұрғындары сол күндерді ұмыта қойған жоқ. Уақыт – емші. Бірақ уақыт емдемейді, тек жадыдағы жайттар ескі жараның орны секілді бітпейтін тыртыққа айналатынын жұрт жақсы біледі.

Сардоба сабағы

Бүкіл ел көмек қолын созды

Иә, былтырғы 1 мамырда қалың нөсер жаңбыр жауып, қатты жел соғуы салдарынан көрші Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылды. Салдарынан Мақтаарал ауданының  5 елді мекенінде төтенше жағдай орын алды, мыңнан астам тұрғын үй, мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау, сауда нысандары, автомобиль жолдары, көпір, 5 695 гектар егістік пен жайылым жерлер су астында қалды.  Бір шүкіршілік ететіні, адам шығыны орын алған жоқ.

Еске сала кетсек, Түркістан өңіріндегі төтенше жағдай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатаң бақылауында болды. Мемлекет басшысы алғашқы сәтте-ақ Мақтаарал ауданындағы зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёвпен телефон арқылы сөйлесіп, Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылу салдарын жою бойынша бауырлас әрі тату көрші өзбек халқына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді. Өз кезегінде Шавкат Мирзиеёв Қасым-Жомарт Тоқаевқа қолдау білдіргені үшін алғыс айтып, аталған апат Қазақстанның оңтүстігіндегі бірқатар елді мекенге де зиян тигізгеніне өкініш білдірді. Үкімет тарапынан 100 мың теңге көлемінде төтенше жағдайдан зардап шеккен 5 елді мекеннің (Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Достық, Өргебас) 5 524 тұрғынына 552 млн теңге төленсе, Алишер Усмановтың қоры есебінен су басқан 5 және эвакуацияланған 8 елді мекендегі (Мырзакент, Жайлыбаев, Нұрлытаң, Шұғыла, Жантақсай, Нұрлыжол, Арайлы және Ақжол) 5 318 отбасына 1000 АҚШ доллары көлемінде 2,2 млрд теңге берілді. Аудандағы Мырзакент кентінде жаңадан бой көтерген шағын ауданда 386 жеке тұрғын үй салынып, Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындарына табыс етілді. Оның ішінде 196 тұрғын үй құрылысына үкіметтік резерв есебінен қаржы  бөлінсе, қалған 190 тұрғын үйдің құрылысы қайырымдылық және өзге де қорлар арқылы жүргізілді. Сонымен қатар Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде жалпы 504 тұрғын үй, Мырзакент кентіндегі жаңа шағын ауданда 1200 орындық мектеп пен 280 орынға балабақша, дәрігерлік амбулатория және  полициялық тірек пункті салынды. Ал Фирдоуси ауылында 600 орындық мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Жалпы, тасқын судан зардап шеккен барлық тұрғындарға жан-жақты жағдай жасалды, бүкіл ел көмек қолын созды. Жасалған жақсылықты, ел қолдауын мақтааралдықтар ұмыта қойған жоқ. Төтенше жағдай елдің бірлігі мен ынтымағын, төзімділігі мен тұрақтылығын сынақтан өткізгендей де болды. Өткен күнді еске салып отырғанымыздың өзіндік себебі де жоқ емес. Апат айтып келмейді, дегенмен Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуынан қандай сабақ алдық?

 

Шардарада су қашыртқы салу қажет

Сол Сардоба оқиғасынан кейін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев «Қазақстанның су қауіпсіздігі: қазіргі кездегі қауіп-қатерлер және оларды шешу перспективалары» тақырыбына арналған Сенаттағы «Үкімет сағатында» баяндама жасап, бірқатар деректі келтіре отырып, өзекті мәселе көтерген болатын. Облыс әкімі сыйымдылығы 5,2 млрд текше метр болатын Шардара су қоймасы Арнасай су тарабын қоса есептегенде жиынтығы 2570 текше метр секундына су тастай алатынын айта келе, жарты ғасыр бұрын, яғни 1969 жылы өтімі секундына 4210 текше метр су келіп апатты жағдай орын алғанын еске салған-ды. «Осындай жағдай қайталанса Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының Сырдария өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерді, яғни Түркістан облысында  тұратын 60 мыңнан астам тұрғын мен Қызылорда облысының 200 мыңнан астам тұрғыны тіршілік етіп жатқан елді мекендерді су басып қалу қаупі туындайды. Сондықтан шұғыл түрде Шардара су қоймасының оң жақ жағалауынан өтімділігі секундына 1500 текше метр болатын апатты су қашыртқы салу қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселенің зардабы екі облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының нашарлауына алып келуі әбден мүмкін», деді баяндамасында Өмірзақ Естайұлы.

Осы мәселе бойынша бүгінде қандай шаруа атқарылуда? Осы сұрақты біз «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының директоры Мейрлан Керімжановқа қойған едік. «Шардара су қоймасының қазіргі көлемі – 4958 млн текше метр, яғни толуы – 95%. Былтырғымен салыстырғанда жиналған су 87 млн текше метр аз. Сардобадағыдай жағдайды Шардара су қоймасында болдырмау және алдын алу мақсатында қазіргі уақытта «Шардара су қоймасы бөгетінің сейсмикалық тұрақтылығын арттыру және қайта жаңарту» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, су қоймасының бөгеті төменгі жақтауын құммен, қиыршық таспен бекітіп, беріктілігін арттыру және бөгеттен сүзіліп шыққан су мөлшерін призмадан цифрландыру, автоматтандыру арқылы өлшеу жұмыстары атқарылуда. Құрылыс жұмыстарына 49 бірлік арнайы техника, 20 жұмысшы жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарын жылдың соңында аяқтау көзделуде», дейді Мейрлан Әбдрахманұлы.

