Тарих • 31 Мамыр, 2021

Тарих – түгендейді, уақыт – бүтіндейді

479 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Саяси құғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Парламент Сенатында «Ашаршылық. Голод. Документальная хроника. Сборник документов 1928-1934» атты үш томдық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Тарих – түгендейді,  уақыт – бүтіндейді

Бұл үстіміздегі жылдың ақпан айын­да өткен «Азаттық жолындағы ақ­таң­дақтар: Ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбында Парламент Сенаты, Білім және ғылым министрлігінің Мемлекеттік тарих инс­титуты,  Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бірлесе өт­кіз­ген дөңгелек үстелде ұсынылған идея болатын.

Дөңгелек үстелде жасаған баяндамасында Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Біздің жүріп өткен  тарихымыз – өрлеген кезең­дерімен бірге тақсіретке толы тарих. Сондықтан оның ащы-тұщы тағылымы мол. Осыған орай өткенімізді терең пайымдап, озық тұсымыздан өнеге тауып, қиналған сәттерден қорытынды шығаруымыз қажет. Тарихымызды даурықпа дау үшін емес, дамылсыз даму үшін пайдалануымыз керек... Ең алдымен, тиісті архив деректеріне қол жеткізу, оларды жүйелеу және мұқият зерделеу – басты мақсаттардың бірі. Өйткені ғалымдарымыз көптеген архив материалдарының әлі де болса ашылмағанын айтып жүр. Сонымен қатар өңірлермен және ондағы ашар­шылық тақырыбын зерттеп жүрген ғалым­дармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор», деген болатын.

«Атамұра» баспасында жарық көрген кітаптың сұр түсі, безендірілуі бірден тақырыптың ауырлығы мен салмақ­ты­лығын байқатады. Редакциялық алқа­сы­ның төрағасы – М.Әшімбаев. Мү­шелері – Н.Әбдіров, Д.Абдукадырова,                      Б.Әбдіғалиұлы (жауапты редактор), М.Құл-Мұхаммед, М.Бақтиярұлы, Н.Жү­сіп, А.Райымқұлова, Е.Сыдықов, Д.Қам­забекұлы, З.Кабулдинов, М.Қой­гельдиев, Т.Омарбеков, Е.Смағұл.

Бірінші том М.Әшімбаевтың «Тарих­қа тәуелсіз көзқарас» алғы сөзі­мен ашылып, оған 267 құжат енгізілген. Олар – қаулы-қарарлар, ақпарлар, жабық хаттар, баянхаттар, шешімдер, директивті хаттар, шолулар, ақпараттар, баяндамалар. Осы томдағы кейбір дерек­терді оқыр­мандар назарына ұсынуды жөн көрдім.

ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің 1928 жылы республиканың әлеуметтік-экономикалық және сая­си ахуа­лы жөніндегі шолуынан. «Қазақтардың қоныс­тануының нысандары, Ауыл шаруа­шылығы, ауылды бөлуі туралы сараптама жасалды.

Ауылдағы орта шаруалар аз және ешқандай рөл атқара алмайды», делінген.

1925/26, 1926/27 жылдары ауыл ша­руашылығының 60-65 пайызы ауыл шаруашылығы салығынан босатылған. Ауыл шаруашылығының  50 пайызының малы, егісі бар, 13 пайызы  50 шақырымға дейінгі қашықтықтағы қыстауға көшіп қонады. Олардың қолында бүкіл малдың 40 пайызы жиналған.

127-ші құжатқа назар аударалық. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңе­сінің Төрағасы Нұрмақовтың 1928 жыл­дың 28 қыркүйектегі жеделхаты. Ол Орталық атқару комитеті (ЦИК) пен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңе­сінің қаулысының кейбір баптарын түсін­діруге арналған. Мазмұны мынаған саяды. Байлардың малын санағанда олар­дың қазіргі көлеміне емес, 1928 жылғы 1 қаң­тардағы жағдайына сәйкес қарау керек.

№168 құжат ВКП(б) Казақ өлке­лік комитетінің хатшысы,  Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитеті төраға­сының орынбасары Сарымолдаевтың Голощекинге жіберген жеделхаты.

Орал округі бойынша тәркілеу қоры­тындысының баяндамасы деген жеделхатта «Жұмыс 1 қыркүйекте басталып,
1 қарашада аяқталды.

... Тәркілеуге 71 шаруашылық ен­гізілді. Бірінші категорияға – 56, екіншіге – 15 шаруашылық енген. 10300 бас ірі қара тәркіленген. 129 киіз үй, 83 кілем, 147 киіз, 215  шөпшапқыш және т.б.». Тізім осылай жалғасып кете береді.

Екінші томға 706 құжат енген. Бұл да әртүрлі ақпараттан тұрады. Кейбірін атап өткім келеді. ВКП(б) Қазақ өлкелік комитеті жабық бюросының «ВКП(б) Орталық Комитетінің 1930 жылғы
30 қаңтардағы кулактарды тап ретінде жою туралы қаулысының  орындалуы туралы  қаулы;

Семей ОГПУ-ның бастығы С.А.Бака­ның ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетіне кулактарды жауапқа тарту барысындағы шектен шығу туралы 1930 жылғы
19 ақпандағы жеделхаты. Осы секілді деректердің барлығы да 1930 жылдардың саяси-экономикалық жағдайын көз ал­дыңа әкеледі. Әр құжат – халық өмірінің әр сәті. Құрғақ цифрлардың ар жағында  ұлт­тың ауыр тарихы жатыр.

ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Ф.И.Голощекиннің ВКП(б) Орталық Комитетінің хатшысы И.В.Ста­лин­ге жазған «Қазақстанның саяси-экономикалық әлеуеті жөніндегі 1930 жылғы 5 наурыздағы жабық хатына» назар аудара кеткен жөн болар.

«... Кулактарды жою туралы.

Бірінші категория бойынша 5 нау­рызға дейін 3113 адам тұтқындалды. Олар­дың қылмысы әлі тексерілген жоқ. Екінші категория бойынша 16 аудан­да тұтастай ұжымдастыру жүріп жатыр. Осы 16-ы  ауданның 13-і таза егінші­лік­пен айналысады. Ал 3-і  мал да өсіреді.

Межелі цифрға сәйкес екінші категория бойынша Қазақстаннан 2450 адам қуылуы тиісті». Осындай деректер Қазақстандағы ұжымдастыру бары­сының И.В.Сталинге үнемі жеткізіліп отырғандығын көрсетеді.

 Үшінші томға 1126 құжат енгізілген. Солардың кейбіреулерін атай кетпекпін. ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің өкілетті өкілі А.А.Розыбакиевтің ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы И.М.Құрамысовқа Павлодар ауданындағы аштық туралы жеделхаты;

ВЦИК Төралқасының ұлттар бөлі­мінің меңгерушісі Н.Нұрмақовтың  ВЦИК Төрағасы  М.Калининге 1932 жылғы 17 ақпандағы қазақтардың жаппай шетелге көшіп кетуі туралы ақпараты.

Бұл томнан 819 нөмірмен берілген ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің бі­рінші хатшысы Ф.И.Голощекинге 1932 жылы шілде айында жазған Ғ.Мү­сіреповтің, М.Ғатаулиннің, М.Дау­летғалиевтың, И.Алтынбековтың, К.Қуа­нышевтың хатын оқи аламыз. Ол тарихта «бесеудің хаты» деп аталады. Бұл хатта бес қайраткер Қазақстандағы малдың күрт азаюына алаңдаушылық білдіреді: «1930 жылғы Ф.Голощекиннің мақаласына сәйкес Қазақстанда 40 миллион бас мал болған. Ол 160 миллион сомды құрайды екен. Ал екі жылдан кейінгі жағдай қандай? 30 миллиондай малдың 5 миллионы ғана қалыпты.

...Қазақ ауылындағы киімнің жағ­дайы да ауыр. Олар өздерінің өт­кізген малдары, астығы, терісі, жүні, майы үшін ақша­ларын ала алмай отыр­ғанын жеткізеді».

1060 нөмірмен берілген К.Қуаны­шевтың Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы О.Исаевқа жазған 1932 жылғы 26 ақпандағы хаты ешкімді бейжай қалдырмайды деп ойлаймын. Қуанышев мынандай дерек келтіреді.

«1.15 (ақпан - Б.Ж.) күні милиция бас­тығына қала мен оның маңын қарап шығуды тапсырдым. Ол 30 өлік тауыпты. 16-ы күні тағы  11 өлік көмілді.

  1. Аудан орталығында күп болып ісіп кеткен 200 адам менің алдымды босатпайды. Нан сұрайды (жағдайы нашарлар тіптен көп).
  2. Предрика жаңа ғана колхоздарды аралап келді. Оның айтуынша, ауданға дейінгі жол өлікке толы. «Қанша?» деп сұрағанымда, ол: «60-70 шақты» деп жауап берді».

Үш том кітап мың данамен ғана шық­қан екен. Әрине, бұл аздық етеді. Сондықтан да кітаптың электронды нұсқасы барлық мемлекеттік орган­ның сайттарына, жоғары оқу орын­да­рының кітапханаларына, гумани­тарлық са­ладағы ғылыми-зерттеу инсти­тут­та­рының сайттарына орналастырылуы тиіс. Сондай-ақ ол болашақ магистранттар мен докторанттардың зерттеу нысанына айналдыру қажет.

Қолымызға өте қымбат та құнды  қа­зына түсті. Бұл архивтерден алынған, жан-жақты іріктелген тарихи құжаттар. Ашар­шылықты саясаттандырудың қа­жет­тілігі бар ма? Оның жауабын әр оқыр­­ман осы кітаптардан табады.

Тарих бәрін түгендейді, уақыт бәрін бүтіндейді. Иә, солай болғанымен, ха­лық­тың тауқыметті өмірі айтылуға, екшелуге тиіс. Өйткені қазақ халқы осындай ауыр сыннан көп жоғалтқанымен, сағын сындырмай шықты.

Тарих сабағы – өткенге салауат, болашаққа аманат!

 

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,

Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі