Спорт • 14 Маусым, 2021

Бұйырғаны – жалғыз күміс

147 рет көрсетілді

Мажарстанның бас шаһары – Будапештте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Даңқты боксшы Ласло Папп атын­дағы зәулім спорт кешенінде өткен дүбірлі додада жер-жаһанның әр қиы­рынан келген 600-ге тарта балуан бақ сынап, 15 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Солардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар. Айтулы жарыста біздің дзюдошыларға жалғыз жүлде бұйырды. Оның иесі – Ғұсман Қырғызбаев.

Ғұсман мықтылығын мойындатты

Елішілік жарыстарда 60 кило салмақ дәрежесінде бәсеке­лес­тік деңгейі өте жоғары. Сол мық­тылар арасында Елдос Сме­товтің шоқтығы биік екені еш дау туғызбаса керек. Соңғы сегіз жыл беде­рін­де оның алдына ешкім түсе алған жоқ. Та­раз­­дың тастүлегі Рио Олим­пиа­дасының күміс жүлдегері, әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңім­пазы ата­нып, басқа да толағай табыс­тарға қол жет­кізді. Бірақ бұл жо­лы ұлттық құрама бапкерлері Елдостың Токиоға еш алаңсыз даяр­­ланғаны жөн деген шешімге келіп, Буда­пешттегі бәсекеге Ғұсман Қырғыз­баев пен Мағжан Шам­шадинді аттандырды.

Біраз жылдан бері Сметов­тің көлең­кесінде жүрген дзюдо­шылардың екеуі де Мажар­стан­­ның астанасында өзін жақ­сы қырынан көрсетті. Әсіресе, Қыр­­ғызбаевтың шеберлігіне тәнті бол­дық. Бұған дейін талай бай­рақты бәсекеде олжа салған ол әлем чемпионатында бірде-бір рет жеңіс тұғырына көте­ріле алған жоқ еді. Ғұсманның ең үздік көрсеткіші – бесінші орын. 2019 жылы Токиода ұйым­дастырылған додада Ермек Нәсиевтің шәкірті қола медаль үшін таласып, өзінің командалық әріп­тесі әрі сыралғы қарсыласы Елдос Сметовке есе жібергені есімізде. Сол бірін­шілікті Қыр­ғыз­баев бесінші орынмен қоры­тындылады.

Бұл жолы 28 жастағы Қыр­ғызбаев өзіне берілген мүм­кіндікті ұтымды пайдаланды. Бастапқы бәсекелерде че­хия­­лық Давид Пулкрабек, гер­маниялық Мориц Плаф­ки және моңғолиялық Унуболд Лхкаг­важамтсты жеңіп, жартылай финалда Еуропа чемпионы деген дардай атағы бар Францияның сақа спортшысы Валид Хиярмен күресті. Ол да қайсар қазақтың қарқынына шыдас бере алмады. Финалда қандасымыз ресейлік Яго Абуладзеден ұтылып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Әзірге бұл – Ғұсманның спорттық мансабындағы ең зор табыс. 

 

Жеңіске сынық сүйем қалғанда сүрінді

Жеңіс тұғырына сынық сүйем қал­ғанда сүрінген Мағ­жан Шамшадин мен Елдос Жұма­хановқа да өкпе айта алмаймыз. Олардың да өнері көп­шіліктің көңілінен шықты. Кезінде жас­тар арасында әлем чемпионы атан­­ған Шамшадин көпке дейін ересектер дуында өзін мойындата алмай жүр­ген еді. Елішілік жарыстарда тәуір күрес­кенімен, халықаралық додаларда бірде-бір рет даралана алмады. Ал бұл жолы біз мүлде басқа Мағжанды көрдік. 24 жас­тағы Сыр бойының сайыпқыраны жар­тылай финалға дейін қарсылас шыдатпады. Әуелі Украинаның әккі балуаны Артем Лесюктің аяғын көк­тен келтірді. Іле-шала Бельгияның беткеұстары, Еуропа ойындары мен құр­лық біріншілігінің қола жүлдегері Йорре Ферстрэтен мен Испанияның мар­­қасқасы, әлем чемпионаты мен құр­­лық­тық ойындардың жүлдегері, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы Фран­сиско Гарригосты жолынан ығыс­тыр­ды. Бірақ одан әріге Мағжанның әлі жетпеді. Жартылай финалда Еуропа чем­пионатында екі рет үздіктер санатынан көрінген Яго Абуладзеге ұты­лып, қола медаль үшін сайыс­та әлем және құрлық бі­рін­шіліктерінде жеңіс тұғы­ры­на көтерілген әзербайжандық Харамат Гусейновке жол берді. Бұл жерде қандасымыздың осындай ірі жарыстарға қатысудағы тәжірибесінің аз­дығы да әсер еткенін айта кетуге тиіс­піз. Сөйтіп Мағжан Шамшадин бе­сінші орында қалып қойды.

