Экономика • 03 Маусым, 2021

Бензин бағасы неге бағынбайды?

1049 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мұнайлы ел болсақ та, біздегі бензиннің бағасы – қымбат, дизельдің құны – удай. Неліктен бұлай? Жуырда бензин бағасы тағы да көтерілді. Бұл жолы сұйық отынның қымбаттауына не әсер етті? Баға тағы да өсуі мүмкін бе?

Бензин бағасы неге бағынбайды?

Жанар-жағармай құю стан­саларындағы бензин бағасы осы жылдың наурыз айынан бастап көтеріле бастады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де жиі жазылып, тәуір-ақ талқыланды. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында көлігі барлар жиі пайдаланатын АИ-92 бензинінің 1 литрі 150 теңгеден 176 теңгеге дейін қым­баттады. FinReview.info сарапшы­лары осыған талдау жүргізіп көрген екен.

Ең алдымен, бензин бағасы-

ның қалай қалыптасатынына назар ау­дарайық. Елдегі мұнай өңдеу зауыттарының қайта жаңғыр­тылғаны белгілі. Тек осыдан кейін ғана отандық кәсіпорындар ішкі нарықтың сұранысын толығымен қанағаттандыратын деңгейге жетті. 2018 жылдан бастап біздің зауыттар нарық қажеттілігінен 24 пайызға артық бензин шығаруға қабілетті. Осыны ескерсек, 2032 жылға дейін Қазақстанда бензин тапшылығына қатысты мәселе туындамауы керек. Әлбетте, бұл республиканың мұнай-газ секторы үшін маңызды. Өйткені осының нәтижесінде шетелден жеткізілетін қымбат бензиннің үлесі 32 есе төмендеді.

Демек қарапайым қисынға салсақ, Қазақстан ішкі нарық­тағы бензин бағасын өзі-ақ қалып­тастыра алады әрі елді арзан отынмен қамтамасыз етуге қау­қарлы. Алайда іс жүзінде жағ­дай әзірше біз ойлағандай бол­май тұр. Соңғы үш жылда мұнай бағасы айтарлықтай өзгерді. Біресе төмендейді, біресе өседі. Әйтеуір, тұрақты болған жоқ. Тиісінше, бензин бағасы біртіндеп өзгеріске ұшырады. Бұл да заңдылық.

– Мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарыққа қара алтынның 30-50 пайызын өзіндік құны бо­йынша, яғни бір баррельді 25-30 долларға жеткізеді. Ал бензиннің бөлшек саудадағы құны оның мұ­най өңдеу зауытындағы көтерме бағасына байланысты қалып­тасады. Бұл жерде зауыттан жанар-жағармай құю стансасына жет­кізуге дейінгі шығындар толық ескеріледі. Аталған шығын­дарға өнімді мұнай базасында сақ­тау, операциялық шығыстар, салық­тар, банктік қызмет көр­сету, қо­сылған құн салығы, жұмыс­шы­лардың еңбекақысы, алыс-беріс маржасы жатады. Бұл ретте баға белгілеудегі мұнайдың үлесі бар-жоғы 11-14 пайызды ғана құ­райды. Ал жанар-жағармай құю стансаларының маржасы немесе таза пайдасы литріне небәрі 1-3 теңгеге зорға жетеді. Яғни кәсіп­орындар ішкі нарықтың бензинге деген жоғары сұранысынан ғана табыс тауып отыр, – дейді FinReview.info сарапшылары.

Осылайша, сарапшылар бензин бағасына әсер еткен негізгі төрт факторды анықтаған екен.

Біріншіден, бензин тауар биржасында сатыла бастады. Бұл отын нарығын үйлестіруге жол ашады. ETS тауар биржасын­да бензин саудасын іске қосу ор­та­лықтандырылған сауда ин­ф­ра­қ­ұрылымын дамыту және отын-энергетика секторының на­рықтық экономикаға көшуі шеңберінде жүргізілгені белгілі. Бастапқы кезеңде елде өндірілетін бензиннің шамамен 10 пайызы биржа арқылы сатылатын болады. Кейіннен оның көлемі 15-20 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Бир­жадағы бірінші сессия бас­тал­ғаннан бері сауда-саттық нарыққа қатысушылар тарапынан жоғары сұраныстың барын байқатты.

Мәселен, алғашқы жеті сессияда АИ-92 және АИ-95 маркалы бензиннің 19 мың тоннасы сатылған. Аталған отын бо­йынша жалпы айналым 4 млрд теңгеден асты. Осылайша, бензинге қатысты алғашқы баға индикаторлары қалыптасты. Сауда-саттық жалғасатын бір аптада отын құны 169 мың теңге көлеміндегі бастапқы бағасынан 39 пайызға, яғни тоннасы 234,9 мың теңгеге дейін өсті. Демек литрі 125 теңгеден 174 теңгеге қымбаттады деген сөз. 12 сәуірде өткен сауда сессиясында АИ-92 бағасы литріне 155 теңгеден 174 теңгеге дейінгі аралықта құ­былды. Тиісінше, жанар-жағар­май құю стансаларындағы бөлшек сауда құны да көтерілді.

