Аймақтар • 21 Мамыр, 2021

Ұлттық құндылықтар ұлықталған күн

704 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарихы терең Тараз шаһарының қойнауында әлі де ашылмаған талай сыр бар. Мыңжылдықтарға жалғасқан көне мекеннің көркем кеңістігін бүгінгі ұрпаққа таныту парыз. Жауһар жәдігерлерді насихаттап, оны тарихи тұрғыдан зерделеу міндет. Осы орайда, Халықаралық музей күні қарсаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Музейдегі түн» мәдени-білім беру акциясы өтті.

Ұлттық құндылықтар  ұлықталған күн

Жалпы, аталған мереке 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген екен. Ал «Музей түні» шарасы 1997 жылы тұңғыш рет Германияның Берлин қаласында өткен. Уақыт өте келе бұл игі дәс­түр елімізде де жалғасты. Қа­зіргі кездегі карантин талаптарына байланысты Әулиеата жеріндегі бұл шара биыл онлайн форматта өтті. Тараздық жұртшылық музей түнін түрлі әлеуметтік желілер арқылы тамашалады. Дәстүрлі «Музейдегі түн» акциясы облыс орталығындағы «Төрткүл» керуен сарайынан бастау алып, облыстық тарихи-өлкетану музейінде өрбіді. Әуелі ашық аспан астында «Көне Тараздың құнды жәдігерлері» ат­ты археологиялық, «Киелі Қа­зақ­стан» атты коллаж түріндегі және «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» атты суретшілер мен қол­өнер шеберлерінің көр­ме­лері қойылды. Сондай-ақ көп­шілік назарына «Шығыс базары» көрмесі, түрлі шоу-дефиле және Абай Құнанбайұлы мен Жам­был Жабаевтың туындыларын қамтыған «Тақырыптық кітап» көрмесі, «Тарихи дәуірлердің жан­данған кейіпкерлері» сияқты шаралар ұсынылды. Сонымен қатар аталған музейдің экспозициялық залында тарихи «Алтын адам» мен «Томирис» бейнесі сомдалып, ұлт тарихынан сыр шертетін «Қазақ хандығы» және «Айша бибі мен Қарахан» театрландырылған қойылымы көрсетілді. Іс-шара ба­­рысында шағын концерттік бағдарлама мен музей туралы тү­с­ірілген арнайы бейнесюжет те қамтылды. Бұдан кейін облыс­тық мәдениет, архивтер және құ­жаттама басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Сара Мәдиева, об­лыстық тарихи-өлкетану му­зейінің директоры Сейітжан Ілияс бірқатар мәдениет саласының қызметкерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Ал шара соңында «Қарақат» мектеп-студиясының жетігеншілері «Елік-ай» халық әнін орындады.

 

Жамбыл облысы