Қазақстан • 07 Мамыр, 2021

Ерлік пен патриотизм мектебі

577 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан өзінің Қарулы күштерін уақыт талабына сай құра білді. Тәуелсіздік жылдарында Қарулы күштеріміз айбынымызды асырып, қарым-қабілетімізді әлемге көрсетіп келеді. Ал мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығын сақтауда – Ұлттық ұланның атқарып келе жатқан міндеті зор.

Ерлік пен патриотизм мектебі

Егемендік Декларациясы жариялан­ғаннан кейін, небәрі 26 күннен соң, Пре­зидент Жарлығымен Ішкі істер ми­­нистр­лігінің Ішкі әскері, бүгінгі Ұлт­тық ұлан құрылды. 29 жыл бойы ұлан­дық әскери қызметшілер абыроймен еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде құқық­тық тәртіп әскері уақыт талабына сай да­мып келеді. 2014 жылдың 21 сәуірі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жар­лығымен ІІМ Ішкі әскерінің заңды мұра­геріне «Ұлттық ұлан» мәртебесін берді.

Ұлттық ұлан жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқа­руда. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін және қоғам құндылықтарын, территория тұтастығын, мемлекет мүд­десін қорғауда қырағылықтың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Әскердің әлеуетін арттыру мақсатында Елбасы Жарлы­ғы­мен 2015 жылдың 10 қаңтарында «Қа­зақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» заң қабылданды. Онда әскерге жаңа міндеттер жүктелді. Жалпы тәуелсіздік жылдары офицерлер корпусы, келісімшарт бойынша әскери қыз­метшілер, мерзімді қызметтегі сарбаздар халықтың мүддесі үшін кез келген міндетті орындай алатынын дәлелдеді.

Ұлттық ұлан Ішкі істер органдары­ның бірыңғай жүйесіне кіреді және жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етуге, адамның және азаматтың құқықтары мен бостан­дық­тарын қылмыстық және өзге де қол сұғушылықтан қорғауға арналған. Қа­­л­ып­тасу, құрылу, даму кезеңінде біз ішкі істер органдарымен және елдің басқа да күштік құрылымдарымен бірлесіп, қоғамымыздың тұрақтылығы мен өркен­деуін қамтамасыз етіп келеміз.

1

Әскеріміз пандемия кезінде де өз міндетін толық атқаруда. Елдің орта­лық, шығыс және оңтүстік аймақтарын­да болған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысты. Әскери қызметшілер Шығыс Қазақстан облысы Байдәулет орманшылығының аумағында ауданы 750 га орман өртіне қарсы күреске тартылды. Түрлі төтенше жағдайларды жоюға барлығы 5 мыңнан астам әскери қызметші мен 516 бірлік техника жұ­мылдырылды. Біздің жауынгерлер боран мен көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен адамдарға көмекке келді. Қар құрсауынан 326 адам мен 112 бірлік техника эвакуацияланды.

Өткен жылы бөлімшелер Жамбыл облысындағы Қордай ауданындағы оқи­ғаларды оқшаулауға қатысты. Сондай-ақ алғашқылардың бірі болып Түркістан облысының Мақтаарал ауданына барып, су тасқынынан зардап шеккен халықтың мүлкін тасымалдау бойынша апаттық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Бұдан бөлек, біздің Радиациялық, химия­лық және биологиялық қорғау (РХБҚ) бөлімшелеріміз карантиндік іс-шаралар кезінде еліміздің тоғыз елді мекенінің аумағындағы тұрғын үй алқаптарын, саябақтарды, балалар алаңдарын, жалпы ауданы 900 мың шаршы метрден асатын аумақты залалсыздандырды.

Өкінішке қарай, пандемиямен күрес кезінде біз үш бірдей әскери қызмет­шімізден айырылып қалдық. Олардың ел үшін еткен ерен еңбектері ескерусіз емес. Үшеуі де қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік марапаттармен наградталды. Атап айтсақ, Мемлекет бас­шы­сының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары болған генерал-майор Мұхаметқали Сатов, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5 510 әскери бөлімі медицина қызметінің бастығы, медицина қызметінің майоры Маратхан Ардан, 28 237 әскери бөлімінің медициналық қызмет бастығы, капитан Бегалидин Алашбаев «Құрмет» орденімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ұланның елордалық құра­масына барған алғаш сапарында Ұлттық ұланды нағыз ерлік пен патриотизм мектебі деп атады. Шындығында, Ұлттық ұлан патриотизм мектебіне айналып отыр.

