Аймақтар • 10 Маусым, 2021

Алма бағын баптаған, жеміс-жидек сақтаған

463 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отандық тауар өндірушілер олжалы болатын күн де алыс емес. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі жобаларды қаржыландыру және тағы басқа да мемлекеттік қолдау шараларына назар аударылып келеді. 

Алма бағын баптаған, жеміс-жидек сақтаған

Азық-түлік қауіпсіздігі кез келген мемлекеттің күн тәртібінен түспейтін мәселесі екені анық. Сондықтан, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы түрлі бағдарламалардың жоспардағыдай орындалуы өте маңызды. Олай болмағанда бар табысымызды импортталған тауарға жұмсап, бөтеннің бөтегесін толтырамыз.

Қазақстанда «Қарапайым заттар экономикасы» салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – күнделікті қолданатын тауарлар мен қызметтер. Олардың қатарында тоқыма өнімдері мен жиһаз, азық-түлік өнімдері өндірісі және басқа да тауар түрлері бар. Аталған бағытты дамытудың қажеттілігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын халыққа арнаған Жолдауында атап өткен болатын.

«Қарапайым заттар экономикасын» дамытудағы мақсат – халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру және отандық тауар өндірушілерді қолдау. Бағдарлама аясындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту механизмдерін одан ары іске асыру үшін ірі инвестициялық жобаларды «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Аграрлық несие корпорациясы қаржыландырып келеді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында биыл Алматы облысында алма бағын өсіру мен жеміс-көкөніс өнімдерін тоңазытып, қатыру бағытындағы екі жоба іске қосылды.

Мәселен, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы  «Fresh Land» ЖШС-і  Аграрлық несие корпорациясынан 1,3 млрд теңге несие алып, алма бағын гүлдендірген. Серіктестік директоры Батыржан Әлібаев 2014 жылдан бері бау-бақша егумен айналысады. Осыған дейін бұл салада мол тәжірибе жинаған кәсіпкер үлкен жобаны қолға алыпты. Қазір 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алма ағаштар өсіп-жетілгенде жүз шақты адамға жұмыс беретін болады.

– 2020 жылы 46,8 гектар аумаққа Италиядан әкелінген алма ағашының көшеттерін отырғыздық. Оның ішінде Ред Делишес, Голден Делишес, Гала, Фуджи сияқты алма сұрыптары бар. Жоба жылына 2,5 мың тонна дайын өнім алуға есептелген. Бұл алма ағаштары төрт жылдан кейін ғана толық көлемде өнім береді. Жобаны іске асыру үшін Аграрлық несие корпорациясынан 1,3 млрд теңге несие алдым. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы алғандықтан несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 5% және екі жылға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған. Бұл қазіргі нарықта біз сияқты кәсіпкерлер үшін өте үлкен жеңілдік. Екінші деңгейлі банктер мұндай төмен пайызбен несие бермейді. Мемлекет осылай қолдап отырса, барлық сала жылдам дамиды деген ойдамын, – дейді Батыржан Әлібаев.

Алма бағында тамшылатып суару әдісін қолданады. Жабдықтарды Израильден әкелген. Бұл жаңа жүйе суды үнемдеуге және тыңайтқышты тиімді пайдалануға арналған көрінеді. Осындай тиімді технологияны пайдаланып, жобасын жолға қойған кәсіпкер өнімін сыртық нарыққа шығаруды да жоспарлап қойыпты.

– Биыл аз да болса алғашқы өнімді аламыз. Келесі жылы өнім саны арта түседі, төрт жылдан кейін толыққанды өнім аламыз деп отырмыз, яғни бір гектардан 50 тоннаға дейін алма алуымыз керек. Біз еккен ағаш сорттары өнімді мол береді. Жобамыз экспортқа бағытталғандықтан бұл алмалар сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие, – дейді «Fresh Land» ЖШС директоры.

Мемлекеттің қолдауына ие болған шаруашылықтың бірі – «FROSCO» ЖШС. Бұл мекеме Аграрлық несие корпорациясы арқылы 2,1 млрд теңге несие алып, көкөніс пен жеміс-жидектерді өңдеп, кейін дайын өнімді тоңазытып, қатыратын кешен салып жатыр. Шаруашылық басшысы Ерік Мұсағұлов мұндай кешен елімізде бұрын-соңды салынбағанын айтады.

Бұл жобаны 2018 жылы қолға алдық. Биыл барлық құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтаймыз. Қазір кешеннің ішіне жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде ең маңыздысы тоңазытқыш жабдықтарын орнату, қазір соны орнатып жатырмыз. Ондағы температура  -25 градус болады және көкөніс пен жидектерді қатырамыз. Өнімділігі сағатына үш тоннаға дейін жетеді, яғни бір айда 800-1000 тоннаға дейін өнім өңдей аламыз. Кешен тамыз айларында іске қосылады, деп жоспарлап отырмыз, – дейді Ерік Мұсағұлов.

Оған қоса бұл кешенде қатырылған өнімді сақтау қоймасы жасақталады. Ол 400 тоннаға есептелген.  Фермердің өзі 200 гектарға көкөніс пен жеміс еккен. Ол жерден 4-4,5 мың тонна өнім жиналады деп болжап отыр. Оның ішінде түрлі-түсті қырыққабат, брокколи, баклажан, бұрыш және тағы басқалары бар.  Өнімдерді осы кешенде өңдеп, кейін экспортқа шығармақ. Өнімнің 80%-ы экспортқа жіберіледі екен. Әсіресе, өнім экспорты Ресей нарығына бағытталғанын айтады. Өйткені онда дайын өнімге деген сұраныс жоғары көрінеді. Сонымен қатар, жоба аясында жылыжай салынып, көшеттер егіледі. Кәсіпорын ауыл шарашылығы техникасы мен құрал-жабдықтарда да Аграрлық несие корпорациясы арқылы алған. Алдағы уақытта бұл кәсіпорын 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтымақ.

– Өнімді өңдеу кешенінде 40-50 адамды тұрақты жұмыспен қамтимыз. Ал шикізат базасында 60 адам болады. Одан бөлек, маусымдық бау-бақша егу мен баптауға 100 адам алдық, – дейді ферма басшысы.  2019-2021 жылдар аралығында корпорация 1476 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 71,4 млрд теңге несие берген. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы аясында іргелі инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемі де ұлғайып келеді.

– Осы аралықта корпорация алма бағын өсіру бойынша барлығы 22 млрд теңге көлеміндегі 23 жобаны қаржыландырды. Көкөніс пен жеміс-жидекті сақтау бағытында екі жылда 21 жоба қаржыландырылды, оның жалпы сомасы 8,9 млрд теңгені құрады, – дейді Аграрлық несие корпорациясының Маркетинг және PR қызметінің басшысы Руслан Ескендір.

«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту — бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен молықтыру, яғни импортты алмастыру басты ұстаным. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін мемлекеттік қолдау шараларын күшейту. Оның ішінде төмен пайызбен жеңілдетілген несие беру, шығындарын субсидиялау, өнімдерін экспортқа шығаруға көмектесу сияқты қолдаулар бар. Өзіміздің кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетсек қана дүкен сөрелерін отандық тауарлармен толтыра аламыз. Импортқа иек артып, өзге елдің кәсіпкерлерінің қалтасын қалыңдатқанды тоқтататын уақыт жетті. Әлемдегі алпауыт мемлекеттердің өзін есеңгіреткен пандемия сөзден іске көшу керектігін аңғартты. Еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісі жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын байқаймыз. Оған жоғарыда келтірген екі мысал дәлел бола алады.