Руханият • 05 Мамыр, 2021

Зират және зиярат мәдениеті

5967 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Зират көтеру әдебі

Алла тағала тіршілік атаулы арасында адам баласын ардақты етіп, ең көркем бейнеде жаратқан. Бұл туралы Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда былайша баяндайды: «Біз, расында да, адам баласын ардақты етіп, көптеген нығметке бөледік: оларға құрлықта да, теңізде де мініс көліктер нәсіп еттік. Таза әрі жағымды азықтарды ризық етіп бердік. Сондай-ақ оларды жаратқандарымыздың көбінен әлдеқайда үстем еттік» («Исра» сүресі, 70-аят).

Зират және зиярат мәдениеті

 

Келесі аяттың бірінде: «Расында адамзатты ең көркем бейнеде жараттық» («Тин» сүресі, 4-аят) делінген.

Біз бұл аяттардан Алла тағаланың күллі жаратылыстар ішінен адам баласын ерекше махаббатпен, ең көркем бейнеде жаратқанын анық аңғарамыз. Жоғарыда келтірілген аяттарға тәпсір жазған Ислам ғұламалары: «Алла таға­ланың ең көркем бейнеде жаратқан болмысы – адам» деген пікір айтқан.

Жер бетіндегі кез келген жұмыр бас­ты пенде қандай ардақты болса, өмірден қайтқан жандар да сондай қадірлі. Демек, адам тәні көмілген зираттарды құрметтеу, таза ұстау, қорғау, бүлінген жерін түзету, сонымен қатар қабірді зиярат ету кезінде бірқатар мұсылмандық әдептерді ұстану – сіз бен біздің адамдық борышымыз екені даусыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы имамдардың республикалық ІV форумында қабірлерді тұрғызудың және оны зиярат етудің халыққа ортақ әдебін қалыптастыру мақсатында «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын қабыл­дады. Бұл құжатты қабылдаудағы басты себеп – соңғы кездері кейбір ай­мақтарда орындалып жатқан діни рәсімдердің шариғат талаптарына сәйкес келмейтін өзгерістерге ұшырауы. Атап айтқанда, соңғы уақыттарда қабір басына құлпытас ретінде үлкен ескерткіштер мен зәулім қоршаулар орнатылуда. Қабірге үлкен кесене тұрғызу, қорған орнату сынды мазаратқа қатысты мәселелерде шариғат талаптарына қайшы, ата-баба дәстүріне де жат, бүгінгі өркениетке де сәйкес кел­мейтін әрекеттер көрініс табуда. Мұн­дай келеңсіз жағдайлар ел арасында түсінбеушілік тудырып жатқаны белгілі... «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын діни рәсімдердің шариғатқа сай орындалуын тәртіпке келтіріп, зират тұрғызу мен зиярат жасаудың, кесене салудың жалпыға ортақ бірыңғай мәдениетін қалыптастыру және соны еліміздің барлық өңірлерінде қолдану мақсатында қабылдадық.

Асылында зират – барша адам­заттың Жаратушы алдында тең екенін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қа­сиеттермен ғана биік тұратынын көр­сететін ғибрат мекені. Адам баласының Ал­ла құзырында тең екені қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде ашық айтылған. Зираттарға құлпытас қою кезінде теңдік ұстанымын қатаң сақтауымыз керек. Бір марқұмның қабір басына мәрмар тастан зәулім сарай тұрғызу, екінші қабір басына биік ескерткіш немесе кеуде-мүсін соғу, ал үшіншісіне қарапайым құлпытас қою шариғаттың теңдік қағидаттарына қайшы келеді.

Бұл ретте шариғатымыз зираттарды сәндеуді, үлкен ескерткіштер орнатуды талап етпейтінін тағы да баса айтып кеткім келеді. Керісінше, қорымға қойылатын құлпытастарды бір-бірінен асып түсетіндей етіп әсіре сәндеу және осы мақсатта мол шығын жұмсау  шариғатқа қайшы іс болып саналады. Бұл – ысырапшылдық. Мұндай істі шариғатымыз құптамайды. Асыл дініміз ысырапшылдыққа тыйым салады.

