Оқиға • 26 Мамыр, 2021

Мал ұрыларына қарсы «майдан» ашқанда..

1001 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Қазақтың міні – мал ұрлығы» деп ұлы Абай өз заманында дөп басып айтқан қылмыстың бұл түрі, өкінішке қарай, бүгін де тыйылмай тұр.

 

Мал ұрыларына қарсы «майдан» ашқанда..

«Мал – баққанға бітеді», яғни төрт түлік малдың қадір-қасиетін білетіндерге оны өсірудің машақаты жақсы мәлім. Алайда сол жазғы-қысқы бағымын қадағалап, азық-суын сайлап, тұратын орнын жайлап, күтіп отырған үй жануары табан астында қолды болып кетіп жататын жағдай да аз емес. «Мал ашуы – жан ашуы». Төрт түлігі қолды болып, қыруар шығынға ұшыраған ауыл тұрғындары полицияға жүгінбегенде қайтсін?!

Түркістан облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков бүгінде мал ұрлығын болдырмау мен алдын алу жұмыстары басты орынға қойылғанын айтады. «Елді жерде ұры бар, таулы жерде бөрі бар» демекші, оңай олжаға кенелгісі келіп, арам пиғылын іске асыратын ұры-қарылар ақ пен қараның қатар жүретіні секілді мал ұстаған аймақта да кездеседі. Ал мал ұрлығы орын алған сайын, тиісінше оны азайту үшін ішкі істер саласының қызметкерлері күндіз-түні қызмет атқаруда», дейді ол.

Облыста өткен жылы мал ұрлығының тіркелуі 2 есеге азайған. Яғни 2019 жылы 641 мал ұрлығы болса, 2020 жылда 314 дерек тіркелген. Ал 2021 жылдың 4 айына негізделген статистикаға сүйенсек, ұрланған 712 малдың 250-ден астамы заңды иелеріне қайтарылған. Соңғы бір айда полицейлер 10-ға жуық мал иесінің алғысын алыпты. Мал ұрлығының одан әрі де төмендеп, ашылуы жоғарылауы үшін бүгінде полиция қызметкерлері тарапынан қажетті шаралардың барлығы атқарылып келеді. Арнайы осы қылмыс түрімен айналысып, қылмыскерлерді құрықтап жүрген жедел уәкілдер мал ұрлығы тіркелген қала, аудандарға іссапармен шығып, күдіктілердің ізіне түседі. Және еш уақытта нәтижесіз қайтқан емес. Діттеп барған жұмыстарын аяқтап, мал ұрыларын не болмаса міндетті түрде малдарды тәркілеп, тұрғындарға тапсырған. Бұл орайда генерал мал ұрлығы айтуға жеңіл болғанымен, қаскөйлерді ұстау кәсіби біліктілік пен табанды еңбекті талап ететінін айтады. «Жыл басынан бергі статистикаға сүйенер болсақ, біздің өңірді мазалап отырған мал ұрлығын ұйымдастырған 11 қылмыстық топ құрықталды. Олардың ішінде 32 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, мал ұрлығының 48 жайтына қатысы бар екені анықталды. Қазіргі уақытта тәжірибелі полицейлеріміз, яғни жедел уәкілдер мал ұрлығы қылмысы бойынша қаскөйлерді ұстау үшін қала, аудандарда әлі де іздестіру жұмыстары мен арнайы операцияларды жалғастырып жүр. Себебі кейбір арызданушылар тарапынан малымыз табылмай, созбалаңға салынды деп шағым айтып келетіндер де бар», дейді Қайрат Дәлбеков.

Көп жағдайда құжатсыз мал тасымалдайтын жүргізушілер де осы ұрлықтың орын алуына себепкер болып жатады. Оларды анықтау үшін полицейлер қала, аудандағы кіреберіс жерлерге арнайы пост қойып, не болмаса рейдтік жұмыстарды жиі жүргізу, патрульдеу арқылы құжатсыз мал тасымалдаған автокөліктердің заң бұзуына тосқауыл болуда. Мал ұрлығының басым бөлігі де осы айтылған жұмыстар бойынша анықталып, нәтижеге қол жеткізілуде. Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша 548 құқықбұзушылық анықталған. Ал аталған заңның 408-бабы бойынша 2874 құқықбұзушылық тіркеліп отыр. Яғни малдарын қараусыз жіберіп, сол арқылы өзгеге зардабын тигізген азаматтар аз емес. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің «Мүлікті қорғау жөніндегі» 2021-2023 жылдарға арналған бағдарламасының талаптарын орындау, мал ұрлығының алдын алу үшін, малды таңбалау, құжаттандыру, сырға салу, ветеринариялық бақылау және қадағалау жұмыстарын күшейту жұмыстарының нақты жүргізілуін ұйымдастыру мақсатында мал жиі ұрланатын аудандарға арнайы бекеттер қойылған. Мысалы, Шымкент – Мақтаарал тас жолы бойына «Сырдария» бекеті орналастырылған. Аталған бекетке Жетісай, Келес және Мақтаарал ауданының полиция қызметкерлері, ветеринария бөлімінің мамандары жұмылдырылып, бекітілген. Бұл мамандар күнделікті ауданнан жайылымға тасымалданып жатқан малдардың сырғаланғаны, құжаты бар-жоғын, заңдылығын тексереді. Бір ғана Мақтаарал ауданының өзінде қараусыз қалдырылған және тіркелмеген малдарды қамау мақсатында 11 орын ашылған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Мақтаарал АПБ-ның полицейлері небәрі 2 айдың ішінде малының құжаты жоқ 350 адамды анықтап, оларға әкімшілік шара қолданды.

