Қоғам • 13 Мамыр, 2021

Мас жүргізуші – қауіпті қылмыскер

957 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мас күйінде көлік жүргізгендерге заң жазаны қатайтқанына қарамастан, «ащы су» ішіп алып, темір тұлпар тізгіндейтіндер айыл жияр емес. Бұған Қостанай облысының тәртіп сақшылары өткізген «Мас жүргізуші – қылмыскер» атты екікүндік алдын алу шарасы дәлел бола алады.

Мас жүргізуші – қауіпті қылмыскер

Осы екі күннің ішінде полиция мас күйінде көлік айдаған 29 жүргізушіні ұстаған. Олардың бәрі заң алдында жауапкершілікке тартылып, үшеуі көлік құралын жүргізу құқығынан айырылды. Облыстық Полиция депар­та­ментінің мәліметінше, жыл басынан бері алкогольді ішімдік ішіп алып көлік жүргізген 286 адам әкімшілік айыппұл арқалаған. Ал Қылмыстық кодекстің 346-бабы бойынша 30 адам рұқсат құжатынсыз және мас күйінде рульге отырғаны үшін қылмыстық жазаға тартылып отыр.

Мысалы, 6 наурызда Қоста­най қаласындағы Абай көшесі­нің бойында тәртіп сақшылары көлік жүргізу құқығы жоқтығы­на қарамастан, ішімдікке сылқия тойып алып, «Ваз 2107» маркалы көлігін жүргізіп келе жат­қан азаматты тоқтатқан. Кейін сот отырысында өз кінәсін то­лық мойындаған айыпталушы бұ­рын-соңды жүргізуші куә­лігін мүлде алмағанын айтты. Тараптардың сөзі мен про­ку­рордың қорытындысын тың­дап, істі зерделеп болған соң сот төр­ағасы айыпталушыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы, 6-тар­­мағы бойынша әкімшілік жауап­кершілікке тарту және 20 тәу­лікке қамауға алу туралы үкім шы­ғарды.

Қолымызға тиген сот қаулы­ла­рының көбі мазмұны жағынан бір-біріне ұқсас болып келеді. Мәселен, наурыз айында Қоста­найдағы «Юбилейный» шағын ауданында тәртіп сақшылары тоқ­татқан «Lada 21705» маркалы автокөлігінің жүргізушісі де көлік тізгінінде мас күйінде отырған. Әкімшілік хаттамада айыпталушының мас күйінде көлік жүргізгені баяндалып, оны дәлелдейтін медициналық куәландырудың қорытындысы тіркелген. Сот отырысында кінә­сін мойнына алып, көлікке қалай отырғанын, полиция қай жерде тоқтатқанына дейін тәпіштеп айтып берген айыпталушыны сот кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамауға алу және жеті жыл мер­зімге жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарды.

Жол сақшыларының айтуын­ша, былтыр облыс аумағында мас күйінде көлік жүргізген 1285 жүр­гізуші ұсталыпты.

– Былтыр «ащы су» ұрттап алып көлік құралын жүргізгені үшін 1213 адам сот үкімімен жүр­­гізуші куәліктерінен айырыл­ды. 1049 жүргізушіге қамау түріндегі жаза қолданылды. Сонымен қа­тар көлік жүргізуге құқық бе­ретін куәлігі жоқ бола тұра, мас кү­йінде автокөлік айдаған 72 адам 20-30 тәулікке жабыл­ды. Ал айып тұрағына 547 авто­кө­лік қойылды. Былтыр облыс бо­йынша 3101 жол-көлік оқи­ға­сы тіркелсе, соның ішінде 22 жүр­­гізушінің мас күйінде кө­­лік басқарғаны анықталды. Олар­дың кінәсінен 2 адам көз жұ­мып, 62 жолаушы әртүрлі дәре­жедегі дене жарақаттарын алды. Былтыр облыс жолдарында тіркелген 244 жол апатынан 37 адам өмірмен қоштасып, 319 жолаушы жарақаттанды. Жол апатының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің көлік жыл­­­дам­дығын шамадан тыс асырып жіберуі, – деді облыстық ПД әкім­шілік полиция басқарма­сының бастығы Андрей Григо­рев­ский. Оның айтуынша, соң­ғы екі жыл ішінде тәртіп сақшылары облыс жолдарындағы қылмыстың алдын алу шаралары мен патрульдік бақылауды күшейткен. Мәселен, таяуда бас­талған «Мас жүргізуші – қыл­мыскер» акциясы биыл жарты жыл бойы жалғасатын болады.

Естеріңізде болса, былтыр қаң­­­тар айынан бастап Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодекске мас күйде көлік айда­ған жүр­гізушілерге қатысты қол­да­ны­латын жазаны қатайту тура­лы өзгеріс енгізілді. Қазіргі заң бо­йынша ішімдік ішіп алып кө­лік тізгініне отырған адам қа­уіп­ті қылмыскер деп танылып, 7 жыл­ға жүргізуші куәлігінен айы­ры­лады. Сондай-ақ мұндай жүргізу­шілерге кем дегенде 5 тәу­лікке қа­мауға алу түріндегі әкім­шілік жаза қарастырылған.

 

Қостанай облысы