Тарих • 13 Мамыр, 2021

Дон зиратынан топырақ бұйырған тұлға

647 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі бастамасы өте маңызды. Өйткені халқымыздың елім, жерім деген бетке ұстар тұлғаларының өміріне балта шабылды. Сол жазықсыз жандардың біразының тағдыры туралы әлі де толық айтылмай келеді. Ақталса да жұртқа беймәлім болып қалған асыл азаматтар қаншама. Солардың қатарында Әшірбек Үсеновті де атауға болады.

Дон зиратынан топырақ бұйырған тұлға

Қолымыздағы Алматы қаласы ішкі істер департаменті архивінің мәлімет­теріне сүйенсек, Әшірбек Үсенов 1907 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Шым­кент қаласына қарасты Қатынкөпір елді мекенінде дүниеге келген. «Ағаға қарап іні өсер» демекші, белгілі қоғам қайрат­кері, журналист Сейілбектің ағалық қам­қор­лығына бөленген, өз мамандығын соның арқасында дұрыс таңдаған Әшір­бек алдымен 1925-1929 жылдарда Сыр­дария округтік Қазақ педагогикалық техникумын ойдағыдай бітіріп, қазақ-өзбек мектептерінің І санатты мұғалімі біліктілігіне ие болады. Білімнен қуатты күштің жоқтығын  түйсінген балаң жігіт мұнымен тоқтап қалмай, 1929 жыл­дың қыркүйегі мен 1932 жылдың шіл­десі аралығында Алматыдағы Қазақ педа­гогикалық институтының тіл-әдебиет бө­лімінде үздіктер қатарында тәмамдап шығады.  Сондай-ақ  Ә.Үсеновке берілген куәлікте оған белгілі бір аймақта 3 жыл мерзімде тұрақты жұмыс атқару міндет­телетіндігі жазылған.

Осылайша еңбекке ерте араласқан жас та албырт Әшірбек өзінің іскерлігі мен жауапкершілігінің арқасында көзге тез ілігіп, қай жұмыста болсын айтарлықтай та­бысқа қол жеткізген. 1931 жылы VII ша­­­қы­­рылымдағы Алматы қалалық кеңесі жұ­мысшы комитетінің мүшелігіне қабыл­данып, қаладағы кез келген ұйым мен мекемеге рұқсатсыз кіру құқығын ал­ған. Ол 1936 жылы 19 қаңтарда КСРО Жазу­шылар Одағының мүшесі болып қабылданған (№875 куәлік).

Әшірбек кеңестік кезеңдегі латын әліпбиіне көшу барысында арнайы оқулық дайындап, аға буынның ілтипатына ие болған. Осы орайда біз қазіргі латын әліпбиіне көшу барысында  Ә.Үсенов сынды зиялыларымыздың оқулық да­йын­даудағы тәжірибесін елеусіз қал­дыр­мағанымыз жөн. Өйткені олар латын әріптерін мейлінше ыңғайлап, жаңашыл әдіс-тәсілдерді де кеңінен қолданып отыр­ған. Айталық,  Т.Шонанов та, Ә.Үсе­нов те жіңішкелік белгісін Ы дыбысы орнына қолданса, Q дыбысын Қ, С дыбысын Ш, R дыбысын Р, J дыбысын И дыбысы ретінде белгілегенді қолай көріпті.