66 кило салмақта өнер көр­сеткен Елдос Жұмаханов та дәл сол межеден көрінді. Ол да – талай дүрмекті көр­­ген әккі балуан. Сол себепті де 30 жас­­тағы дзю­­дошыға артылар жүктің сал­мағы ауыр еді. Мажарстандағы жары­с­­тың тұсаукесер кездесуін­де 2018 жылғы Еуропа чемпио­ны словениялық Андреа Гам­бочты жолынын ығыстырған Жұ­маханов келесі айналымдар­да аустра­лиялық Натан Катц және моң­ғолиялық Херлен Ган­дболдтан басым түсті. Бас­тапқы кезеңдердегі бел­десу­лер­дің бар­лығының да шиеленісті өткені соншалық, бұл бәсекелерде же­ңім­­пазды анықтау үшін қо­сымша уа­қыт қажет болды. Бұл сынақтан Елдос мүдірмей өтті. Ширек финалда Беларусь өкілі Дмитрий Минковтан мерейі үс­тем болған қазақ дзюдошысы жар­ты­лай финалда әлемдік рейтингтің көш­басшысы, биыл Лиссабонда Еуропа чемпионы атанған италиялық Мануэль Ломбардомен айқасты. Бәсеке барысында қандасымыз аяғын қайырып алды. Соған қарамастан ол соңғы секунд­тарға дейін аянбай айқасты. Десек те жеңіс Апеннин түбегі түлегінің уысында кетті. Содан кейін қазақ балуаны қола медаль үшін та­ласуға тиіс еді. Қар­сыласы – Моң­ғолияның мықтысы Бакхуу Йондонперенелей. Алайда алда­ғы айқаста алған ауыр жарақаты Жұма­хановтың татамиге шы­ғуына мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан бесінші орынды қанағат тұтуына тура келді.

 

Саңлақтар сенімді ақтамады

Будапештте боз кілемге шық­қан өзге де жерлестеріміздің бар­лығы да дүбір­лі додаларда ысылған сақа спортшылар. Алды Олимпиада мен әлем чемпионаттарына барды, қал­ғандары халықаралық жарыс­­тарға үздіксіз қатысып келеді. Соған қарамастан олар елдің елдігі сынға түскен сәтте сүрең­сіз өнер көрсетіп, барша жанкүйерді жерге қаратты. Мәселен, 73 кило салмақтағы Жансай Смағұлов тұсаукесер кездесуінде мексикалық Гиль­берто Кардосаны қапы қалдыр­ғанымен, екінші кезеңде жасы 20-дан енді ғана асқан, есімі көп­шілікке беймәлім ресейлік Махмадбек Махмадбековке есе жіберді.

81 кило салмақта күш сынас­қан Дидар Хамзаның 19 жасында Рио Олим­пиадасына қатысып, 20 жасында Азия ойындарының алтын тұғырына көтерілгені есімізде. Алайда одан кейін ол тұралап қалды. Өсу жоқ. Да­рын­дылар санатындағы дзюдошымыз соңғы кездері өзі қа­тысқан байрақты бәсекелердің барлығынан құр алақан қайтып жүр. Қандай жарысқа қатысса да, жеңілістің кермек дәмін татуда. Ең болмағанда осы жолы ел сенімін ақтайтын шығар деп үміттендік. Бірақ Дидар дүние­жүзілік додада даралана алмады. Алғашқы айналымда Ливанның өкілі Насиф Эллиастың аяғын көк­тен келтіргенімен, екінші кезең­де болгариялық Ивайло Ива­новтан ұтылды. Әу баста әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа ойындарының финалисін вазари әдісмен ұтып жат­қанда кеудемізде үміт оты жылт еткен еді. Бірақ Хамза болмайтын жерде үшінші ескерту алып, жарыс жолынан шығып қалды. 