Армия әскери дәстүрлерден тұрады. Бауыржан Момышұлы асыл тәрбие алған адам жауынгерлік қасиеттердің негізін – адалдықты, тәртіпті игереді деп сенді. Сондықтан жеке құрамды оқы­ту барысында қазақ халқының өткені­нен жеткен барлық жақсылықты, ха­лық даналығының алтын қазынасын кеңі­нен пайдаланамыз. Жастарды асыл дәстүр­лермен тәрбиелеу керек, өйткені дәстүр – бұл өткеннің өлі жәдігері емес, қазіргі және болашақ ұлы күрестер үшін бұрын жасалған және қайралған күшті қару.

Біз жауынгерлік қызметтің озық үлгі­лерін, ұрпақтар сабақтастығын, Отан­ға деген қалтқысыз қызметтің маңы­зын терең түсінеміз. Бұл халықтық құн­ды­лық­тарды дәріптеп, насихаттау­да өнер саласының мүмкіндіктерін ке­ңінен қол­данамыз. Халық пен әскер ара­сындағы алтын көпір Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің өнерпаздары болып отыр. Шығармашылық ұжым тек ел­ордалық гарнизонда өнер көрсетпейді. Пан­демияға дейін біз өткен жылдары барша Қазақстан бойынша 80-ге жуық концерттік іс-шара ұйымдастырып, алыс ауылдарда өнер көрсеттік.

Жеке құрамды тәрбиелеу – өте күр­делі міндет. Жас жігіт әскерде үлкен өмір мектебінен өтеді. Командирлер мен тәлім­герлерден тәрбие алады. Бірақ тәр­бие­нің негізі, өмірлік ұстанымдары отбасында және қоғамда, қоршаған орта­да қалыптасатынын ұмытпауымыз ке­рек. Дегенмен, бір жыл ішінде әскерге шақы­рылушыға жауынгерге тән қасиеттер­ді, яғни, ерік-жігерді үйретуге, әскери-қол­­дан­балы дағдыларды үйретуге мін­деттіміз.

Біз үшін, аға буынның ізбасарларын даярлау өте маңызды. Сондықтан Ұлттық ұланның жас офицерлер корпусының кәсіби әлеуеті мен сапасы жақсарып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Офицердің туабітті қасиеттері қызметтік талаптарға қайшы келмеуін болдырмау үшін біз кадрларды мұқият зерттейміз. Олардың неге бейім екенін, кімді қандай қызметке бағыттауға болатынын анықтау үшін мұқият зерттейміз. Бірнеше жыл бұрын командаға кім келетінін және аналитикалық жұмысқа кім бейім екенін анықтаймыз.

Ұлттық ұлан қатарында Халық Қаһар­маны, полковник Қайрат Үмбетов қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз, бүгінде ол – «Батыс» өңірлік қолбасшылығында штаб бастығы. Батырдың өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбазды жарылған граната­дан құтқарғанын ел тұрғындары жақсы біледі. ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған Жандос Баян­баевтың ерлігін де жауынгерлер мақтан тұтады. Осын­дай орденнің иегері Ербол Отарбаев ерлігінің шынайы желісімен «Алтыншы бекет» көркем фильмі түсі­рілген. Ақтө­беде қылмыскерлермен ұрыс кезінде жараланған сарбаздар бү­гін келісімшарт бойынша қызмет етеді, біреуі офицер болды. Әскерде қаза тап­қан әскери жол­дастардың отбасыларына қолдау көрсе­тіледі. Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан 17 сарбаздың ерлігі ұмытылмайды. Жауынгерлер ерліктерінің оқи­ға желісімен жарық көрген «Қазбат» фильмі – осы та­қы­рыптағы ең жақсы кар­тиналардың бірі. Осылайша жас ұрпақ ел қорғаған соғыс ардагерлері мен бейбіт күннің батыр­ларының ерліктері үлгісінде тәр­бие­лену үстінде. Бәсекеге қабілетті, кәсі­би даярланған, өз елінің жалынды қорғау­шы­ларын әзірлеу – біздің асыл парызымыз.

 

Әлібек СЕРӘЛИЕВ,

Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор