Тарих • 16 Мамыр, 2021

Көк түркінің көзі

1294 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл толған даталы мереке қарсаңы, яғни 2001 жылдың мамыр айының 18-жұлдызында елорда төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің үлкен залында Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесін орналастыру салтанаты өтіп, күллі түркі дүниесіне ортақ құнды жәдігердің лентасын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қиған еді. Бұл мәдени-тарихи шара тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиға ретінде ел есінде қалды.

Көк түркінің көзі

Осыдан 20 жыл бұрын Күлтегін жазба ескерткішінің ашылу салтанатында сөз алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз төл өркениетіміздің сілемі терең екеніне, өнегелі екеніне бұрын да қанық болатынбыз, бұрын да білетінбіз, бұрын да көңіліміз жететін. Бүгін баршамыз болып, қатпары қалың болғанмен, оқулығы жұқа көне тарихымыздың куәсімен жүздесіп, тағзым ету бақытына ие болып тұрмыз. Біз бүгін «ел-жұрттың қамын ойлау, халқын асырау» асыл парызы болған Күлтегін бабамыздың ісінен айғақ беретін тарихтың көзімен де, сөзімен де жүздесіп тұрмыз... Міне, тарихта тұңғыш рет Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі жасалып, Еуразияның кіндігі – Қазақстан Республикасының астанасында қойылуында үлкен нысана, мән жатыр. Осының мәнін ой елегінен бір өткізіп көріңдерші. Мұнда тағдырлық жазу жатқан сияқты. Арғы-бергі тарихтағы қайта дәуірлеу, өркендеу кезеңдері осындай оқиғадан өрілетін, арна тартатын. Өмір сүріп отырған ұрпақ өз өткенінің мәнді оқиғаларына, жәдігерліктеріне байсалды көзқараспен қараса, кешегі мен қазіргінің шымыр құймасы сомдалып, келешектің қабырғасы қаланатыны анық» деген еді.

Сол сияқты, Арқаға оралған атамұрамыздың тарихи сәтіне куә болып, толғауы биік толқынысын жүрекжарды жырымен жеткізген ақын Несіпбек Айтұлы:

Исі түркі жұртының тұмарындай Көктасым,

Бұзып жеттің бүгінге ғасырлардың қақпасын,

Түмен-түмен қол ертіп, тік көтеріп даланы,

Түзегендей Күлтегін Астанама ат басын.

 

Екеніміз шын болса, Ертүріктің ұрпағы,

Бізге қымбат Көктастың ұшып жеткен ұнтағы,

Құдіретін әз тұтып Күлтегіндей киенің,

Ұл жасасын ұлтының бола білген ұлтаны.

 

Халқын ойлап түнеткен қабағына боз қыру,

Күлтегінді көргенде күндік жерден безді жау,

Өсиетін бабаның тастан тани алмасақ,

Жарқыраған не керек маңдайдағы көз мынау.

 

Қуанышқа кенеліп қазағымның құшағы,

Көңіл құсы шарықтап сан қиырға ұшады,

Елтаңба мен Көкбайрақ, Әнұранда ғана емес,

Күлтегіннің тасында елдігімнің нышаны,

– деп жырласа, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты қайсар қаламгер, шыңдауыл тұлға Шерхан Мұртаза: «Күлтегін ескерткішінің Астана қаласына әкелінуі – ықылым замандарда өтіп кеткен біздің ұлы бабаларымыздың рухы келгендей. Жастарымыз бұл тас кітапта жазылған сөздердің әрбір әрпін, әр сөз, сөйлемін ықтияттап, зерделеп оқып, оқығанын санасына құйып алса, жүрегіне ұялатса – адамгершілікті, ерлікті, елін сүюді, халқын құрметтеуді жақсы үйренеді ғой деп ойлаймын. Ең негізгі мақсат – сол» деп, шарықтаған ойын осылай түйген екен.

Сол жиынға қатысқан Шыңғыс Айтматов «Күлтегін» ескерткіші туралы айта келіп:  «Ежелгі түрк ескерткіштері ол тек өткеніміз ғана емес, қанша жерден заман оларды өз ыңғайына икемдеуге тырысқанымен ол біздің бүгініміз екені анық болды. Бұрындары түркологтар кездесуі тек ғылыми ортада өтіп, қалың қауым ол туралы біле бермесе, бұл бас қосу өткен тарихымыз бен қазіргі мәдениетімізді тануға үлкен жол ашып отыр. Меніңше, Күлтегін ескерткіші – түрк халықтарының библиясы. Сондықтан оған түсіндірме ретінде евангелиялық талдау қажет. Бұл менің жазушылық фантазиям әрі көзқарасым», деп ойын сабақтаса, академик Зейнолла Қабдолов Тәуелсіздіктің 10 жылында талқаны шыққан тарихымызды түгендеп жатқанымызға тоқталыпты. «Осыдан артық мәдени реформа, керек десеңіз тіпті революция болуы мүмкін бе?. Күлтегін ескерткіші көне түрк өркениетінің өзі. Бұл – тасқа басылған таңба жазудың идеалдық құны», депті академик.

Ал Олжас Сүлейменов конференцияға түрк эпиграфикасымен айналысатын барлық танымал ғалымдардың қатысуы – ежелгі түрк руникасының тарихын танып білудің жаңа тараулары басталды деген үмітті оятатынын атап өткен.  «Мен бұған сенімдімін. Күлтегін сөздері біз үшін – Ант сияқты. Ұрпақ осы бабалар антына адал болғанын қалаймын», дейді ақын.

 

* * *

Осы орайда, «Күлтегін жазба ескерткіші бізге не үшін қажет?» деген заңды сұрақ туары хақ. Әуелгі айтарымыз – бұл тас жазудың мұрагері бүгінгі қазақ халқы. Ескерткішті көк түркілердің билеушісі Білге қаған бір жыл бұрын қаза тапқан батыр інісі Күлтегіннің құрметіне 732 жылы орнатқан екен. Жарықтық бұл нысан замана желі мен уақыт тепкісінен аман өтіп, қазіргі таңда Моңғол даласындағы Көше-Сайдам жазығында, нақтырақ айтсақ ел астанасы Ұланбатыр қаласынан 400 шақырым қашықта аман-есен тұр. Яғни қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, Білге қаған мен Күлтегін батыр – біздің аталарымыз. Ал тастағы жазу ше... бұл – баға жетпес байлығымыз. Халқымыз ата-бабадан жалғасып келе жатқан жазу мәдениеті бар, соған сай тіл білімі дамыған, өз тарихын тасқа қашап жазған жұрт екеніміздің дәлелі – осы ескерткіш жазу. Демек, бұл тасжазу бізге өткенімізді жаңғыртып, өлгенімізді тірілту үшін, ұзақ жыл отарлаушылар таптаған рухымызды көтеру үшін қажет.

Күлтегін ескерткішін зерттеген ғалымдар: тасжазудың биіктігі 3,15 метр, ені 1,24 метр, қалыңдығы 0,41 метр, нысанның жоғарғы жағы бес бұрышталып, оның қырларына айдаһар бейнесі мен қаған таңбалары бәдізделгенін айтады. Сондай-ақ тастың күн бетінде 40 жол жазу бар да, ал сол жақ бетінде 13 жол жазу жазылған. Барлығы 53 жол. Осындағы жазулардың алғашқы жолында:

«Биікте көк Тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда,

Екеуінің арасында адам баласы жаралған,

Адам баласы үстіне ата-тегім

Бұман қаған, Естеми қаған отырған.

Отырып түрк халқының ел-жұртын

Қалыптастырған иелік еткен» – деп тұр (М.Жолдасбековтің аудармасы). Дәл осы жыр мәтінді үлкен ақын Қадыр Мырзалиевтің тілімен тәпсірлесек:

Сонау бастан, о бастан,

Жаралғалы қара жер,

Жаралғалы көк аспан,

Естеми мен Бұманның,

Адамзаттан бағы асқан,

Төрт бұрышы дүниенің,

Соларменен санасқан,

Бүкіл түрк үмітпен,

Екеуіне қарасқан,

Қол астына жиналып,

Қол астынан тарасқан,

Олар салған дүбірден,

Қаптап жатқан қалың жау,

Шыбын жаннан түңілген,

Дардай болып келгенмен,

Бордай болып үгілген,

Басы барлар иіліп,

Тізесі барлар бүгілген, – делінсе, дана Тоныкөк жырындағы: «Түн ұйықтамадым, Күндіз отырмадым, Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым...» деп келетін мәтінді арқалы ақын Олжас Сүлейменовтің тілімен тәпсірлесек: «Какая громадная государственная культура выражена в этих словах».

 

* * *

Ал тарихи оқиға қалай атқарылды? Бұл шаруа алғаш 1997 жылы басталған еді. Осы жылы Қазақстанның арнайы делегациясы Моңғолияға барып, аталған мемлекеттің жауапты адамдарымен екіжақты кездесу өткізген екен. Ондағы мақсат – Орхан ескерткіштерінің, соның ішінде Күлтегін жазба ескерткішінің көшірмесін алу. Моңғолдар қазақтардың ықылас-пейіліне жылы қабақ танытып, екі жақ жылы райлы келісімге келген.

Одан кейін ескерткіштің көшірме нұсқасын айна-қатесіз жасайтын кім бар деген сұрақ туындады. Моңғол ағайындардың нұсқауымен бұл іске жапониялық «Киота Кагаки» фирмасы таңдалады. Сөйтіп, 2001 жылдың алғашқы айларында Үкімет өкілдері Жапонияға барып, ең әуелі жоғарыдағы фирманың жасауымен Осака қаласындағы этнографиялық музейде тұрған Күлтегін ескерткішінің көшірме нұсқасымен танысады.

Қазақстандықтардың өтінішін шын ықыласпен қабылдаған жоғарыдағы музей директоры, профессор Мацубаро мырза: «Сендер әуелі құнды жәдігердің ақы иесі – Моңғол елінен жазбаша рұқсат қағаз әкеліңдер, сосын қажетті ақысын төлеңдер, екі айдың ішінде жасап береміз», депті. Біздің тарап бәріне мақұл дескен. Алдымен моңғол ағайындар сұраған қаржыны төлеп, рұқсатын алған. Одан соң жапондықтар сұранысын қанағаттандырған. Сөйтіп, көне түрктердің мекені, Өтукен даласында тұрған тасжазу аман-есен ұрпағына жеткен.

 

* * *

Осы орайда, айта кетерлік тағы бір үлкен оқиға – 2001 жылдың мамыр айының 18-19 күндері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-те ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түрк өркениеті: жазба ескерткіштері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті.

Бұл маңызды бас қосуға, әлемге әйгілі қырғыз қаламгері Шыңғыс Айтматов, қазақ ақыны Олжас Сүлейменов, Ресей ғылым академиясы шығыстану қоғамының вице-президенті Д.Васильев, Санкт-Петербург қаласындағы Шығыстану институты филиалының профессоры, атақты түрколог С.Кляшторный, Копенгаген университетінің профессоры Вольфгаг Шарлип, Жапонияның Осака қаласында орналасқан этнография музейі өлкелік зерттеулер орталығының директоры Масатана Мацубара, «Л.Н.Гумилев әлемі» қорының басшысы А.Курукчилер қатысып, барлығы дерлік бірауыздан ежелгі түркі дүниесінің мұрагері жаңадан тәуелсіздік алған Қазақ елі екенін мойындап, бұл мемлекеттің әлем қауымдастығы алдында беделінің артуы сарабдал саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы деген тоқтам жасады.

Екі күнге созылған форумның қорытынды пленарлық мәжіліс секциясын С.Кляшторный, М.Қозыбаев, Ә.Қайдар, А.Аманжолов, К.Ақышевтар басқарды. Жиын барысында академик Зәки Ахметовтің жыл сайын 25 қараша – түрк ескерткіштерінің күні болса деген ұсынысы мақұлданып, сонымен қатар жас зерттеушілерге берілетін В.Томсен атындағы «Алтын медаль» тағайындалды. Конференция қонақтары бірауыздан Астана қаласында жазба ескерткіштер музейін ашу керек деген тоқтам жасады. Бұл іс Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-і негізінде іске асты.

Жалпы, жоғарыдағы тарихи жиын жайында сол тұста ұйымдастырушы тараптың міндетін атқарған Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің ректоры, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков аталған конференцияның мақсаты жайлы: Біріншіден – көне түрк жазба ескеркіштерінің бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға тікелей қатысы бар екендігіне, екіншіден – ұлттық көркем ойлау жүйеміздің еңсесін көтеруге, мысын жігерлендіруге, үшіншіден – шетелдік түркологтардың басын қосып, соңғы жылдары қожырап бара жатқан түрк руханиятының жаңадан даму бағытын анықтауға қол жеткіздік деп жазыпты.