90 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ислам Бозбаевтан алғашқы айналымдарда айқас алаңына жараған аттай жұлқынып шығып, қарсыластарын әрі де, бері де лақтырды. Мысырлық Хатем Абд әл-Ахер мен чехиялық Юри Петр оның тегеурініне шыдай алмады. Қазақ жігіті үшінші кезеңде Кубаның қара қабыланы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Панамерика ойындарының жеңімпазы, өз құрлығының төрт дүркін чемпионы Иван Фелипе Сильваның да сілікпесін шығарды. Бірақ одан кейін біз Исламды мүлде танымай қалдық. Ширек финалда ол дәрменсіздік танытты. Өзбекстандық Давлат Бобонов қандасымызды көтеріп алып, қос жауырынымен жерге бір-ақ қадады. Сол кезде Бозбаевтың қарсы беттегі балуанға қарай неге жүгіргенін әлі де түсіне алмай далмыз. Жұбаныш бәсекесінде швециялық Маркус Нюманға жол берген Бозбаев еңсесі түскен күйі елге оралды. Сол секілді Аңсарбек Ғайнуллин (73 кило) мен Ерсұлтан Мұзафаров та (90 кило) ел сенімін ақтамады.

Ең соңғы үмітіміз +100 кило сал­мақтағы Ерасыл Қажыбаев еді. Тұсаукесер кездесуінде ол Израильдің алыбы Ор Сасонмен айқасты. Қазақтың нар тұлғалы жігіті Рио Олимпиадасы және Еуропа ойындары мен құрлық чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген әккі балуаннан айласын асырғанда қатты қуандық. Енді Ерасыл біразға дейін «шабатын» шығар деп ойладық. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Келесі кезеңде ол тәжікстандық Темур Рахимовқа ­­­­­жол берді.

 

Қыздардан да қайыр болмады

Қазақстанның әйелдер құрамасынан тек қана 29 жастағы Отгонцэцэг Гал­бадрахқа сенім артқанымызды несіне жасырайық. Олай деуге бірнеше негіз бар. Біріншіден, Отгонцэцэгтің Олимпиада, әлем чемпионаттары және Азия ойын­дарының жүлдегері, Азия чемпионы деген дардай атақтары бар. Екіншіден, үздіктер рейтингінде олжалаған орны оған Токио Олим­пиадасында бақ сынауға мүмкіндік беріп отыр. Үшіншіден, бүгінгі таңда Галбадрах аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі ең бел­ді балуандардың бірі. Сол себепті де осыдан алты жыл бұ­рын Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған спортшыға Буда­пешттен олжалы оралады деп үміттендік. 

Иә, Отгонцэцэг Будапешттегі жарыс­ты өте жақсы бастағаны рас. Алғашқы айналымдарда мажарстандық Лука Мамира мен маврикилік Присцилла Мо­рандты тырп еткізген жоқ. Үшінші кезеңде өзінің бұрын­ғы отандасы Уранцэцэг Мұң­хбатынмен кездесті. Кезінде 48 кило салмақ дәрежесі бойын­ша Моңғолияның бас балуаны атану үшін екеуі әбден «қыр­қыс­қанын» жанкүйерлер жақсы біледі. Сол кезде ұлттық коман­да бап­кер­лерінің таңдауы тәжі­рибелі Мұңхба­тынға түсті. Соған күйін­ген Галбадрах Қазақ­станға қоныс аударды. Кейіннен түрлі жарыс­тарда екеуінің жол­дары жиі қиысты. Бірде Уранцэцэгтің бағы жанса, енді бір­де Отгоцэцэгтің мерейі үстем болды. Осылайша, екеуі итжығыс түсіп жүрді. Ал Мажар­станның аста­насында Моң­ғолиядан келген балуанның мысы басым бол­ды.

Татамиге шыққан өзге қыз­дары­мыздан да қайыр болмады. Әбиба Әбу­жақынова (48 кило), Нұрсұлу Ералиева (52 кило), Севара Нышанбаева (57 кило), Зере Бектасова мен Мөл­дір Нарынова (70 кило) және Назгүл Маратова мен Кәмила Бер­ліқаш (+78 кило) сынды бұрым­дыларымыздың барлығы да алғашқы айналымдардан аса алмады. Иә, оларға өкпе ай­ту орынсыз. Өйткені, қазіргі кез­­дегі Қазақстанда әйелдер дзюдо­сының деңгейі осы. Бізде өсу, ілгерілеу байқалмайды. Ал өзге елдерде бәрі керісінше. Оларда спорттың бұл түрі уақыт озған сайын қарыштап дамып барады...

 

Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:

Ерлер

60 кило: 1.Яго Абуладзе (Ресей), 2. Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), 3.Харамат Гусейнов (Әзербайжан) пен Франсиско Гарригос (Испания).

66 кило: 1.Дзесиро Маруяма (Жапония), 2.Мануэль Ломбардо (Италия), 3.Якуб Шамилов (Ресей) пен Иондон­перненлей Басхуу (Моңғолия).

73 кило: 1.Лаша Шавдатуашвили (Грузия), 2.Томми Масиас (Швеция), 3.Сойши Хасимото (Жапония) мен Біләл Чилоғылы (Түркия).

81 кило: 1.Маттис Каас (Бельгия), 2.Тото Григалашвили (Грузия), 3.Франк де Вит (Нидерланд) пен Анри Эгутизде (Португалия).

90 кило: 1.Николоз Шеразадишвили (Испания),­ 2.Давлат Бобонов (Өзбекстан), 3. Маркус Нюман (Швеция) мен Кристиан Тотт (Мажарстан).

100 кило: 1. Жорже Фонсека (Португалия), Александр Куколжга (Сербия), 3. Варлам Липертелиани (Грузия) мен Илья Суламанидзе (Грузия).

+ 100 кило: 1. Кокоро Кагеура (Жапония), 2. Темірлан Башаев (Ресей), 3. Якуб Хаммо (Украина) мен Гела Заалишвили (Грузия).

Әйелдер

48 кило: 1.Натцуми Цунода (Жапония), 2.Вакана Кога (Жапония), 3.Уранцэцэг Мұңхба­тын (Моңғолия) мен Джулия Фигероа (Испания).

52 кило: 1.Аи Шишиме (Жапония), 2.Ана Бокс Перес (Испания), 3.Фабин Кочер (Швейцария) мен Гефен Примо (Израиль).

57 кило: 1. Джессика Климкайт (Канада), 2.Момо Тамаоки (Жапония), 3.Нора Гякова (Косово) мен Тереза Штоль (Германия).

63 кило: 1. Кларисс Агбеньену (Франция), 2. Андрея Лешки (Словения), 3.Санне Вермер (Нидерланд) мен Аня Обрадович (Сербия).

70 кило: 1.Барбара Матич (Хорватия), 2.Йоке Оно (Жапония), 3.Санне Ван Дейке (Нидерланд) мен Михаэла Поллерс (Аустрия).

78 кило: 1.Ана Мария Вагнер (Германия),
2.Маделейне Малонга (Франция), 3.Мами Уме­ки (Жапония) мен Гюше Стэенхейс (Нидер­ланд).

+ 78 кило: 1.Сара Асахина (Жапония), 2.Вакаба Томита (Жапония), 3.Мария Сулен Алтхеман (Бразилия) мен Беатриз Соуза (Бразилия).

 

Соңғы жаңалықтар

Шерхан Мұртазаның үйі

Әдебиет • Кеше

«Жасыл» аймақта екі өңір

Коронавирус • Кеше

Бүгін - Аналар күні

Қазақстан • Кеше

Әлемде эпидахуал қандай?

Әлем • 18 Қыркүйек, 2021

Токио марафоны 2022 жылға шегерілді

Спорт • 18 Қыркүйек, 2021

Алматыда тау бөктері өртеніп жатыр

Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2021

Ұқсас жаңалықтар