Қоғам • 16 Мамыр, 2021

Барымызды бағалай білейік

1858 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам бойында тумысынан не табиға­тынан біте қайнасып жатқан асыл қасиет­тер болады. Бірақ ол арнасынан асып-та­сып жат­қан жоқ, саф алтындай сирек кез­де­седі. Сол қымбат құбылыстардың жиын­тығын ұлт шеңберінде талант түзеді. Тәңі­рі берген талант – адамның жанына біте­тін айрықша алғырлық қана емес, ол тұ­тастай мемлекеттің мақтанышы, халық­тың қазынасы.

Елбасы жүзеге асырған «Жүз жаңа есім»­ жобасы ел ішінде небір өнер тарланда­рын, техниканың тілін меңгерген жас талапкер­лердің есімін әйгілеп келеді. Заман-уақыты ал­дында еңбегі елеулі, көзқарасы бөлек, танымы терең, таңдаулы таланттардың шоғырын қалыптастырды. Жыл сайын дәстүрлі түрде табиғат берген тұмса талант­пен таңғажайып туынды жасауға бейіл, білімі жетік жастар жетіліп келеді. Олардың өз ісіне адалдығын аңдағанда, ұлтқа деген жаңа­шырлығынан таған тартқан қаракетін көр­генде көңілімізді қуаныш кернейді. Бі­регей жобаның нәтижесінде қаншама жас­тың аты-жөні асқақтап, еңбегі жануда. Олар елдің ертеңін, зиялы қауымның жаңа кел­бетін қалыптастыратын буын деп сенеміз.

Талант жеке-дара алғанда ілуде бір кез­десетін кеніш, оны көк болаттай суарып, сары алтындай сүзіп отырмаса, яки ел болып құ­діретіне бойламаса, тот басып кетуі ға­жап емес. Сондықтан дарынды көздің қа­рашы­ғын­­дай, бойтұмардай сақтау қажет. Он­дайда өмір атты ұлы ұстаздан сабақ алып, ақыл атты ше­бер зергердің қамқор қолына барып қонса дейсің.

Әрине, ел тәуелсіздігінің отыз жылдық та­рихында көк туымызды көкке көтерген небір саңлақтарымыз бен өнер майталмандарымыз шықты. Алайда сол тұғырға қонған таланттардың тағдыры қалай өрілді? Олимп шыңын бағындырып, әнұранымызды әлемге тыңдатқан спортшылар бағасын бағамдап, қазақ­тың дауысына, дара үніне төрткүл дүниені бас идірген дүлдүлдерімізді қай дең­гей­де ардақтап жатырмыз? Мұндайда жалған дүние­ден жасындай жарқ етіп өте шыққан Ерік Құрманғалиев, Бекзат Саттарханов сияқ­ты есімдер тізбегі көз алдыңнан өте береді.

Өзін өзі дұрыс игере алмаған, жөнді жү­гендей алмаған жас таланттар басын тауға да соғады, тасқа да соғады. Оны біреулер бас­қа қонған бақытты көтере алмады десе, енді бірі бақастықтың құрбаны болды деп біледі. Тұлабойды кернеген тұмса күш, ағыл-тегіл ыстық қайратты арнайы бір арнаға сал­ғандықтан таланттар кейде тұрмыс-тіршіліктің дағдылы қалыбына сый­май қалуы мүмкін. Табиғат тартқан дара-қасиеттің ұлттың болмыс-бітімімен жым­дастыра алмаса, оған талант қана емес, қау­малаған қауым да кінәлі.

Талантты қазанатқа мінгізетін де, ағаш атқа мінгізетін де халық. Батыр аңғал келеді деген бәтуалы сөз бар. Әдемі әңгіме айтуға ебі жоқ ел сүйінген спортшы сұхбат барысында сөзден сүрінсе, әлеуметтік желіде әжуалау үрдіс алып барады. Бір кездері жапа-тармағай мақ­таған қошеметшіл жұрт жабыла даттауға көшеді. Күштен жығылмаған қазақтың баласы сөзден жығылса, ұлт үшін істеген көл-көсір еңбегін екінші қатарға қоя салатынымыз әбестік емес пе? Дүйім дүние жүзіне ор­тақ саңлақтарымыздың жеке бастарына тән кінәрат-кемшілік болса, бүгіп қалып, неге абы­ройын сақтамасқа. Өйткені жас ұрпаққа оның жа­сығы емес, асылы, кемістігі емес, жетістігі қажет.

Қабілет пен қасиет қатар қонбауы мүм­кін. Арғы-бергінің бәрін бірдей ақыл таразысына салып, дәл безбендеп отыратын салиқалы, көлденең өткінші құбылыстардың қақпақылына қайыспай қарсы тұра алатын салмақты, мақтау-мадақтау атаулыға алданып-арбалып кетпейтін парасатты таланттар сирек кездеседі. Егемен елдің топырағынан ұшқан дарынның бәрі әдебиетке жақын, ата-әженің тәрбиесін көрген, оң-солын таныған, өзге елде өзін еркін ұстай алатын Димаш емес. Мәселен, түркі жұртының ішінде тұңғыш рет атақты Грэмми сыйлығының иегері атанған Иманбек бауырымызды өзге елдің продюсерлері иемденіп кетті. Қарапайым қазақ баласының ерлігіне Еуропа таңдай қақса, Азия әлі сене алар емес. Таяуда танымал телеарналардың белгілі журналистері бағдарламаларына ша­қырып, жиырма жастағы жігітке шымшыма сауалдар тастап, жігерін жасытқанын байқадық. Ал елдің даңқын шығарған сол Иманбекті мемлекет айрықша қарауына алып, терең музыкалық білім берсе, жас жігіттің шығар биігі әлі алда емес пе? Балаң жігіт жазатайым сүрініп кетсе, обалы кімге? Сондықтан өз таланттарын бағалау ғана емес, сақтау да бүгінгі үлкен міндет болса керек.

Дарын – ұлы даламызда бағзы балалардың қанымен үзілмей жеткен даналықтың дәні. Қасиет халықтың құты болса, мемлекет соны сақтайтын сыртқы қауызы емес пе? Ендеше біздің басты байлығымыз арда азаматтарымыз десек, дарынымызды баптай білейік, барымызды сақтай білейік.