Руханият • 17 Мамыр, 2021

Сыр мен жырға толы тұлғалар музейі

989 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Музей – тарихи жады мен өткен дәуірдің мұрасын сенімді сақтайтын мемлекеттік маңызы зор мәдени мекеме. Білім көкжиегін кеңейтіп, танымды арттырып, әсемдікпен байланыстыратын музей атаулы адамның әлем мен уақытқа қатысы барын сезіндіретін айрықша қуатқа ие. Уақыт озған сайын маңызының арта түсетіні де сондықтан.

 

Сыр мен жырға  толы тұлғалар музейі

Музейге бармай, көрмей тұ­рып, өткен тарих туралы таным мен түсінік толық қалыптаспайды. Көне дәуірлер күмбірін еске салатын құнды жәдігерлер көмбесі қазақ елінен әр өлкесінде ондап саналады. Жалпы, Қазақстан бойынша 90 өлкетану, 52 мемориалды, 50 тарихи, 11 өнертану, 20-ға тарта музей қорығы, 4 жаратылыс­тану және аудандық, ауылдық, басқа да бағыттағы барлық ірілі-ұсақ музейді қоса есептегенде, дәл қазір елімізде 300-ге жуық музей жұмыс істеп тұр. Ал­маты қаласындағы Орталық мем­ле­кет­тік музей мен Нұр-Сұлтан қа­ла­сындағы Ұлттық музей бас­таған тарихи-рухани таным көшін түрлі деңгей мен бағытта қуаттап отырған бұл мекемелер сырттай бұйығы өмір сүргенімен, на­ғыз буырқанған тіршілік сонда. Әлемнің 150 елінде аталып өтетін Халықаралық музей күні насихаты мен жарнамасы жолға қойылған ірі музейлер туралы емес, Алматы қаласының музей­лері, оның ішінде жеке тұлғаларға арналған музейдің бүгінгі жай-күйіне тоқталуды жөн көрдік.

 

Алматы қаласы музейлер бір­­­­лестігі құрамында 7 музей бар. Бір­­лестікке Алматы қа­ла­сы му­зейі, Дін­мұхамед Қо­наев му­­зейі және пәтер-му­зейі, Сә­бит Мұқанов пен Ға­бит Мүсі­ре­повтің әдеби-ме­мо­риал­дық му­зей кешені, Ықы­­лас атын­дағы ха­лық музыка аспап­­тары му­зейі, Алматы қала­сы­ның 1000 жыл­дығына орай ашыл­­ған муль­тимедиалық дәс­түр­лі му­зыка орталығы, Нұрғиса Тілен­­диев музейі және смета­лық жос­пары бекітіліп, алдағы уақыт­та құрылыс жұмысы бас­тала­тын Райымбек батырға ар­налған мемориалдық кешен топ­­тастырылған. Түрлі мақсат-мұ­­рат пен жауапкершілік арқа­ла­ған, бағыты бір-біріне ұқ­са­май­тын бұл музейлердің жұ­мы­сы көпшілікке жақсы таныс. Мы­салы, әдебиеттің қос алыбы өмір сүрген пәтерлер музейге айнал­­ғалы оны алматылықтар ғана емес, алыстан ат арытып ар­найы іздеп келіп тамашалай­тын адамдар қа­тары артып, қа­лам­герлердің өмірі мен әдеби мұ­ра­сын тал­май насихаттайтын іргелі ғылыми орта­лық қыз­­­­метін атқарып отыр. Музей тек жазу­­шылардың шығар­ма­шы­лығына қатысты шара­лар­мен ғана шектел­мей, көпшілік ықы­ласын оятатын рухани маз­мұн­дағы мәслихаттар мен кеш­тер­ді де жиі ұйымдастырып тұ­рады.

Алматы қаласы музейлер бір­лестігі директорының орынба­сары Қайрат Тарбаевтың айтуын­ша, шаһар музейлерінің қыз­ме­ті жүйелі қадағаланып, олар­ға тұрақты мониторинг жа­са­лып отырады. Басты мін­деттің бірі му­зейге келетін адам­дар­дың санын арттыра түсу бол­ған­дықтан, бұл мақсатта түр­лі шара ұйымдас­тыру күн тәр­тібінен түскен емес. Ықы­лас атындағы халық аспаптары музейі, Д.Қонаев музейі және Алматы қаласы музейлері келу­шілердің қызығушылығын тудыру жағынан алғашқы үштіктің көшін бастап тұр. Басқа музей­лермен салыстырғанда, бұл үше­уіне келетін адамдар қа­ра­­сы қалың және сәйкесінше жұрт аяғы сиремейтін музей қала өмірінде өте танымал. Сол себепті көптің ықыласын оята алған, ұзақ жылдық тарихы бар, насихаты мен дәріптелуі жолға қойылған бұл музейлер туралы сөзді ірке тұрып, кәсіби музыка өнерінің, мәдениетінің қа­лыптасуы мен өркендеуі жолында өлшеусіз еңбек сіңірген екі ұлы композитордың – Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мен Нұрғиса Тілендиевтің жеке тұлғалық му­зейлеріне шолу жасаудың орайы келіп тұр.

