Экономика • 06 Маусым, 2021

Баррельмен бағаланған байлық. Қазақ еліндегі «қара алтын» өндіру қалай басталып еді?

2397 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін

Жеті қат жер астындағы қара майдың баррельмен бағаланатын байлыққа айналарын кім білген? Десек те қазақтың мұнайы Венесуэла, Иран, Кувейт, Мексика, Норвегия, Сауд Арабиясынан да бұрын өндірілгені тарихи деректермен дәлелденгенін көпшілігіміз біле бермеуіміз мүмкін. Демек қазақ мұнайының шежірелі тарихы бар. Белгілі ғалым, академик Нәдір Нәдіровтің айтуынша, Қазақстанда мұнайдың мол қоры да, шежіреге толы бай тарихы да бар. Барланған мұнайдың қоры әлі де 150-200 жылға жетеді. «Қара алтын» қоры барлана да, нақтылана да береді. Мұнай өндіру, өңдеу мен тасымалдау технологиялары да жетілдіріліп келеді. Қазақстан бұрын құрлықтан ғана мұнай өндірсе, тәуелсіздік алғаннан кейін су астынан да «қара алтын» алуды сәтті жалғастырып отыр.

Баррельмен  бағаланған байлық. Қазақ еліндегі «қара алтын» өндіру қалай басталып еді?

 Қызылбасов тапқан «қара алтын»

Әлемде мұнай өндіру тарихы тым тереңде жатыр. Дүние жүзінде 160 жылдан астам бұрын алғашқы мұнай тамшысы АҚШ-та алынған екен. Содан кейін қазақ жерінде де «қара алтынның» бастапқы бұрқағы атқылағалы 122 жыл өтті. Жылыой ауданындағы Қарашүңгүл кен орнынан осынша жыл бұрын алғаш рет 7 тонна мұнай алынған. Содан бергі кезеңде қазақ жерінен «қара алтын» селі әсте тоқтаған емес. Әсіресе Доссор, Мақат кәсіпшіліктерін өнеркәсіптік игеру басталғаннан кейін мұнай өндіру көлемі ұлғайды. Бірақ өндірілген өнім түгелімен Одақтың ортақ қазанына құйылып, жергілікті тұрғындар оның игілігін көре алмап еді. Соған қарамастан қазақ мұнайшылары арасынан бірнеше ондаған мұнайшы әулеті қалыптасты.

Олардың арасында Авровтар, Балғымбаевтар, Балжановтар, Бешімовтер, Бөлекбаевтар, Қарамұрзиевтер, Мырзағалиевтер, Оржановтар, Өтебаевтар, Өтеғалиевтер, Шырдабаевтар, Марабаевтар, Досмұхамбетовтер, Жұмағалиевтер, Огайлар әулеттерінің еңбек жолын бүгінгі ұрпағы абыройлы жалғастырып келеді. Сондай әулеттің бірі – Бешімовтер. Атадан – балаға, баладан немереге атакәсіптей жалғасқан мұнайшылық кәсіптің бастауында Бешім Қызылбасовтың есімі ерекше аталады. Ол – Жылыой ауданындағы Қосшағыл кен орнындағы мұнайды алғаш тапқан қазақ.

Осынау көңілі даладай дарқан қарияның кейінгі ұрпағының қамы үшін жасаған ұлағатты ісін дәріптеу әрі есте қалдыруды көздеген отандық мұнайшылар Қосшағыл кентіндегі бір көшеге Бешім Қызылбасовтың атын беріп, ескерткіш-барельеф орнатуға ұйытқы болды. Қосшағыл кен орнының ашылу тарихына шолу жасасақ, ел аузындағы аңызға бергісіз әңгіме желісі былайша өріледі. Бешім Қызылбасов 1926 жылдың жаз айында көрші ауылдан келе жатып, шағылдар арасындағы қара қоңырланған жердің үстінен түседі.

Атынан түсіп, зер сала қарағанда қою қара майдың жиналып қалғанын байқайды. Арнайы білімі болмаса да елдегі болып жатқан оқиғаларға құлағын түріп жүретін, былайша айтқанда мұнай туралы, оны игеруге талпыныс жөнінде желдей ескен жағымды жаңалықтардан үнемі хабардар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың қатарындағы Бешім қарт жер бетіне шыққан майды торсығына құйып, топырағын дорбасына салып алады. Қозыкөш жерден үйіне келген соң торсығындағы майды отқа жағып көреді.

Пышырлап алаулай жанған майды «қара алтын» деп топшылаған Бешім қарт оны шалғай болса да Доссордағы мұнай кәсіпшілігіне жеткізу үшін атына мініп, желе жорта жөнеледі. Он бес жылдан бері, яғни 1911 жылдан Доссордан жоғары сапалы «қара алтын» селін тасытып жатқан мұнай кәсіпшілігіндегілер торсығына мұнай, дорбасына майлы топырақ салып әкелген ауыл ақсақалын жылыұшырай қарсы алады. Өйткені ел ішіндегі мұндай жершіл, әрі көнекөз қариялардың жаңа кен орындарының ашылуына септігі тиетіні даусыз еді. Бешім қарт әкелген майлы топырақтан көз алмай, өз байламын қапелімде айтуға асықпаған кәсіпшілік басшылары зерттеу жұмысын сол кездегі жас геолог, кейіннен осы саланың білгір ғалымы атанған профессор Петр Авровқа тапсырады.

