Қол жеткізген табыстарына масаттанған немістер басқа еуропалықтардан, әсіресе ішкі мәселелерді шеше алмаған елдерден сабақ алуға құлықсыз. Бірақ биылғы сайлау өтетін маңызды кезеңде Германия канцлері Ангела Меркельдің мәселені тәсіліне сүйеніп шешу әрекеті шиеленістің күшейгенін көрсетеді. CDU мен оның бавариялық әріптес партиясы – Христиан-әлеуметтік одақ (CSU) Меркельдің орнын кім басатынын анықтай алмай дал. Осындай сәтте Жасылдар партиясы кенеттен тарихи мүмкіндікке ие болып отыр.
CDU/CSU өзара келісіп, Христиан-демократиялық одақтың басшысы Армин Лашетті канцлерлікке ұсыну арқылы дауыс берушілерінен айырылып қалды. Ал «жасылдар» партияның серкесі, 40 жастағы жігерлі Анналена Баербокты ұсынды.
Өзгеріске құмар емес елде Баербок еш кедергісіз реформа жүргізуге, «барқыт революция» жасауға уәде етті. «Жасылдар» өздерінің сайлауалды бағдарламасының жобасында айтқандай: «Біз жақсы дәстүрлерді жаңа жолмен алып келеміз, кейбір жаңа нәрселерді орнатамыз және таныс нәрселерді ауыстырамыз. Бірақ біз өтпелі кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз».
«Жасылдар» партиясы өз-өзін реформалай алды. Бертінге дейін партия Verbotspartei (тыйым салушы партия) ретінде қарастырылған. Әсіресе немістерге вегетариан болудың қасиеттері туралы дәріс оқып, масқара болған. Енді дәл осы партия Германияның келешегіне оптимизм сыйлап отыр. «Жасылдар» немістерден өмір салтынан бас тартуды талап етуден гөрі, ескіру қаупі бар жолдардың орнына өркендеудің жаңа жолдарын ашып, Германияны жақсартуға уәде береді.
Мәселен, партия әлем қазба отыннан бас тартып жатқанда Германия экономикасын бәсекеге қабілетті етіп қалпына келтіру үшін жасыл индустриялық саясат ұстанбақ. «Жасылдардың» өкілі Франциска Брантнер түсіндіргендей, бұл процестің негізіне климаттық және цифрлы стратегиялар алынады. «Егер бұл пойызға отырмасақ, экономикалық модельді жоғалтып аламыз. Ескі модель керемет еді. Бұл бәрімен сауда жасауға, қауіпсіздікке ешқандай қаржы бөлмей, көп ақша табуға мүмкіндік берді. Керемет болды, бірақ өкінішке қарай, ұзаққа созылмады», дейді ол.
«Жасылдар» неміс автомобиль өнеркәсібінің тіршілік етуін сақтап қалудың жалғыз жолы көміртегі газын шығармайтын автомобильдерге басымдық беру екенін мойындайды. Демек партияның Германияны энергетикалық элементтер өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы ету жоспары бар. Сондай-ақ партия Германияның Қытай экспорты мен Ресейден келетін көмірсутектер импортына тәуелділігін азайтып, жоғары технологиялық стартаптар мен бұлтты есептеу инфрақұрылымын қолдау бағдарламаларына инвестиция салғысы келеді.
«Жасылдар» патриотизмнің дәстүрлі солшыл скептицизмінен де бас тартты. Партияның сайлауалды бағдарламасының тақырыбын еркін түрде «Германияда бәрі бар» деп аударуға болады. Германияда алдағы сынақтарға төтеп беруге керектінің бәрі бар.
Партияның бұрынғы жетекшісі Джем Өздемир телефон арқылы берген сұхбатында ұлттық бірегейлік туралы пікірталас өткізу қажеттігін баса айтты. «Иммиграция және жаһандану кезінде неміс болу нені білдіретінін талқылауымыз керек. Босқындар дағдарысы кезінде прогрессивті адамдардың пікірін елеусіз қалдыру – үлкен қателік. Бұл басқалардың аумақты иемденуіне мүмкіндік берді», дейді ол. Өткеннен мүлдем алшақтаған «жасылдар» бүгінде Heimat (отан) секілді терминдерді жиі қолданады, неміс идеясын қалай жаңғыртуға болатынын ашық талқылайды.
Еуропаға келгенде, «жасылдар» Меркельдің «Найн, Найн, Найн» (Жоқ, жоқ, жоқ) саясатынан бас тартып, өзара қарым-қатынасқа белсенді араласпақ. Жақында Frankfurter Allgemeine Sonntagszeitung газетіне берген сұхбатында Баербок Германия бүкіл Еуропамен үйлескен жағдайда ғана күшті сыртқы саясат жүргізе алатынын атап өтті. Ол тәуелсіз, өз құндылықтарына сәйкес әрекет ететін Еуропалық Одақ құруға көмектескісі келеді. Соның ішінде Қытаймен қарым-қатынасқа да көзқарасы басқаша.
Брантнер өз тарапынан Германия еуропалық саясатына негізделген «екі ұрпақ өтірігін» жеңе алады деп үміттенеді. Бірінші өтірік: Германия қауіпсіздікке инвестиция салмай, тек экономикаға назар аудара алады. «Біз бәрімен сауда жасап, үлкен пайда табуды көздеп, басқалардың егемендігімізді қамтамасыз етуінен үміттенуді жалғастыра алмаймыз», дейді ол. «Егер [Франция президенті Эммануэль] Макронның айтқанының бәрімен келіспесек, онда өз идеяларымызды ұсынғанымыз жөн».
Екінші өтірік: Еуропалық орталық банкке арқа сүйеу арқылы бірлескен инвестициялық саясатсыз не бюджетсіз ортақ валютаға ие бола алады. Брантнер Германияда бұл туралы нақты пікірталастың уақыты келді деп санайды.
Бүгінгі «жасылдар» ондаған жылдар бойғы керемет жетістіктерден кейін Германияның позициясы әлсірегенін жақсы түсінеді. Қытай мен Америка қарсыласып жатқанда жаһандану керісінше бағыт алуы мүмкін. Бұл жолы цифрлы революция Германияның дәстүрлі экономикалық әлеуетінен асып түседі. Бірінен соң бірі ауысатын үкіметтің неміс қоғамын еуропалық саясатпен егжей-тегжейлі таныстыра алмауы Германияның жеке мүдделеріне қызмет ететін ЕО деңгейіндегі шараларға келісім беруді қиындатты.
Зигмунд Фрейд «сәттіліктің салдарынан зардап шеккен» пациенттерді сипаттаған кезде бүгінгі Германияның портретін анық сипаттап берді. «Жасылдар» бұл азаптың емін тапқан сыңайлы.
Қыркүйектегі федералдық сайлауға дейін талай нәрсе өзгеруі мүмкін. Бірақ бұрын-соңды «жасылдар» мұндай мықты позицияда болған емес.
Марк ЛЕОНАРД,
Еуропалық кеңестің Халықаралық қатынастар жөніндегі орталығының тең құрылтайшысы және директоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org