Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың хабарлауынша, жыл басынан бері 56 бала коронавирустың симптомды және симптомсыз түріне шалдыққан. Қазіргі уақытта стационарда 7 бала ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ жыл басынан бері 47 жүкті әйелден осы дерттің белгілері табылып, симптомды түрінің белгілері байқалған 27 әйел провизорлық орталыққа жатқызылды. Күні кеше ғана облыстық перинатальдық орталықта 30 жастағы келіншек босанғаннан кейін қайтыс болды. Алдын ала тексеру қорытындысы бойынша марқұмның өкпесінен осы дерт белгілері табылған.
Қазіргі уақытта өңірде 11 лабораторияда тұрғындардан коронавирус инфекциясына қарсы ПТР-тест алынып жатыр. Ақпаннан бері тұрғындарды вакциналау қарқынды жалғасып келеді. Биылғы ақпан айынан қазірге дейін Ақтөбе облысына 105 200 дана екпе жеткізіліп, осы кезге дейін 1020 тұрғын екпенің бірінші компонентін алды. Алайда тұрғындар екпенің екінші компонентіне тапшылық сезілгенін айтып, шағым түсіруде. Өйткені соңғы күндері емханаларға екпе алуға барған тұрғындарды медицина қызметкерлері «кейін келіңіз» деп қайтарып жатыр. Осыған байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары тұрғындарға екпе жұмыстарының барысы туралы жедел ақпарат жеткізуі қажет.
Өз жұмыстарын жалғастыру үшін кәсіпкерлік нысандарынан Ashyq жобасын пайдалану талап етіледі. Екпе алған адамдар туралы деректер қосымшадан көрінбегендіктен, көпшілік жұрт екпе алған азаматтың мәртебесі қалай көрсетілетінін сұрап жатыр.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы мамандарының хабарлауынша, қазіргі кезде Ashyq жобасын вакциналау төлқұжатымен біріктіру жұмыстары жүріп жатыр. Жүйелерді интеграциялаудан кейін вакцина алған азаматтарға қосымшада «жасыл» мәртебе белгіленеді. Осының негізінде COVID-19-ға ПТР-тестілеуі (72 сағат) теріс шыққан адамдарда да «жасыл» мәртебе болады. «Көк» мәртебе ПТР-тестілеуі жоқ және науқас адамдармен байланыста болмаған адамдарға беріледі. Қосымшаның қалған әдістемесі өзгеріссіз қалды. Егер адам ПТР-тест тапсырып, оң нәтиже шықса «қызыл» түс беріледі. Мұндай жағдайда осы азамат үйде оқшаулану режімін қатаң ұстануы керек. «Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады. «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге баруға рұқсат береді. «Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат деген сөз. Тұрғындар осылайша инфекция жұқтыру қаупі бойынша өз жағдайларын алдын ала қашықтан, үйде отырып тексере алады.
Мамыр ортасынан ауса да, коронавирус инфекциясының азаюын әлі ешкім тап басып айта алмай отыр. Дәрігерлер екпе алған адамдардың көбеюімен қауіпті індеттің таралу ошағы азаяды деген болжамды ғана жариялады.
Ақтөбе облысы