Меркі өңірінде кіндік қаны тамып, қазақтармен етене болып ержеткен П.Авров геологтерін ертіп, Бешім қарт көрсеткен шағылдар арасына әлденеше рет келеді. Әр келген сайын Бешім қартты қасынан тастамай, жолбасшы ретінде жұмысқа алады. Осы қарияның көмегімен Жылыой өңіріндегі кен орындарының картасын жасаған дейтін дерек те шындыққа жанасатындай. Торсығына май құйып алған Бешім қарт та, оның айтқанына иланып қана қоймай, шағылдар арасына ілесіп келген П.Авров басқарған геологтер да зерттеу, бұрғылау жұмыстарына үлкен үмітпен кіріскен еді. Сол үміт 6 жылдан кейін ақталып, 1932 жылғы 28 қарашада №6 ұңғыманың 450 метрлік тереңінен алғашқы мұнай бұрқағы атқылады. Алғашқы ұңғыманың тәулігіне 250 тонна «қара алтын» бергені мұнай іздеушілерге жол көрсеткен Бешім қартты да, геологтерді де, бәрінен бұрын сол өңірдегі дүйім жұртты алабөтен қуанышқа кенелтті. Геологтер жаңа кен орнын таптық, ауыл адамдары мұнайдың пайдасын көреміз деп қуанған еді.

Жергілікті халықтың үлкенді сыйлайтын дағдысын жақсы білетін П.Авров өзіне жолбасшы болған қариядан мұнай шыққан жерге ат қоюын өтінеді. Дала академигі атанған Бешім қарт шағылдар арасындағы мұнайлы жерге «Қосшағыл» деген атаудың жөн екенін алға тартқанда, геологтер де осы уәжге тоқтам жасапты. Осыдан кейін Бешім қарт пен геолог Петр Авров Қосшағылға таяу 13 шақырым жерге көшіп келіп, татулығы жарасқан көрші, жақсы жолдас болыпты.

Аталған кен орнын өнеркәсіптік игеру 1935 жылы басталды. Дәл сол жылдың 23 қыркүйегінде Қосшағыл кәсіпшілігінің құрылуымен Жылыой ауданында мұнай игерудің алғашқы қадамы жасалды. Бұрын мал мен құстан өзге ештеңе көрінбейтін ен далада техниканың гүрілі естіліп, әр төбенің басында отырған ауыл жастары өндіріске тартылды. Бірақ тағдыр Бешім қартқа кіндік қаны тамған дала төсіндегі дүбірлі еңбекті, мұнай барлайтын, өндіретін технологияның тетігі қазақ жастарының қолына тигенін көруді жазбаған екен. Ол кәсіпшілік құрылардан екі жыл бұрын, яғни 1933 жылы өмірден озды.

Дегенмен оған кейіннен «Қосшағыл кен орнын алғаш ашушы» атағы беріліп, геологтерге мұнай көзін тауып бергені үшін өмірлік жәрдемақы тағайындалыпты. Жәрдемақыны әкесімен бірге күні-түні геологтермен аралас-құралас жүрген үлкен ұлы Мұқан алып тұрған. Неге екені белгісіз, Мұқан 1951 жылы өмірден озғанда, жәрдемақыны төлеу де тоқтап қалған. Бір қызығы, Бешім Қызылбасовтың ұлдарының бәрі Қосшағыл кен орнын игеруге атсалысқан. Ердәулет пен Бердәулет дейтін екі баласы соғыс жылдарында бұрғышылыққа жұмысқа алынып, кейіннен атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіретін оператор атанып, абыройлы еңбек еткен. Төремұрат, Нарымбай есімді балалары да еңбек жолын осы кен орнында бастап, 1939 жылы фин соғысына аттанған. Екінші дүниежүзілік соғыстың қан майданынан екеуі де елге оралған жоқ. Ең кіші баласы Мизам да ұзақ жыл мұнай саласында еңбек етті. Бұл күндері Бешім қарттың ұрпағынан тараған 50-ден астам немере-шөберелері мұнай өнеркәсібінің білгір маманы атанып жүр. Сондай немерелерінің бірі – Наурызғали Ердәулетұлы Бешімов.