Мал ұрлығын болдырмау мақсатындағы маңызды қадамдардың бірі – үшжақты келісімшарт жасау. Тәртіп сақшылары әкімдік, мал иесі мен бақташы арасында жасалатын келісімшарт ұрланған малдарды иесіне аман қайтаруға септігін тигізетінін айтуда. Бұл орайда облыс бойынша 5975 үшжақты келісімшарт түзілген. «Сақтансаң – сақтаймын» деген, мамандар бүгінгі таңда қолданыстағы «чиптің» көмегі мол екенін айтуда. Өйткені мал иесі «чипті» малға орнату арқылы оның көмегімен қайда жүргенін және тұрғанын бірден анықтайды. GPS-бақылау жүйесі де бірқатар ірі шаруашылық тарапынан ерекше қолдауға ие болып, қолданылып келеді. Сіріңке қорабындай ғана GPS-трекерлер мобильді құрылғы арқылы малдың қозғалысына бақылау жасауға мүмкіндік береді.

Иә, ұры айтып келмейді. Сол үшін үнемі сақтық шараларын сақтап, мұқият болу мал иесіне мың есе тиімді. Қора-жайын міндетті түрде мықтап қоршап, берік құлып салып, «ауыл арасындамыз» не болмаса «ел іші ғой» деп өзін алдайтын жалған сенімнен арылғандардың да ұтары анық. «Малды дер кезінде таңбалап, сырға салуға жүрдім-бардым қарамау керек. Сырғаланған және таңбаланған малдарды іздеп табу таңбасы жоқ төрт түлікке қарағанда әлдеқайда жеңілірек. Ұрылардың дер кезінде жолын кесіп, құрықтау үшін тұрғындар төрт түлігін уақтылы сырғалауы керек. Сондай-ақ бақташы ретінде кез келген жанға малды сеніп тапсыруға болмайды. Олар да сіздің сеніміңізді пайдаланып, мүлкіңізге қол салуы әбден мүмкін. Сенімсіз бақташылар мал ұрлығына бейім болады. Сондықтан неғұрлым үшжақты келісімшарт арқылы сенімді бақташыны жалдаған абзал», дейді Полиция департаментінің бастығы. Бұл орайда Қайрат Дәлбеков Отырар ауданында орын алған жағдайды мысал ретінде келтірді.

Отырар ауданында өзіне сеніп тапсырылған малды бақташы қас қарая үйіне айдап апарып, өзі таңдап алған төртеуінің ен-таңбаларын иелену мақсатында өзгерткен. Алайда полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында теріс пиғылы іске аспады. Аудандық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғынның айтуынша, 46 бас ірі қарасын бақташыға бағуға берген. Аптасына бір барып, сиырларын бақылап жүрген. Кезекті бір барғанында 4 сиырының жоқтығын байқаған. Содан соң олардың ұрланғанын біліп, тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 1 миллион 200 мың теңгеге бағаланған. Отырарлық полицейлер хабар түсісімен оқиға орнына толық құрамда жедел жетіп, істің ақ-қарасын ажыратуға кіріскен. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, айналаны мұқият тексереді. Нәтижесінде, жәбірленуші азаматтың 4 сиыры бақташының үйінен табылған. Осылайша, күдікті анықталып, полиция бөліміне жеткізілген.

Нарықтағы еттің бағасы қымбаттаған сайын, малдың құны да артары анық. Тәртіп сақшылары тұрғындарды оңай жолмен олжалы болғысы келетіндерге тосқауыл болу үшін төрт түлігіне мұқият болуға шақыруда.

 

Түркістан облысы