Өңір басшысы тілсіз жаудан зардап шеккен Риддер тұрғындарымен кездесті. Өз сөзінде ол тамыз айының соңына дейін баспанасыз қалғандардың әрқайсысына жаңа үйдің кілті берілетіндігін жеткізді. Бес құрылыс компаниясы Ботаника ықшамауданында жеті үйден тұрғызады.
Қазір оқиға орнында комиссия мүшелері жұмыс істеуде. Олар нақты келтірілген материалдық залал мөлшерін есептеп, азаматтарға құжаттарын қалпына келтіруге септігін тигізеді.
«Бұзылған үйлерді қалпына келтірмейміз. Үйінен айырылған әр адамға 80 шаршы метрлік баспана беріледі. Әуелде құрылысы аяқталмаған 9 қабатты тұрғын үйді сатып алу жоспарланған болатын. Алайда 1996 жылғы үйдің іші әрленбеген әрі қажетті коммуникация тартылмаған. Оның иесі шаршы метрі үшін 179 мың теңге сұрап отыр. Ал жеке сектордағы жаңа үйдің шаршы метрінің құны – 160 мың теңге. Бұл бюджет қаржысына да үнем болады. Үйлер тұрғындарға еш ақысыз беріледі», деді Даниал Ахметов.
Қазіргі кезде сәулетшілер 35 үй аумағын бөлуде, сосын бірден құрылыс жұмыстары басталмақ.