Таным • 04 Мамыр, 2021

Тұмасы таза, тегі асыл

926 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Данышпан ұлы Абай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем,екіншісі – ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ер жетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» депті. Қандай даналық пайым! Қандай ұлағатты таным!

Тұмасы таза, тегі асыл

Шынтуайтына келгенде, бүгінгі кеже­гесі кері тартқан қоғам Абай бейнелеген пендеге зәру екені бүк­песіз шындық. Қу тамақтың құлы емес, туған елдің ұлы болу үшін де адамға үлкен жүрек, жанкештілік керек-ау. Себебі күреске толы тірші­ліктің өзіндік қағидаты, өз заңы бар. Боркемік болсаң бордай езілесің, талабыңмен табындырсаң тау қопа­­расың. Әйтсе де, тағдыр жолындағы сан түрлі кедергіге мойымай ерен еңбегі ел есінде сақталып, ер есіміне қылау түсір­мей келе жатқан жандардан кенде емеспіз. Соның бірі мемлекет және қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбаевтың есімін зор құрметпен айтар едім. Көкірегі – көмбе, өмір жолы – ұрпаққа көрме, болмыс – бітімі жастарға үлгі! Ол кісінің жүріп өткен жолының өзі бір құнды тарих іспеттес.Туған еліне, жеріне, халқына адал еңбек етіп, сөзінен дауа, ісінен тәубасы кетпеген, көпке қадірлі ел ағасы, тектілікті тереңнен өл­шеген, пайым парасаты мол жан.

Өмірзақ Озғанбайұлы қазақтың маңдай алды тұлғасы Абай суреттеген «білсем, көрсем, үйренсем», еліме ба­рымды берсем дейтін аза­маттардың қатарынан көріне білген қазыналы ғалым. Өткен-кеткенді ше­жіредей тарқататын, жазылып қойған хатпен тең – абыз қария! Ол кісінің мейірбан жүрегінің мейіріміне шомылып, ілтипатынан нәр алып жүр­ген жандар қаншама десеңізші.

Жақсыда жаттық болушы ма еді, саясына тығылғанды бауырына басып, жабырқағанды маңдайынан сипап, ізгі­лікке деген құштарлығын оятып отыратын қариялардың да қатары сиреп бара жатқаны рас. Мен таныған Өмірзақ аға, тумысынан турашыл, әділдікке жанашыр, халқына болсын дейтін, қанжығасындағы олжасын дүйім елмен бөліп жей­тін, қазақ баласын алаламайтын, жү­ректерін жараламайтын, пана­сыз­ға пана болған, жер­шілдіктен аулақ қонған, сүйегіне сөз сіңген дара тұлға, кешегі дана қариялардың бүгінге жеткен сарқыты. Атан жілік аға­ның баладай аңғал мінезіне, даладай дархан пейіліне қанша мәрте куә болып келемін. Риясыз күлетін, тіршілігіне риза болып жүретін, өзгенің де пікіріне мейіріммен құлақ түретін Өмекеңдей абыз ақсақалды ілуде біреу шығар десем асы­лық айтқандық болмас.

Ол кісінің күйкі тірліктегі күйбең жандардың іс-әрекетіне тым болмаса бір рет қабақ шытып отырған кезін көр­меппін. «Дүниеге келер бір рет, Дария-кеуде, тау-мүсін» деген осы шығар түсін­генге. Қашанда ақжарқын, қарияға тән са­лиқалы ұстамдылығын көрсетіп, абзал­дық сымбатын танытып отырады. Кейде, жұмысқа зауқың соқпай, көңілің алаң болып отырған сәтте, ағаның алдына барсаң бойыңды бір шарапат нұрына малып алғандай сәулеленіп шыға келесің. Қанша қалжырап, шаршап отырса да көзінен күлкі үйіріліп, жадырап, кейде әзілдеп адамның ішкі сарайын гүлдендіріп жіберетінін қайтерсің.

