Қазақстан • 04 Мамыр, 2021

«Үкімет үйінің» тұрғыны болған қазақ кім еді?

772 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Адамзат тарихындағы ең бір ауыр зұлмат болған, миллиондаған адам­ның өліміне, қайғы-қасірет шегуіне, орасан зор көлемде материалдық құнды­лықтардың талқандалып жойылуына әкеліп соқтырған, мыңдаған шақырымдарға созылған майдандарда жойқын, қантөгіс шайқастар өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 76 жыл болғалы отыр. Сонымен қатар бұрынғы Кеңес Одағына қарсы соғыстың басталғанына 80 жыл толады.

«Үкімет үйінің» тұрғыны болған қазақ  кім еді?

Соғыс жылдарында Қызыл Армия қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған болатын. Олардың тең жартысы от пен оқтың ортасынан Отанына қайта оралған жоқ. Соғыс қасіретін көзі­мен көріп, жүрегімен сезінген, қасық қаны қалғанша, шыбын жаны шыққанша жауынгерлік міндетін мінсіз атқарып, айқас даласында азаматтық болмысын биік ұстап ажал құшқан майдангер ағаларымыздың ерен ерлігі, қайсарлық қасиеті, бейбіт кезеңдердегі игілікті істері туралы әлі де толық зерттелмей, тереңнен қаузауды қажет ететін тың мағлұматтар мен деректерді іздеп тауып, өскелең ұрпаққа өнеге ету – біздің адами парызымыз. Қан майданда қаһармандық танытқан ағаларымыздың бірі – Тәжі Көздібайұлы Көздібаев. Оның өмірі туралы бізге бүгінгі күнге дейін беймәлім күйде келген деректердің табылуының өзі таңғаларлықтай.

Тәжі Көздібаев 1907 жылы Ақтөбе облысының Жұрын ауданына (қазіргі Мұғалжар ауданы) қарасты 19-ауылдағы орта шаруаның отбасында дүниеге кел­ген. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­дарының аяғы мен отызыншы жыл­дарының басында ол Орынбор қаласындағы И.В.Сталин атындағы жұ­мыс­шы факультетінде оқыған. 1932 жылы, жиырма бес жасында Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы қатарына алынған. 1934 жылы жоғары оқу орнын «заңгер» мамандығы бойын­ша аяқтаған. Отызыншы жылдардың орта кезінен бастап Тәжі ағамыз Мәскеу қаласында тұрған. Соғыс басталардан бұрын және аяқталғаннан кейін бірнеше жыл КСРО-ның жоғарғы, орталық, мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызметтер атқарған. Соғыс басталған күннің ертеңіне, 1941 жылғы 23 маусымда Мәскеу қаласының Ленин аудандық әскери комиссариатының ұйғарымымен Қызыл Армия қатарына әскерге алынады.

Соғыс кезінде Тәжі Көздібайұлы Ленин­град гарнизонының әскери прокуратурасында, 16-шы, 48-ші, 265-ші атқыштар дивизияларының әскери прокуратураларында әскери тергеуші болып істеген. Майдан аяқталған кездегі әске­ри атағы – гвардия капитаны. ­48-ші,­
265-ші атқыштар дивизияларының әс­кери прокуратураларында болған кезде ол Ленинград қаласын жаудан қорғауға қатысқан.

Тәжі Көздібайұлы 1943 жылғы 1 жел­тоқсан мен 25 желтоқсан аралығында, 1944 жылғы 18 ақпанда жасаған ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған. Бұл кезде ол 60-шы Армия­ның құрамындағы 15-ші атқыштар корпусында қызмет істеп жүрген. 1943 жылдың қарашасынан 1944 жылдың сәуір айына дейін 60-шы Армия Киевті қорғау, Житомир – Бердичев, Ровно – Луцк, Проскуров – Черновицы операцияларына қатысып, жүздеген елді мекенді жаудан азат еткен.

Тәжі Көздібайұлы 7-ші гвардиялық атты әскерлер дивизиясында қызмет атқарып жүрген кезде 1945 жылғы 11 мау­сымда екінші рет «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған. Бұл дивизия Берлинге шабуыл жасау стратегиялық операциясына қатысып, 1945 жылғы 23 сәуірде Эльба өзенінің жағасына жет­кен және Қызыл Армияның әскери құрылымдарының алғашқыларының бірі болып Гёрциг деревнясының маңында осы өзеннен өткен.

Ленинград қаласын жаудан қорғауға қатысқаны үшін Тәжі Көздібайұлы «Ле­нинградты қорғағаны үшін» медалі­мен наградталған.

Ленинград қаласын қорғауға қатыс­қан әскери құрылымдардың сапында өз қызметін атқарып жүрген кезде Тәжі Көздібайұлының қандай қиындықтарды басынан өткізгенін мына бір оқиғадан аңғаруға болады. 1941 жылғы 19 қара­шада, 18 сағат 25 минутта жау авиация­сының қалаға жасаған кезекті шабуы­лы кезінде Ленинград майданы мен Ленинград гарнизонының әскери прокуратуралары орналасқан ғимаратқа жаудың салмағы 500 килограмм бомбасы дәл түседі. Осының салдарынан бір сәтте 28 адам қаза табады.

Біздің қолымызда «Ленинградтағы бір жерден екінші жерге жіберу пункті. Тіркеу карточкасы» («Ленинградский пересылочный пункт. Регистрационная карточка») деп аталатын, 1941 жылғы 11 желтоқсанда толтырылған құжат бар. Оның 13-ші пунктінде Тәжі Көзді­байұлының Қызыл Армияға шақы­рылғанға дейін тұрған мекенжайы былайша көрсетілген: «Москва қаласы-72, Серафимович көшесі, 2-ші үй, 461-ші пәтер». Осы құжат және онда көрсетілген жазу – оның Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін тұрған мекенжайын анықтайтын негізгі айғақ. Ал енді осы үйдің тарихына тереңірек тоқ­талайық. Бұл әрі қызғылықты, әрі қай­ғылы оқиғаларға толы хикая.

Бұл үйдің бірнеше атауы бар. Негізгі, халық арасында жиі қолданылатын атауы – «Үкімет үйі». Оны «Кеңестердің Бірінші үйі» деп те атайды.

Тәжі Көздібайұлының соғыс басталардан бұрын және соғыс басталған кезде осы үйде, Мәскеудегі «Үкімет үйін­­де» тұруының өзі – ол кісінің сол кезде КСРО-ның жоғарғы, орталық, мемлекеттік басқару органдарында жауапты қызмет атқарғандығының айқын дәлелі іспетті.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл­­дарының орта тұсында, Мәскеуде Орталық Атқару Комитетінің, Халық Комиссарлары Кеңесінің, Партиялық бақылау комиссиясының қызметкерлерін, БК(б)П-ның басшылығын, Халық Комис­сарлары мен олардың орынбасарларын үй-жаймен, пәтерлермен қамтамасыз етіп, оларды орналастыру қажеттігі туындайды. Бұл мақсатты іске асыру үшін 1927 жылы, Мәскеу қаласында тұрмыстық және мәдени қызмет көрсетудің толық кешенімен қамтамасыз етілген осы үйді салу туралы Кеңес Үкіметі құрған комис­сияның шешімі қабылданды. Үйдің құрылысы 1928 жылы басталып, 1931 жылы аяқталады.

Мәскеу өзеніндегі Болотный аралын­да орналасқандықтан, бұл тұрғын үй кешені қала территориясымен екі көпір – Үлкен тас көпір және Кіші тас көпір арқылы жалғасқан. Әрқайсысы 8-11 қабатты 8 корпустан тұратын, барлығы 505 пәтері, 25 кіреберісі бар «Үкімет үйі» орналасқан жердің аумағы 3,3 гек­тарды құрайды. 1952 жылға дейін осы үй Мәскеу қаласындағы ең биік тұрғын үй болған еді. Енді осы үй туралы әңгі­мемізді Википедия мәліметтеріне сүйене отырып жалғастырайық.

Үйдің кіреберіс есігінен ішке еніп, баспалдақпен көтерілсеңіз, оның әрбір қабаттағы алаңқайында тек екі пәтер бар екеніне көз жеткізесіз. Пәтерлерде бір бөлмеден жеті бөлмеге дейін болған. Әр пәтердің аумағы 40 шаршы метр­ден 300 шаршы метрге дейін жеткен. Пәтердің биіктігі 3,5 метрге тең. Әр­бір пәтер газ плитасымен, телефонмен, радио­нүктемен жабдықталған. Үй ыстық су және орталықтандырылған жылу жүйелерімен, адамдарды және жүктерді тасуға арналған лифттермен қамтамасыз етілген. Көптеген пәтердің үй күтушілеріне арналған бөлмелері болған. Әрбір пәтердің еденіне емен ағашынан жасалған паркет төселген, олардың төбе­лері Эрмитаж реставраторшы-шебер­лерінің жобалары бойынша дайын­дал­ған көркем суреттермен және түрлі өрнек­термен безендірілген. Пәтерлердің барлығында да бір тапсырыспен, бір түрде жасалған үй жиһаздары мен үй тіршілігіне қажетті заттар болған. Олардың бәрінде түгендеме нөмірлерінің тұруы және есе­бінің қатаң түрде жүргізілуі ол кезде бұлжытпай орындалуы тиіс ереже еді. Жаңадан келген тұрғындар, пәтерге келіп орналасар кезде қабылдап алу актілеріне қол қоятын.

Тұрғын үйлерден басқа, бұл кешеннің құрамына мына нысандар кірген: кір жууға арналған үй, медициналық пункт, жинақ кассасы, пошта, балалар яслиі мен балабақша, амбулатория, кітапхана, спорттық зал, теннис корты, сауда дүкені. Үйдің аулаларына гүлзарлар мен фонтандар орнатылған. Тұрғындардың бос уақытын дұрыс, пайдалы өткізулеріне арналған клуб, 1 500 орындық «Ударник» кинотеатры жұмыс істеген. Осының бәрі бір үйде және соғысқа дейінгі кезеңде болған.

«Үкімет үйінің» негізгі артықшы­лық­­­тары­ның бірі – Мәскеу қаласының тарихи орталығында, Кремльге жақын жерде орналасқандығы. Үйдің бірінші және он екінші кіреберістері арқылы ­үйге кірген адамдар осындағы пәтерлердің терезелерінен Кремльді көріп, тамашалай алады.

1931 жылдың ақпан айынан бас­тап «Үкімет үйінің» салынып біткен бөліктері пайдалануға беріліп, пәтерлерге тұрғындар қоныстандырыла бастады. 1932 жылдың 1 қарашасында бұл үйде барлығы 2 745 адам тұрған, олардың ішінде 838 ер адам, 1 311 әйел, 596 бала болған екен.

«Үкімет үйінде» көрнекті әскери бас­шылар, батырлар, жазушылар, академиктер, партия мен үкімет қайраткерлері, Коминтерннің қызметкерлері тұрды. Олардың ішінде мына адамдарды атап айтуға болады:

В.И.Лениннің жақын серіктері: О.Б. және П.Н.Лепешинскийлер, А.И.Рыков, Е.Д.Стасова, Г.И.Петровский, К.Б.Радек.

Бүкіл елге танымал болған батырлар: Н.П.Каманин, М.В.Водопьянов, И.П.Мазурук, А.Г.Стаханов.

Ғалымдар: В.П.Глушко, Ар.И.Микоян, В.В. Парин, Е.В.Тарле, Н.В.Цицин.

Жазушылар: А.С.Серафимович, Б.А.Лав­ренев, Ю.В. Трифонов, М.П.Кор­шунов, Ю.С.Семенов. Бұл үйде бас­қа да көптеген белгілі адам тұрған.

«Халық жауларын» анықтап, жазалау науқаны өршіп тұрған жылдарда бұл үйдің тұрғындарының ішінен саяси қуғын-сүргін құрбандары болғандар саны 700-ден асқан. Осы жылдары кейбір пәтердің тұрғындарының құрамы қуғын-сүргін салдарынан 5-6 рет өзгерген. Сондай-ақ тұрғындары репрессия құрбандары болып, ұсталып кеткен көптеген пәтердің есіктері жабылып, бекітіліп, оларды ашу­­ға болмайтындығын білдіретін белгі ре­тінде есіктердің сыртына мөр басыл­ған қағаз желімделіп, жапсырылып қо­йылған.

Осы үйде 1931 жылдан 1939 жыл­ға дейін тұрған жазушы Юрий Три­фо­новтың 1976 жылы «Жағалаудағы үй» («Дом на набережной») деп аталатын по­весі жарық көргеннен кейін бұл үйге жаңа атау берілді. Енді бұл үй халық ара­сын­да бұрынғы атауларына қосымша «Жаға­лаудағы үй» деп те аталатын болды.

1989 жылы осы үйде оның байырғы тұрғындарының бірі Тамара Андреевна Тер-Егиазарянның бастамасымен «Жа­ға­лау­дағы үй» деп аталатын музей ұйым­дастырылады. Оның жұмыс істеуіне қажетті орын керек болғандықтан, осы үйдің бірінші қабатынан бір пәтер босатылып беріледі. Ол пәтер осы үйдегі күзет жұмысын басқарған адамның тұрған пәтері болған.

1997 жылдан бастап бұл үй тарихи ескерткіш болып саналады және мем­лекеттің қорғауына алынды.

Мәскеу қаласындағы «Жағалаудағы үй» деп аталатын музей сайтында осы үйдің соғысқа қатысқан тұрғындарының тізімі жарияланған. Бұл тізім музей ішін­дегі қабырғада ілулі. Тізімде тұрғын­дардың аты-жөндері олардың бастапқы әрпіне сәйкес, орыс алфавиті бойын­ша топталып, алфавиттік ретімен орналас­тырылған. Тегі «К» әрпінен басталатын адамдардың арасынан «КуздыбаевТ.К.» деген орысша жазуды көруге болады. Яғни Тәжі Көздібайұлының есімі ұмытылмай, осы тізімге енгізілген. Осы тізімнен көптеген әйгілі, атақты адамдардың аты-жөнін табуға болады. Атап айтсақ: Кеңес Одағының маршалдары: И.Х.Баграмян, Г.К.Жуков, И.С.Конев, Р.Я.Малиновский, К.А.Мерецков, Ф.И.Толбухин; Авиа­ция маршалдары: И.И.Борзов, А.Е.Голо­ванов; Л.М.Каганович (КСРО-ның көр­некті мемлекет, шаруашылық және пар­тия қайраткері), Н.Г.Кузнецов (Ке­ңес Одағы флотының адмиралы), Л.З.Мехлис (КСРО-ның көрнекті мемлекет және әскери-саяси қайраткері), А.И.Микоян (революционер, КСРО-ның көрнекті мемлекет және партия қайраткері), В.И.Сталин (И. В.Сталиннің ұлы Василий) және басқалар.

Жоғарыда аталған музейде жасалған екінші тізім «Қуғын-сүргінге ұшыраған тұрғындар» деп аталады. Одан да «Куз­дыбаевТ.К.» деген жазуды көруге болады.

Музейде жасалған үй тұрғындарының үшінші тізімі де бар. Ол – 2000-2010 жылдар аралығында жасы жүзге келген тұрғындар тізімі. 2007 жылы жа­сы жүзге келген тұрғындар арасында Тәжі Көздібайұлының аты-жөні бы­лай­­ша көрсетілген: «Коздыбаев Тажи Куздыбаевич».

1984 жылы бір іссапармен Мәскеу қаласына барған кезімде Өтешқали Атамбаевпен жолығудың сәті түскен болатын. Ол кезде мен Қазақ КСР Қаржы министрлігінде жұмыс істеп жүрген едім. Ол кісінің үйіне мен министрлік басшылығының тапсырмасымен бардым.

Өтешқали Дүйсенғалиұлы 1955-1961 жылдары Қазақ КСР Қаржы министрі болған, 1966-1973 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы тұрақ­ты өкілі болып қызмет атқарған. 1973 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққан.

Өтешқали ағаймен ол кісінің үйін­де отырып аз ғана уақыт сөйлесуге мүмкіндік болды. Сөз арасында одан: «Мәскеу қаласында тұрып, жұмыс істеген Тәжі Көздібайұлын білетін бе едіңіз? Ол кісі менің анамның жақын туысы, немере ағасы еді», деп сұрадым. Сонда ол маған: «Тәжі Көздібайұлы – Кеңес Одағының мемлекеттік бақылау органында қызмет атқарған азамат еді ғой», деп жауап берді.

Кеңес Одағының әйгілі маршалда­рының, КСРО-ның көрнекті мемлекет және партия қайраткерлерінің аты-жөндері жазылған, музейде ілулі тұрған тізімде қазақ азаматының аты-жөні де тұруы – некен-саяқ кездесетін жағдай. Тұранның кең-байтақ даласының бір шетінде орналасқан шалғайдағы ауылда, қарапайым шаруа адамының отбасысында дүниеге келген қазақ баласы­ның азамат болып өсіп-жетіліп, жоғары білім алып, Мәскеу қаласына барып тұруы, жай үйде емес, «Үкімет үйінде» тұруы, КСРО-ның жоғарғы, орталық, мемлекеттік басқару органдарында жа­уапты қызметтер атқаруы, соғысқа басынан аяғына дейін қатысуы, одан кейінгі бейбіт өмірде барлық қайрат-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етуі – оның есімін бүгінгі және келер ұрпақтардың ұмытпай, есте сақтауына толық негіз бола алады деп есептейміз.

Тәжі Көздібайұлының еліміз үшін атқарған істері, сіңірген елеулі еңбегі ескеріліп, оның атын жерлестерінің жа­дында сақтау мақсатымен Ақтөбе об­лы­сының әкімдігі өз тарапынан тиісті шара­лар белгілеп, оларды іске асырады деген ойдамыз.

 

Бауыржан ҚАЙРАЛАПИН,

«Аудиторлар коллегиясы» кәсіби аудиторлық ұйымының мүшесі