Руханият • 06 Мамыр, 2021

«Алла» деген жазуы бар жұмыртқа

1537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Жымпиты ауылында тылсым оқиға орын алды. Қарасу шағын ауданында тұратын Нұрғазы Қыстаубаев ауласындағы тауық жұ­мыртқаларының бірінен араб тілін­дегі «Алла» деген жазуды бай­қаған.

«Алла» деген жазуы бар жұмыртқа

Нұрғазы Қыстаубаев – жастығын Алланың кәләмін танып, дінге қызмет етуге арнаған тұрғыласымыздың бірі. Ол бүгінде аудандық мешітте қызмет етіп, жамағатқа Құран үйре­теді. Жұмыртқадағы жазу жайлы:

– Алланың бар екеніне дәлел іздеудің қажеті жоқ. Түсінген, білген адам айналаның бәрінен, тіпті өзінен де Алланың бар екеніне анық дәлел табады.

Біз байлық іздеу, мансап қуу, ғайбат айту үшін келдік пе жер бетіне? Жоқ! Алла тағала Құранда Зәрият сүресінің 56-аятында «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшылық ету үшін жараттым!» дейді ғой. Не үшін жаратылғанымызды ұмыта бастадық. Жұмыртқадан жазу көр­ген­де таңғалған жоқпын. Бұны Ұлы Жаратушының өзін еске алуды, ойлауды, өзінен қорқуды ұмытқан қауымға жіберген ескертуі деп ойлаймын, – дейді Нұрғазы ұстаз.

Жұмыртқаның суретін біз де көрдік. Тұқымның сыртынан الله деген сөз анық оқылады. «Шеберді шебер дегенше, Алланы шебер де­сейші, Қар жаудырып, қыс қылған, Жұмыртқаны құс қылған», дегендей, жұмыртқаға бедер салса да, одан құс шығарса да Раббымыздың өз еркі. Десек те Рамазан айында осындай анық белгілердің елге көрінуін бір жағынан жақсылықтың, бір жағынан ұстаз айтқандай ескертудің нышаны деп қабылдадық.

Мұндай жағдай Сырымда бірінші рет болып тұрған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл ауылында бір бүйірінде «Алла», бір бүйірінде «Мұхаммед» деген жазуы бар қозы туған болатын.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

 

Сырым ауданы