Тарих • 25 Мамыр, 2021

Елеусіз қалған Жиембет

1873 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тарихтан жақсы білеміз, 1630-жылдары мемлекет ретінде қалыптасып, Орта Азияның  көшпенді империясы болған Жоңғар хандығы Дешті Қыпшақ даласына, яғни Қазақ хандығына әлсін-әлсін шабуыл жасап, алаңсыз жатқан елді тонап, мал мен адамдарын айдап кетіп отырған. Әрине, олардың көздегені қазақтың шұрайлы, жанға жайлы кең-байтақ жері еді.

Елеусіз қалған Жиембет

Бұл жоңғарлармен ата-бабамыз 200 жылдай жан алысып, жан берісіп жауласып, елімізді, жерімізді сақтап қалған ғой. Осы бір көршілеріне тыным бермеген ұрыншақ мемлекеттің миллионға жуық халқын Қытай империясы қырып, жойып жібергені тарихтан белгілі. Қалмақтардың Қазақ еліне жасаған жойқын жорықтары 1723 жылғы «Аңырақай» шайқасы, «Сауран айналған», «Қайың сауған» деген атаулар қазақ халқының тарихи тағдырындағы ең бір ауыр кезеңдері еді.

Қазақ елінің болашақ тағдырын шешкен осындай бір қанды шайқас 1643 жылғы Орбұлақ шайқасы болатын.  2019 жылдың қараша-желтоқсан айларында Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақ киностудиясы шығарған «Орбұлақ шайқасы» фильмінің тұсаукесері «Қазақстан» телеарнасынан көрсетілген еді. Бұл кезең Қазақ хандығы үшін өте қиын уақыт еді. Себебі Есім хан қайтыс болғаннан кейін, хан тағына оның баласы Салқам Жәңгір сұлтан отырады.  Ел ішінде алауыздық, талас-тартыс көбейеді. Міне, осы сәтті пайдаланып қалуды көздеген жоңғар басқыншылары бейқам жатқан қазақ еліне тұтқиылдан ене бастайды. Хабарды естігеннен-ақ жауға тойтарыс беруге дайындық жедел қолға алынады. Жан-жаққа хабар жіберіліп, жауды қарсы алатын алаңға таулы жер таңдалады.

Соғыс өнерін жақсы білетін батырлар мен шеберлер, қару соғатын ұсталар жиналады. Осындай ел басына күн туғанда шапырашты Қарасай батыр, арғын Ағынтай, қаңлы Сарбұқа, найман Көксерек, дулат Жақсығұл жасының егде тартқанына қарамастан, алшын Жиембет, басқа да сұлтандар мен батырлар Салқам Жәңгірдің жанынан табылады.  Қазақ сарбаздары Оржотада терең ор қазу тәсілін соғыс тәжірибесінде алғаш рет пайдаланып, қаптаған жаудың  бетін қайтарған. Кинолентадан қиян-кескі ұрыста Жиембет батырдың орны ерекше болғанын көреміз.  Ескі танысы, Самарқан билеушісі Жалаңтөс баһадүрге барып, оны көмекке көндіруінің өзі оның шебер дип­ломат әрі шебер әскери қолбасшы екенін аңғартады. Сондай-ақ ол шайқас басталар алдында сарбаздарды «Жер – адамның анасы, жерсіз адам жетім, жерімізді қасық қанымыз қалғанша қорғайық» деген ұран тастап жігерлендіреді. Нәтижесінде, 600 қазақ жауынгері 50 мыңдай дұшпан қолын өз жеріне өткізбей қояды. Осындай қиын сәтте Самарқаннан 23 мың қолды бастап Жалаңтөс баһадүрдің келіп жетуі қазақ сарбаздарының рухын көтеріп жібереді.  Сөйтіп олар шапқыншы жауды ойсырата жеңіп, бетін қайтарады.

Жиембет Бортоғашұлы – шамамен 1540-1650 жылдары өмір сүрген, қазақтың аса талантты жырауы, биі әрі жеңімпаз батыры, әскери қолбасшы. Кіші жүздің басқарушысы болған тарихи тұлға. Ол Кіші жүздің Байұлы тайпасының тана руынан, Жайық бойының тумасы. Оның жастық шағы Жайық бойы, Өзен, Жем, Арал аралықтарындағы ауылдарда өткен. 16 жасынан бастап хандар, билер, батырлар жанында жүріп, ел билігіне араласады. Сөйтіп бүкіл алшынға әмірін жүргізе білген елеулі тұлғалардың бірі Жиембет жырау, төбе би ретінде 16 жыл хандық құрған Тәуекел ханды және 30 жыл хандық құрған Есім ханды өз қолынан хан көтеріп, олармен 46 жыл бойы үзеңгілес бірге жүріп, Қазақ хандығының қалыптасуы мен нығаюына орасан зор үлес қосқан тұлға. Ол әскери қолбасшы ретінде Есім ханның барлық жеңісті жорықтарының қаһарманы.

Ел ішіндегі хан тұқымының халыққа озбырлығы, жер дауы, жесір дауы кезінде хан мен жыраудың  арасында келіспеушілік  туындайды. Оның үстіне інісі Жолымбет батырдың қалмақ ханының Есім ханға сыйға тартқан сұлу қызды жолын тосып алып кеткен жеңілтек ісі жағдайды онан сайын асқындырып жібереді.  Хан Жолымбетті зынданға салып, өлтірмекші болады. Оны естіген Жиембет ханға келіп:

Жолын тосып алып кетіпті,

Қалмақтан алған сыйыңды.

Атасы басқа қалмаққа,

Тақпақ ойың қиынды.

Қаһарыңды басқалы,

Қалың елім жиылды.

Бастап келген өзге емес,

Жиембет сынды биіңді.

Малын салып алдына,

Әр саладан құйылды.

Он екі ата байұлы,

Бір тәңірге сыйынды, − дегенде, ха­лықтан сескенген хан амалсыздан Жолым­бетті босатады.  Бірақ одан әрі алакөздік жақсылыққа бастамайтынын ұққан Жо­лымбет батыр Хорезм аймағына көшіп кетеді.

«Бетің бар, жүзің бар» демей, турасын кесіп айтатын қайсар, өжет би Есім ханның кейбір озбыр, жөн-жосықсыз іс-әрекеттеріне қарсы шығады. Сөйтіп хан мен бидің арасы біртіндеп алшақтай бас­тайды. Хан кеңесіне де шақырмай қояды. Ханның осындай әрекеттеріне ренжіген Жиембет әдейі хан сарайына келіп:

«Есім сені есірткен,

Есіл де менің кеңесім», деп басталатын ызғарлы наразылығын айтып салады. Оның үстіне ханның жанындағылар «Осы Жиембет асқақтап кетті, Кіші жүзді сіздің билігіңізден бөліп әкетіп жеке хандық құрғалы жүр», деп айдап салуын қосыңыз. Ханның биге деген ызасы өрши түседі. Осыдан кейін көп кешікпей ханның абыройына дақ келтіретін сөз айтуға болмайтын заңның бабына сүйеніп, оны жер ауда­ру жөніндегі жарлығы да келіп жетеді. Өз қолынан өткен заң талабын мойынсынбайтындай оның амалы жоқ еді. Бас би ретінде «Есім ханның ескі жолы» атты заңдар жинағының бас авторы екені де даусыз.  Ол ханның халық алдындағы мәртебесін көтеру және оның қауіпсіздігін күшейту мақсатында заңға «Ханға қол жұмсаған адам өлім жазасына кесілсін, ал сөз тигізген адам жер аударылсын» деген бапты енгізеді. Міне, осы бапқа өзі де ілініп отырғанын аңғартады. Есім ханның жарлығымен Жиембет Қиыр Шығыс шекара күзеті басшылығына жіберіледі.Ол:

...Қиядан қолды көрсеткен,

Төбеңе шығар күн бар ма?

Жотасы биік Дендерім.

Қайырымсыз болған хандарға,

Тиерме екен бір күні,

Жолбарыстай шеңгелім, деп қош­тас­қан.

Жыраудың бұл толғауы көптеген жайдан хабар беріп тұрғандай. Ол Кіші жүзді осы Дендерде отырып басқарғанын байқаймыз немесе «Дендерім»  деп елжіреуіне қарағанда, оның туған жері осы Дендер болуы әбден мүмкін.  «Төбеңе шығар күн бар ма?», деп өзі армандаған осы жотаның ең биіктігіне ақбоз атына мінгізіп, бес қаруын асындырып хал­қымыздың ұлт батыры ретінде айбатты да зәулім ескерткіш орнатылса, абыройы­мыз арта түспей ме деп те ойлайсың кейде.

Жыраудың туған, қайтыс болған жылдары туралы нақты дерек жоқ. Бір деректерде ол 110 жыл, енді бірінде 118 жыл өмір сүрген деп көрсетіледі.  Жыраудың қайда жерленгені де белгісіз. Бірақ оның Сарайшықта жерленгені жөнінде халық арасында аңыз бар екенін жергілікті өлкетанушы Мәжит Мұхтарұлы «Ататек – қастерлі қазынамыз» кітабында жазған екен.  Бұл болжам да шындыққа жанасады. «Жеті үй Жиембет» атанған балалары мен немерелері атақты атасын бір төбенің басына жерлей салуы мүмкін емес.

Жиембет жырау туралы сөз қозғағанда оны қазақтың төл әдебиетінің ең бастауында тұрған тұлғалардың бірі деп те айтуға әбден болады. Тарқата айтқанда, оның қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен болуы – асқан батырлыққа қоса «Өнер алды қызыл тіл» демекші ол тұтас ұлтқа үлгі боларлық жырау. Толғауларындағы «Түн ұйқымды бөлгенмін, жұртымды жөнге салам деп» келетін жолдары асқан елжандылық нағыз халқының қамын ойлаған ел басқарушы тұлғаның келбетін аңғартады. «Бас кессе де басылмай, Ақ ісімді жасырмай, Атқа мінген ер едік» деген жолдары шыншылдықтың тура жолын ұстанушылықтың және сол жолдағы биік намыстың үлгісі іспетті жыраудың ақылгөй данышпандығын аңғартады», деп жазған екен Орал қаласынан журналист Нұртас Сафиуллин.

Сонымен қатар Жиембет жырауды Махамбет, Сырым батырлар «Ұстазымыз» деп үлгі-пір тұтқан.  Мәселен, Махамбеттің «Жәңгір ханға айтқаны», «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» сияқты сынды-зілді жырлары, Жиембеттің «Есім ханға айт­қанымен» үндесіп жатқан жоқ па? Атақты Сырым батыр жауға шапқанда Жиембеттің атын атап шапқан ғой. 

Алайда батырлардың, жыраулардың, шешендердің, билердің  үлгі алар ұстазы болған Бортоғашұлы Жиембетті есте қалдыру мәселесі шешімін таба алмай келе жатқаны өкінішті-ақ. Бұл мәселенің баспасөз бетінде көтеріліп келе жатқанына 7-8 жылдай болып қалды. Тіпті 120 адам қол қойған ауданымызға есімін беру жөніндегі ұсынысымызды Президентке де жазған едік. Өкінішке қарай, бұл ұсыныс облыстың, ауданның сол кездегі басшылары тарапынан қолдау таппады. Сылтау көп айтылды. Ауданның атауын өзгерткенде, оған аса көп қаражат кетеді-мыс, аудан экономикасын үлкен күйзеліске ұшыратады екен. Енді кейбір шенеуніктер бұл руға бөліну, деп байбалам салды.  Ру деген жікке, топқа бөлініп, адамдар арасына іріткі салу емес, керісінше адамдарды жақындастыратын, нәсіліңді, үш жұртыңды ажыратып беретін, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған, қасиетті де қастерлі ұғым емес пе.

«Батыр – қашанда халықтың ұлы. Бұл даусыз ақиқат. Ендеше, хас батырды руға, атаға бөліп жіліктеу жарамсыз қылық», деп жазған екен журналист Төреғали Тәшенов.  Осы арада айта кететін бір жайт, Жиембет жыраудың туып-өскен, ізі қалған өңірлері – Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері жоғарыда аталған шығындарды өтеуге да­йын екендіктерін мәлімдеуде.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында: «Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», деп қадап айтқан екен. Олай болса, бүкіл өмірін елдің тұтастығын сақтап, тәуелсіздігін қорғау, бірлігін нығайту жолында ат үстінде өткізген, халқының қамын ойлап ханның қаһарына іліккен, Жайық бойының даңқты тумасы, әрі жырау, әрі батыр, әрі би, әрі әскери қолбасшы, әрі мемлекет қайраткері Бортоғашұлы Жиембеттің есімі ауданымыздың атауына әбден лайық деп санаймыз. Қазіргі жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жанып жатқанда оның есімін ескерусіз, ұмыт қалдырғанымыз ұят-ақ. Ол қазақтың атышулы тұлғаларының арасынан төрден орын алатынына бүкіл қазақ жұртшылығы кәміл сенеді.

 

Өтеген Ақышев,

зейнеткер

Атырау облысы,

Индер ауданы,

Индер кенті