Оқулықта ұлттық төл сөздерімізге барынша басымдық берген автор «Сиыр», «Сағат», «Үй», «Оқуда», «Жеміс», «Гауһар» секілді тілге оралымды оңай мәтін­дер­мен қатар, үлкендердің саяси сауатын, өре-деңгейін көтеруге де ұмтылып, «Қарсақпай», «Балам Қызыл әскер», «Екпінді колхозшылар съезі», «Паровоз», «Мектепте», «Ұлы еңбек», «Лениннен үйренейік», «Халықтар достығы» т.б секілді кеңестік кезеңде өзекті болған сая­си тақырыптарға, мәтіндерге ден қойып қана қоймай, шағын әңгіме, өлең­дерге де көп орын берген. Әсіресе, өз оқу­шы­ларының бұл оқулықты жатсын­бауы үшін халқымыздың тұрмыс-тірші­лігіне әбден сіңісті болған байырғы төл сөз­дерімізді орынды келтіріп, халыққа қара танытуда ұтымды пайдалана білген. Мәселен, автор қозы, дала, мақта, ұста, балық, қала, кен, жеміс, оқуда, саяхат секілді бұрыннан сіңісті сөздермен бірге жаңа дәуірдегі пойыз, зауыт ұғымдарын да ел санасына сіңіруге күш салған. Сол себепті де кеңестік кезеңдегі латын әліпбиіне көшу елді индустрияландыру мен жаңғыртуға өзіндік үлес қосып, жаңа әліппе арқылы білім сапасын жаңа биікке көтерді деуге болатын сияқты. Олай болса, Қазақстан Оқу Халық Комиссариаты бекіткен Ә.Үсенов «Әліппесінің», бұл еңбекті редакциялауға атсалысқан Т.Берденов, С.Үкенов, Р.Момыновтардың еселі еңбегі бүгінгі зерттеушілер тарапынан зерттеп-зерделеніп, тиісінше бағалануы керек. Бұдан бөлек, Әшірбектің қаламынан туған 9-сыныпқа арналған «Әдебиет хрестоматиясы» да кезінде Халық комиссары Т.Жүргеновтің тарапынан жоғары бағасын алған.

Ә.Үсеновтің рухани мұрасына келер болсақ, ол «Ойлы бала», «Елеулі батыр» секілді шығармаларымен ақын, публицист ретінде белгілі болумен бірге, аудар­ма саласының өркендеуіне де белсене араласып, В.Внуковтың «Соғыс бізге қорқынышты ма?», С.Юшковтың «Жорықта» және «Жаяу әскерлердің тынығуы мен сақтануы», С.Стерлиннің «Соғыс кезіндегі Қызыл Армияға халық немен жәрдем етеді?» шығармаларын және басқа кітаптарды қазақша сөйлетті. Ағартушы-педагог ретінде баспасөзбен тығыз байланыс жасап, «Ауыл мұғалімі» журналында оқу-тәрбие ісіне арналған «Көркем әдебиет сабағының түрлері», «Көркем әдебиет сабағына даярлық», «Көбеев өмірі мен жазушылық қызметі», «Мазмұндама жаз­дыру», т.б. мақалаларын, «Қазақ әдебиеті» басылымында  ««Мек­тепке сапалы оқу құралы керек», «Оқу­шыларымыз әдебиетті сүйіп оқитын болсын!» секілді сыни материалдарын жа­рыққа шығарды.

Ол 1925 жылдың шілдесінде Таш­кенттен Шымкентке көшіп келген сол кездегі ең белді басылым – «Ақ жол» газетінің редакциясында өз ағасы
С.Үсе­нов, сондай-ақ Б.Молдалиев,
Т.Отар­баев, Ә.Байжасаров, Ж.Бар­қиев, жас тілшілер Т.Райымбеков, И.Ырыс­метов, Ә.Сүлейменов сынды­ қалам­гер­лермен бірге өңірдің қоғамдық-саяси өміріне өзінше үн қосып, журналистиканың қыр-сырын таныды, қаламы ұштала түсті. Ал «Ақ жолдың» ең соңғы нөмірі 1926 жылдың 30 наурызында шыққанын назарға алар болсақ, Ә.Үсенов көсемсөздерінің әлі де болса архив қой­маларында шаң басып жатқандығы күмән тудырмайды. Сондықтан да бұл бағытта да ізденіске барып,  қаламгер туын­дыларын  елге танытуымыз керек-ақ.

