Теннис • 01 Маусым, 2021

Жеңісті жолды Зарина Диас жалғастырады

349 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстанның ерлер құрама командасы мүшелерінің екеуі де Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінде жеңіліс тауып, жарыс жолынан шығып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жеңісті жолды Зарина Диас жалғастырады

Бұған дейін біз Михаил Кукушкиннің испаниялық Алехандро Давидович-Фокинадан ұтылғаны жайында жазған едік. Одан кейін Александр Бубли сүрінді. Ол әлемнің екінші ракеткасы Даниил Медведевпен күш сынасқан еді. 25 жастағы Ресей теннисшісі 2019 жылы US Open турнирінің финалында ойнаса, биыл Аустралияның ашық біріншілігінде де дәл сол межеге дейін жетті. Одан бөлек, Медведевтің АТР додаларында 10 мәрте бас жүлдені олжалағанын айта кетуге тиіспіз. Осындай мықты ойыншыға Бубликтің әлі жетпеді – 3:6, 3:6, 5:7.

Әйелдер сайысында Елена Рыбакина бастаған жеңісті жолды Зарина Диас жалғастырды. Жерлесіміз WTA тізімінде 68 орында тұрған ұлыбританиялық Хизер Уотсоннан айласын асырды – 6:4, 7:5. Келесі кезеңде Зарина бельгиялық Элисе Мертенспен кездессе, Елена жапониялық Нао Хибиномен шеберлік байқасады. Сондай-ақ, бүгін Юлия Путинцева тунистік Онс Жаберге қарсы ойнады.