Егер, ақыл мен мінез кісіліктің парқын, парасаттылығы мен бітім-келбеті жайсаң азаматтың жарқын бейнесін анықтар болса, осы қасиет­тің бәрі Өмірзақ ағаның бойынан табылар еді-ау. Асығыстыққа тоқ­там жасау, аз сөйлеп, көп тыңдау, аңға­рымпаздық арқылы адамды өзіне баурап алатын даналық философиясы, далалық пәлсапамен ұштасқан­да на­ғыз қазақ баласына тән алғыр­лық пен айбын­дылық ағаның бойынан ұшқындап тұрады. Мен осыған тән­тімін!

Өмекеңді, Маңғыстаудың маңғаз тау­ларының ұшар басына қонақтап отырған қыран бүркітке ұқсатамын кейде. Өткен өміріне ойша көз салып, жетістігіне қуа­нып, жетпегеніне қуарып, жігерін намыс­тың бұлағына суарып, толғамды ойлары ту алып, шүкірлігін айтып, тәуелсіз елдің бір тасын қалағанына шалқып отыруы да заңдылық! Жақсылығы пен жамандығы, ар-ұяты мен қиянаты итжығыс түскен тір­лікте, Өмекеңді де тағдыры маңдайынан сипай қой­мапты. Әйтсе де ана мейірімінің шуағы, әке аруағының тұмары желеп-жебеп, қиналғанда елеп-демеп қор­ғанышы болғаны айдан анық!

Өмірзақ аға дүние есігін ашқан кезде қазақтың қансыраған даласы бөрі сынды өз жарасын өзі жалап жатқан кез еді. Тағдырдың ісіне не шара, өмірге іңгәлап келген нәрестенің көрешегі де көп екен, дүние есігін ашқанына 13 күн толғанда соғыс оты лап ете қалады. «Ұл туды» деп ұлан асыр той жасап қуанған әкесі Озғанбайдың қуанышы да келте болды, жарын елге аманаттап, сәбиін құшарлана бір иіскеп атқа қонды. Әкесі сол кеткеннен мол кетіп, майдан шебінен оралған жоқ.

 Ол қатал заманның қатыңқы қабағын бағып өсті. Боздағын май­данға аттандырып, оның жолын то­сып, сағынышты хаттарын күтіп сары уайымға түскен жесір ананың қиналған сәттерін, көз жасын да көрді. Албырт сезімге толы бала­лықтың балдәурені көзінен бұл-бұл ұшты. Себебі ерте есейді, ерінбей оқыды, оқығанын кеудесіне тоқы­ды. Аштық, жалаңаштық, жетімдік қиындықтарының зардабын да тартты. Отбасының бар тауқыметін, әкенің асыл аманатын иығына артты. Соғыстан кейінгі әлеуметтік қиын­шылықты, тұрмыстың ауыр­лығын көріп жетілді.

Форт-Шевченко қаласында алғаш рет әліппе танып, Саура мекте­бін­де оқуын жалғастырып, кластан клас­қа ойда­ғыдай көшіп, кейінгі оқуын Сенек пен Бек­дашы түбіндегі Алтыншы кентінде, Красноводскідегі №3 мектеп-интер­натты өте жақсы бағамен бітіріп, кәме­леттік аттестат алып шығады да, білім қуып Қы­зылорда қаласына аттанады. Қы­зылорда педагогикалық институтын қызыл дипломмен тәмамдайды. Еңбек жолын ша­ғын мектепте мұ­ғалім болып бастап, тынымсыз еңбегінің арқасында қызметте сатылап өсті. Білімі мен жігерінің арқа­сында аз уақыт аралығында мектеп дирек­торының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