Архив құжаттарына қарағанда, Әшір­бек Үсенов 1934 жылға дейін әскери қыз­меттен уақытша босатылғанға ұқ­сайды. Әскери билетінде оның 1936 жы­лы 26 сәуірде Алматы қаласындағы Пуш­кин көшесінің 45-үйінің тұрғыны ретінде тіркелгендігі жазылған. Кейін ол «Кеңестік-тоталитарлық жүйеге қарсылық жасап, Қазақ КСР-нің территориясында ұлттық-террористік, диверсиялық-зиянкестік ұйымның белсенді мүшесі ретінде 1935 жылдан бері үздіксіз анти­кеңестік әрекеттерге барды. Т.Жүр­генов, І.Қабылов, Т.Берденов, І.Жансүгіров, Д.Исқақов,
З.Сейітханов, Ә.Қоңыратбаевтармен бірге Кеңес өкіметіне қарсы зиянкестік жасады» деген жалған айыппен абақтыға жабылған. Ал 1938 жылы 8 наурызда КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының хатшысы Батнердің үкімімен алғашында 10 жылға сотталып, оған қоса 5 жылға барлық сая­си құқықтарынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленсе, небәрі 8 айда бұл үкім өзгертіліп, 1938 жылдың 11 қарашасында ату жазасына кесілген.

Әшірбектің не себепті Алматыдан Мәс­кеуге тергеуге жеткізілгені әлі де түсі­ніксіз. Бұл ретте оның тұтқындалғанға дейін Алматыда  ҚазКСР Халық-ағарту комиссариатында әдістемелік сектор басшысының орынбасары қызметін атқарғанын айта кету керек. Сонымен қатар Алматыдағы №12 мектепте мұға­лім­дік қызметте де болған. Қамауға алын­ғанда, 1938 жылы 9 наурызда толтырылған анкетада оның қаладағы Пролетар кө­шесі 29/31-үйде тұрғандығы, жұбайы Х.Үсенованың – 24 жаста, перзенттері – Рабиғаның 6 жаста, Рахима – 5 жаста, Әзімнің 3 жаста, кенжесі Сырымның
1 жаста екендігі жазылған.

Ә.Үсеновтің екінші қызы Рахиманың жұбайы кезінде Алматы қаласындағы МҚК-де полковник шенінде қызмет ат­қарған. Алайда өзінің қайын атасы туралы архив құжаттарын қарай алмағаны қайран қалдырады. Шамасы, оның  әкім­шіл-әміршіл кеңестік цензураның қа­тал сүзгісіне ілігіп қалудан сақтанып, қыз­меттік мүмкіндігін пайдалануға жүрегі дауаламаған болса керек.

Ә.Үсенов 1960 жылы 20 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Соты Әскери колле­гия­сының шешімімен толық ақталды.

 Жазушылығымен, ақындығымен жас та болса жұртына ерте танылған Әшір­бек Үсенов Мәскеудегі Дон зиратына жер­ленген. Оның сол зиратқа қойылған Әлихан Бөкейханов, Нығмет Нұрмақов бас­таған Алаш арыстарының алғашқы легімен бірге атылғандығы анық. «1935-1953 жылдар аралығында атылғандар» кітабына зер салсаңыз, «Казахская ССР» деген құпия тараудағы 2-категорияға енген арыстарымыздың арасында Әшірбек Үсеновтің де аты-жөні тұр. Нақтырақ айтқанда, осынау тізімдегі И. Амандықов, И.Байменов, А.Бекбаев, А.Кучмар,
Б.Джум­баев, А.Мергенбаев, С.Опорин, А.Рещников, Л.Розенберг, В.Седов,
Ф.Чен­цовтармен бірге саяси қуғын-сүргін құрбанына айналған Ә.Үсенов 14-ші болып тізімге ілініпті.

Ә.Үсеновтің қасіретті тағдыры саяси қуғын-сүргін машинасының жан таңда­мағандығын, жалаға құрылған істердің большевиктік билікке шын берілгендерді де шарпығанын көрсетеді.

 

Сейдехан ӘЛІБЕК,

тарих ғылымдарының докторы

ШЫМКЕНТ