Облыс аумағында 44 су қоймасы бар. «Қазсушар» өзіне қарасты 18 су қоймасын тұрақты бақылауға алған. Су тасқынының алдын алу бойынша су қоймаларының техникалық жағдайына тексеру жұмыстары жүргізіліп, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. «Арнайы техникаларды тексеруден өткізіп, инертті материалдар қоры жасақталған, су тасқыны қаупі жоқ. Үш өңірде арнайы техникалардан құралған апаттық мобильді қор жасақталған. «Көксарай» су реттегішіне 1977 млн текше метр су жиналған, яғни толуы – 66%.  Жиналған су көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 140 млн текше метрге көп. Осы орайда «Көксарайға» су қабылдауды тоқтатып, Сырдария өзеніне 200 текше метр/секунд су тасталынуда, Арыс өзенінен 19 текше метр/сек, барлығы – 419 текше метр/секунд Сырдария өзенімен Қызылорда облысына босатылуда», дейді Мейрлан Керімжанов. Қазіргі таңда Көксарай су реттегішінің беріктігін қайта құру бойынша жұмыс жобасы әзірленуде екен. Құрылыс жұмыстары біткен соң су реттегіш арнасын 100% толтыру мүмкін болады. Сондай-ақ 16 су қоймасында судың орташа толуы бүгінде 73 пайыз.

 

«Қапшағайдан» төнген қауіп

Біраз жылдан бері жөндеу көрмеген Бәйдібек ауданындағы «Қапшағай» су қоймасының жағдайы жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр. Тіршілікке нәр берген нысан суын аудан жұрты тұтынады. «Қапшағай» су қоймасы 1982 жылы салынған, сыйымдылығы – 34,5 млн текше метр. «Оның 2,8 млн текше метрін Қапшағайдың төмен жағында тұратын Таңатар, Шаян, Жамбыл, Шыбыт елді мекендері ауыз суға пайдаланады. Жалпы, су қоймасы бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Себебі төбелерден, қырлардан аққан сулардың, жер қыртысы лай-балшықтарының әсерінен асты толған. Сондықтан ол жердегі сыйымдылық нақты 34,5 млн текше метр су болуы мүмкін емес. Қазіргі таңда сыйымдылығы 88% су қоймасын толық қуаттылықта пайдалану үшін күрделі жөндеуге қаржы бөлу қажет. Су қоймасы облыстық «Қазсушар» РМК мекемесінің теңгерімінде, 1982 жылы пайдалануға берілгеннен бері жөндеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. «Қазсушар» РМК арқылы 2019 жылы 1 млрд 55 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткен. «Қапшағай» су қоймасы жауын-шашын қатарынан 4-5 күн жауса тез толады. Салдарынан дамбыға су толқындары теріс әсерін тигізеді. Су қоймасының етегінде орналасқан 6 елді мекен бар, шамамен 13 мыңнан астам халық тұрады. Беті аулақ, су тасқыны орын алса осы тұрғындарға қауіп төнеді. Жергілікті атқарушы орган тарапынан және ауданның еріктілерімен кезекшілік ұйымдастырылуда. Су қашыртқыларынан және екі шлюзден су жіберіп отырамыз. Күрделі жөндеу мәселесі оң шешімін тапқанына мүдделіміз», дейді аудан әкімі Ержігіт Шәріпбек. Осы мәселені жуырда аудан ақсақалдары да облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуде көтерді. Қауіптің алдын алуды сұрады. Бұл орайда облыс әкімі стратегиялық маңызы бар нысан республикалық меншіктегі мүлік болғандықтан, шешімдердің министрлік тарапынан қабылданатынын түсіндірді. Аталған мәселеге қатысты облыс тарапынан ұсыныстар жолданатынын айтты. Сондай-ақ кездесуде Бәйдібек ауданында «Сарқырама» су қоймасы салынатыны мәлім болды. Жаңа жобаның құрылысы Ақбастау ауылдық округі аумағынан өтетін Бөген өзені бойынан жүргізіледі. Өмірзақ Шөкеев «Сарқырама» су қоймасы салынатын орынға барып, маңызды мәселені сала мамандарымен бірге талқылады. Облыс басшысы су қоймасының сыйымдылығын 50 млн текше метрге ұлғайтуды ұсынды.

«Қапшағайдан» бөлек, бүгінгі ахуалын жан-жақты зерттеуді қажет ететін, өткен ғасырда салынған бөгеттер де бар. Мысалы, 1967 жылы пайдалануға берілген «Бөген» су қоймасының техникалық жағдайы бүгінде қалыпты. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Арыс, Бөген өзендерінен секундына 49,5 текше метр су кіріп жатса, ТМК мен Бөген қашыртқысы арқылы егістік жерлерді суаруға секундына 53,2 текше метр су босатылуда. Алайда бөгеттің жағдайын нақты анықтау үшін арнайы лицензияландырылған мекеменің қатысуымен көпфакторлы зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. «Бөген арнасы» МКК директоры Құттыбай Асырауовтың айтуынша, қазіргі таңда бюджеттен қаржы бөлініп, конкурс жарияланған. Мұндай көпфакторлы зерттеу жұмыстарын 1982 жылы пайдалануға берілген «Қосқорған» су қоймасы да қажет етеді.

 

Түркістан облысы