– Мамандық таңдауыма, өмірімнің дұрыс арнаға түсуіне жол сілтеген екі азаматтың адамгершілік, ағалық көмегін әлі күнге ұмытпаймын. Мектепті 1951 жылы бітіріп, енді оқуға аттанамын деп тұрғанда әкем қайтыс болды. Әкем бала кезімде: «Мәскеуде мұнай оқуы бар, сені соған оқытамын» дейтін еді. Бірақ әкем дегеніне жете алмады. Тұрмыстың қиын кезі ғой, қапелімде жұмыс табу да оңайға түспеді, – деп еске алады мұнайшылық кәсіпке келу жолын Наурызғали Бешімов. – Сол кезде Құрман Бисенов деген көрші тұратын ағай мені Комсомол кәсіпшілігінің директорына ертіп апарып, жөндеушінің үйренушісі етіп жұмысқа орналастырды. Сол кәсіпшіліктен бір жылдан соң Мәскеудегі мұнай институтына оқуға аттанарда мекеме басшысы Қуаныш ағай Құдабаев: «Жолыңа жаратарсың» деп 300 сом ақша берді. Бұл менің екі баламен ауылда қалған анамның екі жылдық зейнетақысына тең қаражат еді.

Ол осындай адамгершілігі мол азаматтардың қамқорлығымен Мәскеуден білім алды. Мұнайшы-инженер мамандығымен 1958 жылы еңбек жолын Бешім атасы «қара алтын» тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіндегі №1 учаскеде оператор болып бастады. Кейін «Құлсарымұнайгаз» «Жайықмұнайгаз», «Теңізмұнайгаз» секілді ірі кәсіпорындардың басшылық қызметіне дейін көтеріліп, Шафих Ізбасов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков сынды азаматтардың сенім білдіруімен Мақат аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыроймен атқарды.

– Қайда жүрсем де, қандай лауазымды қызмет атқарсам да Бешім атам салған мұнайшылық кәсіптегі отбасылық жолдың үзілмеуін ойлайтын едім. Қазір шүкір, ата жолын жалғастырған балалар, немерелер бар, – деп еске алады өткен күндерін ардагер мұнайшы Наурызғали Ердәулетұлы.

                   «Теңіз» тереңіндегі телегей

Бұл – елімізді танытқан бірден-бір кен орны. Қазір әлемде «Теңізге» тең келетін кен орнын табу қиын. Бұл кеніштің тереңінде телегей байлыққа ұласқан мұнай мен газдың мол қоры бар. Биыл ашылғанына жиырма сегіз жыл толатын кен орнынан үздіксіз өндіріліп келе жатқан «қара алтын» селі қалай барланып еді? «Теңіз» кен орнының бастауында кімдер тұр? Әрине, осы сауалдарға жауап іздегенде, алдымен қазақстандық геологтер мен мұнайшылардың кәсіби біліктілігін ескермеуге болмайды. Өйткені КСРО-ның Геология мен Мұнай өнеркәсібі министрліктері бір-бірімен бәсекеге түскен сол бір кезеңде қазақстандық мұнайшылар «Теңіз» құрылымының тұзасты қабатында мол мұнайдың қоры барын дәлелдеп, бұлтартпайтын алғашқы ғылыми дәйектерін ұсынды. Бірақ КСРО Геология министрлігінің мамандары нақ осы құрылымда геологиялық барлау жүргізуден бас тартыпты.

Дәл сол кезде «Эмбанефть» өндірістік бірлестігінің басшылары кейін «Теңіз» атауын иеленген құрылымда геологиялық барлау жұмысын бастау жөнінде бастама көтерді. Бұл қадамның нәтижелі боларына бірлестіктің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев, бас геологі Жолдасқали Досмұхамбетов пен Мақаш Балғымбаев кәміл сенімді еді. Әйтсе де олар бастапқыда қолдағы геофизикалық мәліметтің жұтаңдығына қарамастан, Оңтүстік-Ембі алаңындағы тұзасты қабатынан мол шикізаттың барын дәлелдеуге тырысты. «Эмбанефть» бірлестігі алдымен Балықшы барлау-бұрғылау басқармасының күшімен «Пустынный» алаңында барлау жұмысын бастады.

Бұл – тұзасты қабатынан мұнай қорын іздеуге жасалған алғашқы қадам. Осы кезеңде «Қаратон» және «Тәжіғали» алаңындағы барлау жұмысына «Нижневолжскнефть» өндірістік бірлестігінің бұрғышылары тартылды. Тұзасты қабатынан құрамында күкірті бар мұнайдың орасан қорының белгісіне «Пустынный» алаңындағы №10 ұңғыманы бұрғылау барысында көз жетті. Қазақстандық мұнайшылармен бірге «Нижневольжскнефть» бірлестігіне қарасты волгоградтық басқарманың бұрғышылары бұрғылаған «Тәжіғали» кен орнындағы №13 ұңғымадан 100 тоннаға жуық «қара алтын» мен 600 мың текше метрге жетеғабыл ілеспе газ алынды.