Әрине, Өмекеңнің әр белесі тақ­тайдай түзу болды деп айтуға ауыз бармас. Талас-тартысқа да кезігіп, қиянатқа да езіліп қал­ған сәттері де аз болған жоқ. Еңселі еңбектің есе­сін тәңір өзі қайтарады екен. Біреу­лер бүкіл ғұмырын арнап бітіре алмайтын күрделі дүниені өзіне тəн сабыр­лылық пен тыңғылықтылық қалпын сақ­тай отырып қыруар ізгілікті іс тындырды. Түрікменстан, Қазақстан жəне бұрынғы КСРО білім беру саласының озат қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, Халықаралық педагогикалық білім жəне Ресей Білім академиясының академигі, Қазақстан Республика­сы­ның еңбек сіңірген қызметкері сияқты жоғары атақ-абыройға ие болып, көптеген мем­лекеттік орден-медальды да кеудесіне таққаны адал нәсіптің арқасы әрі сөзіміздің дәлелі.

КСРО Мемлекеттік жəне Ленин­дік сыйлықтардың лауреаты, Қа­зақ КСР Ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі, физик-атомшы Глеб Борисович Померанцев деген атақты ғалыммен иық тіресе қызмет етіп, тонның ішкі бауын­дай жиі араласып, Кеңес елінің түк­­пір-түкпірінде өткен ғылыми кон­фе­рен­цияларға қатысып, үлкен мін­берлерден салиқалы ойлар айтты. Күрмеуі қиын мәселелерді көтерді.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, сөз орайы келгенде айта кетейік, 1990 жыл­дың 17 тамызы күні екінші рет Аты­рау облысынан еншісін алып, Маң­ғыс­тау облысы өз алдына жеке шаңырақ көтерді. Ақ түйенің қарны жарылып, түбек жұрты бөркін аспанға атқан күн болды. Аяғын тәй-тәй басқан жаңа об­лысқа білікті мамандар қажеттігі туын­дады. Ақыры, қай жердің жұмысы ақ­сап жатса, соны дөңгелетіп əкететінін білетін Маңғыстау жұртшылығы Өмірзақ ағаны Алматыдан арнайы шақыртып, облыстық білім беру басқармасының басшысы қызметін ұсынды. Осы қызметте жүргенде ағылшын тілі­нен олимпиада өткізіп, оның 11 жүлдегерін Англияның Бронмаут қаласында білімін жалғастыруға мұрындық болды. Біліктілігін шынайы еңбегімен дəлелдеп, туған өлкесіне жа­ңаша леп əкелген іскер азаматқа зор сенім артып Жоғарғы Кеңестің депутаттығына кандидат болуға қолдау білдірді. Сайлауға қа­тыссам деген ойы мүлде болмаса да көп­шілік қалауын ескеріп, саяси до­даға араласты. Оңай болған жоқ. Бір орын­ға алты адам таласты. Алланың бер­­ген бағы болар, асығы алшысынан тү­сіп, халық қалаулысы болып шыға кел­ді. Бірақ Жоғарғы Кеңес­тің сол жол­ғы ша­қырылымының ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Бір жылдан кейін жұмысын тоқтатып, тарап кетті. Содан уақыт өте келе 1995 жылы тамыз айында еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл Ата Заңның бір ерекшелігі, Парламенттің екі палатасы болатын болды. Халықтың қолдауымен Өмірзақ ағамыз тағы да саяси додаға араласып, Сенатқа депутат болып сайланып, қазақтың тұңғыш сенаторы деген атаққа ие болды.

Осы орайда ғұлама жазушы Əбіш Кекілбайұлының мына бір жүрек­жарды лебізі ойға оралады: «...Тоз-тоз заманда туып, елден-жерден шалғайда өсуге мəжбүр болсаңыз да, еліңізбен, жеріңізбен бірдей жаңарып, бірдей еңселенер дəурен кешіп келесіз. Туған халқыңыздың жас ұрпағын тəрбиелеп жетілдіруге қалтқысыз үлес қостыңыз. Білім берудің əрі ғұлама ғалымы, əрі шебер ұйымдастырушысы болып, жұрт­шылық құрметіне бөлендіңіз. Екі дүркін ел Парламентіне мүше болып сайланып, тəуелсіздігіміздің орнығуына, реформалардың те­рең­­деп, оң өзгерістердің түбе­гей­­лене түсуіне елеулі үлес қос­ты­ңыз... Белсенді мемлекеттік қы­з­мет, қоғамдық жұмысты тыным­сыз ғылыми зерттеушілік, шығар­машылық еңбекпен жемісті байланыстыра білдіңіз. Ғылым докторысыз. Жүздеген мақала, онда­ған кітап, сан салалы зерттеу еңбек­терінің авторысыз. Халқы­ңызға қадірлі, қатарыңызға сыйлы, жет­кіншектеріңізге сүйкімді азаматсыз, ұстазсыз, əкесіз, атасыз. Көрнекті ға­лымсыз» деп еді. Айтулы ақын Серік Тұрғынбекұлы:

Мұнайлы өлке табысқан

Өз ырысың.

Бір-бірімен қабысқан

Сөзің − ісің.

Алла берген атыңды −

«Өмірзақ» деп −

Озғанбаев жаралған озу үшін!  – деп жырмен толғаған. Расында Өмірзақ аға озу үшін жаралған тұлға. Ол кісі Ұлттық ғылым акаде­миясының құрметті мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор. Зерделі зерттеушінің бүгінге дейін қоғамның дамуы, алаш қай­раткерлері, адамдар, тағдырлар туралы жазылған қы­рыққа жуық кітабы мен жүздеген мақа­ласы жарық көрді. Жақында бес том­дық шығармалар жинағы оқырманға жол тарт­ты. Бұл жинаққа «Ресей Мемле­кет­тік Думасы және Қазақстан», «Тарих та­ғы­лымы», «Қазақтың шешендігі мен кө­сем­дігі астасқанда», «Жарық жұл­дыздар», «Тағзым» атты туындылардан жинақталып, халқымыздың тарихы мен танымал тұлғаларының, атақты көсемдері мен шешендерінің ел көсегесін көгерту жолындағы жанкешті іс-әрекеттері айшық­ты зерделенген.

Автор «Тарихты тұлғалар жасайды» деген мақаласында: «Ұлы дала заманында көптеген тұлғаны өмірге әкелді. Бес мың жылдай бұ­рын тағы жылқыны ерттеп мініп, Байкалдан Балқанға дейінгі аралыққа дейінгі иелік еткен бабаларымыз Ұлы дала өркениетін қалыптастырды. Тіпті Мысыр, Қытай, Үнді, Иран, Рим және Византия секілді іргелі өркениеттерден де арғы ата-баба­ларымыздың түркілердің іздері кө­рінеді. Шығыс пен Батыстың арасын қосқан Ұлы дала әлемдік сауданың да күретамыры болды. Кейін түркілердің басын қосу Шыңғыс ханның пешенесіне жазылды. Замана ағыны, аласапыран кезеңдер оны үйіріп жоғары шығарып, 1206 жылы «Мәңгілік ел» мемлекеті құрылды. Одан бергі кезеңде Жошы ұлы­сында Қазақ хандығы тарих сахнасына шықты. Керей мен Жәнібек есімі енді-енді атала бастады. Өйткені түркілер тарихын жазып, соның салдарынан көп дүниесі ғасырлар батпағына көміліп қалған еді» деп өткен тарихты тереңнен толғайды.

Сонымен бірге ол Алаш қай­раткерлері: Әлихан Бөкейханов, Бақ­тыгерей Құлманов, Бақытжан Қара­таев, Ахмет Бірімжанов, Ал­пысбай Қал­менов, Шәймерден Қос­шығұлұлы, Темір­ғали Нұрекенов, Тілеулі Мыңбасы Алла­бергенұлы, Сәлімгерей Жантөре жайында тыңнан түрен салған мазмұнды еңбектер жазды. Ағаның «Алаштың ардақты ұлы» атты мақаласында Әлихан Бөкейхан туралы тереңнен ой толғай келіп: «Алашорда үкіме­тінің ресми құрылғанын қазақ хал­қы зор қуанышпен қарсы алды. Үкімет төрағасына ұсынылған үш үміткердің арасынан жасырын дауыс беру нәтижесінде Әлихан Бөкейхан сайланды. Екі ғасырға жуық Ресей патшалығының бодандығында рухы жасыған қазақ халқының ең­сесі көтеріліп, өз алдына дербес мем­ле­кеттігін түзе бастауы орыс шови­низміне ұнай қоймады» деп жазады.

