Коронавирус • 11 Маусым, 2021

Пандемия мен экономика жекпе-жегінде кім жеңеді?

588 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Коронавирус панде­мия­сының экономикаға орасан залал келтіргені бұған дейін де талай айтылды.

Пандемия мен экономика жекпе-жегінде кім жеңеді?

Былтыр жыл ортасында мұнай баға­сы күрт құлдырап, әл­ем­дік сауда ағыны 8,5 па­йызға төмендеп сала бер­ді. Бұл бізге де әсер етті. Елімізде азық-түлік бағасы қым­бат­тады. Құрылыс мате­риал­дары да қалысқан жоқ. Жұ­мыс­сыздық деңгейі өсті. Ин­вес­тициялық және іс­кер­­лік белсенділік те әжеп­тәуір төмендеп қалды. 2021 бас­талғалы жағдай аз бол­са да оңалды. Дегенмен кө­ңіл­де үміт пен күдіктің қа­тар тұрғаны еш жасырын емес.

Сарапшылар пандемия кезін­де туындаған қысылтаяң шақ­­ты соңғы онжылдықта бол­ма­­ған ғаламдық дағдарыс деп баға­лапты. Айтса айтқандай-ақ, 2008 бен 2014 жылдардағы дағдарыс кезінде де дәл бұлай абдыраған жоқпыз. Осы жолғының жөні бөлек. Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, пандемия кезінде жаһандық инвестиция ағыны 40 пайызға төмендеген.

– 1998 жылғы Азия дағда­ры­сы кезінде Қазақстан экономи­касы 1,9 пайызға төмендеді, ал 2007-2009 және 2014-2015 жыл­дар­дағы әлем­дік қаржылық-эко­но­ми­ка­лық дағдарыс уақы­­тын­да эко­номикамыз 1,2 пайыз­ға аз­даған өсім көрсетті. Был­тыр  2,6 пайызға де­йін төмендеді. Негізінен тауар өндіретін секторларда 2 па­йыз деңгейінде өсім бар. Ал қыз­мет көрсету са­ла­­сы жылды 5,6 па­йыз минус­пен аяқтады. Әсі­ресе сауда, ло­­гис­­­­­тика және ту­ризм сала­лары қат­ты зардап шек­ті. Эпи­де­мия­­лық жағдайдың тұрақ­талуы ғана іскерлік белсенділікті қал­пы­на келтіреді. Қаңтар-сәуір­дің қоры­тындысы бойын­ша эко­но­микалық өсім оң көрсет­кіш­ке шықты. Ішкі жалпы өнім 2020 жылдың наурызынан бері алғаш рет 0,7 пайыз деңгейге көтерілді, – дейді Т.Жақсылықов.

Экономикалық ахуалды жақ­сарту үшін мемлекет мүмкін болатын шараларды қабылдайтыны белгілі. Солардың ішінде көлең­келі экономиканы тежеу де бар. Министрлік дерегінше, 2025 жылға таман көлеңкелі сауда көлемін 15 пайызға қысқарту жос­­парда бар. Бұл үшін салық және кеден қызметі белсенді түр­де цифр­ланып, елдегі онлайн төлем көлемі артуы тиіс.

– Ұлттық банк одан әрі қарай инфляциялық таргеттеу саясатын жалғастырып, нәтижесінде жалпы макроэкономикалық тұрақ­тылық пен экономикалық өсім беріктігіне әсер етпек. Нарық­тық механизм негізінде банктік несиелеу аясын кеңейту шаралары қабылданады. Ұлттық банк 2023 жылдан бастап кезең-кезеңімен экономиканы қолдаудан шыға бастайды, –дейді вице-министр.

Әсілінде мемлекеттің экономикадан шығуы тек қана оң нәтиже беруі тиіс. Дамыған ел­дер­де солай. Бұл процестің біз­дегі түпкі нәтижесі қандай болары әлі белгісіз. COVID-19 сал­­дарынан 2020 жылы ІЖӨ көр­­сет­кіші 2 пайыз болып, ішкі та­уар айналымы 2019 жылмен салыс­тырғанда 13 пайыз, яғни 85 млрд долларға күрт азайып кетті. Экспорт 19,1 пайызға (47 млрд доллар), импорт 4,1 пайызға (38,1 млрд доллар) құлдырады. Пандемияға қарсы шаралардың белсенді қабылдануы және энер­ге­тикалық ресурсқа деген сұра­ныстың азаюы тауар айналымын қысқартуға әсер еткен.