Ал «Теңіз» тереңіндегі телегейге алғаш рет бұрғы ұшы 1976 жылы салынды. Мұндай жауапты жұмысты орындауды «Эмбанефть» бірлестігінің басшылары Волгорад бұрғылау басқармасының бұрғышыларына тапсырды. Сөйтіп аталған басқарманың Голубев басқаратын бригадасы «Теңіз» алаңындағы №1 ұңғыманы бұрғылауды бастады. Рас, тұзасты қабатын бұрғылау оңай емес. Өйткені сол кезеңде Қазақстандағы мұнай өндірілетін кен орынның барлығында дерлік мұндай бұрғылау қолға алынбаған еді. Осындай себептен тұзасты қабатын бұрғылау жұмысына ерекше маңыз берілді. Арада үш жыл өткенде, яғни 1979 жылдың төртінші тоқсанында тұзасты қабаты ашылды. Сол жылғы желтоқсанда алғашқы сынақ жүргізіліп, тәулігіне 475-600 текше метр мұнай алынады деген қорытынды жасалды. Бірақ мұнай құрамында күкірттің мөлшері 25 %-ға дейін екені анықталды. Сол кезде әлемде мұндай көлемде күкірті бар, сондай-ақ қабат қысымы жоғары кен орны жоқ еді.

Бұл әрине «Эмбанефть» бірлестігінің басшыларын «Теңіз» кен орнына қатысты сан алуан жоспарлы жұмысты ойластыруға мәжбүр етті. Соның бірі – біліктілігімен танылған жас мұнайшы Нұрлан Балғымбаев жетекшілік ететін инженерлік-техникалық топ. Бұл топқа кен орнын игеру жөніндегі жұмысты үйлестіру, білікті мамандарды таңдау, олардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін оқыту міндеті тапсырылды. Алайда КСРО-да мұндай ірі кенішті игеруге қажетті технология да, мұнай жабдықтары да болмады. Дегенмен отандық бірлестіктің білгір басшылары мен мамандары кен орнында кешенді зерттеу жұмыстарын қолға алып, оған жетекші ғылыми-зерттеу және жобалау институттарын жұмылдырды. Мұндай институттар металлургия, химия және мұнай-химия өнімдерінің тәжірибелік үлгісін алу мақсатында сынақтар жүргізді.

Бәрінен бұрын «Эмбанефть» бірлестігінің бас директоры Бөлекбай Сағынғалиев тұзасты қабатынан бірінші сынақта алынған өнімді қуантарлық нәтижеге балады. «Бұл оның КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Косыгиннің қабылдауына кіруіне дәйекті дәлел еді. Сөйтіп бас директор КСРО Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесінің 1981 жылғы 4 маусымда «Батыс Қазақстанда мұнай және газ өнеркәсібін дамыту және геологиялық барлау жұмысын күшейту шаралары туралы» арнайы бірлескен қаулысын қабылдауына ықпал етті. Мұны КСРО-дағы 49 өндірістік бірлестіктің бірін басқарып, білікті ұйымдастырушы ретінде танылған қазақ азаматының орасан зор еңбегі деу ләзім» деген естелігімен бөліскен болатын мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев.

Бірлескен қаулы «Теңіздегі» бұрғылау жұмысын жандандырды. Нақтылай айтқанда, 1982 жылы кен орнындағы бұрғылау бригадасы 30-ға, бұрғылау қондырғысы 42-ге жетті. Ұңғымаларды бұрғылау жобасын «ВолгоградНИПИнефть» әзірлеп, КСРО Мұнай өнеркәсібі министрлігі бекітті. Сол тұста одақ басшылары үрке қараған батыстық озық қондырғылар мен жабдықтарды сатып алуға, шетелдік мердігерлерді тарту ісіне аталған министрліктің өкілі Нұрлан Балғымбаев тікелей атсалысты. Шетелдік мердігер Лурги-Литвин-Лавалин консорциумы әрқайсысының қуаты жылына 3 миллион тоннаға есептелген үш технологиялық желіні жеткізді. Ал кен орнындағы монтаждау жұмыстарын венгрлік «Ведепсер» компаниясы атқарды. Айтқандай, осы компания алғашқы вахталық қалашықтың қадасын қақты.

Әрине кен орнын игеру үшін, ауқымды жұмыс атқарылғанын осы саланың мамандары жетік біледі. Шындығында, мұнай-газ өнеркәсібінің, әсіресе, «Теңіз» кенішінің тарихын жетік білетін Нұрлан Балғымбаевтың естелігіне сүйенсек, кен орнындағы зауыттың бірінші технологиялық желісін іске қосу 1991 жылдың көктеміне жоспарланыпты. Технологиялық желі мұнаймен толтырылып, қажетті температураға дейін қыздырылды. Мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Қаден Құдабаев пен бас инженер Владимир Михайловтың қадағалауымен 6 сәуірде аға шебер Б.Ерниязов, операторлар Абдулхамит Артығалиев, Ғафур Әубәкіров, Мейрам Молдашев №8 ұңғыманың өнім жіберетін клапанын ашты. Осылайша, кен орнынан өндіріле бастаған «қара алтын» төрт сағаттан кейін зауыттың технологиялық желісіне жетті. Сол сәтте мұнай қабылдауды зауыт басшылары Махошвили мен Зидиханов операторлар тобымен бақылап тұрды. Ал 8 сәуірде ілеспе газ тауарлы өнім деңгейіне жеткізіліп, «Орталық Азия-Орталық» магистралды газ құбырына беріле бастады. Екі аптадан соң пропан, бутан секілді сұйық өнімдер тұтынушыға, ал мамырда сұйық күкірттің бірінші партиясы Алға қаласындағы зауытқа жөнелтілді.