Екіншіден, мұнай өңдеу зауыт­тарындағы жөндеу жұмыс­тары кезінде елде бензин тап­шы­­лы­ғы орын алуы мүмкін. Осын­дай қауіп туындайтыны рас. Мә­се­лен, Атырау мұнай өңдеу зауы­тындағы жөндеу жұмыс­тары электр энер­гия­сын жеткізу­дегі іркі­ліс­терге байланысты уа­қы­ты­нан бұрын бас­талды. Бұл кейбір тех­но­логиялық қондырғылардың апат­тық тоқ­тауына алып келді.

Өндірісті жоспардан тыс уа­қыт­та тоқтату Батыс Қазақстан об­лы­сында отын қорының тап­шы­лығын тудырды. Ал одан туын­даған дүрбелең бензин тап­шылығын күшейтіп, өңірдегі бөлшек сауда бағасының өсуіне алып келді. Ішкі нарықты сұйық отын­мен қамтамасыз ету үшін Пав­лодар және Шымкент мұнай өң­деу зауыттарындағы жоспарлы күрделі жөндеулер мерзімі ше­ге­рілді. Десе де бұл жұмыстар биыл қалай да жүргізіледі. Демек, жи­нақ­талған қордағы бензиннің жетісп­еу­шілігіне қатысты мәселе тағы да туындауы ықтимал, – де­лін­­ген FinReview.info шолуында.

Үшіншіден, бензин бағасы сұраныс/ұсыныс қатынасына бай­ланысты қалыптасады. Отын бағасы 2015 жылға дейін мем­ле­кеттік тұрғыдан реттеліп келді. Бастапқыда әкімшілік бақылау ша­ралары отынның босату құ­нын тікелей анықтаудан ғана тұрды. Бірақ 2011 жылдан бас­тап олар бензиннің ең жоғары құнын белгілеумен шектелді. Өткен онжылдықтың ортасында бұл шаралар жойылып, нарық мемлекеттің бақылауында бола тұра, еркін айналымға көшті. Мысалы, мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізу нарық­тық бағамен емес, бұрынғыдай өзіндік құн бойынша жүзеге асырылады. Өз кезегінде, нарықтың еркін айналымы түпкілікті баға сұраныс пен ұсыныс көлемі­нен қалып­тасаты­нын көрсетті. Мемлекет бұл про­цеске аралас­пайды және бұл салаға субсидия да қарас­тырылмаған.

Төртіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы 2025 жылға қарай табыс әкеле бастауы тиіс. Ор­тақ нарық құру ЕАЭО-ға мүше елдер үшін энергия ресурстары­ның қолже­тімділігін арттыруға және отан­дық өндірушілер үшін өт­кізу нарығын кеңейтуге мүмкін­дік бе­реді. Нәтижесінде, Одақ көле­мін­дегі бензиннің құны теңес­ті­ріле­ді. Демек бұл жағдайда Қазақстан бағаны тағы да көтеруі керек. Өйткені ЕАЭО елдері арасында ең төменгі баға біздің республикаға тиесілі. Атап айтқанда, Ресейде АИ-92-нің 1 литрі шамамен 250 теңге тұрады. Тиісінше, біздегі бензиннің құны 50 пайызға өсуі мүмкін. Тек сонда ғана Ресей мен Қазақстандағы баға теңе­седі, – дейді сарап­шылар.

Сондықтан мұнай-газ секторын дамыту және бағаны тежеу Қазақстан үшін өзекті мәселе болып қала бермек. Бұл ретте жағдайды оңалтудың бірден-бір жолы – мұнай өңдеуге барынша инвестиция тарту. Өйткені бұған салынған инвестициялар бензиннің өзіндік құнын төмен­детуге оң әсер етпек.

Бензин – әлеуметтік маңызы жоғары өнім. Оның бағасы басқа тауарлардың құнына бірден әсер етеді. Яғни бағаның өсуі х­алық­тың тұтыну қабілетінің төмен­деуіне алып келеді. Бұл эконо­мика үшін тиімсіз, әлбетте. Сон­дықтан мұнай-газ секторын дамыту – біздің ел үшін маңызды стратегиялық міндет. Алайда өнер­кәсіптік өндірісті ұлғайту үшін қаражат қажет.

2021 жылғы сәуір айының со­ңын­дағы жағдай бойынша өн­дірістік қуаттарды ұлғай­туға бағытталған айналым қаража­­ты­ның 40 пайызы банк және банк­тік емес секторлардың қарыз­дары­нан тұрды. Бұл дегеніміз – несие. Де­мек кәсіпорындардың ал­ған не­сиесі бензиннің өзін­­дік құ­нында мін­детті түрде еске­рі­леді. Өкініш­ке қарай, бұл біз­дің нарықты кез келген жергілікті және сыртқы факторларға жығып бермек.

Бұл жағдайда Қазақстан кре­диттік жүктеменің бензиннің өзін­дік құнына қатысты әсерін азайтуы қажет. Ол үшін отан­дық мұнай өңдеу зауыттары сыртқы нарық­тарға отын өткізу география­сын кеңейту арқылы ка­пи­талды ұлғайтуы керек. Бұ­дан бөлек, өндіріс көлемін өсіру­ге мүмкіндік беретін инвестиция тарту маңызды. Өйткені бензин­нің әлемдегі ең төменгі бағасы Қазақстанға тиесілі. Демек бензин экспорты инвесторлар үшін айтарлықтай пайдалы.