Ғұсман мықтылығын мойындатты
Елішілік жарыстарда 60 кило салмақ дәрежесінде бәсекелестік деңгейі өте жоғары. Сол мықтылар арасында Елдос Сметовтің шоқтығы биік екені еш дау туғызбаса керек. Соңғы сегіз жыл бедерінде оның алдына ешкім түсе алған жоқ. Тараздың тастүлегі Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанып, басқа да толағай табыстарға қол жеткізді. Бірақ бұл жолы ұлттық құрама бапкерлері Елдостың Токиоға еш алаңсыз даярланғаны жөн деген шешімге келіп, Будапешттегі бәсекеге Ғұсман Қырғызбаев пен Мағжан Шамшадинді аттандырды.
Біраз жылдан бері Сметовтің көлеңкесінде жүрген дзюдошылардың екеуі де Мажарстанның астанасында өзін жақсы қырынан көрсетті. Әсіресе, Қырғызбаевтың шеберлігіне тәнті болдық. Бұған дейін талай байрақты бәсекеде олжа салған ол әлем чемпионатында бірде-бір рет жеңіс тұғырына көтеріле алған жоқ еді. Ғұсманның ең үздік көрсеткіші – бесінші орын. 2019 жылы Токиода ұйымдастырылған додада Ермек Нәсиевтің шәкірті қола медаль үшін таласып, өзінің командалық әріптесі әрі сыралғы қарсыласы Елдос Сметовке есе жібергені есімізде. Сол біріншілікті Қырғызбаев бесінші орынмен қорытындылады.
Бұл жолы 28 жастағы Қырғызбаев өзіне берілген мүмкіндікті ұтымды пайдаланды. Бастапқы бәсекелерде чехиялық Давид Пулкрабек, германиялық Мориц Плафки және моңғолиялық Унуболд Лхкагважамтсты жеңіп, жартылай финалда Еуропа чемпионы деген дардай атағы бар Францияның сақа спортшысы Валид Хиярмен күресті. Ол да қайсар қазақтың қарқынына шыдас бере алмады. Финалда қандасымыз ресейлік Яго Абуладзеден ұтылып, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Әзірге бұл – Ғұсманның спорттық мансабындағы ең зор табыс.
Жеңіске сынық сүйем қалғанда сүрінді
Жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрінген Мағжан Шамшадин мен Елдос Жұмахановқа да өкпе айта алмаймыз. Олардың да өнері көпшіліктің көңілінен шықты. Кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанған Шамшадин көпке дейін ересектер дуында өзін мойындата алмай жүрген еді. Елішілік жарыстарда тәуір күрескенімен, халықаралық додаларда бірде-бір рет даралана алмады. Ал бұл жолы біз мүлде басқа Мағжанды көрдік. 24 жастағы Сыр бойының сайыпқыраны жартылай финалға дейін қарсылас шыдатпады. Әуелі Украинаның әккі балуаны Артем Лесюктің аяғын көктен келтірді. Іле-шала Бельгияның беткеұстары, Еуропа ойындары мен құрлық біріншілігінің қола жүлдегері Йорре Ферстрэтен мен Испанияның марқасқасы, әлем чемпионаты мен құрлықтық ойындардың жүлдегері, Еуропа біріншілігінің жеңімпазы Франсиско Гарригосты жолынан ығыстырды. Бірақ одан әріге Мағжанның әлі жетпеді. Жартылай финалда Еуропа чемпионатында екі рет үздіктер санатынан көрінген Яго Абуладзеге ұтылып, қола медаль үшін сайыста әлем және құрлық біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілген әзербайжандық Харамат Гусейновке жол берді. Бұл жерде қандасымыздың осындай ірі жарыстарға қатысудағы тәжірибесінің аздығы да әсер еткенін айта кетуге тиіспіз. Сөйтіп Мағжан Шамшадин бесінші орында қалып қойды.
66 кило салмақта өнер көрсеткен Елдос Жұмаханов та дәл сол межеден көрінді. Ол да – талай дүрмекті көрген әккі балуан. Сол себепті де 30 жастағы дзюдошыға артылар жүктің салмағы ауыр еді. Мажарстандағы жарыстың тұсаукесер кездесуінде 2018 жылғы Еуропа чемпионы словениялық Андреа Гамбочты жолынын ығыстырған Жұмаханов келесі айналымдарда аустралиялық Натан Катц және моңғолиялық Херлен Гандболдтан басым түсті. Бастапқы кезеңдердегі белдесулердің барлығының да шиеленісті өткені соншалық, бұл бәсекелерде жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт қажет болды. Бұл сынақтан Елдос мүдірмей өтті. Ширек финалда Беларусь өкілі Дмитрий Минковтан мерейі үстем болған қазақ дзюдошысы жартылай финалда әлемдік рейтингтің көшбасшысы, биыл Лиссабонда Еуропа чемпионы атанған италиялық Мануэль Ломбардомен айқасты. Бәсеке барысында қандасымыз аяғын қайырып алды. Соған қарамастан ол соңғы секундтарға дейін аянбай айқасты. Десек те жеңіс Апеннин түбегі түлегінің уысында кетті. Содан кейін қазақ балуаны қола медаль үшін таласуға тиіс еді. Қарсыласы – Моңғолияның мықтысы Бакхуу Йондонперенелей. Алайда алдағы айқаста алған ауыр жарақаты Жұмахановтың татамиге шығуына мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан бесінші орынды қанағат тұтуына тура келді.
Саңлақтар сенімді ақтамады
Будапештте боз кілемге шыққан өзге де жерлестеріміздің барлығы да дүбірлі додаларда ысылған сақа спортшылар. Алды Олимпиада мен әлем чемпионаттарына барды, қалғандары халықаралық жарыстарға үздіксіз қатысып келеді. Соған қарамастан олар елдің елдігі сынға түскен сәтте сүреңсіз өнер көрсетіп, барша жанкүйерді жерге қаратты. Мәселен, 73 кило салмақтағы Жансай Смағұлов тұсаукесер кездесуінде мексикалық Гильберто Кардосаны қапы қалдырғанымен, екінші кезеңде жасы 20-дан енді ғана асқан, есімі көпшілікке беймәлім ресейлік Махмадбек Махмадбековке есе жіберді.
81 кило салмақта күш сынасқан Дидар Хамзаның 19 жасында Рио Олимпиадасына қатысып, 20 жасында Азия ойындарының алтын тұғырына көтерілгені есімізде. Алайда одан кейін ол тұралап қалды. Өсу жоқ. Дарындылар санатындағы дзюдошымыз соңғы кездері өзі қатысқан байрақты бәсекелердің барлығынан құр алақан қайтып жүр. Қандай жарысқа қатысса да, жеңілістің кермек дәмін татуда. Ең болмағанда осы жолы ел сенімін ақтайтын шығар деп үміттендік. Бірақ Дидар дүниежүзілік додада даралана алмады. Алғашқы айналымда Ливанның өкілі Насиф Эллиастың аяғын көктен келтіргенімен, екінші кезеңде болгариялық Ивайло Ивановтан ұтылды. Әу баста әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа ойындарының финалисін вазари әдісмен ұтып жатқанда кеудемізде үміт оты жылт еткен еді. Бірақ Хамза болмайтын жерде үшінші ескерту алып, жарыс жолынан шығып қалды.
90 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Ислам Бозбаевтан алғашқы айналымдарда айқас алаңына жараған аттай жұлқынып шығып, қарсыластарын әрі де, бері де лақтырды. Мысырлық Хатем Абд әл-Ахер мен чехиялық Юри Петр оның тегеурініне шыдай алмады. Қазақ жігіті үшінші кезеңде Кубаның қара қабыланы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Панамерика ойындарының жеңімпазы, өз құрлығының төрт дүркін чемпионы Иван Фелипе Сильваның да сілікпесін шығарды. Бірақ одан кейін біз Исламды мүлде танымай қалдық. Ширек финалда ол дәрменсіздік танытты. Өзбекстандық Давлат Бобонов қандасымызды көтеріп алып, қос жауырынымен жерге бір-ақ қадады. Сол кезде Бозбаевтың қарсы беттегі балуанға қарай неге жүгіргенін әлі де түсіне алмай далмыз. Жұбаныш бәсекесінде швециялық Маркус Нюманға жол берген Бозбаев еңсесі түскен күйі елге оралды. Сол секілді Аңсарбек Ғайнуллин (73 кило) мен Ерсұлтан Мұзафаров та (90 кило) ел сенімін ақтамады.
Ең соңғы үмітіміз +100 кило салмақтағы Ерасыл Қажыбаев еді. Тұсаукесер кездесуінде ол Израильдің алыбы Ор Сасонмен айқасты. Қазақтың нар тұлғалы жігіті Рио Олимпиадасы және Еуропа ойындары мен құрлық чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген әккі балуаннан айласын асырғанда қатты қуандық. Енді Ерасыл біразға дейін «шабатын» шығар деп ойладық. Бірақ бұл қуанышымыз ұзаққа созылмады. Келесі кезеңде ол тәжікстандық Темур Рахимовқа жол берді.
Қыздардан да қайыр болмады
Қазақстанның әйелдер құрамасынан тек қана 29 жастағы Отгонцэцэг Галбадрахқа сенім артқанымызды несіне жасырайық. Олай деуге бірнеше негіз бар. Біріншіден, Отгонцэцэгтің Олимпиада, әлем чемпионаттары және Азия ойындарының жүлдегері, Азия чемпионы деген дардай атақтары бар. Екіншіден, үздіктер рейтингінде олжалаған орны оған Токио Олимпиадасында бақ сынауға мүмкіндік беріп отыр. Үшіншіден, бүгінгі таңда Галбадрах аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі ең белді балуандардың бірі. Сол себепті де осыдан алты жыл бұрын Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған спортшыға Будапешттен олжалы оралады деп үміттендік.
Иә, Отгонцэцэг Будапешттегі жарысты өте жақсы бастағаны рас. Алғашқы айналымдарда мажарстандық Лука Мамира мен маврикилік Присцилла Морандты тырп еткізген жоқ. Үшінші кезеңде өзінің бұрынғы отандасы Уранцэцэг Мұңхбатынмен кездесті. Кезінде 48 кило салмақ дәрежесі бойынша Моңғолияның бас балуаны атану үшін екеуі әбден «қырқысқанын» жанкүйерлер жақсы біледі. Сол кезде ұлттық команда бапкерлерінің таңдауы тәжірибелі Мұңхбатынға түсті. Соған күйінген Галбадрах Қазақстанға қоныс аударды. Кейіннен түрлі жарыстарда екеуінің жолдары жиі қиысты. Бірде Уранцэцэгтің бағы жанса, енді бірде Отгоцэцэгтің мерейі үстем болды. Осылайша, екеуі итжығыс түсіп жүрді. Ал Мажарстанның астанасында Моңғолиядан келген балуанның мысы басым болды.
Татамиге шыққан өзге қыздарымыздан да қайыр болмады. Әбиба Әбужақынова (48 кило), Нұрсұлу Ералиева (52 кило), Севара Нышанбаева (57 кило), Зере Бектасова мен Мөлдір Нарынова (70 кило) және Назгүл Маратова мен Кәмила Берліқаш (+78 кило) сынды бұрымдыларымыздың барлығы да алғашқы айналымдардан аса алмады. Иә, оларға өкпе айту орынсыз. Өйткені, қазіргі кездегі Қазақстанда әйелдер дзюдосының деңгейі осы. Бізде өсу, ілгерілеу байқалмайды. Ал өзге елдерде бәрі керісінше. Оларда спорттың бұл түрі уақыт озған сайын қарыштап дамып барады...
Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері:
Ерлер
60 кило: 1.Яго Абуладзе (Ресей), 2. Ғұсман Қырғызбаев (Қазақстан), 3.Харамат Гусейнов (Әзербайжан) пен Франсиско Гарригос (Испания).
66 кило: 1.Дзесиро Маруяма (Жапония), 2.Мануэль Ломбардо (Италия), 3.Якуб Шамилов (Ресей) пен Иондонперненлей Басхуу (Моңғолия).
73 кило: 1.Лаша Шавдатуашвили (Грузия), 2.Томми Масиас (Швеция), 3.Сойши Хасимото (Жапония) мен Біләл Чилоғылы (Түркия).
81 кило: 1.Маттис Каас (Бельгия), 2.Тото Григалашвили (Грузия), 3.Франк де Вит (Нидерланд) пен Анри Эгутизде (Португалия).
90 кило: 1.Николоз Шеразадишвили (Испания), 2.Давлат Бобонов (Өзбекстан), 3. Маркус Нюман (Швеция) мен Кристиан Тотт (Мажарстан).
100 кило: 1. Жорже Фонсека (Португалия), Александр Куколжга (Сербия), 3. Варлам Липертелиани (Грузия) мен Илья Суламанидзе (Грузия).
+ 100 кило: 1. Кокоро Кагеура (Жапония), 2. Темірлан Башаев (Ресей), 3. Якуб Хаммо (Украина) мен Гела Заалишвили (Грузия).
Әйелдер
48 кило: 1.Натцуми Цунода (Жапония), 2.Вакана Кога (Жапония), 3.Уранцэцэг Мұңхбатын (Моңғолия) мен Джулия Фигероа (Испания).
52 кило: 1.Аи Шишиме (Жапония), 2.Ана Бокс Перес (Испания), 3.Фабин Кочер (Швейцария) мен Гефен Примо (Израиль).
57 кило: 1. Джессика Климкайт (Канада), 2.Момо Тамаоки (Жапония), 3.Нора Гякова (Косово) мен Тереза Штоль (Германия).
63 кило: 1. Кларисс Агбеньену (Франция), 2. Андрея Лешки (Словения), 3.Санне Вермер (Нидерланд) мен Аня Обрадович (Сербия).
70 кило: 1.Барбара Матич (Хорватия), 2.Йоке Оно (Жапония), 3.Санне Ван Дейке (Нидерланд) мен Михаэла Поллерс (Аустрия).
78 кило: 1.Ана Мария Вагнер (Германия),
2.Маделейне Малонга (Франция), 3.Мами Умеки (Жапония) мен Гюше Стэенхейс (Нидерланд).
+ 78 кило: 1.Сара Асахина (Жапония), 2.Вакаба Томита (Жапония), 3.Мария Сулен Алтхеман (Бразилия) мен Беатриз Соуза (Бразилия).