Әрине КСРО басшылары «Теңіздей» ірі кеніштің тереңінде жатқан мол көмірсутекті бұрынғыша одақтың ортақ қазанына құюды көздегені даусыз. Мұны Мұнай өнеркәсібі министрі Василий Динковтың АҚШ-тағы «Оксидентал Петролеум» корпорациясының президенті Арманда Хаммермен ұзақ жыл келіссөз жүргізгені қапысыз айғақтайды. Сөйтіп 1988 жылы КСРО атынан министр В.Динков «Теңізполимер» бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде хаттамаға қол қойған еді. Алайда қайта құрудың жаңғырығы бұл мәселені басқа арнаға бұрып, Арманда Хаммермен келісімнің соңы нәтиже бермеді. Бұдан соң «Шеврон» компаниясымен келісім жүргізу қадамы бастау алды. Рас, келісімнің бәрі Мұнай өнеркәсібі, Сыртқы сауда министрліктері арқылы жүргізіліп, оған КСРО Орталық Комитеті бақылау жасап отырды. Дегенмен 1990 жылдан бастап «Теңіз» жобасының тағдырын шешуде Қазақстанның рөлі басымырақ бола түсті.

– Мұнай өнеркәсібі министрінің тапсырмасымен 1991 жылы Алматыға келіп, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесудің сәті түсті. Сол кездің өзінде Нұрсұлтан Назарбаев «Теңіз» кен орнының келешегі мен мұнай-газ саласын дамытудың ауқымды жобасын ұсынды. Осыдан кейін «Шевронмен» келіссөзге қазақстандық басшылар қатыса бастады. Олардың арасында Атырау облысының өкілдері де болды, – деген еді кезінде Нұрлан Өтепұлы.

«Шевронмен» арадағы келісім оң нәтиже беріп, 1993 жылғы 6 сәуірде «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорны құрылды. Міне, осы келісімнен кейін тереңінде телегей мұнайы бар «Теңіздей» ірі кенішті кең ауқымда игеру басталды. Содан бергі кезеңде бірлескен кәсіпорын технологияны жаңғырту үшін бірнеше ауқымды жобаны іске асырды. Соның жемісіндей өткен жылы «Теңізден» 26,5 миллион тонна «қара алтын» өндірілді. Қазір «Теңіз» кен орнының тереңінде 3,2 миллиард тонна мұнай қоры есепке алынып отыр. Қойнауында 200 миллион тонна мұнайы бар Королев кен орны мен «Теңізді» қоса алғанда, өндірілетін «қара алтын» көлемі 1,37 миллиард тоннаны құрайды.

 Қара теңізге төте құбыр

Ел тәуелсіздігінің экономиканы өркендетуге тікелей ықпалы көп. Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы 1992 жылы негізі қаланған жобалардың бірі – Қара теңіз жағалауына төтелей тартылған мұнай құбыры. Жылыой ауданындағы «Теңіз» кенішінен Новороссийск айлағына дейін созылған 1500 шақырымнан асатын құбыр құрылысын жүргізу үшін Каспий құбыр консорциумы құрылды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы және Оман сұлтандығы арасында келісім жасалды. Мұны мұнайшылар Елбасының төл жобасына балайды. Өйткені Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен әрі табандылығымен іске асырылған осы жоба арқылы «Теңіз» кенішінің «қара алтынын» әлемдік нарыққа төтелей шығаратын дәліз ашылды. Бел-белесті қуалап, ел мен елді жалғаған бұл құбырдың дені Ресей аумағымен өтетіндіктен, көрші мемлекет басшыларын келіссөзге көндірген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына сапарының бірінде бұл жоба туралы былай деп еді:

– Атырау – қарқынды өркендеп, өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Әлі де қарқынды даму үдерісі жалғаса береді. Облыс экономикасын көтеру, мұнай кеніштерін игеру үшін «Шеврон» компаниясын елге инвестиция салуға әкелдік. Себебі жеріміздегі мол мұнайды игеруге өзіміздің технологиямыз болмады. Осы инвесторды әкелмесек, жердің астындағы мол байлық жата беруі мүмкін еді. Сондықтан шетел инвестициясын көптеп тарттық. Мұнайды өндіргеннен кейін оны шетел нарығына сату жолдарын іздеу керек болды. Сол себептен Қара теңізге тікелей мұнай құбырын тарту жобасын қолға алдық. Әрине бұл оңай болмады. Алты жыл бойы Ресей басшыларымен келіссөздер жүргіздік.

Расында да солай. Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельцинмен алты жылға созылған келіссөзде Елбасының табандылығы өз жемісін берді. Көрші ел басшылары төрт кезеңмен жүргізілетіні жоспарланған жобаның 4 миллиард АҚШ долларына бағаланған жалпы құнынан Ресейдегі Астрахань облысы мен Қалмақ Республикасы, Ставрополь, Краснодар аймақтарының бюджетіне түсетін салық мөлшері ауқымды болатынын бастапқыда бағдарлай алмапты. Енді олар бұл жобаның өздеріне тиімді болғанына көз жеткізіп отыр. Құбырдың қазақстандық бөлігінде 45 миллион доллардың жаңғырту жұмыстары атқарылды. Бірнеше жерде құбыр бойын қуалаған мұнайдың қысымын анықтайтын қондырғылар орнатылды. Биыл «Теңіз» кенішінен бастау алып, Ресейдегі бірнеше өңірдің аумағымен Қара теңіз жағалауына маңдай тіреген құбыр бойымен мұнай тасымалданғанына 20 жыл толатын жобаның тиімді тұстары жоқ емес. Ең бастысы, қазақ мұнайының шетел нарығына жету жолы едәуір қысқарды. Шетел нарығына бағыт алған «қара алтынға» кесе-көлденең тартылатын, сапасына кері әсер ететін кедергілер азайды.

Жоба бойынша бұл құбырмен 40 жыл үздіксіз өнім тасымалдауға мол мүмкіндік барына болжам жасалды. Өйткені Қазақстанда жыл сайын өндірілетін мұнай көлемі ұлғайып келеді. Әсіресе «Теңізшевройлдың» үшінші буын аталатын жобасы іске қосылғаннан кейін «Теңіздің» берер өнімі еселенді. Бұған қоса осы құбырмен Қарашығанақ газ конденсаты кенішінің шикізаттық мұнайы да үздіксіз тасымалдана бастады. Сондай-ақ Атырау облысының Астрахань өңірімен шекарадағы «Құрманғазы», «Хвалынское», «Имашев» кеніштерінен өнім алынғанда оны тасымалдаудағы басты бағыт ретінде осы құбыр алдымен таңдалатыны дау тудырмайды. Себебі осы кеніштерге ең жақын аралықпен өтетін бірден-бір құбыр бұл. Демек, аталған кеніштерді игеретін кәсіпорындарға экономикалық тиімділік жағынан оңтайлысы Қара теңіз бағытындағы құбыр болмақ. Сонымен қатар Каспийдің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнынан өндірілген «қара алтын» да осы бағытпен тасымалданып жатыр.

Каспий тұрба құбырымен «Теңізшевройлдай» ірі компаниямен бірге, Қазақстаннан көмірсутек өндіретін «Ембімұнайгаз», «Казахойл-Актобе», «Арман», «СNPC-Актобемунайгаз», «Карачанак Петролеум Оперейтинг Б.В.», сондай-ақ ресейлік «Литаско», «НафтаТранс» секілді кәсіпорындар мұнай тасымалдаудың тиімділігіне көз жеткізді. Консорциумның бас директоры Николай Платоновтың пікірінше, аталған құбыр желісі іске қосылған 2001 жылғы 13 қазаннан 2019 жылға дейін 577 миллион тонна мұнай тасымалданыпты. Соның ішінде Қазақстанда өндіріліп, аталған құбырмен шетел нарығына жеткізілген «қара алтынның» үлесі 502 миллион тоннаны, Ресейден 75 миллион тоннаны құрады. Ал былтыр 59 миллион тоннадан астам мұнай құбыр бойын «қуалады». Қазақстандық мұнай өндірушілердің үлесіне 51,7 миллион тоннасы тиеді. Бірақ бұл жоспардағыдан шамамен 7 миллионға тоннаға аз. Яғни мұнай экспортының жоспары 89,8%-ға орындалып, 572 танкер шетел нарығына жол тартты.

Консорциумның бас директоры Николай Горбаньның айтуынша, 5,4 миллиард долларға бағаланған кеңейту жобасының бірінші кезеңінде 5 мұнай айдау стансасы жаңғыртылып, Қазақстан аумағындағы 88 километр тұрба құбырын үлкен диаметрлік түрімен ауыстыру көзделді. Қара теңіз жағалауындағы айлақта шикізат сақтайтын 100 мың текше метрлік үш қазан құбырмен тасымалданатын мұнайдың механикалық қуатын жылына 35 миллион тоннаға жеткізуге мүмкіндік беретініне сенеді бас директор. Ал екінші кезең барысында жаңадан бес мұнай айдау стансасын тұрғызу арқылы құбырмен «қара алтынды» тасымалдау мүмкіндігін 48 миллион тоннаға жеткізді. Үшінші кезеңге жоспарланған тағы да бес мұнай айдау стансасы, оған қоса өнімді сақтауға арналған 100 мың текше метрлік үш қазанды іске қосу жобасы 2015 жылы толық аяқталды. Содан бері Каспий құбыр консорциумы жылына 67 миллион тонна «қара алтынды» Қара теңіз жағалауына сенімді тасымалдауға жол ашты. Айтқандай, құбыр бойында іске қосылатын 10 мұнай айдау стансасының екеуі Қазақстан аумағында, яғни Атырау облысында салынды.

Қара теңіз бағытындағы төте құбырды кеңейту жобасы Қазақстан-Ресей арасындағы мемлекетаралық қатынасты одан әрі табысты дамыту үшін, сондай-ақ әлемдегі энергетикалық қауіпсіздікті нығайту тұрғысындағы басым бағытқа ие екені даусыз. Сол себептен отандық «ҚазМұнайГаз» компаниясы құбыр желісін кеңейтуге байланысты келіссөздерге белсене атсалысты. Бұл құбырдың еларалық, экономикалық, іскерлік байланыстарды бекітіп, интеграциялық ынтымақтастықты жандандырудағы маңызы өте зор. Оны консорциумның акционерлері де жоққа шығармайды. Мұнайлы өңірдің кең қанат жая өркендеуіне серпін берген Каспий құбыр консорциумында қазақстандық үлесті арттыруға баса көңіл бөлінуде. Бұл – жергілікті мамандардың қосымша мамандықты меңгеруі, жұмысқа орналасуы. Жергілікті қазынаға түсер салық молайып, экономиканың өркендей беруіне ықпалы тиіп отыр. Сонымен бірге бұл құбыр отын-энергетика саласындағы стратегиялық маңызы басым Каспий қайраңын игеру, «Теңізшевройлдың» үшінші буын зауыты, газ-химия кешені секілді ірі жобалардың іске асырылуына септігін тигізіп отыр.

Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы табыстың біріне саналған «Теңіз-Новороссийск» құбырының маңызы туралы мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев «Уақыт биігінен қарағанда, 1990 жылдардың орта шенінде тәуелсіз мұнай құбыры желісін құру жөніндегі біздің ұстанымымыз стратегиялық тұрғыдан дұрыс болды. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, жобаны қаржыландырған мұнай компанияларына да пайда әкелді. Қазақстан үшін де, Ресей үшін де нарықтық экономика, аралас меншік шарттарына сай жүзеге асқан ең алғашқы ауқымды халықаралық құбыр желісі жобасы атанды. Бұл тәжірибе бұдан кейін басқа да магистралды құбыр желісінің құрылыстарына тиімді пайдаланылды. Каспий құбыр консорциумы инженерлерден жетекшілерге дейінгі барлық деңгейдегі мамандарды дайындайтын үлкен мектепке айналды» деген еді.

 Каспий төріндегі «Қашаған»

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі жемісті жобалардың қатарында «Қашаған» кенішін де атауға болады. Өйткені біріншіден, бұл – қазақстандық мұнайшылар үшін тың әрі алғашқы жоба. Екіншіден, біздің еліміз бұған дейін су астынан «қара алтын» өндіріп көрмеген. Демек, аталған жоба арқылы қиын да қызықты жобаға алғаш рет қадам жасалды. Үшіншіден, «Қашаған» – әлемде соңғы 40 жылда ашылған ең ірі 10 кен орнының бірі. Төртіншіден, мұндағы көмірсутектің мол қоры тәуелсіз Қазақстанды «қара алтын» қоры мол елдердің қатарына қосқаны даусыз.

Әрине, «Қашағанды» құрықтау оңай болған жоқ. Өйткені су айдынынан мұнай өндірудің өзіндік қиындығы бар. Міне, осы орайда Каспийдің солтүстік бөлігінен кен орындарын барлау үшін шетелдік компанияларды жобаға инвестор ретінде тартудың қажеттігі туындады. Сөйтіп, Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы алғашқы сейсмикалық барлау 1993 жылдан басталды. Теңіз табанына алғашқы бұрғы ұшы 1999 жылдың 12 тамызында салынды. Сол кездегі ОКИОК компаниясы Қашаған кенішін бұрғылау үшін «Сұңқар» жылжымалы бұрғылау қондырғысын Ресейдің Астрахань қаласында құрастырды. Каспий төріндегі кеніште қайнарбұлақтай тұнған мол мұнайдың бастауы 2000 жылы анықталды.

«Қашағанға» бұрғы салумен басталған қамданыс Қаламқас (қыркүйек, 2002 ж.), Оңтүстік-батыс Қашаған (тамыз, 2003 ж.), Ақтоты (қыркүйек 2003 ж.) және Қайраң (қыркүйек 2003 ж.) кен орындарының ашылуына ұласты. Кен орнын игеру үшін 2001 жылы «Эни» компаниясы бірыңғай оператор ретінде таңдалды. Осы мақсатта «Аджип ҚКО» атауымен операциялық компания құрылды. Ал кен орнын бағалаудың нәтижесінде 2002 жылғы маусымда «Қашағанның» коммерциялық ашылуы туралы жарияланды. Осындай ауқымды жобаны тиімді басқару мақсатындағы операциялық үлгі негізінде 2009 жылғы 22 қаңтарда «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» (НКОК) компаниясы құрылып, СКӨБК шеңберіндегі жобаның операторы міндетін қолына алды.

Шындығында, Қазақстан үшін Каспий теңізінің төрінен «қара алтын» өндіру жылнамасын бастау тарихи оқиғаға айналды. Өйткені «Қашағаннан» мұнайдың алына бастауы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Мұны кездейсоқтық десеңіз де, сәйкестік десеңіз де, ел экономикасының одан әрі қарқынды өркендеуіне серпін бергені даусыз. «Қашаған» іске қосылған сәтте тәулігіне 75 мыңнан астам баррель мұнай коммерциялық деңгейде өндірілді. Алдағы уақытта мұнай өндірудің деңгейін тәулігіне 180 мың баррель деңгейіне тұрақтандыру көзделіп отыр.

– «Қашаған» кен орнының ашылуы соңғы 50 жылда әлемдік энергетика саласындағы ең елеулі оқиға болды. Онда 5,5 млрд тоннаға дейінгі мөлшерде мұнай және 3 трлн текше метрдей газ қоры бар деп жобалануда. «Қашаған» қазақстандықтардың игілігін еселей түсетін тағы бір ірі жоба болып саналады, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысына келген сапарында. – «Қашаған» Қазақстан мен ірі әлемдік мұнай компанияларын ортақ мақсатқа жұмылдыра алды. «Эни», «Тотал», «ЭксонМобил», «Шелл», Қытайдың ұлттық мұнай-газ корпорациясы, «Инпекс» біздің елге бай тәжірибесі мен білімін ала келді. Біздің «ҚазМұнайГаздың» да қазір әлемдік деңгейдегі осындай компаниялармен қатар тұрғаны қуантады. Осы уақыт аралығында біз мұнайшылардың тұтас бір буынын даярладық, жаңа мамандықтар аштық, теңіз академиясын құрдық. «Қашағанда» 11 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыспен қамтылды. Сол арқылы жобадағы отандық кадрлардың үлесі 90 пайызға дейін ұлғайды. 2005 жылдан бері сатып алынған тауар, атқарылған жұмыс және қызмет көрсету ісіндегі Қазақстанның үлесі 12,7 млрд доллар болып, 30 пайызға жетті. Теңіз операциясына қолдау көрсету флотының базасы, сондай-ақ мұнай төгілген кезде жұмыс жүргізетін экологиялық база құрылды. Осылайша, біз кен орындарын пайдаланудың қарқынды кезеңіне көштік.

Каспий теңізінің төріндегі «Қашағанды» игеру арқылы әлемдік стандарттарға сай келетін отандық теңіз сервистік инфрақұрылым қалыптасты. Бұған «Шлюмберже», «Сименс», «Энерджи Вуд Групп», «Сайпем» секілді халықаралық компаниялардың мамандары да өз білімдері, технологиялары және тәжірибелерімен бөлісу арқылы 70-ке жуық бірлескен компанияның құрылуына әріптестік танытты. «Қашаған» жобасында Қазақстан иелігіндегі үлесі 50%-дан астам 274 компания жұмыс істейді. Ал 180-нен аса қазақстандық компания оқудан өтіп, халықаралық стандарттар бойынша сертификатталды. «Қашаған» кенішінен өндірілген «қара алтын» «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына құбырмен жеткізіледі. Дәл қазір су астымен, құрлықпен «Болашаққа» тартылған құбырмен тәулігіне 100-120 мың баррель көлемінде мұнай жеткізілуде. Мұнда мұнай құрамы газ, күкірт, меркаптан секілді сан түрлі қоспалардан тазартылады. Ірі зауытттан еш айырмасы жоқ секілді көрінетін «Болашақ» қондырғысының ұзындығы да едәуір. Оның құрылысына салынған инвестицияның көлемі 23,9 млрд долларға жеткен. «Болашақта» 400 адам еңбек етеді. Ал ірі қондырғының қуаты тәулігіне 450 мың баррель мұнайды өңдеуге жетеді. Сондай-ақ мұнда 6,2 млрд текше метр газ, 1 млн тонна күкірт тауарлық шикізат ретінде дайындалады. Мұнда 4 млн тоннаға дейін күкірт сақталатыны болжанып отыр.

 

ТҮЙІН. «Қарашүңгіл» мен «Қосшағыл» кен орындары «Теңіздей» телегей «қара алтыны» бар алып кеніш орналасқан Жылыой ауданындағы баррельмен бағаланған байлықты игерудің бастауы болған еді. Ал «Қашаған» – тәуелсіздіктің елең-алаңында Каспийдей тұйық су қоймасының тереңіне бұрғы бойлатқан жемісті жоба. Тәуелсіз елімізде су астынан мұнай өндіру жылнамасы «Қашағаннан» бастау алған еді. Қазір Қазақ елі «Теңіздің» телегейі мен «Қашағанның» қайнарбұлағы іспетті «қара алтынын» Қара теңіз, Баку-Жейхан, Атасу-Алашаңқай бағыттарына тасымалдап отыр. Бұл – елімізде өндірілетін көмірсутекті шикізат қорының да, мұнай экспорты көлемінің де еселеп артқанының жемісі.

 

 

Атырау облысы