Аймақтар • 01 Маусым, 2021

Ақтоты Райымқұлова Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары жайлы айтты

178 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жайлы айтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтоты Райымқұлова Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспары жайлы айтты

Ақтоты Райымқұлова Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасында Мәдениет және спорт министрлігінің құзыреті шегінде 27 іс-шара көзделгенін айтты.

«Бүгінде министрліктің мәліметіне сәйкес, Түркістан облысында 4 529 спорт нысаны бар. Облыс халқының 32,1% тұрғыны дене шынықтырумен, спортпен жүйелі түрде шұғылданады.

Кешенді жоспар шеңберінде спорт саласында 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың ішінде республикалық және жергілікті бюджет есебінен 3 ірі спорт нысанын салу қарастырылған.

Жеке инвестиция тарту арқылы екі жоба және жергілікті бюджет есебінен 8 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалардың басым бөлігі бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. 2025 жылы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтарды үлесі 45%-ға дейін ұлғаяды деп күтілуде.

Қазіргі таңда Түркістан облысында туристер саны 1,2 млн адамға жеткен. Жалпы спорт инфрақұрылымын дамыту ең алдымен халықтың денсаулығын жақсартуға жағдай жасайды», деді министр.

Сондай-ақ ол туризм саласындағы жоспарға тоқталды.

«Өңірге келетін туристер ағынын ұлғайту мақсатында Түркістан және Төле би ауданындағы «Қасқасу» туристік-рекреация орталығының инфрақұрылымын дамыту жоспарлануда. Өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мақсатында туристтік бағыттарды одан әрі дамыту бойынша жұмыс жалғасады. «Ұлы Жібек жолы» бойында жаңа туристік өнімдер қалыптасатын болады. Кешенді жоспар шеңберінде 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 9-ы жеке инвестиция есебінен.

Өңірде туризм индустриясын дамыту бойынша ұсынылатын туристік қызметтердің сапасын арттыру, туристік қызмет субъектілеріне мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын ұсыну, Түркістан қаласы мен Түркістан облысының көліктік қолжетімділігін арттыру сияқты және т.б. кешенді шараларды іске асыру жоспарланып отыр.

Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы туристер саны 2,5 млн адамға дейін, орналастыру орындарымен қызмет көрсетілген келушілер саны 291 мың адамға дейін және туризм саласында жұмыс істейтіндер саны 30 мың адамға дейін артады деп жоспарлануда», деді Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қатар министр мəдениет саласында атқарылатын жұмыс барымымен таныстырды.

«Статистика деректеріне сәйкес, өңірде 703 мәдениет мекемесі бар. Мәдениет саласындағы басым міндеттің бірі -  мемлекеттік бағдарламалар, жеке инвестиция шеңберінде инфрақұрылымды одан әрі дамыту. Нәтижесінде 13 мәдениет нысаны пайдалануға беріледі. «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында ескерткіштерді ғылыми қалпына келтіруге және археологиялық зерттеулерге бағытталған ауқымды жұмыс жоспарланған.

Облысты дамытудың Кешенді жоспары аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша 3 ауқымды жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, «Қожа Ахмет Ясауи» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенесін, Түркістан қаласындағы цитадельдің қамал қабырғасын қалпына келтіру жұмысы көзделіп отыр.

2025 жылы 59 нысанды қалпына келтіру жұмысы аяқталып, 24 археологиялық зерттеу жүргізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде бас тарихи мәдени нысан – «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесіне келушілер саны 2,3 млн адамға дейін артады деп күтілуде.

Аталған шаралар өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауға, дамытуға, оны елімізде және шетелде танымал етуге, туристердің келуі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған. Бұл өз кезегінде еліміздің туристік тартымдылығын арттырады», деді министр.