Экономика • 08 Маусым, 2021

Нидерланд инвесторларын агросектор қызықтырады

370 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нидерланд инвесторлары Қазақ­станның агроөнеркәсіп кешенінде құны 200 млн доллар болатын жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Олар бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға бейілді.

Нидерланд инвесторларын агросектор қызықтырады

Агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтін Нидерланды компания­лары­ның басшыларынан құралған арнайы делегация жұмыс сапарымен Қазақ­станға келді. Инвесторлар бір апта ішінде жаңа инвестициялық жобалар­ды іске асыру бойынша бірқатар ком­мер­циялық құжатқа қол қоюды, сон­дай-ақ өңірлердің инвестициялық мүмкін­діктерімен танысуды жоспарлап отыр.

Делегация құрамында Food Ventures, KUBO, Van Der Hoeven, Certhon, Gakon, Dalsem сынды бесін­ші және алтыншы буындағы жылы­­жай өндірісі саласындағы ірі ком­пания­­лардың басшылары бар. Соны­мен қатар делегация құрамына заманауи ауыл шаруашылығы жабдық­тарын шығарумен айналысатын Hoogendoorn, Svensson, Gаkon, Priva ком­пания­лары­ның басшылары кірген. Бұдан бөлек, өсімдіктерді биологиялық қорғау құрал­дарын өндіретін Koppert Biological Systems, тұқым өндіру бойынша көш бастап тұрған Solynta, Rijk Zwaan және Dutch Greenhouse Delta, HVA Inter­national қауымдастықтарының басшылары бар.

Жұмыс сапары аясында екі елдің биз­нес өкілдерінің қатысуымен дөңге­лек үстел өтті. Іс-шара барысында Нидер­лан­ды компаниялары заманауи агро­өнер­кәсіп кешенін дамыту, тұрақты ауыл шаруа­шылығына көшу және озық цифрлы тех­нологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен Big Data технология­сын пайдалана отырып, жаңа селекция­лық шешімдерді енгізу туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Қазақстан Республикасының Нидер­ланды Корольдігіндегі Елшісі Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, саясат саласында да, экономикалық кооперацияда да екі ел арасындағы сенімді байланыс­тар­дың орнауында өзара достық қарым-қаты­настардың маңызы зор. Сапар аясында жалпы сомасы 200 млн еуроны не­месе 100 млрд теңгені құрайтын 6 ме­мо­рандумға қол қойылды.

– KAZAKH INVEST ұлттық ком­пания­сы тарапынан Нидерланды Король­дігіндегі Қазақстан Елшілігімен инвес­тиц­ия­лық ынтымақтастықты дамыту және нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы бағыттағы негізгі драйверлердің қатарына энерге­тика­лық сектордан бөлек, агроөнеркәсіп секторы да қосылуы тиіс. Нидерландылық компаниялар бізге тікелей инвестиция салу тұрғысынан да, озық технологиялар трансферті тұрғысынан да, сондай-ақ мемлекет, бизнес, ғылым және білім беру­дің табысты ынтымақтастығы тұр­ғы­сынан да қызықты, – дейді Kazakh invest ҰК АҚ басқарма төрағасы Мейір­жан Юсупов.

Нидерландылық делегация Алматы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына бармақ. Онда жобаларды іске асырудың мән-жайын талқылау мақ­сатында өңір басшыларымен және өңір­лік бизнес қоғамдастықпен кездесулер өтеді. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында нидерландылық Van Der Hoeven компаниясының қаты­суымен жылыжай кешенінің құры­лысы бойынша жаңа жобаның іргетасы қаланады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 35 млн долларға тең.