Қазақстан • 12 Мамыр, 2021

Қарулы Күштерде жеке құрамның 80 пайыздан астамы екпе алды

278 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрлігіндегі аппарат кеңесінде өткен апта қорытындыланып, әскердің қазіргі тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарулы Күштерде жеке құрамның 80 пайыздан астамы екпе алды

Аталған кеңесте мерекелік күндердің өткізілуі туралы баяндалды. Бұл күндері қырағылық пен жауынгерлік әзірлікті қолдау, кезекші күштердің үздіксіз қызмет атқаруы қамтамасыз етіліп, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету жөніндегі шаралар ұйымдастырылды.

Биыл 1 маусымда басталатын жазғы оқу-жаттығу кезеңіне дайындық мәселелері қаралды. Бұл ретте әскерлерде командалық құрам нұсқау беру-әдістемелік сабақтарын, сондай-ақ техниканы, оқу-жаттығу материалдық базасын дайындау мен полигондарды оқ-дәрілер қалдықтарынан тазартуды ұйымдастырды.

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев әскери нысандардың диверсияға қарсы қауіпсіздігінің жай-күйіне назар аударды. Осы мақсатта ол күзет пен бейнебақылау техникалық құралдарының тұрақты жұмыс істеуін, бөгеттердің жарамдылығын қамтамасыз етуді тапсырды. Жабдық істен шыққан жағдайда команда бойынша дереу баяндауға және ақаулықтарды жою жөнінде шаралар қабылдауға, ал объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қарулы ұтқыр топтар мен кезекші күштерді тез арада жұмылдыруға тиіс.

Бұдан өзге, лауазымды тұлғаларға жеке автокөліктерді әскери нысандар аумағына кіргізуге тыйым салу туралы басшылық бұйрықтары мен нұсқаулықтарының талаптары ескертілді. Бұл ереже мәртебесіне, лауазымдық жағдайына және қандай да бір құрылымдарға тиесілігіне қарамастан, мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен қорғаныс министрінің өзіне де қатысты.

Бұл тәртіпті қамтамасыз етуге, диверсияға қарсы қорғаныс және жеке тұлғалардың заңға қарсы әрекеттерін алуға қажет.

Қорғаныс ведомствосының басшысы Қарулы Күштердің қажеттіліктері үшін іске асырылатын мемлекеттік сатып алуды өткізуге жеке тоқталды. Бұрын жауапсыз өнім берушілер деп танылған субъектілердің конкурстарға «өтініш беру» жағдайлары жиі кездесетіні атап өтілді. Әсіресе армияны қару-жарақпен жабдықтау және әскери инфрақұрылым объектілерін пайдалануды қамтамасыз ету сияқты маңызды салаларда бұған жол беруге болмайды. Аталған мәселені, қорғаныс министрі әскери техниканы сатып алуды ұйымдастыру жөніндегі уәкілетті орган болып табылатын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен жан-жақты пысықтауды тапсырды.

Бас әскери-медициналық басқарманың бастығы COVID-19 індетін жұқтырғандар санының азайып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда өткен аптада сырқаттану 39 пайызға төмендегені байқалды. Мұндай көрсеткіш жеке құрамды вакцинациялаудың нәтижесімен байланысты. 11 мамырдағы жағдайы бойынша әскери қызметшілер мен азаматтық персонал өкілдерінің 80%-дан астамы коронавирусқа қарсы екпе алды. Оның үстіне, қалған 20 пайызы – қазіргі уақытта демалыста, ұзақ іссапарда жүргендер, сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдар.