Аймақтар • 19 Мамыр, 2021

«Қызыл аймақтың» қаупі басым

673 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтырдан бері тұрғындар саны миллионға жетпесе де, тіпті тығыз орналаспаса да Атырау облысының басынан «бұлт» арылмай-ақ қойды. Бұл – соңғы бірнеше күн «сары аймақта» тұрақтаған өңірдегі коронавирус инфекциясының қаупі. Тұрғындар арасында қауіпті вирусты жұқтыру дерегінің әлсін-әлсін көбеюі аталған өңірдің «қызыл аймаққа» қайта кіруіне себеп болып отыр.

«Қызыл аймақтың» қаупі басым

Облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы баспасөз қыз­метінің ақпаратына сүйен­сек, өткен тәулікте, яғни 16 мамырда 77 адам сауығып шыққан екен. Алайда, тағы 77 адам ко­ро­навирус инфекциясын жұқ­ты­рып алыпты.

– Соңғы тәулікте қауіпті вирус жұқтырғандардың арасында Атырау қаласынан 49 адам бар. Теңіз кен орнында 13 науқастан коронавирус инфекциясының белгісі расталды. Сондай-ақ, Құрманғазы ауданында – 5, Жылыойда – 4, Мақатта – 4, Индерде – 1, Қызылқоғада 1 тұр­ғыннан Covid-19 індеті анық­талды. Оның ішінде 33 нау­қаста коронавирустың симптомды түрі байқалды, – деді басқарманың баспасөз қызметі.

Өңірде үй жағдайында ем­де­ліп жатқан науқастар да азаяр емес. Қазір 638 науқастың үй жағдайында емделіп жатқаны белгі­лі болып отыр. Ал, ин­фек­­циялық стационарларда 518 науқас жатыр. Мәселен, модульдік ауруханада – 147, Атыраудағы №2 облыстық ауруханада – 121, аудандардағы инфекциялық стационарларда – 121, фтизио­пульмонологиялық ор­та­­лықта 53 пациент оқшау­ла­ныпты.

Әрине, өңірде коронавирус инфекциясын таратпау мақ­са­т­ын­да қолға алынған жұ­мыс­ты жоқ деуге болмайды. Өйт­кені, қауіпті вирусқа қарсы вак­цина салатын 36 стацио­нар­лық, 10 жылжымалы бекет ашылды. Мұндай бекеттер емханаларда, облыстық әкім­дік пен Махамбет ауда­нын­да, «Азаматтарға ар­нал­­ған үкімет» мем­лекеттік корпорация­сы» КеАҚ Атырау филиалында, сондай-ақ, сауда орталық­та­рын­да жұмыс істейді. Өңірге «Спутник V», «QAZVAC», «Hayat-Vax» вакциналары жет­кізілді.

– Атырау облысында тұр­ғын­дардың саны 650 мың адам­ды құрайды. Оның ішінде 250 мың тұрғынды вакциналау жос­пар­ланып отыр. Бұл санатқа екпе алуға қарсы көрсе­тілімі жоқ 18 жастан асқан тұлғалар жатады, – дейді облыс­тық ден­сау­лық сақтау басқар­ма­сының басшысы Асхан Байдуәлиев.

Алайда, әлі де тұрғындар тарапынан вакцина алудың баяу екені байқалады. Мәсе­лен, облыстық денсаулық сақтау бас­қармасы баспасөз қыз­ме­ті­нің мәліметіне қарағанда, 15-16 мамырда 812 тұрғын ғана коронавирусқа қарсы ек­пе салдырғаны белгілі болып отыр. Ал, 1 ақпан-17 мамыр аралығында 44 707 адам «Спутник V», «QAZVAC», «Hayat-Vax» вакциналарының I ком­понентін салдырыпты. Атал­­ған вакциналардың II ком­по­ненті 14 486 адамға егіліпті.

Вакцина алғандардың қата­рын­да облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов те бар. Әкім коронавирусқа қарсы вакцина сал­дыру үшін «Геолог» елді меке­ніндегі емханаға барды.

– Дәрігерлер алдымен тір­кеуден өткізді. Дене қы­зуы­м мен қан қысымымды өлшеп, толық медициналық тексеру жүргізді. Содан кейін ғана Қарағанды фармацевти­ка зауытында шығарылған «Спутник-V» вакцинасын сал­дырт­тым. Вакцинадан кейін жар­ты сағат арнайы бөлмеде мамандар бақылауында болдым. Қазір жағдайым жақсы, вакцинаның ешқандай жанама әсері байқалған жоқ. Ма­ман­дар екпе салынған жерге су тигізбей, жылы ұстау, күтініп әрі сақтық шараларын ұстануға кеңес берді. Жақындарымыз бен айналамыздағы адамдарды да өзімізді қорғау үшін коронавирусқа қарсы вакцина алу өте маңызды, – дейді облыс әкімі М.Досмұхамбетов.

Ал вахталық әдіспен жұ­мыс­қа тартылған адамы көп «Теңізшевройл» компаниясына сәуірде «Спутник V» вак­ци­на­сының 15 мың дозасы жет­кізілген еді. Қазір кен орнында коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салдыруға 15 мың адам ниет білдіріп отыр. Компания басшыларының мәлі­метінше, кен орнындағы жұ­мыс­шыларды вакциналау ерікті жүзеге асырылып жатыр. Осы кезге дейін вак­ци­наның І компонентін 10 мыңнан астам адам салдырды. «Теңізшевройл» мен серіктес кәсіпо­рындардың қыз­мет­кер­лері 11 мамырдан бастап Атырау, Құлсары, Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы «Медикер» орталықтарынан вакцина салдыра алады.

Қалай десек те, «қызыл ай­маққа» бірнеше рет енген Аты­раудағы қауіпті вирусты жұқ­тыру толастар түрі көрін­бей­ді. Дәрігерлер коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың бір ғана жолын ұсынып отыр. Бұл – коронавирусқа қарсы вакцина салдыру. Жақынына жанашыр болғысы келгендер осындай қадамға барып отыр.

 

Атырау облысы