Белгілі ғалым Серік Негимов: «Шәй­мер­ден Қосшығұлов пен Ақан серінің бажасы Науан Хазірет сол заманның діни білімді адамдары болған. Сол екеуін итжеккенге айдайды. Арада екі жыл өткенде, яғни 1905 жылы наурыз айында Әлихан Бөкейханов пен Мәмбетәлі Сердалин патша өкіметіне кіріп, итжекеннен арашалап алады. Өмекеңнің кітабы міне, осындай тың деректерге толы, құнды кітап. Бұл кісінің еңбектері Алаш қайраткерлеріне арналған ғажап дүниелер» деп жоғары баға бергені бар.

Өмірзақ аға Торғай өңірінен Ресейдің алғашқы екі Думасына депутат болып сайланған, атақты заңгер Ахмет Бірім­жанов туралы да қалам тербеді. Біраз жылдар тарихтың тасасында қалған тұлғаның өмір жолы мен еңбегін сөз ете келіп: «Дума оты­рысында Ахмет Бірімжанов сөз сөй­леп, қазақ елінің жерге байланыс­ты шешілмей жатқан көп мәселелері бар екендігін айтып, аграрлық мәселе бойынша құрылған комиссияның құрамына Қазақ депутаттарының өкілін енгізуді ұсынады. I Мемле­кеттік дума жұмысына Қазақ депу­таттарының Мұсылман фракциясы қатарында атсалысады. Аталған фракция аграрлық мәселеге байланысты бас құжат болып табылатын заң жобасын жасауға күш салады» дейді автор.

Осының бәрі келешек ұрпаққа қал­дырылған елеулі еңбек, үлкен мұра. Иә, қариялық белеске жетіп, елге сіңірген еңбегің еленіп, халық­тың құрметіне бө­ленгеннен артық бақыт бар ма, десеңізші?! Бұл да Алланың берген сыйы. Еңсесін ас­қақ ұстап, тар жол тайғақ кешулерден өтіп, діттеген мақсатына иек артты. Болмысына қылаудай шаң түсірмей, адамгершілік қасиетті есімді ардақтаумен келеді.

Айтпақшы, Алланың рақымы болар, ана бір жылдары Тəңірдің нəсіп етуімен Алланың əмірлері мен аяттары түсіп, қасиет нұрын сепкен жері, екі дүние сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың дүние есігін ашқан киелі мекені Меккеге барып қажылық парызын да өтеп қайтты. Осының өзі-ақ, қадірлі ақсақалдың қадірін арттырып, Құнанбай қажы салған құла жолмен жүріп келе жатқанының дәлелі емес пе. Өмірзақ аға қазір де ат үстінен түсе қойған жоқ. Республикалық Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары. Еліміздегі қариялардың қам­қоры. Солардың әлеуметтік жағдайы, тұрмысы жақсы болса екен деп алаңдап жүреді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар бол­сақ Өмірзақ Озғанбайұлы қаза­қылықтың қалыбынан шықпаған, әділ­діктің ақ туын нық ұстаған, ат төбеліндей заңғарлардың заңды жалғасы. Бүгінде, сексеннің сеңгірін бағындырып отырған тұмасы таза, тегі асыл абыз ағамызға Жа­ратқан қуат беріп, дін аман жүре берсін, тоқ­санның да төрін нәсіп етсін дейміз.

 

Бейбіт ОСПАН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі