Әдебиет • 04 Мамыр, 2021

Поэзия мен философия. Олжас Сүлейменов шығармашылығының философиялық контексі

1192 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Әсілі, батыр Олжабай әулеті, Ұзын Сүлеймен ұрпағы – ұшқан ұядан жеткен ұлылыққа дейінгі аралықта – ұзақ (үлкен) жол жүріп өтіпті. Жүрген сайын жол сілемі қырдан жонға, шоқыдан жотаға, құздан шыңға көтеріле берген екен. Енді, етегін қарағайлы орман, қалың терек, топ қайың жапқан тау басында жан-жағына көз жіберіп тұрып, сапарын есіне түсіріп, саяхатын байып­тай алады.

Поэзия мен философия. Олжас Сүлейменов шығармашылығының философиялық контексі

Ницше сомдаған әдеби-философиялық қаһарман Заратуштра үстірт, қырат беті­мен қыдырғанда, шыңнан шыңға аттап, құздан құзға ауысып, серуендейді екен. Ол төмен қарап келе жатады, етек­тегілер жүзін көтеріп, жоғары телміреді. Қарғып шыққандардың адымы үлкен, жылдамдығы қатты. Олжас биікте өмір сүрді. Ғұмыры асқақ еді, енді – ұзын болсын. Тілеуқормыз.

Қала перзенті («Я сын города, мне вое­вать со степью»: пассаж қыр­да ша­һар мәдениеті өркендегенін білді­ре­ді), геологиялық кәсіпті игеруші («Шур­фы»), жорналшы («Казахстанская правда»), шайыр («Аргамаки»), поэма авторы («Земля, поклонись Человеку»), тіл­танушы («АзиЯ», «Улыбка Бога», «Язык письма», «Пересекающие паралели», «Код слова»), түрколог («Тюрки в доистории»), шумеролог («Тысяче и одно слово»). Әрі депутат, ұлт қайраткері, ғарыш жыршысы, елші...

Есімізде, еңбегі ерен, есімі елге танымал ақын, оқымысты. Өрелі, ойшыл тұлға. Қандай мадақ айтылса да, қанша айтылса да аз.

 

  1. Таным табалдырықтары

Соңғы екі ғасырда іргелі ғылымдар ірі табыстарға қол жеткізіп, таным алдынан жаңа көкжиектер ашылды. Метафизика­да – көзқарас, философияда – құндылық­тар, физикада түсініктер өзгерді.

Кезінде Батыста шіркеу табалдыры­ғынан аттап, көшеге шыққан кітаптар тә­різді, ғылыми жетістіктер үй тірші­лігінен технологиялық тұрмыс заттары түрінде көрінді. Компьютер, про­цессор, принтер, клавиатура, сканер, ксерокс тәрізді аппараттардың әрқай­сысы бізді қоршаған күнделікті антураж­дарымыздың біріне айналды. Қалалық пейзаж, аула ландшафты техникалық-технологиялық комфортқа тәуел­денді, әмбебап дүкендер ұзарды, терең­деді, биіктеді, бірте-бірте шаһардың шағын үлгісіне айналды, сауда көздері ықшам аудандар құрады, адамды ғарышқа ұшырған рационалистік көзқарас, прогрес­ке деген сенімділік, таныс ғалам пі­шіні, сөйтіп, үлкен постмодернистік төң­ке­рістерге ұласты. Модерндік архитектура ақпараттық қоғам, тәуекел қоғам, жаһан­данған қоғам түзілуіне септесті. Сал­та­нат­ты шеру ғаламтор шеңберінде жал­ғасты.

Ғаламтордың пайда болуы, маңызды­лығы тұрғысынан, дүниені жаратқан алапат жарылыстың салдарынан кем емес еді. Параллель әлем қалыптасты.

Иммануил Кант ақиқат құрылымын, ақыл-ой қабілет-қарымын, таным шекарасын айқындап еді, болжамдары квант­тық физика аясында расқа шықты. Гейзенберг белгісіздігі жаратылыстың қаншалықты күрделі екендігін жария етті. Кезінде, Эйнштейн ғарыш кеңіс­тігінде абсолюттік тұрақты уақыт жоқ екендігін мәлімдеді. Бүгінде электронды бөлшектердің әлі ашыла қоймаған жұмбақ қасиеттері басқаруға көніп, біздің смартфондарымызға айналып отыр. Хат та, жіберілген белгі де, ыстық-суығы да, алыс-жақыны да, бәрі электрондар қарым-қатынасынан түзіледі, қатыстылығынан құралады.

Бірақ постмодернистік ғылымнан бұ­рын адамға табынған рационалистік пара­дигмалық гносеология адамзаттың ал­ғашқы жетістіктеріне қуана қол соғып жат­ты. Біз бұл жеңістеріміз үшін, кейін, жауап беретінімізді алдын ала болжай алған жоқпыз.

 

  1. Модерн ғарыштары

Тәрелкелерге мінген басқапланета­лықтарды үйде отырып күтіп жүріп біз, тегі, коммуникациялық дүмпуді аңғара да алмай қалдық. Пенде бойында тілдесуге деген шексіз қажеттілік бар екенін кеші­гіп барып байқадық, басымызға түскенде бір-ақ білдік. Көкжиектерден көрініп қалар деп дәметіп күткен әуе кемелері орнына жұрт смартфондармен құшақтасып ұйықтайтын болды.

Менің ойымша, модерн мен постмодерн арасына жүргізілген шекара – Гагарин кос­мосқа ұшқан 1961жылдың бойымен өтеді.

Қарға тамырлы көшпелі жұрт, жерге байланған отырықшы адам планетадан бірнеше минутқа қол үзіп, сағынышын (гравитациялық күшін) жеңіп, құшағынан босап шыққанда, алдынан шет-қиырсыз шалқып жатқан алып космосты көрді.

Гагарин қазақ болса түсінер еді, әлем­нің киіз үй тәрізді бұрышы жоқ, ғарыштың бетпақ дала секілді шекарасы болмайды. Үркердей топтанған шоқ жұлдыздар, тарыдай шашылған ірілі-ұсақты аспан денеле­рі қиырда қонып отырған ауыл сияқты, алыстаған сайын жинақы, жақындаған са­йын селдірейді, бөлек-бөлек, бұл шексіздік заңы, биік, асқақ нәрсе дер кезінде емес, уақыт өткен соң көрінеді. Бағаланады.

Ал бір орында тұрып, жан-жа­ғын бақылаған субъект жұлдыздар шоғыры­ның бір-бірінен жайлап қашықтап бара жатқанын байқар еді, бұл құбылыс, парал­лакс, жалпы Ғаламның ұлғайып бара жатқандығының көрінісі. Бәрі салыстырмалы. Біз космосты қашанда, қай нүктеден қарасақ та, тек өткен шақта көріп тұрамыз. Себебі алапат жарылыс үнемі алда, бізден бұрын, ілгеріде озып бара жатады. Білген, өскен сайын білмегенді өсіреді. Еселеп. Шеңбер үлкейе береді. Ешкім шексіз ға­ламды түбіне шейін сарқып, танып-біліп болмайды, бірақ білуге, тануға, үйренуге құштар адам баласының білімге деген махаббаты таусыла ма, бұлағына бас қойып, қанша сусындаса да, шөлі қана ма. Бүгінде, жоғары технологиялар зерттеулер мерзімін қысқартты, таным дәлдігін күшейтті, шындық саны өсті, сәтті жүр­гізілген эксперименттер арқасында, тәжірибелердің оң нәтижелері көбейді. Бірақ жалпы, адам білімге тоя ма. Ғарыш бізден сырт емес, біз ғарыштың ішіндеміз. Шаңырақ – кеңістік тұрғысынан шексіз, уақыт тұрғысынан – мәңгілік.

Земля – это круг, перечеркнутый тонким крестом. Четыре дуги в центре глядят четырех сторон.

(«Қыш кітабынан», поэма).

Өз заманында пайғамбарлардың ізба­сарлары шағын болатыны да сондықтан. Ұлы нәрсені дер шағында ұлықтауға орнық­тылық, тиянақты түсінік керек, түсі­нік ұзақ жылдар бойы қалыптасатын дүние. Фридрих Ницше өзін адамзат екі жүз жыл өтіп барып тани алатынын алға тартқан еді.

Жұмыр басты пенде планетадан ға­рышқа қарғыды. Құс жолына қарай ал­ғашқы қадам жасады. Шекарадан аттады. Әлде аттанды.

Олжас – модерн түлегі. Модерндік сапары постмодернистік саяхатқа айналды. Әлемді Гагарин көзімен көрді. Күллі адамзат қуанышын жырға қосты. Поэма ақын фантазиясы не шабыты емес, Жер шарын жайлаған, адамзат көңіл күйін билеген эйфорияның бейнесі, атмосферасы, қажет десеңіз, пафосы еді.

«Адамға табын, Жер, енді!» деген поэ­ма атауы атеистік көзқарас тұжырымда­масынан туған жоқ, ғылымды меңгерген нәсілдің алғашқы табыстарына, құдіретіне сенген, қуанған ессіз қуаныш-шаттықтың белгісі болатын. Діндар (теологиялық) һәм ділмар (философиялық) таным кезең­дерінен өтіп, позитивизм постулаттарына жеттік.

Бірақ, екінші тараптан, дүниежүзі­лік революцияны аңсаған коммунис­тер жа­саған қоғамдық мораль, буржуа­зия­лық мемлекеттердің фетишке құ­рыл­ған капиталистік құндылықтары фило­софия­лық жүйелерде көрініс тауып жат­­қан шақ еді. Еуропада, XX ғасырда, қап­та­ған, қоғамтанушы ағымдар философия­сы жаппай жүріп жатқан modern/post­modern үдерістерін, түзілістерін, құ­бы­­лыс­тарын түсінуге, түсіндіруге ты­­рыс­ты. Техникалық, жаратылыстану ғы­лым салалары гуманитарлық пән­дермен бірік­ті. Текті, тектоникалық өзге­рістер жүр­ді, жалған салт-дәстүрлерді құлатты, жыл­дамдық артты, космос­ты сәтті игеру аспан кеңістігіне Жер серік­терін ұшыруға септесті. Байланыс космоста ілініп тұрған не айналып жүрген күрделі машиналар арқылы ұштасты. Кейін машиналар орнына компьютерлер келді. Бұл революция бүкіл әлемді өзгертіп, жаңа сатыға көтерді, алайда тағы басқа проблемалар туғызды.

Олжас жазған ғарыш жырлары жаңа ауқымды талап етті. Ницше атап көр­сет­кен бес анти-идеяның бірі «Құдай қа­засы» тұжырымдамасы, шын мәнінде, кісі жүрегінде Құдайға деген сенімнің өлгенін, көкірегінде ұлы махаббатының нұры сөнгенін білдірді. Постмодернистер ажал тұжырымдамасын дамыта, кеңейте түсті, көптеген институт ақыры жарияланды: автор өлді, тарих таусылды, философия құрыды, ақиқат жойылды, шындық салыс­тырмалы. XIX ғасыр XX жүзжылдықтың мазмұнын құрады, тіпті XXI ғасырдың өзіне әсер ете бастады.

Карл Маркс, Людвиг Фейербах се­кілді ойшылдар еңбектері, кристиан ді­ніне қатысты айтылған Серен Аабье Кьер­ке­гор, Блез Паскаль ой-пайымдары иман келтіргендер қарасы сиреп келе жатқанын аңғартты.

Әлемді жайлаған құдайсыздық кон­цепті, дәлірек имансыздық белгісі, сөйтіп Ницшенің мәтіндерінен бой көрсетті.

 

  1. Мәдениеттер мен өркениеттер:

Олжастың сұрақтары

Олжас өз жауабын сомдау үшін бір-біріне өзектес тіл мен таңба арасындағы диалектикалық қарым-қатынастардың бас­тауын іздеп тапқысы келді. Тіл XX-XXI ғасырларда өзекті мәселеге айналды. Тілдің құрылымы, табиғаты, пішіні, әмбебаптығы, дыбыстық үлгісі мен таң­балық белгісі жаңа модельдер жасауға негіз болды.

Олжас маңызы аса зор екі мәселеге қатты көңіл аударды: бірі – тілтану, екін­шісі космосты игеру. Екеуінің де шығу тегі туралы әңгіме көп, қызметі жө­нін­дегі талас-тартыс әлі күнге шейін толастаған емес. Тілдің қайнары табылса, құрылымы да белгілі болады.

Бірақ екеуін де кім жаратты? Ана ті­лін ұстазсыз, оқусыз меңгеріп алатын бала қабілетінің сыры неде? Қазір тілді игеру жұмбағы төртінші инстинкт аталып отыр. Математика тілі, архитектуралық тіл, кино тілі, бағдарламалар тілі... Линг­вистика алгебрамен тұтасты.

Ұлт қазынасымен қатар, дүниежүзілік мәдениет-өнер қайнарынан сусындаған, ер тұлғалы ерен ақын Олжас Сүлейменов жас адамзат заманында бәрімізге ортақ бір тіл болғаны жөнінде дәлелдерін кітап­тарында келтіре бастады.

Өзі шетел әдебиетін сарқып оқып, Батыс пен Шығыс айырмашылығын жой­ған, әлемге, ғарыштарға, тегінде, планета жұртшылығы, бүкіл адамзат атынан сөйлеген ақын.

Бүгінде адам баласы тіл бойында тарих та, шежіре де, білім де, болашақ та жатқанын түсініп отыр. Біз космоста жалғыз емеспіз, ғалымдар айқындаған анық, ғылым тұжырған ақиқат. Тіл, мәтін – біздің шифрланған хаттарымыз. Шайыр кітабынан «цивилизация» дамуын оқып, «культура» мәнін біле аламыз.

«Культура» мен «цивилизация» сөзі – этимологиялық ізденістерге, шежіресін тарқатуға, сойы-тегін айқындауға аса қо­лайлы метафоралар. Діңгір танымы да көршілеріміздің бар екендігін білдіреді. Біз космоста жалғыз емеспіз.

Людвиг Витгенштейн тіл мен әлемнің бір-біріне тең екендігін негіздеді. Әлем объектілер жиынтығы емес, деректерден (факт) тұратын құрам. Дүниеде бар ақиқаттың анықтамасы да бар. Бейсана тіл тәрізді құрылған, Жак Лакан. Түсініксіз сөз таным қызметінде қолда­нуға жарамсыз. Ең қолайлысы – әдепкі немесе, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әншейін тіл. Тіл болмысты түгел қамтып, өзіне сыйғызып тұр. Белгі – басқаның атынан сөйлеуге қабілеті бар сілтеме, символ, дейді Чарльз Пирс, тұңғыш анықтама беруші. Ұстазы Чарльз Моррис белгілер туралы ғылым саласын ойлап тапты: семиотика немесе семиология. Фердинанд де Соссюр бойынша, тіл – белгілер жүйесі – мәтін. Жак Деррида: Мәтіннен тыс ештеңе жоқ.

Тіл әлемнің үлгісіне айналды. Демек тілдің табиғатын тану, сырын ашу – дүниетанудың негізі. Көп философтар тілдің абстракциясын күшейте отырып, реалды өмірден қол үзіп алды. Әдеп­кі (әшейін) тілге оралу керек. Тілді қыз­метіне қарап танимыз. Оның мәні – әлемнің өмір сүру формуласын табамыз. Мартин Хайдеггер: «Тіл – болмыстың алғашқы (бастапқы) атауы».

Сөйтіп, тіл таным кілті ретінде көп­те­ген құпияның құлпын ашты. Олжас Сүлей­­менов тұтас бір ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының міндетін атқарып отыр. Оның жасаған қыруар еңбегі тілтануда, дүние­таным қалыптастыруда әлемдік маңызға ие.

Дана ойшылдың ізденістері тарих­тың, лингвистиканың, философияның, этно­ло­гияның, әлеуметтанудың, логика­ның, шумерологияның, әдебиеттанудың, түр­­кологияның, славянтанудың жалпы дамуына, жаңа стратегиялар, перс­пек­тивалардың ашылуына қатты әсер етті.

Ол таным көкжиегі кеңейіп, мазмұны тереңдеген интеллектуал ғасырдың (XX) туы болды, адамзаттың жүзжылдық ақы­ны атанып, асқар ойдың асқақ шы­ңына шықты, танымның терең қойнауына түсті.

Ер Олжас түркі тілдес ұлт-ұлыстардың жорық жырына, жортуылдарда салған әніне, тастаған ұранына, Тұран халқының жағалай көтерген байрақтарына айналды.

«Сайыпқыран Шыңғысхан заманында туса, Олжас қол бастаған түменбасы болар еді», деген уәж айттық.

Көп жазды. Парасатты қаламы сүрін­бей, ұшан-теңіз білімі сарқылмай, жан-жағын таңғалдырып жаңа ғасырға кел­ді, айтар ақыл-кеңесі, көрсетер көмегі тау­сылған жоқ. Олжастың қай кезде жазатыны жұмбақ, сосын, қалай, қайтіп көп оқығаны жұмбақ. Үнемі ел алдында, жұрт назарында, халық ортасында жүреді. Бірақ бәрін біледі. Түгел оқыған.

Ел құрметіне бөленіп, әлемдік атақ-даңққа ие болды. Еңгезердей ақын қа­зақтың, түркі жұртының еңсесін көтерді, көне гректер, ұлы дала абыздары, көрші дао ойшылдары тәрізді, тау тұлғалы, Тола­ғайдай – алып-тұғын: ойы да, бойы да, сойы да.

Шынында, Олжастыкі – қайратты поэ­­зия. Қол бастаған ер жыраулардың толғау­ларындай.

Бұрынғы, ілгерідегі бір эссемізде: «Олжас заманында түркология мен эти­моло­гия, тіпті, Шыңғысхан жорық­тары, оның шыққан тегі сәнді, нәшті тақы­рып­тарға (модные темы), жұрт қызық­қан (модные отрасли науки) ғылыми салаларға айналды», деп жаздық. Сонда, төмендегі деректі де келтіре кеткен едік.

«Америкалық «Коммунизм мәселе­лері» жорналы 1986 жылы «Аз и Я»-ны Солженицынның «ГУЛАГ Архипелагы» атты еңбегінен кейінгі Қайта құруды дайындаған екінші кітап деп баға берді».

 

  1. Планеталық адам

Жер бетінде планеталық сана қа­лып­тасып келе жатыр, әзірше біздің қа­зіргі үйімізден басқа мекеніміз жоқ, сондықтан Антуан де Сент-Экзюперидің жас ханзадасы секілді, планетамызға ұқыптап қарап, күтіп ұстауымыз керек. Өсімдігін суарып, жерін таза ұстап, түтіндетіп ауасын бүлдірмей, аспанын тес­пей, қамқорлығымызға алып, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп қалдырып отыруға тиіспіз. Олжастың философиясы осы. Жұрт Олжас шығармашылығын, ғұмырнамасын, жырларын жатқа да біледі, жақсы да біледі.

Әлбетте, ақын мұрасына ғасырлар тоғысында, жаңа замандар қарсаңында, тарихи баға беретін кез келді. Көп мақ­тадық, бәйгеден көрдік, жеңімпаз ата­дық. Ол жеңген үстіне жеңе берді. Бірде Бақытжан Момышұлы: «Олжас Сүлейменов мақтауға үйреніп алған, оған ешқандай марапат әсер етпейді», деп айтып еді.

Бұл эссенің мақсаты – жекелеген шы­ғар­маларын талдау емес, жалпы шы­ғар­машы­лық философиясына тоқталу еді. Кісі­лік негіздерін түсіну, қайнар көзін табу, тақы­рыптарын жік­теу, жұмбақтарын шешу. Жаһан­дық деңгейде, жалпыадамзаттық шең­берде, дүниежүзілік ауқымда, алып тео­рия­лар аясында – Олжастың орнын іздеу.

Таласбек Әсемқұловтың айтуынша, Олжас – «основатель аналитической поэ­зии». Демек, синтетикалық жыр үлгіле­рінің алғашқы авторларының бірі. Кейбір өлеңі ғылыми гипотеза тәрізді, поэмасы, туын­дыларының басым көпшілігі – оқыған, білетін оқырманға арналған туындылар.

Олжастың әкелген өзгерістері көп. Жауһар жырларынан қазақ поэзия­сы­ның екпіні, күш-қуаты сезіледі. Шығар­машылығы лингвистикалық ізденіс­терден, ақындық өнерден, тегеурінді көсемсөзден құралады. Ділмар. Шешен. Қаулап, жалындап сөйлегенде, ұйытып әкетеді,

Ол – Қайта Өрлеу, Ағарту замандары аманаттаған гуманизмді модернистік жиырмасыншы ғасырда паш еткен абыз үні. Өкінішке қарай, Рене Декарт, Огюст Конт шарттары мен талаптары үдесінен шыға алмаған космостық дәуір кванттық физика жұмбақтарын шеше алмай қалды. Адам көне гректерден күні бүгінге де­йін тұрған, тұрып келе жатқан алтын тұғы­рынан құлады. Тас-талқаны шықты. Қылмыстар көбеймесе, азайған жоқ, машиналар қоғамның өзіне қауіп төндіре бастады, ұлы романдар адам бойына ізгілік қасиетін сіңіре алмады, бір адамзат нәсілі бірнеше дінге, ортаға, елдерге бөлінді.

Сөз түсінікті былғады. Кісілік мұрат­тарды көздеген қарулы мемлекеттер гуманизм атымен бейбіт қалаларды бомбыла­ды, жазықсыз жандар, бейкүнә сәби балалар­­ды қырды. Кісі өлтіру технологиясы ғылымға арқа сүйеді, кемелденді, күрделенді.

 

  1. Ақындардың ақыны

Пафос басылды. Жаһандану кез келген жергілікті қауіп-қатерді ғаламдық деңгейге шығарды. Ортақ проблемалар саны артты. Орман өрттері, озондағы саңылаулар, террористік шағын топтар бір елдің емес, бүкіл планетаның дертіне айналды. Оны, қорқынышты бұқаралық ақпарат құралдары еселеп күшейте түсті. Смартфондар көрсеткен виртуалды әлем реалды дүниеден гөрі шынайырақ көрінді. Бұл – постмодернистік кезең. Бірақ адамзаттың алтын уақыты – модерн әлдилеген ақыл-ойдың рационалистік пафосы – әлі күнге шейін бізді басқа жақтарға, бақытты өмір сүруге шақырады.

Бірақ біз «тура қазір, дәл осы жерде» қалаймыз. Коммунистік үміттен күдер үзгелі капиталистік бақытқа сенбейміз. Нәсілдің нағыз досы Құдай ғана.

Қазіргі күнде жарнама қалалардың жанама образына айналды. Сауық мәде­ниеті жеңіп, билеп-төстеп келе жатыр. Ең күштісі мен, дейді медиа-жүздер, біздің фильмді тамашала, көрші тақта – жайылған дастарқан – дәм ауыз ти, сырадан көр, сырдан (ірімшік) тат, біздің асты іш, тәтті тоқаштан жеп көріңіз... Еліктіру, елту мәдениеті орнады.

Өнерге орын жоқ, ұлы кітаптар оқыл­майды, көркемсөз өнерінің дәуірі, дәурені өткені ме, кім білсін, жауапты бар ма, не кінәлі?

Жоқ, пафос талғамды бұзды ма, әлде фальш эстетиканы бүлдірді ме, біз прог­рес­тің жасампаздығына күмән келтірсек те, асқақ стильге сенеміз, бір-біріне туыс түсініктер – әсемдік те, әдемілік те, кісі­лік те мәңгі жасары сөзсіз. Әдемілік әдеп­­­тілікке көшеді, әсемдік әділеттілікке ұласады.

Олжас Сүлейменов – әлемнің ұлы ақындарының бірі, ұлы ақындардың ұлылығы тыңдармандар сыймаған алып аудиториялардың шүпірлеп толған кең­дігінен көрінеді. Ол алып аудиториялар мінберіне көтерілгенде алапат уақиғалар, жойқын замандар, тарихи халықтар атынан сөйлейді.

Әр уақыттың өз кеңістігі, әр кеңістік­тің өз уақыты бар. Бәрі өтпелі – баянсыз, берекесіз, айнымалы, тек тасқа жазыл­ған таңбалар ғана тұрақты, қаріпте көрсе­тілген мазмұн ғана маңызды. Ойдың тиянақталғаны – орнықты сөздің орнын тапқаны.

Бұрын, айтылған сөз өлмейді деуші еді, қазір таңбаланған түсінік – мәңгі.

 О, Дулат, человек бессилен

 прервать развитие знака...

(«Қыш кітабынан», поэма)

 

Дидар АМАНТАЙ