Қоғам • 02 Маусым, 2021

Басты мәселе: Балаларға абай болайық!

207 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Шарын шатқалында орын алған оқыс оқиға кезінде оқушысының өмірін сақтап қаламын деп қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін марқұм Мерей Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Ел Президенті қайғылы оқиғаны үлкен күйзеліспен қабыл алып, қайтыс болғандардың жақын туыстарына көңіл айтты. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли facebook парақшасында жазды.

Басты мәселе:  Балаларға абай болайық!

Яғни Шарын шатқалындағы орын алған оқиғадан сабақ алмасқа болмайды. Бір қуанарлығы, балалардың амандығын елімізде жалғыз ата-ана ғана ойламайды. Тиісті мемлекеттік органдар да осы мәселені тұрақты назарда ұстап келеді. Мәселен, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында жаз мезгіліндегі балалар қауіпсіздігі мәселесі кеңінен қамтылды.

– Төтенше жағдайлар министрлігі әрқашан балалар қауіпсіздігіне көп көңіл бөледі. Бүгінде ел аумағында шомылуға рұқсат етілген 469 орын бар. Оның 118-і коммуналдық шомылу, демалу орындары саналады. 275-і жекеменшік демалу, шомылу орындары деп белгіленді. Өкінішке қарай, атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, жыл басынан бері 34 бала суға кетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 67%-ға көп. Былтыр дәл осы кезеңде 21 бала суға кеткен болатын. Оның басты себебі ретінде ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруы дер едік. Екінші себеп – балалардың рұқсат етілмеген қауіпті орындарда шомылуы, – дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов.

Азаматтық қорғаныс саласы қыз­мет­керінің айтуынша, екінші маңызды мәселе – балаларды өрттен қорғау. Кейінгі үш жылда тілсіз жау 87 баланың өмірін қиды. Сонымен қатар газбен улану салдарынан 33 бала қаза тауыпты. Ескеретін ендігі мәселе – балалардың тентектігі кесірінен орын алған өрт. Кейінгі кезде жыл сайын балалардың отпен ойнағанының салдарынан ел аумағында 300-ден астам өрт тұтанады екен. Осылайша, жыл басынан бері 17 бала тілсіз жаудың құрбанына айналды. 5 бала улы газдың кесірінен көз жұмды. Балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетуі де жиілеп барады. Жыл басынан бері осындай 27 қайғылы оқиға тіркелді. Сол 27 баланың 5-еуі қайтыс болса, 10 бала әлі де ауыр жағдайда жатыр. 12 бала орташа ауыр жағдаймен ауруханаға түсті. Жалпы, 2019 жылы ел аумағындағы су қоймаларында 373 адам көз жұмып, соның арасында 122 бала болды. Осындай қайғылы оқиғалар 2020 жылы да қайталанып, 317 адамның өмірі қиылған еді. Соның 99-ы – балалар. 

– Өкінішке қарай, балалар қауіпсіздігі тақырыбының өзектілігін төтенше жағдайлар фактілері растап отыр. Осы мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткен болатын. Каникул кезінде балалардың қауіпсіздігін жүйелі ұйымдастыру үшін Премьер-Министрдің «2020-2023 жылдарға арналған каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы» өкімі қабылданды. 2020 жылғы наурызда Үкімет 2020-2023 жылдарға арналған бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасын бекітті. Барлық шара ведомствоаралық сипатқа ие. Министрлік кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың рөлін өңірлік деңгейде нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруда, – деді Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Оның айтуынша, осы жылы 1-10 сыныптардың контингенті 3 млн 317 мың баланы құрайды. Жергілікті атқа­рушы органдардың дерегі бойынша 13 мың сауықтыру лагері мен алаңы да­йын. Қала сыртындағы 235 лагерьде жыл бойғы маусымдық іс-шараларды ұйым­дастыруға болады. Қолайлы санитарлық-эпидемиялық жағдайда 2 млн-нан астам баланы немесе 1-10 оқушыларының жалпы саны 87,5%-ын сауықтырумен қамту жоспарлануда. Соның ішінде әлеуметтік осал санаттағы 500 мыңнан астам бала бар.

– Балалардың қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз. 2021 жылы 1 маусымда ел аумағында «Қауіпсіз аттракцион» акциясы басталды. Ойын және балалар алаңдары бойынша рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды. «Балаға лайық» жобасы аясында балақайлар үшін ең қолайлы нысандарды атап өткісі келеді. Балалар комитетінің өкілдері әлеуметтік желі­лерде, ресми парақшаларында «Балаға лайық» арнайы белгісімен белгі­лен­ген, яғни балалар мақұлдаған нысандар­ды, дәмханаларды, саябақтарды, жол­дар­ды және тағы да басқаларды фото­су­­рет­пен орналастырады, – деді  Е.Иман­­ғалиев.

Ол уәкілетті органдардан «112» арнасы арқылы балалардың қауіпсіздігі туралы апта сайын SМS хабарлама жіберу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Себебі балалық шақ жарқын естеліктерге толы болуы үшін ересектер қауымы балаларға өте мұқият болуы қажет. Ең бастысы, тиісті қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн.