Қазақстан • 07 Мамыр, 2021

Қарулы Күштеріміз осылай құрылған

304 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мен Кеңес армиясының соңғы Бүкілодақтық офицерлер жиналысының қатысушысы болдым. Ол кезде қиын да қауіпті жағдай туындады: Кеңес Одағы жоқ, бірақ Кеңес әскері бар. Бұл жиында бұдан әрі не болатынын ешкім нақты айта алмады. Ядролық қаруы бар әскерді кім басқаратыны белгісіз еді. КСРО-ның соңғы Қорғаныс министрі Е.Шапошников тығырыққа тірелді.

Қарулы Күштеріміз осылай құрылған

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жиналысқа қатысушылар кө­кейкесті мәселелердің шешімін таба алмай, ТМД елдерінің пре­зиденттерінен қалыптасқан жағ­дай бойынша түсініктеме беруді талап етті. Кремльдегі съездер сарайында біз, бес мың генерал мен полковник жиналып, оларды ұзақ күттік. Кеңес Әскері мен оның қа­ру-жарағын не күтіп тұрғанын бі­лу бәріміз үшін өте маңызды болды.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғына арналған «Тарих қалай жасалды?» арнайы тележобасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен барып жағдайды түсіндіріп, оларды тыныштыққа шақыру керек деп айттым», деген сөздерін еске алды. Украина Президенті: «Жоқ, бармаймын», деді. Жағдай қиындай бастады. Н. Назарбаев пен Б. Ельцин Сарайға келгенде залдың іші әскери адамдарға толы еді. Пре­зи­диумда үш адам отырды. Е.Ша­пош­ников жиналысты жалғас­ты­руға тырысты, бірақ оны ешкім тың­дамады. Соңында ол президиумнан шығып кетті.

Тек көп жыл өткен соң ғана оның дәрменсіздігін түсінуге болатын еді. Қорғаныс министрі генералдарын тастап, залдан шығып кетті. Сол кезде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы оны қуып жетіп, орнына қайтарды. Барлығы Борис Ельцин сөз сөйлейді деп күтті. Алайда мінберге Нұрсұлтан Назарбаев көтеріліп, дәлелді сөз сөйлеп, егжей-тегжейлі түсініктеме берді. Сонда мен Елбасыны алғаш рет көрдім. Мені ерекше қуаныш сезімі баурап алды. Туындаған жағдайды қайта зерделей отырып, біз оның өте қауіпті болғанын түсінеміз: ядролық қару – иесіз, әскер – Бас қолбасшысыз қалған еді. Менің ойымша, сол кезде бүкіл әлем дүр сілкінді.

Жаңа мемлекет құру және реформалар жүргізу үшін сенімді әскери жүйе қалыптастыру қажет болды. Сондықтан, тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекет ма­ңызды міндеттердің бірі ретінде елдің егемендігін, аумақтық тұ­тастығын, халқымыздың бейбіт және тыныш өмірін сенімді қор­ғауға қабілетті әскер құруға ерекше назар аударды. Бұл бағыт әр­да­йым Елбасының ерекше назарында болды.

Мен сол уақыттағы қиыншы­лықтардың барлығын тізіп айт­пасам да, сөзім дәйекті болуы үшін олардың бірнешеуін атап өтейін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рында әскери басшылықтың көптеген өкілі Қазақстаннан өздерінің тарихи Отанына кет­ті, ал кәсіби білікті мамандарымыз арамызда аз қалды. Мен Түрікменстандағы әскери қыз­ме­тімде жүргенімде бірнеше рет өз Отаныма ауысуды өтіндім, бірақ маған лауазым табылмады. Ақыры, бағымызға орай, ата-бабаларымыз армандаған тәуел­сіздікке қол жеткіздік. Сол кезде Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Отанынан жырақта жүрген қазақ әскерилерін шұғыл жинау туралы тапсырма берді. Соның арқасында мен 1992 жылы Қазақстанға оралдым.

Қазақстанның дербес әскерін құру жылдары өте күрделі кезең болды. 1992 жылғы 8 мамырда маған қоңырау шалынып, Алматыдағы резиденцияға шұ­ғыл шақырту алдым. Мен ол кезде корпус командирі едім, рези­денцияға келсем, сол жерге С.Нұр­мағамбетов менен бұрын жеткен екен. «Сіздің бұйрығыңыз бойынша келіп жеттім» деп баяндадым. Біз мұнда Президенттің бұйрығы бойынша шақырылдық деді ол. Біз не болып жатқанын түсінбей, елу минуттай күтіп отырдық. Бір сағаттан кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы шығып: «Енді ТМД-ның біріккен ортақ әскері жоқ. Ресей Президенті Борис Ельцин Ресей Қарулы Күштерін құру туралы Жарлыққа қол қойды», деді. Содан кейін Қазақстан Пре­зиденті біздің көз алдымызда «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы сәттен бастап Кеңес Одағының орасан зор әскері құрдымға кетті және өз әскеріміздің тарихы басталды.

Елбасы Қазақстан Респуб-
­ликасының Қорғаныс министрі етіп Сағадат Нұр­ма­ғам­бетовті тағайындады және оған генерал-полковник атағын берді. Қа­зақстанда қорғаныс сала­сы­ның құқықтық негізі қа­ланды. Со­ны­мен қатар әскери сала­да жедел шешуді талап ететін көптеген өзекті мәселе болды. Ыдыраған КСРО құрамынан өз әскерлерімізді шығару және Қа­зақстанның юрисдикция­сына ауыстыру жағдайында әскер­лердің жауынгерлік әзірлігін төмен­детуге жол бермей, қару-жарақтың, әскери техниканың, материалдық құралдар мен база­лардың сақталуын қамтамасыз ету міндеті өткір тұрды.

Әуелі мен корпус командирі болып тағайындалдым. Арада біраз уақыттан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының бірінші Қорғаныс министрі Са­ғадат Нұрмағамбетов әбден то­зығы жетіп тұрған Әскери әуе күш­терін басқаруды ұсынды. Саға­дат Қожахметұлының ұсы­ны­сынан мен бірнеше рет бас тарт­тым, бірақ кейін Елбасының өзі шақырып алып, осы жауапты жұмысты маған жүктеді.

Дербес әскери құрылыс тә­жірибесінің жоқтығына және өтпелі кезеңнің қиындығына қа­ра­мастан, Жо­ғарғы Бас қол­бас­шының тікелей басшылығымен біз қысқа мер­зім ішінде өзіміздің Қарулы Күш­терімізді құра алдық. Бұл – тәуел­сіздік шежіресіне жазылған тарихи ақиқат.

 

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,

мемлекеттік және әскери қайраткер, Халық Қаһарманы, армия генералы

 

«ҚазАқпарат» ХАА» АҚ «Тәуелсіздік туралы 100 әң­гіме» жобасынан алынды.