Сонымен қатар пандемиядан шағын және орта бизнес көп залал шекті. Әрине бұл сектордың ІЖӨ-дегі үлесі 30 пайызға да жетпейді. Дегенмен Үкімет дәл осы саланың келешегінен көп үміт күтіп, қазір барлық бағдарламаларды осы сектормен орайластыруда. 2020 жылдың қақ ортасында елімізде 164,3 мың ШОБ компаниялары жұмыс істесе, биыл қаңтарда олардың саны 159,7 мыңға дейін төмендеген. Кәсібін уақытша тоқтата тұрған кәсіпорындар 23 па­йызға өскен. Әлбетте мұндай жағдайда мемлекет көмекке келуге мәжбүр. Осы мақсатта былтыр алғашқы жартыжылдық­та 6 трлн теңге бөлінген болатын. Мұндай игіліктер биыл да жалғасын таппақ. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев­тің айтуынша, бірінші тоқсанда 663 млрд теңгеге 16 мыңнан астам ШОБ жобасына қолдау жасалған. Жыл қорытындысы бойынша 47 мыңнан астам жобаны жеңілдікпен қаржыландыру қарастырылып отыр екен.

– Мемлекет басшысының тап­сыр­­масы шеңберінде экономи­ка­ның зардап шеккен салалары бо­йынша кредиттерді жеңілдікпен қай­та қаржыландыру мерзімі ұзар­тылды. Бұл шара 2021 жыл­дың 1 сәуірі мен 1 шілдесі аралы­ғын­дағы үш ай мерзімді құрайды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша «Бизнестің жол кар­та­сы-2025» және «Қарапайым зат­тар эконо­микасы» бағдарлама­лары шең­берінде жалпы кредит сомасы 232 млрд теңгеге 5 884 жоба суб­си­дияланды, кредит сомасы 87 млрд теңгеге 6 892 жоба бо­­­йынша кепілдік берілді. Аграр­лық кредит корпорациясы шеңберінде 5,9 млрд теңге кре­дит сомасына 134 жобаға қол­дау көрсетілді. Биылға арнал­ған экономикалық өсуді қал­пы­на келтіру жөніндегі өзектен­діріл­ген кешенді жоспар 60-тан астам жаңа қолдау шара­сын көздейді. Бұл бизнеске жүк­темені азайту, кәсіпкерлердің қар­жы­лан­дыруға қол жеткізуін жеңіл­дету, сұраныс нарықтарына қол жет­кізу және Smart реттеу. Жаңа эко­­номикалық жағдайларда кә­сіп­­керлік қызметті жандандыру және жеке капиталды тарту үшін ба­рынша қолайлы және ын­талан­дыратын жағдай жасауға бағыт­тал­ған жаңа реттеуші сая­сат әзір­ленуде. Міндетті талаптар тізі­­­лімін, эксперименттік құ­­қық­­­тық режімді және мем­ле­­­кет­­тік бақылаудың жаңа ны­сан­­­­дарын енгізу, кәсіпкерлік су­бъек­­­­ті­­лерінің есептілігін авто­мат­­тан­­­­дыру көзделеді, – деді Ә.Ерғалиев.

Коронавирус – жалғыз жауымыз емес. Пандемия жағадан ал­ған­да, жемқорлық етектен тар­тып жатты. Жалпы, жемқор­лықтың – ел болғалы бізбен бірге жасасып келе жатқан, көненің көзіндей болған, ұлттық тамырымызға сі­ңіп кете ме, қайтер екен деп қауіп қылған ғадетке айналғалы қашан. Дәл осындай қысылтаяң мезетте елдің несібесіне қол салмаса да болатын еді. Бірақ көршінің өр­­тенген үйіне барып бас-сирақ үйі­­тіп алғысы келгендер біз ойла­ған­нан да көп болып шықты.

Жемқорлыққа қарсы күрес агент­тігі ұсынған ашық дерек­тер­ге сүйенсек, 2020-2021 жыл­дардағы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру кезін­де 55 коррупциялық қылмыс анық­талған. Осы 55 қылмыстың өзі-ақ мемлекетке 9,8 млрд теңге кө­ле­мінде шығын келтірген. Агент­­­тіктің хабарлауынша, коро­на­дағ­да­рыс кезіндегі ірі жем­қорлық дау­­лары негізінен ден­сау­лық сақ­­тау (18 қылмыс), білім (4) және жер­гілікті атқару­шы орган бө­­лім­­деріне (14) тиесілі екен. Әсі­­ресе мемлекет қар­жысы­на көз тік­кендер жер-жерде ин­фек­ция­лық ауруханалар салу ісін май­­шел­пекке айналдырған. Пре­зи­­дент­тің өзі коррупция мәсе­лесін қатаң бақылауға алуды тап­сыр­ған. «Бірінші толқын кезінде біз жем­қорлықпен бетпе-бет келдік. Медициналық маска мен дәрі-дәрмек бағасы қым­бат­тап кетті, блок-бекеттерде өрес­кел заң бұ­зу­шы­лықтар орын ал­ды, дәрі­гер­лер­ге төлем таға­йын­дау ке­зін­де жем­қор­лыққа жол бе­­ріл­ді. Сон­дай-ақ тексеруші ор­ган­­дар, яғни әкім­дік, полиция, мо­ни­­­то­­ринг­­тік топ­тардың жұмыс са­па­­сы да ерек­ше назар аударуды талап етеді», деп қатаң тапсырма берген еді.

Пандемия мен экономика жек­пе-жегі кезінде жемқор­лық­­т­ың өршуі, әрине індеттің ба­сым түсуіне мүмкіндік сый­лай­­ды. Халықаралық Transpa­ren­cy Inter­national (TI) ұйымы жа­рия­­ланған жемқорлық индексі рей­­тингінде Қазақстан 19 по­зи­­ция­ға жоғарылапты. Соған қа­ра­­­мас­тан, жемқорлыққа бейім ел­­дер қатарында қалып отыр. Дәл қазір Эфиопия, Шри-Лан­ка, Пе­ру, Суринам, Танзания ел­дері­мен «те­реземіз тең». Еліміз мүм­кін бо­латын 100 ұпай­дың 38-ін жи­на­ған және осы көрсет­кіш­тің өзі­не алғаш рет жеткен. Ха­лық­ара­лық сарапшылар Қазақ­стан­дағы «жемқор және авто­ри­тар» бас­шылар пандемияны мем­лекет­тік шы­ғыстарға бақылауды әлсі­рету үшін пайдаланды деп есептейді.

Еуразиялық даму банкінің есебін­ше, ЕАЭО елдерінің ішінде пандемиямен күреске ІЖӨ-нің ең көп үлесін жұмсаған ел Қазақ­стан екен. Қолдан жасалған дәрі тап­шылығы мен ірі сауда орын­дары­ның айлап есігін ашпауы шы­ғынды еселеп арттырғаны рас. 2020 жыл қорытындысы бо­­йын­ша мемлекеттік бюджет тап­­шылығы 4 пайызды құра­ды. Қар­жы министрі Ерұлан Жамау­баев­­тың айтуынша, мемлекеттік баға­лы қағаздарды шығару ар­қылы ішкі қор нарығы есебінен бюджеттің жыртығын жамау көзделіп отыр. Соның арқасында ішкі нарыққа шетелдік инвесторларды тарта аламыз дейді.

Ал былтыр ШОБ-ты қолдауға бөлінген 600 млрд теңге банктер арқылы жылдық 8 пайыздық ставкамен таратылды. Жыл со­ңын­да 170 млрд теңгенің тағы да қо­сылғаны бар. Айтайын дегені­міз – дәл осы қолдау шарасынан ШОБ-ты қайдам, бірақ банктер әжептәуір пайда көрді. Еңсе тіктеп қана қоймай, бұрын­ғы жиған-тергенін еселеп алды. Мы­салы, жоғарыдағы соманың 180 миллиарды Halyk Bank арқылы берілді. Банк 369,7 млрд теңгеге несие төлемін кейінге шегеру көмегін де ұсынды. Жыл соңында қаржы институты­ның таза табысы 3,6 млрд теңгеге құл­дырап, табыс әкелген актив көлемі 632 млрд-қа жеткен. Же­ңіл­детілген несиелеу бағ­дар­лама­сына тағы 11 банк қатыс­ты. Жыл қоры­тындысында ел­дегі 26 банк­тің 14-і несие беру бел­­сен­­­­ді­лігін сақтап қалған. Со­ны­­мен қатар құрылыс секторы да пан­­­­де­­мияның пайдасын көрді. Әлеу­­­мет­тік тұрғын үй салу мен бас­­­па­­на­ны несиелеуге миллиард дол­­­­лар бөлінген. Нәтижесінде, құ­­­ры­­­лыс секторы 11,2 пайызға өсім көр­­­сетті. 15,3 млн шаршы метр тұр­ғ­ын үй пайдалануға беріл­­­ді. Биыл бұл межені 18 млн ша­р­­шы метрге жеткізу көз­де­ліп отыр. Биылдан бастап зей­нет­ақы жи­на­­ғын пайдалану мүм­кін­дігі де ұсы­­нылды. Әрине бас­пана ба­­ға­­­сы мен құрылыс мате­риал­­дары­ның қымбаттағанын көз көріп отыр. Дегенмен тұрғын үй құры­лы­­сы­­­ның қарқынды жүруі Қазақ­стан­­­­­ның әлемдік ипотекаға қол­жетім­­­­ділік рей­тингінде 109 ел­дің ішінде 74-орын­ға тұрақ­тауына жол ашты.

Үкімет болжамына қарасақ, қазір­гі дағдарыстан шығып қана қоймай, алдағы бес жылда эко­но­микадағы мемле­кет рөлін өз­гер­­тіп, артық пробле­ма­­­лар­дан арыл­­­ған елге айнал­мақ­­пыз. Ұлт­­­тық эконо­мика ми­нистр­­­­­лі­гі­­нің ақпарын­ша, 2026 жылға таман жан басына шақ­қан­­­дағы ішкі жалпы өнім 14 мың дол­ларға жетуі мү­мкін. Олар­­дың есептеуінше банк­терде не­сие беру­дің орташа жыл­дық өсу қар­қыны 8 пайыз дең­гейін­де болжануда, номиналды мән­де бес жыл ішінде 22,5 трлн тең­геге де­йін өседі. Бұл уақыт­та рези­дент­­тер­дің депозиті 35,5 трлн тең­геге ұл­ғайып, инфляция 3-4 па­йыз деңгейінде тұрақтамақ.

Алайда экономиканы қал­пы­на келтіру мақсатында үлкен кө­лем­де қаржыландырудың жүзе­ге асуы республикалық бюджет­ті тап­шылыққа ұрындыруы да ықти­мал. Республикалық бюджет тап­­шылығы 2022 жылғы 2,5 трлн теңгеден 2026 жылға қарай 2,6 трлн теңгеге дейін өсе­ді деп бол­жануда. Соған орай мем­ле­кет­­тік қарыздың да көлемі өс­пек. Мемлекеттік қарыз 2022 жы­­­лы 27,2 трлн теңгеден 2026 жы­­лы 37,5 трлн теңгеге дейін, үкі­­­мет­­­тік қарыз 2022 жылы 21,7 трлн теңгеден 2026 жылы 32 трлн теңгеге дейін ұлғаяды де­ген қауіп бар. Мемлекеттік қа­рыз со­­ма­сының көбеюі қарыз­ға қыз­мет көрсетуге кететін шы­ғын­­ды да ұлғайтады. Бұл өз кезе­­гінде ел бюджетіне салмақ түсі­реді. Бі­­раз уақыт бұрын осы мәсе­лені Мә­жі­ліс депутаты Дания Ес­паева көтеріп еді. Оның айтуын­ша, жо­ғары­дағы цифрлар ар­қы­лы Ұлт­тық қор ресурстарын қалып­тас­ты­ру және пайдалану тұжы­рым­­да­масында белгіленген бюд­жет­ке қарыз жүктемесінің шегі (15 па­йыз) қатаң бұзылмақ. Де­пу­­тат сөзінің жаны бар. Тұжы­рым­­­да­мада «Ұлттық қордан бері­ле­тін транс­ферттерді қоса алған­да, үкі­­меттік борышқа қыз­мет көр­сетуге және оны өтеуге ар­нал­ған шы­­ғыстар республикалық бюд­жет кірістерінің 15 пайызы­нан аспауы тиіс» деп атап көрсетілген.

 

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00