Осы ретте мұсылман қауымын қым­бат құлпытастар мен зәулім ескерт­кіш­терге кететін қаражатты жетім мен жесірге, қараусыз қалған қарттарға, кө­мекке мұқтаж отбасыларға, ағайын мен туысқа, үйсіз-күйсіз жүрген жандарға беруге шақырамын. Марқұмға пайда бермейтін сәнді қоршаулар мен мүсін кеуделерге кететін шығынды мұқтаж адамдарға жұмсау әлдеқайда сауапты іс екенін естен шығармағанымыз жөн.

Сонымен қатар құлпытас құрылы­сына жұмсалатын ақшаны білім ошақтарын тұрғызуға, пайдалы кітаптар мен оқулықтар шығаруға, ел игілігі үшін жол мен көпір, мектеп пен балабақша, мешіт пен медресе салуға берген әлде­қайда сауапты әрі пайдалы іс болар еді. Зират көтерудің негізгі мақсаты қайтыс болған марқұмның есімі мен жатқан жерін белгілеу екенін ұмытпаған абзал.

Ал халыққа еңбегі сіңген, қазақ топырағына Ислам дінін таратқан, осы өмірде көпшілікке құлшылығы мен тіршілігі үлгі болған ғалым-ғұла­маларымызға, әулие-абыздары­мызға, әділ билік еткен хандарымызға, халық­тың ертеңі үшін шыбын жанын қиып, шейіт болған батырларымызға кесене тұрғызудың жөні бөлек...

 

Зиярат жасау әдебі

Асыл дініміз Исламда қабірді зиярат жасау сауапты амалдың бірі саналады. Қазақ даласында халқымыздың құрметіне ие болған көптеген абыздар мен әулиелер, данагөй тұлғалар мен ғалым-ғұламалар өткен. Олардың қата­рында Арыстан баб, Ибраһим ата, Қожа Ахмет Ясауи, Әнет пен Әлмерек абыз­дарымыз, Бекет, Есет аталарымыз, Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрімдер бар. Бұл тізімді ары қарай жалғастыра беруге болады. Бұл есімдер халқымызға кеңінен мәлім. Бүгінде осы тұлғаларымызға кесене тұрғызылып, зиярат жасауға барынша жағдай жасалған. Кесенеге барған адамдар аруаққа Құран оқып, дұға жасайды. Алайда осыған қатысты ел арасында дініміз бен дәстүрімізге қайшы келетін келеңсіз жағдайлар жиі орын алып жатқаны да мәлім. Осы ретте барша мұсылман қауымын қабір басын немесе кесене ішін мешітке айналдырмауға, қабір иелеріне табынбауға, қабір басында әзіл әңгімелер мен әдепсіз әрекеттер жасамауға шақырамын. Керісінше, кесенеге дәретпен барып, пайдасыз әрі бос сөздерден арылып, марқұмдарға Құран бағыштағанда аятты сауатты оқып, дұрыс дұға жасасақ, бұл ісіміз әлдеқайда пайдалы һәм сауапты іс болады.

Біз еліміздің әр өңіріндегі зират көтерудің, қабірге зиярат жасау мен аруақ құрметтеудің әркелкі салт-жо­­рал­ғыларының көрініс тапқанын ескеріп, зират пен зиярат мәдениетінің баршаға ортақ үлгісін барлық аймақта қалыптастыру мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан халыққа діни-салттық қызмет көрсететін «Қамқор-шарапат» орталығын ашу туралы шешім қабылдадық. Бүгінде аталған ор­талықтың әр облыста өз өкілдігі ашы­­лып, халыққа қызмет көрсете бас­та­ды. Мақсатымыз –елімізде зират көтеру, жерлеу, қабірді зия­рат ету сынды діни рәсімдерді бір жүйеге келтіру, бұл мәселе бойынша халық арасында түсінбеушілік жағдайды болдырмау. Осы ретте дініміз бен дәстүріміздің барша жанашырларын осынау игі ісіміз бен ізгі бастамамызға қолдау білдіріп, үлес қосуға үндеймін. Бірлігімізді білдіріп, татулығымызды танытайық, ағайын!

Алла тағала діни тұтастығымызды нығайтып, халқымыздың ынтымағын арттырғай.  Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти