Тарих • 14 Маусым, 2021

«Көшпенділер» трилогиясына – 40 жыл

885 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дінмұхамед Қонаевтың: «Ілекең өзі шынашақтай кісі болғанымен, алыптың ісін тындырған азамат», – деп айтқанындай, Ілияс Есенберлин тарихи әдебиетке өлшеусіз үлес қосқан жазушы.

«Көшпенділер»  трилогиясына – 40 жыл

Осыдан қырық жыл бұрын автордың «Көшпенділер» три­логиясының алғашқы бөлімі «Алмас қылыш» жарық көрген еді. Және трилогия «Жанталас», «Қаһар» деген бөлімдерден тұ­рады. Бірақ үшінші кітап «Қаһар» бірінші жарық көрген. 1969 жылы «Хан Кене» деген атпен жарияланды. Жазушы бұл туралы бір сұхбатында былай дейді: «Мұның мәнісі бар. О, баста, тарихи деректерді жинау кезінде, романға кіріспес бұрын, іштей жоспар жасаған едім. Яғни көңілімде, іс жоспарымда халқымыздың 500 жылдық тарихын қамтитын трилогия болып қалыптасты. Бірақ трилогияны соңынан бастауыма себеп көп болды... Ең алдымен тіршіліктің кейбір тауқыметін тартқандықтан ба, үшеуін бірден қамтып жазуға өмірім жете ме, жетпей ме деп те қауіптендім. Содан болар халыққа, болашақ үрім-бұтаққа айтпақ болған ойым­ның тарихи оқиғаларға деген жазушылық тенденциям мен по­зициямның айқын көрінісі болған басты Темірқазығым – «Қаһар» еді. Егер алдыңғыларын айтып келіп, көксеген негізгі ойыма қол жетпей қалса, өмірбақи арманда, орны толмас өкініште өтуім мүмкін ғой. Ойға алған, көңілге түйген трилогияның ең әуелі соңынан бастап жазылу сыры осы».

Ілияс Есенберлин осындай мән-маңызы зор тақырыпқа үлкен дайындықпен келген. Жазушы осы бір тарихи туындыға кіріспек ниетін «Мұхиттан өткен қайық» туындысында Айболдың күнделік дәптерінде жазады: «Ал бұл кітабым жайында мен көптен бері үлкен ойда болатынмын. Ойлану да керек еді, өйткені қазақ елінің тарихы жөнінде бір кітап емес, үш кітап, яғни түгелдей эпопея жазбақ едім. Менің бұл эпопеям жеке ғана өмірді, бір ғана тарихи дәуірді емес, бар негізгі, былайша айтқанда орта ғасырлардан бас­тап бүгінге дейінгі қазақ елінің тарихының творчестволық басты мезгіл, талас тартысын қамтуға тиісті еді. Тарих ежелден қосалқы фактілерден құралмайды, деп ойлайтынмын мен, ол өзінің даму заңдары бар, тұтас құбылыс, көбіне бұл тұтас заңдылықта кейде сол жеке фактілер», ерекше оқиғалар үлкен орын алады... Мен де өз кітабымды осы тасқындарды тасқындар бұзып, қайта құрған тамаша дүниелерді жазбақ болдым. Сол ғажайып процестерді суреттеуді ойладым». Жазушының асқақ арманы орындалып, ғажап туындысы жазылды. Бұл туындының жарық көруі де тарихи оқиға.

 

Айтолған ЖҮНІСХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті