– Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа үлгі көрсету, сол арқылы оларға азаматтық, патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ саламатты әрі белсенді өмір салтын насихаттау, – деді акцияны ұйымдастырған облыстық мәслихаттың депутаты Бауыржан Тибеев.
Депутаттар саябақ алаңында шағын қайырымдылық шарасын өткізіп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларда тәрбиеленіп жатқан бірнеше балаға велосипед тарту етті.
– Осыдан бір-екі күн бұрын қалалық білім бөлімінің маманы қоңырау шалып, бізді Тәуелсіздіктің 25 жылдығы атындағы саябақта тосын сый күтіп тұрғанын хабарлап, 10 мамыр күні осында келуімізді сұрады. Қызым бұл сәтті тағатсыздана күтті. Сөйтсек, тосын сый өзіміз көптен бері арман етіп келе жатқан велосипед екен. Қызымның қуанышында шек жоқ, сыйлық ұнады. Осындай шуақты шараны ұйымдастырушыларға аналық алғысымды айтқым келеді. Бәріңізді биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен құттықтаймын! – деді көпбалалы ана Қымбат Омарова.
Қайырымдылық шарасынан кейін депутаттар саябақтың кіреберісіне жақын жерден арнайы бөлінген алаңқайға жасыл шырша көшеттерін отырғызды. «Біз жастардың назарын экологиялық мәселелерге аударып, қаламызды таза ұстауға шақырғымыз келеді. Енді бұл көшеттерді алғашқы екі жыл бойы күн сайын суарып отыру керек. Өйткені шырша бастапқыда жақсы күтімді қажет етеді. Әсіресе күн ыстықта сусыз қалдыруға болмайды. Бұл міндетті бүгін бізбен бірге осы шараға атсалысып жатқан ерікті жастар мен студенттер атқарамыз деп отыр, деді автошеруге қатысқан «Большевичка» фабрикасының директоры Әрсен Жетпісбаев.
Тәуелсіздік саябағына 100 шақты шырша көшетін отырғызған халық қалаулылары қала орталығына дейін тағы 6 шақырым жүріп өтті.
Қостанай облысы