Бірден айта кету керек, Жұ­бановтар музейі Алматы музейлер бірлестігі құрамына енбейді, ол Орталық мемлекеттік музей жанындағы Ахмет пен Ғазиза Жұ­­бановтар мұрасын зерттеу бө­лімі ретінде тікелей Мәдениет министрлігіне қарасты мекеме ретінде қызмет атқарады. «Әйгілі композиторлар Ахмет пен Ғази­за Жұбановтарды мәңгі есте қал­ды­­ру туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Үкіметінің шешіміне және Мәдениет, ақпарат және қо­ғам­дық келісім министрлігі Мәдениет комитетінің «Қа­зақ композиторларының шығар­ма­­шылығы арқылы қазақ музыка­сын күйден бастап қазіргі за­манғы симфония және операны да­мыту жолдарын айқындау мақ­сатында Жұбановтар пәтер-музейін ұйымдастыру туралы» №8 бұйрығына сәйкес 2000 жылы 9 ақпанда құрылған болатын. Осы жылы Ахмет Жұбанов­тың туғанына 100 жыл толуына орай музей келушілерге есігін ашты. 1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан На­­зар­­баев­тың шақыруымен театр өне­рін кө­теруге Астанаға кете­рін­де бел­гілі режиссер, КСРО ха­лық әр­тісі, Халық Қаһарманы Әзір­бай­жан Мәмбетов (Ғазиза Жұ­ба­но­ваның жұбайы) бұрын 1967-1968 жыл­дары Ахмет Жұбанов, 1968-1999 жылдары өзі Ғазиза Жұ­­бановамен, балаларымен, не­мерелерімен бірге тұрған бес бөлмелі пәтерін және жеке ар­хив­терін музей жасау мақ­са­ты­мен Мә­де­ниет коми­тетінің қара­мағына және Орталық музейге тапсырды.

Мемориалды музей 2 экспо­зициялық залдан және музыкалық салоннан тұрады. Онда Ахмет пен Ғазиза Жұбановтар тұр­ған, еңбек еткен кабинеттері жасалып, барынша сол кездегідей етіп сақталған. Шығармашы­лық кеш­терді өткізуге жоспарлан­ған музыкалық салонда Ахмет Қуан­­ұлының жеке музыкалық ас­пабы рояль орын алған. Му­зей­де ұлы композиторлардың шы­ғармашылық өмірі мен өт­кен кезеңнің тарихи-мәдени ты­­ныс-тіршілігін бейнелейтін фото­­су­реттер, афишалар, парти­тура­лар, музыкалық аспаптар, кітап­тар, қолжазбалар, сувенир­лер мен пайдаланған жеке хаттары қойылған. А.Жұбанов ұс­таған қызғылт-сары түсті үл­кен сары портфель, сахнаға арнал­ған қара фрак, дирижерлік таяқ­ша, ескі жазу машинкасы да му­зейдегі қымбат жәдігерлер қа­­та­­рында. Пәтердің екі бөлмесі Ға­зиза Жұбанова мен Әзірбай­жан Мәм­бетовке арналған. 2011 жылы Үкімет шешімімен әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәм­бе­товтің есі­мін мәңгі есте қал­ды­ру шараларына байланысты ел мәдениетіндегі өзіндік орнын, Ахмет пен Ғазиза Жұбановтар­мен шығармашылық тығыз бай­ла­­ныстағы жолдарын көрсету, ме­мо­риалды музейдің музыкалық және ғылыми бағытын театр және кино өнерімен байыту мақсаты негізінде Жұбановтардың ком­позиторлық, ғылыми, педаго­ги­калық әулетінің ізбасары – өнер­тану кандидаты, композитор Әлі­би Мәмбетов-Жұбановтың ұсын­­ған тұжырымдамасы бо­йынша музей Әзірбайжан Мәмбе­­тов туралы қосымша экспозиция жасап толықтырды. Бірі музыкада, бірі театр өнерінде тыңдарманы мен көрерменіне таңғажайып туындылар сыйлаған талантты жұбайлардың отбасысы мен ба­ла­лары туралы мол дерекпен толықтырылды. Музей-пәтер Құр­­­манғазы атындағы Ұлттық кон­­­серваторияға таяқ тастам жерде, дәл қарсы бетіндегі Қара­­сай батыр көшесіндегі 61\67 үйдің 3-қабатында орналасқан. Сол себепті мұнда негізінен бола­шақ музыканттар, музыка саласы­­ның мамандары, Жұбановтар­дың өне­рін қадірлейтін қарапа­йым адам­дар жиі бас сұғады. Олар­ды Ғ.Жұбанова мен Ә.Мәмбетов­тің келіні, Әліби Мәмбетовтің жары Ләззат Сағынаева қарсы алып, музейдің ғылыми қызмет­кері есе­бінде қызықты естеліктер мен деректермен таныстырады.

КСРО халық әртісі, Халық Қа­һарманы Нұрғиса Тілендиевке ар­налған мемориалды музей де өткен күннің сырлы да әсерлі естеліктеріне тұнып тұр. Музейде тұрған әрбір жәдігерді түртіп қалсаң, тарихы тарқатылып сала береді. Сырға да, жырға да тұнып тұр. Тек ұйып тыңдайтын құлақ, сүйсініп қарайтын көз керек. Ті­лен­диев музейі – архитектура өнеріндегі айрықша үй. Орта­лық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың бұйрығымен ел мәдениеті мен әдебиетіне, ғылы­мына еңбегі сіңген алты тұлғаның отбасы үшін арнайы салынған. Қонаев пен Бөгенбай батыр көше­лері­нің қиылысындағы «алтын аумақ­та» орналасқан алты қабатты үйдің тұтас бір қабаты, үшінші қабатта 1979 жылдан 1999 жыл­ға дейін Н.Тілендиев те тұрған. Пә­тер аумағы 169,5 шаршы метр. Музейде 3214 жәдігер сақтау­лы, оның шамамен 1500-ге жуығы қорда жатыр. Композитордың 95 жылдық мерейтойына орай музей күрделі жөндеуден өткізі­ліп, жаңартылған үлгідегі сөрелер қо­йылғаннан кейін, қордағы жә­дігерлердің біраз бөлігін жұрт назарына ұсынуға мүмкіндік туған. Н.Тілендиев – 500-ге тарта ән мен күйдің авторы, оның басқа композиторлардан ерекшелігі – түрлі жанрда жазғандығында. Ән, күй, увертюра, опера, балет секілді ха­лықтық және классикалық шы­ғар­малар жазылған партитуралар, кітаптар, монографиялар – музейдің негізгі байлығы. Мұнда композитордың мол музыкалық мұрасын зерттеу, оны ғылыми айналымға енгізу, ел ішінен әлі де болса жинақтай түсу секілді жұмыстар жүргізіліп келеді. Му­зейдегі құнды жәдігердің бірі – анасы Сәлиха сыйға тартқан пиа­нино. Екі адамның бірінің қолы жете бермейтін немістің Grunert күйсандығын анасы ұлы­­ның өнерін ұштау үшін бар жи­ған-тергенін жұмсап сатып алып берген екен. Нұрғисаның саусақтарының табы қалған, кейін қызы Дінзухра ойнаған қастерлі жәдігер ретінде құны тым қымбат. Композитордың ха­лық арасына кең тараған белгілі әндерінің бәрі де осы аспап­­тың толғатуымен дүниеге келген. Му­­­зейдің ғылыми жетекшісі Мөл­­­дір Жаңбырбайқызының айтуын­ша, қонақтардың «көрсем» деп ынтығып келіп қызықтайтын жә­дігері – «Дариға-домбыра». Осы «бала» домбырамен 70 жыл­дық мерейтойында компози­­тор әйгілі «Әлқиссасын» құйқыл­жытып, бүкіл залды орнынан тік тұрғызған. Домбыраны бола­шақ композиторға 1937 жы­лы ұстазы Ахмет Жұбанов сый­ға тарт­­­қан. Домбыраның «Да­ри­ға» ата­луының да өз сыры бар. 1979 жылға дейін Абылай хан мен Гоголь көшелерінің қиылы­сын­дағы үйде тұрғанда Мұқағали Мақатаев композиторды іздеп ке­л­іп, шаңырағында бір ай жатып қонақ болады. Бір бөлмеде ұлы ақын сөзін жазып жатса, қап­талдағы бөлмеде композитор әнін шығарып, бүгінге дейін бүкіл қазақ сүйіп шырқайтын өміршең әндер бірінен кейін бірі өріліп жатады. Жүрегін ән кернеп, бел­гі­сіз әуен әуеден келіп төгілген­дей кө­кірегін осқылағанда Нұр­ағаң жарына «Дариға, домбы­рамды берші маған» дейді. Мұ­қағали­дің жанын селт еткізген осы сөз «Дариға, домбырамды берші маған, Жаныма келші, жарым, келші, балам. Бейуақ іңірдегі көңіліме, күй болып күңіреніп енші, далам» деген өлең жолдары болып қағаз бетіне қонақтайды. Содан бері бұл домбыра «Да­риға» деп аталады. Ақын мен ком­позитордың шығармашылық тандемінен ұзын-ырғасы 32 ән туған. Құдіретті ән табыстырып, рухтас адамдарға айналып кет­кен талантты інісі Мұқағали мезгіл­сіз қайтыс болғанда, Нұрғиса ағасы құсалықтан қатты ауырып, екі ай бойы аурухананың тар төсегіне таңылып жатып қалады. Жаны жетімсіреп үйіне оралған кезде жары Дариға: «Уақытында беруге батпап едім», деп күртешесі­нің қалтасында тұрған Мұқағали жа­зып қалдырып кеткен хатты ұс­татады. «Нұреке, бұл мен ғой, Мұ­қағали. Мына мәтінге ән жа­зар­­сыз...» деп, «Есіңе мені алғай­­сың» деген өлеңін жазып қал­дырған екен...

Сондай-ақ музейге келгендер ком­позитордың атақты «Ата тол­ғауы» күйінің бастапқы атауы­ның «Әке толғауы» деп аталып, кейін түпнұсқа қолжазбадағы «әке» дегенін композитор өз қо­лымен белінен сызып өшіріп, қайта түзетіп, Жамбыл бабасы­ның рухына арнағанын білер еді. «Қыз Жібек» фильмінің саундтрегіне айналып, ұлттық музыканың айды­нына мәңгі қонақтаған «Аққу» күйінің композитордың өзі­­­нің емес, әкесі Тілендінің күйі бол­­ғаны да қызық дерек. Бала күні­нен осы күйді тыңдап өскен Нұрғиса оны сауатты түрде өз қо­лымен нотаға түсірген.

Ықылас атындағы ха­лық ас­паптары музейінде Н.Тілен­диев­тің тағы бір домбырасы тұр. Ол сары домбыра «Сұлтан» деп аталады. «Қыз Жібек» фильмінде аққуларды көлге қондырып, әсем көріністі тудырған осы домбыра, режиссер Сұлтан Қожықовтың құрметіне қойылған. Нұрғисаның Мархаба деген жеңгесінің есімін еншілеген «Мархаба» деген үшін­ші домбырасын композитор көзі тірісінде ат иесінің өзіне сыйға тартып кеткен.

Музей жаңалықпен толығып отырғанда ғана мағынасын ке­ңей­те түседі. Соңғы жаңалық – экс­­позициялық бөлімдерді да­йын­­дау барысында компози­тор­дың сөмкесінен жазушы Сәбит Мұқа­новтың хаты табылды. Он­да: «Нұр­­ғисса! «Сұлушашты» жіберіп отыр­мын. Оқып шық. Қарындаш тигізе көрме. Ке­ректі адам айтарын, қажетті си­туацияларды керек қылсаң кө­шіріп аларсың. Бұл кітапты өзі­ме қайтар. Оқып болған соң сөйлесуді қажет көрсең, таң ер­теңгі уақыттарда звонит ет (2-42-15). «Көкейкесті» күйін ойланып қой, қажет болады. Келінге, жолдастарға сәлем. Құрметпен, – Сәбит Мұқанов. 10 – IV– 1973 ж. Алматы» деп жазылған. Жазу­шының композиторға жаса­ған өтініші орындалды ма, «Сұлу­шаш­тың», «Көкей кестінің» му­зы­кадағы тағдыры не болды, жа­­зушы мен композитордың ара­­­сындағы достық қалай өрісін тап­­­ты – келешектің еншісіндегі көп жұмыстың бірі ретінде өз зерт­теушісін күтеді.

Сондай-ақ Н.Тілендиевтің «Реа­­нимация» деген шығармасы да музейдегі құнды жәдігердің бірі болып саналады. Өмірінің ақырғы күндерінде аурухана төсегінде жатқанда жазып, «егер шығармамды аяқтай алмай жатсам, менің музыкалық рухымды жақын тұтып, түсінетін музыкант табылып жатса, аяқтасын» деп аманаттап кеткен. Аяқталмай қалған шығарма әлі музыкалық айналымға енбеген соңғы туынды болғандықтан, бұл да ақырғы аманатқа жанашырлықпен қарай­тын мұраттасын күтіп кезекте тұр. Өз қолымен «Өмір дастаны» деп жазып, кейін «Реанимация» деп түзеткен шығарманың әр бетіндегі ноталардың тұсына «домбыра», «шаңқобыз», «сыбызғы» деп қара қарындашпен белгі соққанына қарағанда, бірден оркестрге лайықталып жазылған шығарма екені анық. Кім аяқтайды? Кім­ге бұйырылған шаруа бұл? Тілен­диевтанудағы атқарылуы тиіс маңызды істі қолға алатын маман қалай да табылуы керек, себебі музей қызметкерлері бұл тараптағы ізденіс жұмысын әлде­қашан бастап кеткен.

Жеке тұлғаға арнап музей ашу ісі оңай емес. Атақты атасы­на, әйгілі әкесіне арнап музей аш­қысы келетіндердің көп екенін белгілі адамдармен сұхбаттасу барысында жиі байқаймыз. Оны ашудың тәртібі мен ережесі туралы Қайрат Тарбаевтан да сұрадық. «Жеке тұлғаға музей ашу үшін алдымен сол тұлғаның ұрпақтары не­месе қоғамдық ұйымдар жеке өті­ніш хатын ұйымдастырады. Оның үйлестірушісі – қалалық немесе облыстық Мәдениет басқар­ма­лары. Мәдениет басқарма­лары хатты егжей-тегжейлі қа­рап, ел­ге елеулі еңбегі сің­ген, ашу керек деп тапса, ол ұсы­­ныс мәслихаттың қарауына жі­беріледі. Мәслихат сол тұлға тұр­­­ған үйді музей етіп қайта жаб­­­дықтау үшін қаржы бөлуді сұрап шешім қабылдайды. Қаулы қабыл­данғаннан кейін музей мем­ле­кеттің қарамағына алынады», дейді Қайрат Сағынғалиұлы.

Музейлер табыс таба ма? Би­лет құны ересектер мен шетел аза­маттарына 500 теңге, оқушыға 200 теңге тұратын билет құны му­зейдің бүкіл мәселесін шешіп тас­тауға жетпегенімен, өзін-өзі асы­рап, жан бағуына жарап тұр. Әлбетте, шаһар музейлері жы­лына 20 миллион теңгенің төңі­регінде табыс табады. Музей тек ке­лу­шілерге экскурсия жүр­­гізіп, тұлғаның өмір жолын тәп­тіштеп баяндап беруден тұр­май­ды, онда ең алдымен түр­лі бағы­ттағы ғылыми жұ­мыс­тар­дың жүргізілуімен сал­­ма­ғын арт­тырады. Алматы қа­ла­лық му­зейлер бірлестігі каран­тин күн­дерінде де белсенді жұмыс істеп, онлайн режімде рес­пуб­­лика бойынша алғаш рет «Му­зей­FEST» ұйымдастырды. Бұл ауқымды шара бейінді музей­лердің экспозициялық тақы­ры­бын зерттеуде жаңа тео­рия­лық және тәжірибелік білім­дер­­дің қалыптасуына, музей зат­­тарын жинау, сақтау, өңдеу және пайдалану теориясы мен әдіс­­те­ме­сінде шығармашылық әлеуе­­тін дамытуға ықпал ету мақ­сатында өткізілді. Онда «Үздік ауылдық музей», «Үздік ғылыми қызметкер», «Үздік экскурсовод», «Ынтасы үшін» аталымдары бойынша музей ісінің ең білікті өкілдері бағалы сыйлық-жүлделермен марапатталды.

Табыс пен жетістікпен қа­тар, көптен бері шешілмей келе жат­қан күрмеуі қиын ішкі мәселе­лері де жоқ емес. Ол – жалақы жайы. Қоғамда мың рет қозғалса да, музей қызметкерлерін бір рет мар­қайта алмаған бостекі сөз күйін­де ке­йінге шегерілумен келеді. Ал мардымсыз жалақыны місе тұтып, энтузиазмның арқа­сын­да жанын салып жұмыс істеп жүрген музей қызметкерлері, шын мәнінде, қандай құрметке де лайық.

 

АЛМАТЫ