Қоғам • 05 Мамыр, 2021

Ерте дамытуды қолға алмасақ, «z ұрпақ» өзінше өседі

456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Техника мен технология дамыған заманда ұрпақ тәрбиесі уыстан шығып барады. Бұл шын мәнінде болашағын ойлаған ел үшін ұлттық мәселеге айналуы тиіс. Әлбетте сезімімізге әрдайым уәж табылар, өйткені аталған түйткіл Қазақстанды ғана толғандырмайды. Дамыған елдер де осы жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Ал мұндай тығырықтан бізді не алып шығады?

Ерте дамытуды қолға алмасақ, «z ұрпақ» өзінше өседі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отыры­сында: «...Мектепке дейінгі ұйым­дарға кезек мәселесі де шешіл­ген жоқ. 1 жастан 3 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсет­кіші төмен, небәрі 48 пайызды құрайды. Үкіметке әкімдермен бірге осы мәселелерді шешудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Онда балаларды ерте дамыту жүйесін құру, мектепке дейінгі білім берудің баламалы түрлері, ваучерлік жүйе және басқа да мәселелер кіруі керек», деген еді.

Президент тапсырмасы орын­далар-ау. Содан балалар балабақ­шаға ерте жастан баруға көбірек мүмкіндік алатын да шығар. Бірақ бізді, нақтырақ айтқанда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының педагогі ретінде мені бала­лардың тәрбиесі, дұрыс дамуы алаңдатады. Елімізде тәр­биешілердің басым бөлігі 3 пен 6 жастағы балалармен жұмыс істеуге дағдыланған. Ал 1,5-2 жастағы балдырғандарды тәр­биелеу мен дамытудың өз ерек­шелігі бар. Демек соған сай бағ­дарлама, әдіс, технология, жұмыс қажет. Бұл бізде бар ма?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы «Төртінші өнер­кәсіп­тік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2019 жыл­дың 1 қыркүйегінен мектепке дейінгі білім беру ісінде бала­лардың ерте дамуы үшін өз бе­тінше оқу машығы мен әлеу­меттік дағдысын дамытатын бағдар­ламалардың бірыңғай стандартын енгізуді тапсырған болатын. Міне, осы тапсырманы орындау мақсатында Білім және ғылым министрлігі Балалардың ерте жастан дамуы үшін олардың әлеуметтік дағдыларын және өз бетінше оқу дағдыларын дамытатын бағдарлама әзірледі. Тәрбиешілерге дәріс оқып, семинар өткізу кезінде аталған бағ­дар­ламадан хабарсыз екенін бай­қаймын. Әлбетте оларға да ренжи алмайсың, себебі 1-2 жастағы балалар қабылдайтын балабақшалар көп болмағандықтан, құжаттың қолданылу аясы кеңейген жоқ. Сөзден іске көшетін кез келді. Бұл үшін, әрине балалар балабақшаға ерте жастан баруы керек. 

Жаңартылған білім бағдар­ламасының басым бағыттары – жаңа буынды қандай тәрбиенің үлгісімен дамыту керектігін білуге болатын жақсы нұсқаулық. Мәселен, күнделікті практиканы ойға алайықшы. Смартфонға байланған баланы алақандай ғана техниканың ішінен алып шығу қиын. Тыйымды түсінбейтін сәбилердің қолынан телефонды алып қойсақ, жылайды. Өйткені ол ішкі қажеттіліктерін сол смартфон арқылы қана­ғат­тандырады. Сондықтан да оған тәуелділік пайда болады. Көп ата-ана, жалпы ересек қауым байқай бермейтін бір нәрсе бар, бала өзін, сондай-ақ өзі тыңдай алатын адамды қалайды. Қуыршаққа, пони немесе өрмекші адамға әңгімесін айта­ды. Болмаса фотолар, бейнелер арқылы қалағанын тауып алып, смартфондағы «жасанды адам­дарды» тыңдайды. Сәбиді қана­ғаттандыратыны және оған ұнайтыны – ойыншық та, экран­ның арғы жағындағы жасанды адамдар да оның қателігін түзет­пейтіні, тыйып тастамай­тыны. Жаңартылған білім бағ­дарламасы бойынша тәрбиеші алдындағы тәрбиеленушіні қате сөйлесе де соңына дейін тыңдап, соңында ғана оны түзетуі тиіс. Бала неғұрлым қарым-қатынасқа жиі түсіп, ойын мейлінше көбірек жеткізсе, ол соғұрлым тезірек ортаға бейімделеді, смартфонмен оқшауланбайды.

Бірақ балалар бәрібір теле­фонға ұмтылады. Осы ретте жаңа ұрпақты қазақ тілінде, ұлттық құндылықтармен қызықтыра оты­рып тәрбиелеу үшін педагог­тар мен режиссерлер, аниматорлар бірге жұмыс істеуі керек. Ерте дамытуды ертерек қолға алмасақ, «z ұрпақ» өзінше өседі. Бұл болашаққа қауіп төндіруі мүмкін. Сол үшін әзірден әрекет етуге тиіспіз. 

 

Гүлзат ДОСЫМОВА,

№32 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының әдіскері

 

ҚЫЗЫЛОРДА

 

Соңғы жаңалықтар